ЕЛ БАЙЛЫҒЫ ЕШКІМНІҢ АТА-БАБАСЫНАН ҚАЛҒАН МҰРА ЕМЕС! - Қазыбек Иса
2025 ж. 19 наурыз
2238
0

-Халық түбегейлі өзгерісті, Әділетті Қазақстанды ертең емес – бүгін өмірде көргісі келеді!
-Өткен отыз жылдық биліктің орасан зор зардабы өтіп кеткен ел түбегейлі өзгерістердің тез, барынша қарқынды жүргенін қалайды.
-Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер құны қазір екі триллион теңгеден асты.
-Ұлттық қордан балалар болашағы үшін қаржы салуды алдымен өздерінің жеке байлықтарын көбейтумен айналысқан бұрынғы билік ешқашан болуы мүмкін еместей көрсететін...
-«Ақ жол» партиясы 30 жыл бұрын шетел инвесторларымен жасасқан Өнімді бөлу туралы келісімшарттарды ашық жариялап, қайта жасауды талап етіп, бірнеше рет депутаттық сауал жасады.
-Ұлттық дамудың негізі - ұлттық идеологияда.
Ұлттық бірегейлікке бастайтын Ұлттық идеологияның негізі - мемлекеттік тіл.
-Мемлекеттік тілдің мерейі үстем болуын іске асыруға бәріміз өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Бұл ең алдымен, Парламент пен Үкіметтің міндеті!
-Қазақстанның Ұлттық идеологиялық концепциясын жасаған партия «Ақ жол» мемлекеттің ішкі саясат тұжырымдамасын жасауға өз үлесін қосуға дайын.
-Алтын Орданың нағыз мұрагері - Ақордалы Қазақ Елі!
-Алтын Орда түгілі, Алаштың атын айтқызбаған кешегі отыз жыл артта қалып, Алаш көсемдері Астанаға алшаң басып кірді...
-Ұлттық құрылтай - жалпыұлттық диалог алаңы
-Үдеден шығып келе жатқан үш жаңа аймақ.
Тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды алып жоба басталады.
-Түркістанға ерекше мәртебе беру мәдени бірегейлікті нығайтып, қаланы Түркі әлемінің рухани астанасына айналдырады.
Бүгін 2025 жылы 19 наурызда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысының тақырыбы - ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру - мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі туралы болды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Жақанов баяндама жасады. Жалпы отырысқа шақырылған Асқар Жұмәділлаев, Жақсыбек Құлеккев тб белгілі мемлекет және қоғам, ғылым қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі.
Біз “Ақ жол” партиясы фракциясы атынан сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.
ЕЛ БАЙЛЫҒЫ ЕШКІМНІҢ АТА-БАБАСЫНАН ҚАЛҒАН МҰРА ЕМЕС - Қазыбек Иса
1.Салиқалы саяси реформа нәтижесі
Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа басталғалы бері үш жылдың ішінде іргелі өзгерістер жасалды.
Алдымен жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға өзгеріс енгізілді. Парламенттің ықпалы артып, есеп беретін Үкіметке жауапкершілігі күшейді. Конституциялық сот құрылды. 72 пайыз жаңарған ауыл әкімдерінің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмағандықтан, жаңа адамдармен бірге жаңа леп келді. Аудандар мен қалалардың 45 әкімі сайланды. Ал биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайды. Халық сайлаған әкім халық алдында есеп беретіндіктен, қарқынды қайрат көрсетуі тиіс.
Мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайлануы билік органдарының жұмысына тың серпін берді.
Иә, өткен отыз жылдық биліктің орасан зор зардабы өтіп кеткен ел түбегейлі өзгерістердің тез және барынша қарқынды да, ауқымды жүргенін қалайды.
Бірақ Өмірдегі өзгерістерді - бір нүктені басып қалсаң, бәрі бірден өзгеріп кететін ертедегі Ертегідегі ғажайыппен шатастырмау керек. “Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады” дейді атам қазақ. Дегенмен, отыз жыл бойы қатып қалған, сірескен сеңді үш жылда қозғап жіберген нақты өзгерістер көз алдымызда өтуде.
Ал бұған қазір біз бәріміз куә болып отырмыз.
Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер құны қазір екі триллион теңгеден асты.
“Әділетті Қазақстанның” бәріне бірдей “Заң мен тәртіп” қағидаты болмаса, бұлардың бірі де болмас еді. Дәл осы қағидат Президенттің басты жеңісі деп білемін.
Ұлттық қордан балалар болашағы үшін қаржы салуды алдымен өздерінің жеке байлықтарын көбейтумен айналысқан бұрынғы билік ешқашан болуы мүмкін еместей көрсететін. Ал қазір бәрі де мүмкін болып, әр баланың есепшотына алғашқы салымдар түсіп жатыр.
2. Алтын Орданың нағыз мұрагері - Ақордалы Қазақ Елі!
Жас ұрпаққа ұлттық-патриоттық тәрбие беруде тамырымыздың тереңдігін, тарихымыздың кемелдігін көрсететін Алтын Орданың атасы, Қазақ хандарының бабасы Жошы хан құрған, 6 ғасыр бойы жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған ең қуатты мемлекет Ұлық Ұлыстың негізі қаланғанына 800 жыл толуын мерекелеу ұлттық рухымызды көтеріп кеткен елдік маңызы ерекше зор рухани серпіліс болды.
Яғни, “Әлемдегі жер көлемі жағынан ең үлкен, қуаты жағынан ең күшті және ең ұзақ жасаған алып империя Алтын Орданың нағыз мұрагері - Ақордалы Қазақ Елі!
Иә, еліміздің әлемдік имиджін нығайту үшін Алтын Орда бренді кез келген ел қызығар таптырмас алтын қазына.
Қазақ тарихына арналған 7 том дайындалуда, оның бір томы Жошы ханға арналады. Халықаралық деңгейде Жошы хан деректі фильмі түсірілуде.
Қазақ жерінде жатқан Ұлық ұлыстың негізін қалаған ұлы хан Жошыға да, алып империяның астаналары болған Ұлытау мен Сарайшыққа да әлем назарын аударар кезең басталды.
Алтын Орда түгілі, Алаштың атын айтқызбаған кешегі отыз жыл артта қалып, Жошы ханға Ұлытауда ескерткіш орнатылды. Алаш көсемдері Астанаға алшаң басып кіріп, көп қалаларда ескерткіштері асқақтауда.
Бұл істердің барлығы тікелей Мемлекет басшысы – Қасым-Жомарт Кемелұлының пәрменімен іске асырылып келеді.
3. Ұлттық дамудың негізі - ұлттық идеологияда
Тарихтан белгілі, қандай ел болса да, Ұлттық идея болмаса, Ұлттық даму да болмайды! Кешегі Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысы тапсырған мемлекеттің ішкі саясат тұжырымдасын жасау - Ұлттық идеологияның бастауы екені анық. Қазақстанның Ұлттық идеологиялық концепциясын жасаған жалғыз партия ретінде «Ақ жол» ішкі саясат тұжырымдамасын жасауға өз үлесін қосуға дайын.
Ал Ұлттық бірегейлікке бастайтын Ұлттық идеологияның негізі - мемлекеттік тіл!
Әлемдік тәжірибеден әйгілі жайт - кез келген мемлекеттің азаматтарын біріктіретін басты құрал - мемлекеттік тілі.
Ғылымның, жаһанды жаулап келе жатқан жасанды интеллектінің негізі мемлекеттік тіл болуына баса назар аударған мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Қазақ тілі – ұлттық бірегейлігіміздің нышаны. Ел бірлігін нығайтатын басты құндылығымыз!»-деп, атап көрсеткендей, бірегей ұлтқа айналуда мемлекеттік тілдің мерейі үстем болуын іске асыруға бәріміз өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Бұл ең алдымен, парламент пен Үкіметтің міндеті!
4.Жер қойнауы - халық меншігі
Конституцияның жаңа редакциясының 6-бабына сәйкес «Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі».
Қазақстанда Әлемдік Банк зерттеуінше, сирек асыл қазыналар жатқан 5 мың кеніштің құны 46 триллион доллардан асады!?.
2022 жылы Президент шетел инвесторларымен өнімді бөлу туралы келісімшарттар 30 жыл бұрын басқа жағдайда жасалғанын, енді оларға түзету енгізу керектігін айтты.
Стратегиялық кен орындарындағы Қазақстан үлесі 51 пайыздан кем болмауын көтерген «Ақ жол» партиясы шетел инвесторларымен жасасқан Өнімді бөлу туралы келісімшарттарды ашық жариялап, қайта жасау туралы бірнеше рет депутаттық сауал жасады.
Құдай берген бүкіл елдің байлығын жеке иеленетіндей, ол ешкімнің ата-бабасынан қалған мұра емес!
Мемлекет басшысы айтқандай, Халық түбегейлі өзгерісті, Әділетті Қазақстанды ертең емес – бүгін өмірде көргісі келеді!
5.Ұлттық құрылтай - жалпыұлттық диалог алаңы
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған, биыл төртінші рет өтіп, төрт құбыламызды түгендеп жатқан Ұлттық құрылтай жалпыұлттық диалог алаңына айналды.
Ұлттық құрылтайда идеологиялық бағыттар, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, қоғамныңжаңа құндылықтарын жаңғырту мәселелері талқыланады. Жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдыруда.
Ұлттық Құрылтай - Қазақ тарихындағы елдің ең маңызды мәселелері шешілетін ұлы жиын - Құрылтайдың бүгінгі жаңа заманға сай жаңғырған үлгісі.
6.Үдеден шығып келе жатқан үш жаңа аймақ
2022 жылы жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының ашылуы осы аймақтардың дамуына күшті серпін берді. Өңірлерге жанданған өмір келді. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір артты, инвестиция келе бастады. Бұны жергілікті тұрғындардың жақсара бастаған тұрмыс сапасы айқындайды.
Енді мемлекет басшысы кеше Құрылтайда Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы туған тарихи өлкеге баса назар аударып, тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды алып жобаны жариялады. Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы басталады. «Бір тау бір топ киікті асырайды» дегендей, бұл күшті күре жол – экономикалық күре тамыр бір қауым елге жұмыс беріп, жаңа серпіліс жасайды. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салынады.
«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң қабылданды. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ ОРДАСЫ ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ – ТҮГЕЛ ЕЛІМІЗ ҮШІН ЕРЕКШЕ МАҢЫЗДЫ! Түркістанға ерекше мәртебе беру мәдени бірегейлікті нығайтып, қаланы Түркі әлемінің рухани астанасына айналдырады.
Қорыта айтқанда, Түркістан туралы заңның оң нәтижесін әрбір Түркістандық, тұтас еліміз көруі тиіс!
Елімізді Жаңа дәуірге бастаған іргелі өзгерістер, салиқалы саяси реформа мемлекеттің іргесін бекемдеп, қарқынды дамуы үшін ең алдымен бірегей ұлтқа бастайтын бірлік, ырысқа жеткізетін ынтымақ керек. Тәуелсіздіктің Көк туы көкте мәңгі желбірей беруі үшін бәріміз де өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Ол үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанына антына адал, сертіне берік, ісіне мығым, ел үшін туған ерлер топтасуы керек!
Халық қарқынды жүруін қалап отырған түбегейлі өзгерістерге - Ақ жол!
Ұлыстың ұлы күні - Әз Наурыз құтты болсын!
Құрметпен, "Ақ жол" фракциясы.