Дінтану кафедрасы – рухани білім мен ғылыми ізденістің ордасы

Дінтану кафедрасы – рухани білім мен ғылыми ізденістің ордасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан және Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында QS World University Rankings 2025 (QS WUR) халықаралық рейтингінде әлемдегі ТОП-200 ЖОО қатарына қосылған алғашқы және жалғыз университет.

Республика бойынша жоғары оқу орындарының арасында көшбасшы университет тоғыз көрсеткіш бойынша 67 позицияға жоғарылап, 230-орыннан 163-орынға көтерілгенінің өзі өте жоғары жетістік.

Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасы https://farabi.university/ туралы тарқатып айтсақ дейміз. Дінтану және мәдениеттану кафедрасы – Қазақстандағы жетекші ғылыми-білім беру орталығы болып табылады. Кафедра дінтану, мәдениеттану, діни сараптама, дін саласындағы мемлекеттік саясат және конфессияаралық диалог бағыттары бойынша мамандар даярлайды. Діни процестерді зерттеуде кафедра заманауи тәсілдерді қалыптастырып, дәстүрлі академиялық білімді практикалық зерттеулермен және халықаралық ынтымақтастықпен ұштастырады.

Білім беру бағдарламалары және оқу перспективалары

Кафедраның білім беру бағдарламалары үш деңгейден тұрады:

 • Бакалавриат – әлемдік және дәстүрлі діндер, діни институттар, дін философиясы мен социологиясы бойынша негізгі білім береді.

 • Магистратура – дінтанудың теориялық және қолданбалы аспектілерін терең зерттеу, ғылыми-зерттеу жұмыстары және халықаралық жобаларға қатысу.

 • Докторантура – дінтану мен мәдениеттану саласындағы тәуелсіз ғылыми зерттеулер, жаңа ғылыми тұжырымдамаларды әзірлеу және халықаралық деңгейдегі ғылыми жұмыстармен айналысу.

Оқу барысында студенттер теориялық біліммен қатар, далалық зерттеулер жүргізеді, сараптамалық орталықтарда тағылымдамадан өтеді, халықаралық конференцияларға қатысып, мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істейді.

Ғылыми және халықаралық қызмет

Кафедра дін мен мәдениет динамикасының өзекті мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізеді. Негізгі зерттеу бағыттары:

 • Қазақстан мен Орталық Азиядағы діни үдерістер;

 • дәстүрлі және жаңа діни қозғалыстарды талдау;

 • діни қауіпсіздік және дін саласындағы мемлекеттік саясат;

 • мәдениетаралық және конфессияаралық өзара әрекеттесу;

 • дін философиясы мен социологиясы.

Кафедраның профессор-оқытушылары мен студенттері халықаралық журналдарда ғылыми мақалалар жариялап, әлемдік конференцияларға қатысады және Еуропа, Азия мен Америка елдерінің жетекші университеттерімен ынтымақтастық орнатады. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында студенттер шетелде тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алады.

Түлектердің кәсіби мүмкіндіктері

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының түлектері келесі салаларда сұранысқа ие:

 • мемлекеттік құрылымдар;

 • ғылыми-зерттеу институттары және сараптамалық орталықтар;

 • білім беру мекемелері мен университеттер;

 • конфессияаралық диалог саласындағы үкіметтік емес ұйымдар;

 • діни және мәдени тақырыптарды қамтитын БАҚ пен медиа саласы.

Бишманов К.М.

Калякбар Ұ.Н.