СОТ ТӨРЕЛІГІ АКАДЕМИЯСЫ: ЖАҢА БЕЛЕСТЕР
2025 ж. 20 наурыз
1692
0

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясы, Мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының директоры Толқын Нұрышевамен әңгіме.
– Толқын Серікқалиқызы, 2024 жылғы 15 шілдеде Сот төрелігі академиясы Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілгенін білеміз. Осы Сот төрелігі академиясының миссиясымен қысқаша таныстырып өтесіз бе?
– Сот төрелігі академиясы – ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орны ретінде Президенттің 2016 жылғы 18 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институты құрылымдық бөлімшесі базасында құрылды. 2024 жылғы 15 шілдеден бастап Сот төрелігі академиясы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Жоғарғы Соттан Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілді.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 38-2 бабына сәйкес Сот төрелігі академиясы жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырады, сот жүйесі кадрларын қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және ғылыми қызметті жүзеге асырады.
Академияның білім беру саясаты мемлекетіміздегі сот жүйесінің қажеттіліктерін ескере отырып анықталады. Осы бағытта ағымдағы жылғы 11 ақпанда Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Д.М. Малаховтың өкімімен Сот төрелігі академиясын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Егер рұқсат етсеңіз сұхбаттың соңында аталған Тұжырымдаманың басты бағыттарына да тоқталып кетермін.
Жалпы алғанда, Академияның миссиясы – сот жүйесі үшін жоғары білікті кадрлар даярлау арқылы халқымыздың мүдделеріне қызмет етуден тұрады. Білім беру процесі толығымен білім алушының қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталған және «Сот және сот төрелігі» білім беру бағдарламасы бойынша бір жылдық бейіндік магистратура шеңберінде сот жүйесі үшін кадрларды арнайы даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны болып табылады.
Академияда кадрлар даярлау мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес, сондай-ақ 2022 жылдан бастап ақылы негізде жүзеге асырылуда.
– Өзіңіз басшылық ететін құрылымдық бөлімшенің міндеттері мен ерекшелігін білгіміз келер еді.
– Мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығы «Сот және сот төрелігі» білім беру бағдарламасының «Құқық» бағыты бойынша кадрлар даярлауды, сондай-ақ оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәрбие жұмысына басшылықты жүзеге асыратын Академияның құрылымдық оқу-ғылыми бөлімшесі болып табылады.
Орталық негізгі міндеттері: терең кәсіби білімі, практикалық дағдылары және жоғары мәдениеті бар білікті мамандарды даярлау; конституциялық, әкімшілік және әкімшілік-деликтік заңнаманы, сондай-ақ әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді қараумен байланысты сот практикасын жетілдіруде ғылыми зерттеулерді, сараптамалық-талдау жұмыстарын жүргізуді; мемлекеттік-құқықтық циклдің оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми бағыттары бойынша соттармен, мемлекеттік және мемлекеттік емес (қазақстандық және халықаралық) ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Сонымен қатар, біздің Орталықтың ерекшелігі – оның профессорлық-оқытушылық құрамында. Мысалы, Орталықта құқық ғылымдарының докторлары мен кандидаттарымен қатар, философия, саясаттану ғылымдарының докторлары да (мысалы, «Сот қызметіндегі риторика және коммуникация» пәнінен) дәріс жүргізеді. Бұл орайда біз озық шетелдік тәжірибеге де сүйенеміз, себебі, көптеген мемлекеттердің білім беру бағдарламаларында болашақ судьяларға тек кәсіби маман ретінде емес, сонымен қатар жеке басының қасиеттері мен әдебіне, коммуникативтік құзыреттілігін дамытуға да ерекше назар аударады. Сондықтан болашақ судья білімді әрі біліктілігімен қоса, сөйлеу мәдениеті мен шешендік қабылеті қалыптасқан, қоғаммен сапалы кері байланысқа қайта бағдарланған және қызмет барысында олардың кәсіби тиімділігін арттыратын риторикалық және коммуникативтік құзыреттілікке ие болуы тиіс.
– Сот төрелігі академиясында қандай білім беру әдістері қолданылады?
– Кез-келген оқу орнында оқытудың тиімділігі, әдетте, оның оқыту әдістеріне байланысты екені белгілі жайт. Сондықтан Академияның оқу процесінде «Судьяны судья оқытады» қағидаты ерекше мәнге ие. Әр орталықтың (қазіргі таңда Академияда 3 орталық бар, яғни: азаматтық-құқықтық пәндердің, қылмыстық-құқықтық пәндердің және мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталықтары) профессорлық-оқытушылық құрамының 75 пайызын судьялар құрайды. Біздің Орталықта білім беретін судьялардың қатарында PhD докторы, заң ғылымдарының кандидаттары мен магистрлері, тіпті сот төрағасы да бар.
Жалпы алғанда, Академия магистранттары болашақ судья лауазымына үміткерлер ретінде қазақстандық заңнамаларды және олардың қолдану практикасын талдай отырып, сабақтарына қарқынды дайындалады. Байланыс сағаттары сот ісін жүргізуге және әр сот ісін жүргізу нысандары бойынша процестік құжаттарды құрастырудың стилі, мән-мәтіні және дағдыларын қалыптастыруға, сыни ойлауға, аудитория алдында сөйлеуге арналған тапсырмаларды беру арқылы интерактивті және классикалық түрде өткізіледі. Практикалық сабақтарда міндетті түрде нормативтік құқықтық актілер мен сот шешімдерін негізге ала отырып әзірленген рөлдік ойындар (имитациялық сот процестері), жаңдаяттық кейстерді (case-study) шешу, «миға шабуыл», өткен материалды игеру үшін құрастырылған тест тапсырмаларын орындау және қатемен жұмыс жасау әдістері де қолданылады.
Академияның білім беру бағдарламасы практикаға бағытталғандығын тағы да атап өткім келеді. Бүгінгі күні 1 жылдық (шытуайтына келгенде – 10 ай) мерзімнің 4 айы магистранттардың соттарда өтетін кәсіптік практикасына арналған. Яғни, магистрант Астана қаласының соттарында (әкімшілік істерді, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді, азаматтық істерді және қылмыстық істерді қарайтын) әр сот ісін жүзеге асыру нысандарын қамту барысында кем дегенде 1 ай кәсіптік практикадан өтеді.
Академия қабырғасында теориялық дайындыққа, әрине, уақыт тығыздау, дегенмен, ол сұрақты шешу жолдарын да таптық. Мысалы, магистранттар практикада болған уақытта оларға тақырыптық семинарлар, сондай-ақ адвокаттардың, прокурорлардың, мемлекеттік органдар өкілдерінің, ғылыми қоғамдастықтың, шетелдік сарапшылардың қатысуымен өзекті мәселелерге арналған «Ашық алаң» форматындағы тақырыптық диалогтар офлайн/онлайн режимінде өткізіледі.
Қорытындылай айтқанда, магистранттар аталған әдістерді қолдану арқылы игерген білімдерінің арқасында оқуларын аяқтап, қорытынды аттестаттаудан сүрінбей өтіп, құқық магистрі атанғаннан кейін ғана судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырады және одан әрі бос судья лауазымдарына конкурстарға қатысады.
– Академияны дамыту тұжырымдамасындағы негізгі бағыттарыңыз қандай?
– Осы Тұжырымдама аясында Академияның алдында сот білімінің сапасын жақсарту, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жетілдіру, қосымша білім беру жүйесін дамыту, ғылыми жұмысты жандандыру және басқа да бағыттар бойынша маңызды міндеттер қойылды. Сондай-ақ Академияның материалдық-техникалық базасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар және кадр саясатында да жаңа тәсілдер көзделген.
Жалпы алғанда, болашақ судьялық мансап бағытында терең білім алғысы келетін азаматтар үшін Академияның есігі әрқашан ашық екенін атап айтқым келеді.
Гүлнара МҰХАМЕТҚАЛИ,
Сот төрелігі академиясының үйлестірушісі