«ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛЫ ҚАШАН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ?
2025 ж. 13 наурыз
179
0

Өткен 2024 жылдың аяғында, 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту туралы» тақырыбында Үкімет сағаты өткен еді.
Қазақстан Республикасы Көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Сұрақ өте көп болды. Сондықтан 3 сағаттың ішінде депутаттардың жартысы ғана сұрақ қойып, сөйлеп үлгерді.
Біз де шектеулі уақытқа сыймаған сұрағымызды Көлік министрі Марат Қарабаевқа жазбаша жіберген болатынбыз.
-Құрметті Марат Кәрімжанұлы, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту туралы» тақырыбында Үкімет сағатында жасаған баяндамаңызда көп мәселені қамтып, көптеген сұрақтарға нақты, жақсы жауап бердіңіз, рахмет. «Ақ жол» фракциясы бұған дейін бір жыл бұрын жол мәселесіне байланысты «ЖОЛ САЛАСЫНДА ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ ҚАЖЕТ!» атты депутаттық сауал жолдаған болатын.
Сол кезде былтыр айтып едік, қайталай кетейін. «Қазақта «Жол азабы мен көр азабы бірдей» деген мақал бар. Атырау мен Астрахан арасындағы жыр болған 100 шақырымдай жолмен жүргендер оның азабын айтып тауыса алмайды. Көрші елдің соғыстан қашқан қашқыны Атыраудың жол азабын көргенде, «Бұдан да соғыста өлгенім, көр азабын көргенім жақсы екен» ғой, дегені ащы шындық…» Иә, «Жол мұраты –жету»-десек, біздегі сапасыз жолдармен жүргенде бұл мақалды ұмытып қаласың...
Жол жағдайы жақсарса, ел жағдайы да жақсарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызы жөнделіп бітуі қажет.
Біздің бүгінгі сұрағымыз - "Дарбаза – Мақтаарал" теміржолының жайы. Бұл Жетісай, Мақтарал және Шардара аудандарындағы 500 мыңға жуық халықтың күтіп отырған күрделі мәселесі.
Осыдан 3 жыл бұрын 2021 жылы біз депутаттық іс-сапармен Түркістан облысы Жетісай, Мақтарал аудандарына барғанда, жергілікті тұрғындардың сұрауымен Дарбаза мен Мақтаарал ауданы арасына теміржол тарту, Жетісай мен Шардараның біріне әуежай салу мәселесі көтерілген еді. Бұл мәселені біз сол кезде «МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНЕ ТЕМІРЖОЛ мен ӘУЕЖАЙ КЕРЕК?»-деген тақырыпен республикалық баспасөзде, «Қазақ үні» газетіне жариялап, Үкіметке жолдаған едік. Былтыр, 2023 жылы күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды.
Біріншіден, осылай республиканың көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда.
Екіншіден, Түркістан облысын республиканың магистральдық теміржол желісіне қосу арқылы оның дамуына үлес қосады.
Үшіншіден, қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы кедендік өткізу пункті ашылады.
Төртіншіден, Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын тағы бір буын – жаңа теміржол желісінің салынуы Сарыағаш стансасы мен «Жібек жолы» кеденіндегі кептелістерді азайтып, Өзбекстанға экспорттық жүк тасымалдауды арттырады.
Бесіншіден, Жетісай, Мақтарал және Шардара аудандарындағы 500 мыңға жуық халықтың көрші туысқан елмен барыс-келіс, алыс-берісін арттырады.
Алтыншыдан, темір жол құрылысын салуға қазір 3,5 мың адам жұмысқа тартылуда. Ал теміржол желісі іске қосылғанда 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бізде бір құрылыс басталса, аяғы сұйылып, созылып кетеді. Әсіресе, бұл жол саласында әдетке айналып кеткен. Сондықтан елді мазалаған басты сұрақтардың бірі - Дарбаза – Мақтаарал теміржолының құрылысы қазір қандай деңгейде? Қашан толық аяқталып, іске қосылады?
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
«ДАРБАЗА-МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛЫ 2026 жылы ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Енді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға ҚР Көлік вице-министрі М. Қалиақпаровтың жауабын жариялап отырмыз.
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты
Қ.Ж. Исаға
Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!
Мемлекет Басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» және 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тапсырмаларына сәйкес бірқатар ірі темір жол инфрақұрылымдық жобаларын, оның ішінде ұзындығы 152 км болатын «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісі (бұдан әрі – Жоба) іске асырылуда.
Жоба біздің еліміз үшін экономикалық маңызды болып табылады, жаңа теміржол желісін іске асыру және пайдалану орнында (Түркістан облысында) жаңа жұмыс орындары құрылуда, сондай-ақ жаңа жобалар мультипликативтік әсерге ие, өйткені әртүрлі бағыттарда тасымалдаудың қолжетімділігі артып келеді.
Сонымен қатар, бұл жоба Орталық Азия бағытындағы өткізу қабілетін қосымша 20 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме (бұдан әрі – ТЭН) бар, 2024 жылғы мамырда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Integra Construction KZ» ЖШС мердігерлік ұйымы арасында жоба құрылысына шарт жасалды. Іске асыру «кілтке дейін» (ЕРС-келісімшарт) құрылысы бойынша кешенді жұмыстар шеңберінде жүргізіледі. Құрылыспен қатар әзірленетін жұмыс құжаттамасының техникалық шешімдері әзірленген ТЭН негізінде қабылданады.
Қазіргі уақытта учаскелерде топогеодезиялық және геологиялық-іздестіру жұмыстары аяқталды, 25 км жұмыс кестесіне сәйкес жер жұмыстары орындалды. Байланыс базаларында 95 км рельсті шпал торлары жиналып, төсеуге дайындалды.
Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау және пайдалануға беру жоспарлануда.
«Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісінің құрылысы елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарына енгізілген және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында.
Вице-министр М. Қалиақпаров