БИІККЕ БЕТТЕП БАРАДЫ

БИІККЕ БЕТТЕП БАРАДЫ

– Сен іздеп жүрген Қарлығаш әне! – деді трестегі басшы ағалардың бірі сонадайдағы мұнараға жеңіл ырғып, көтеріліп бара жатқан краншы келіншекті нұсқап. 

Кеңседе отырғанбыз. Мен елең етіп, терезеге жалт қарадым. Көп іздеген кейіпкеріммен тезірек тілдескім келген. Басшы бас шайқап, жымиды. 

– Ай, тілші бауырлар-ай. Тірліктерің мазасыз-ау! Дегенмен, асықпа. Сөйлесуге үлгересің. Олардың жұмысы түнгі 11-ге қарай аяқталады...

– Асықпасам асықпайын, – дедім іштей. Қаламымды шығарып, ақ парақтың шекесіне ә дегеннен тіліме оралған «Биікке беттеп барады» деген тіркесті баттитып жазып та қойдым. Содан соң ойладым: 

– Жуырда аудандық форумға қатысып, енді облыстық конференцияға делегат болып отырған Қарлығаш Қайманова әлдеқашан өз биігін алған адам емес пе? Ендеше «беттегенім» қалай болар екен?! – деп.

Сәлден кейін алғашқы тіркесімнің дұрыстығына көз жеткізгендей болдым. Өйткені, Отанымыздық әлеуметтік өмірі мен экономикасын өркендетуде орасан роль атқарғалы отырған қалашықтың құрылысы қанат жайған тұстарда ертеңгі күндері еңбексүйгіш краншының республикалық конференцияларға да делегат болатыны анық қой. Демек, оның биіктері әлі алда емес пе?!

Ызғып жұмыс істеуге кіріскен кранға терезеден қарап бірталай отырдым да, қағаз қаламымды жинап, солай қарай ыңғайландым. 

Кейіпкерімді жақыннан көруге асықтым. 

Күн ұясына енген шақ еді. Құрылыс алаңындағы сарытабан қарды сықырлатып, кран маңайында селтиіп біраз жүрдім. Мұнараның дәл түбінде тұрып, пунктке карасаң құлақшының жерге түскендей екен. «КБ-402 Б»-ның биіктігі кемінде отыз метрге жетеді. Жоғарыға өрмелей жөнелуге батпадым.

Бір кезде краншы төмендегі мені байқап, айқайлады: 

– Ау, жігіт, кімді күтіп жүрсіз? 

– Сізді іздеп келіп едім Қарлығаш! Газеттенмін, – дедім мен де дауыстап. 

Іргесі көтеріліп қалған көпқабатты үйдің терезелерінен екі-үш құрылысшы бастарын қылтитты. 

– Ә, делегатты жазайын де келген ғой, – деді олардың бірі. 

Еліктің асығындай ғана орта бойлы, ақсары апай ойнақшып, лыпып тұр. Өжеттігі, ақжарқындығы аңғарылады. 

Көзді ашып-жұмғанша зуылдап жерге түсіп қасыма келген оған алғашқы қойған сұрағым: «Адамның басы айналатын сонша биік мұнараға шығып-түкенде жүрексінбейсіз бе?» болды. Тәрізі, краншының батылдығына, ұшқырлығына таңырқап қалсам керек. 

– Ой, ондайға үйренгенбіз ғой, қорқынышты емес. Қайта қызықты. Парашютпен де секіріп көргенбіз, – деді ол шырайлана жымиып.

Мен Қарлығашқа көпшілікке аа қауіпті көрінетін қиын мамандықты игерген краншы қыздарға тілші ретінде бүйрегіміз бұрыңқырап жүретінін, ержүректікке тәнті болатынымызды айттым. Әңгімені жандандыра түсу үшін: 

– Үнемі төменде тіршілік ететін мына біздер қоршаған ортаны тек бір ғана қырынан көріп үйренгенгендіктен биіктегі сіздердің жан дүниелеріңізді түсіне қоймаспыз, – деп әзілдеп те қойдым. 

– Бұл сөзіңізде шындықтың басым екенін мойындайсыз ба? Әр кәсіптің өзіне тән құпиялары болады. Неғұрлым биікке шыққан сайын көз алдыңыздағы кеңістік масштабы да кеңи түспек. Дүниені әр қырынан байқай аласың. Ол адамның міне-құлқына әсер етпей қоймайды. Күніне биік мұнараға үш-төрт рет көтеріліп түсу де денсаулыққа таптырмайтын жаттығу емес пе. Байқап тұрған шығарсыз, краншыларға тән қасиет көңілділік, – деді ол сыңғырлай күліп. 

Әңгіме тиегі ағытылды. Тілдесе келе бір үйде туып-өскен төрт апалы-сіңлілі қыздардың бәрінің де краншы мамандығын игергенін білдім.

Қарлығаш арнайы кәсіби-техникалық оқу орнын аяқтаған соң Қарағандыдағы механикаландырылған жұмыс басқармаларының бірінде еңбекке араласыпты. Сонда жүріп жұмысшы азаматтардың бірімен көңіл қосады. Ерлі-зайыпты екеуі құрылыс басқармаларының бірінде он жеті жылдай қатарласа еңбек етіпті. 

– Былтыр мына қалашығымыздың құрылысы басталғалы жатыр дегенді естіп, жолдасым екеуміз ауысып келдік. Жолдасым Марат қазір бесінші разрядты газбен және электрмен дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Қызымыз Ақбота студент. Болашақ техник-технолог. Ұлымыз Болат төртінші сынып оқушысы, – дейді Қарлығаш Қайманова. 

– Кеніш орнына келгендеріңізге өкінбейтін шығарсыздар? – деп сұрадым сөз арасында. 

– Жоқ, ешбір өкінбейміз. Табысымыз жақсы. Әбден ақылдасып, ойланып келдік қой. Бәрі де ақырындап реттеліп жатыр. Үлкен ұжымымымызда маған сенім артып, еңбегімді лайықты бағалайтын адамдар көп. Бұл мені қатты қанаттандырады.

Содан соң ол өз мұнара басындағы кабинасын бетке алды. Көтеріліп бара жатып қол бұлғаған: 

– Мұнда біраз уақыттан кейін қайта оралып бір соқсаңыздар болады. Қалашық әбден еңсе көтергенде басқаша әңгімелесерміз.

Мен делегат краншыны бүгінгі биігінен де жоғары деңгейден көретін күнді елестеттім. 

 Елжас МҰҚАШ.

Қарағанды облысы.