КӘНІГІ КЕНШІ
2025 ж. 31 наурыз
397
0

Ол әу бастан саяқ еді... Бұл жағынан екеуіміз туысқан едік. Бүгінгі әңгіме Серікбай Мұрсалбек бауырымыз туралы...
Жер астына түскеннің бәрі шахтер ғой. Солардың да шахтері бар. Олар өз өмірін шахтасыз көз алдына елестете де алмайды. Сондай жандардың бірі Серікбай бауыр Мұрсалбек болатын.
Бірге оқыдық. Топ та жармады. Топтан да қалмады.
Соған қарамастан, сол қалың нөпірдің ішінен де көрініп тұрушы еді.
Ел мектеп бітіріп, мамандық таңдап жатқанда ол ешқайда дыбыр етпеді.
Сендер бітіріп алыңдар, біздер де далада қалмаспыз...
Бұл Серікбай айтатын сөз емес еді. Алайда айтты.
Кейінде оқудан шығып қалып, сол шахтаға мен де барып түстім. Мәре-сәре болып жатырмыз.
Бұл сен түсетін жер емес еді...
Мен сонда ғана Серікбайдың кім екендігін түсіндім. Ол ерте жетілген екен. Ол өзінің бауырларын қанатының астына алған екен. Соларды оқытсам, соларды жеткізсем деген арманмен өмір сүріп жатыр екен... Бұл жолда ол өзінің асыл арманын елден құпиялапты.
Шахта деген де кәдімгідей жұмыс орыны. Айқай-шуы көп болғанымен ондағы жұрт та бір-бірімен тілдесіп жатады. Жұмыстан басқа жайттар да ондайда айтылып жатады. Сондайда айтып қалар еді...
– Шахтамды да қимаймын. Алайда мені дала тартып тұрады, – деп.
– Сонда не... қойшы болмақпысың?
– Ол да жақсы. Алайда геологтық одан да гөрі жақсырақ...
Оның арманы неткен тәтті еді деп қоям.
Бала кезімізде түрлі-түсті тастар жинап жүретін ондай ағалардың талайын көргеміз. Олардың өмірі сырт жұртқа таңсық көрінер еді. Олардың өмірі тек құпиялықтардан тұратындай көрінетін.
Сығандар өмірімен бір ұқсастығы болушы еді. Сыған жұрт табор болып көшіп жүрсе, бұлар да палаткаларымен көшіп жүрер еді.
Бұлардың өмірлері дудан тұратын бе еді, қалай?!
Сығандардың гитары асқақ әндер төгілтсе, геологтардың гитары мұңлы әннен ұзай қоймайтын...
Сөйткен арманы асқақ өрімдей жігіттің қолына бұрғы ұстағаны маған түсініксіздеу көрінетін. Жауырыны қақпақтай жігіттің шахтада жүргенінен гөрі оның стадионда жүргені жарасымды көрінетін.
Амал қанша...
Бұл шахтаның менімен де көрінбейтін бір байланысы болса керек.
Мен оған қайтып оралдым. Тағы да оқудан шығып қалдым...
Алғашқыда жер асты слесары болдым. Жауапкершілігі бар дегенмен жүрдім-бардым жұмыстың қатарына кіретін мамандық болатын.
Ал бұл жолы тіреуші болып қабылдандым.
Әрине, алдымен көмекшісі болдым.
Жер астына нән бөренелер түсіреміз. Оны жетер жеріне жеткіземіз. Байқаймын... менен басқалары былқ етпейді. Қиюын келістірем деп балғамен тоқпақтағаннан кейін екі қолым салдырап қалар еді.
Шынашақтай ағаларым тап бір құмырысқадай сол нән бөренелерді ешкімнің демеуінсіз арқалап бара жатар еді. Ондай күнге өзіміз бір аптадан кейін жеттік-ау деймін.
Ал Серікбай болса кемі өз салмағының жартысынан асып жығылатын бұрғыны иығына салып сатымен көтеріліп жүгіре басып бара жатады.
Ақшатаудағы «Центральная» шахтасы үйлерінен онша алыста да емес еді. ІІІахтаға оның көзі қанығып өсті.
Сол төңіректегі үйлер отынын осы шахта арқылы табатын. Өйткені шпал деген онда жыртылып айырылатын. Міне, қызық, олар сонысымен де бөлісетін.
Серікбай бауырымның көпшіл қасиеті осы себептен де болса керек. Қашанда маған жанашыр болып жүруші еді. Кейінде жорналшы болып жүргенімде:
– Мен туралы сүйкей жатарсың, алдымен кәнігі ағаларды айналдыра бер, – дейтін.
Сөйтіп, үлкендер айтпақшы, талай майталман ағаларды «қазит» бетіне шығардым. Әрине, Серікбайды да ұмытпадым.
Алайда осы шимайларымның бірі де менің осы бауырыма деген сағынышымды басқан емес.
Серікбай жүрген жердің бәрінде берекесі қоса жүретін. Ақшатау төңірегіндегі даңқты прохадкашы болды. Нағыз еңбек екпіндісі еді. Бәдіреті бар жерде ілініп тұратын.
Есімі Қазақ ССР Түсті металлургия министрлігінің Алтын кітабына жазылды. КСРО Түсті металлургия министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Енді орден алады деп жүрдік. Алайда жолын басқалар кесіп жатты. Дегенмен, ол құрметін көрді. Шет ауданының Құрметті азаматы атанды.
Басқа да құрметтері баршылық.
«Шахтер Даңқы» белгісінің ІІ-ші және ІІІ-ші дәрежелісінің иегері. Неге екендігін қайдам, бірінші дәрежелісін алмаған екен. Соған енді өзім таң қалып отырмын.
Онда бәрі болды. Құрмет те, төр де... Пәтер де, көлік те...
Ол ылғи бір жауапты телімдерде жүрді. Ал ондай телімдердің сәулені қашанда жоғары болады. Біздер де сол Ақшатауда тұрдық. Ол жерден ерте кетіп қалғандықтан бізге онша әсері де болмады-ау деймін.
Ал Серікбайлар қалып қойды. Оларға кетуге болмайтын. Оларға айтып отырған сәуленіміз керек. Онсыз өмір сүре алмаушы еді.
Бүгінде олардың да қатары сиреді.
Ақшатау дегенде енді Мырзаш, Майкен бауырларымыз еске түседі.
Басқа түсетін үй де қалмады.
Соған шүкіршілігімізді айтамыз.
Солар аман болсын.
Төрехан МАЙБАС,
жазушы