«Жайлы мектеп» құрылысы мәз емес – Президент өзі тексеру жүргізеді

«Жайлы мектеп» құрылысы мәз емес – Президент өзі тексеру жүргізеді

Алдағы үш жылда 1300 мектепті, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 2025 жылы 14 наурызда Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтты.

Осыдан 2 жыл бұрын Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталған еді. Жобаның негізгі мақсаты – мектептегі орын тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу болды.

− Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады. Аймақта 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды. Басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жұмысты қолға алуы керек. Мен таяу арада тексеремін, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған 200-ден астам мектеп салынады.

− Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс, − деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша «Ақ жол» фракциясының " ">депутаттық сауалын жариялады.

Депутат Қазыбек Исаның айтуынша, 2025 жылы бітуі тиіс «Жайлы мектеп» жобасы 2024 жылдың қорытындысы бойынша 105 мектептің құрылысы аяқталды. 3 жылдың соңғы жылы қалғанда әлі мектептердің жартысынан көбісі 112 мектептің құрылысы бітпеген, олар 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Ал мектептердің құнына келсек, алды 9,63 миллиард теңгеден асып кеткен... 

- Ал Шымкент қаласында өте жоғары деңгейде озық жабдықталған, төрт қабатты, үш қанатты, 1338 оқушыға арналған жекеменшік «Auzhan KTL» мектебінің құны 1,72 млрд. теңге.  

Ал, көлемі осы мектептен 138 орын аз болса да, 1200 орындық жайлы мектеп 6 млрд 413 млн 748 мың теңгеге салынуда, яғни бір орынның құны «Auzhan» мектебінен 4 еседен де (4,16) көп!

Яғни, сапалары бірдей болса да, жекеменшік мектеп құнынан «жайлы мектептің» құны 4-5 еседей көп. 

Бұл үкілеп сақтап отырған Ұлттық қор қаржысының 4-5 еседей шығын болғаны емес пе?.

Сонда бір мектептің орнына 4-5 мектеп салатын қаржы қайда кетіп жатыр? Бұл есепсіз миллиардтардың сұрауы кімде? «Жайлы мектептерді» майлы мектептерге айналдырып отырғандар кімдер?

Бізге бір мектептің орнына 4-5 мектеп салуға, яғни 1,5 триллион қаржыға 217 мектептің орнына 1000 мектеп салуға кім кедергі болып отыр? 

Президентіміз «орынсыз артық шығындарды доғарыңдар!»- дейді.

Ал біз бір мектептің бағасын бес есе көтеріп қойып, болашақ ұрпағымызға арналса да, бүгінде түбі көрініп қалған Ұлттық қорға қол салып, қол салғанда мол салып, қарап отырмыз?!. - деп, өткір сынады Қазыбек Иса.

Үкімет мемлекет басшысы тапсырмасына сай халық қаржысын орынсыз орасан шығындамай, үнемдей білуі, тиімді жұмсауы тиіс!

Қазақ үні