ҮКІМЕТТІҢ ЖАУАПТАРЫНАН ЖАНСАҚТАУ ҮШІН ЖАНҚАЛТАМЫЗДА ӘЛІ ДӘРІ ЖҮР… - Қазыбек Иса
2025 ж. 12 наурыз
137
0

Бүгін, 2025 жылы 12 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері туралы ақпарат берді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса үкімет жауаптарының жарамсыздығына “Ақ жол” фракциясының сұрақтарына қайтарған шала, қате, бұрмаланған жауаптарды мысал етті.
Еңбек министрлігінің “Ата жолы” картасының заңды негізі жоқтығын әшкерелеп берді.
Құрметті Ермек Беделбайұлы!
1.Депутаттар халықтың талабы орындалуы үшін үкіметке депутаттық сауалдар жолдап жатады.
Көптеген жауаптар шала, қате, кейде тіпті мүлде бұрмаланып келеді...
Бұл туралы біз былтыр "Үкіметтен келген кейбір жауаптарды оқу үшін қан қысымы дәрісін дайындап алу қажет..."-деп те жазғанбыз. Өкінішке орай, сол жауапсыз жазылған жауаптардан жансақтау үшін жан қалтамыздан әлі дәріміз түспей жүр...
2.«Ақ жол» партиясы былтыр, 2024 жылы мәслихат депутаттарының құзыретін күшейту туралы бірнеше рет депутаттық сауал жолдады. Алайда бұған байланысты үкіметтің берген жауаптарының ешқайсысы бізді еш қанағаттандырған жоқ. Атап айтқанда, 2024 жылғы 3 сәуірдегі депутаттық сауалға Үкімет: «Мәслихат таратылған жағдайда, депутаттарға үш айдан асырмай ай сайын жәрдемақы төлеуді көздейтін норма ұсынылады.- деп жауап беріпті...
Бұл жауапқа “Атам да аң-таң, мен де аң-таң” дегендей, түк түсінбедік?!.
Үкіметтің мәслихат депутаттары жалақы алмайтынын білмегені не ескермегені таңқаларлық жағдай. Бұл - жауапсыздық пен сауатсыздық.
3.Бұрын «осы үкімет, министрлер өздері жазған жауапты оқи ма?" дейтін ек... Қазір «осы министрлер депутаттар жолдаған сауалды оқи ма өзі?» дейтін жағдайға жеттік…
Үкіметтен келген кейбір жауаптар қалай жазылатынын қайдам, жариялауға біз ұяламыз...
4.Осыған байланысты, біз бұл мәслихаттар құзыреті жайлы сұраққа әлі нақты, қанағаттанарлық жауап ала алмағандықтан, тағы да қайта көтеруге мәжбүр болып отырмыз.
ҚАНДАСТАР КҮТКЕН “АТА ЖОЛЫ” картасы “АЛДАУ ЖОЛЫ ” картасына АЙНАЛДЫ…
Екінші сұрақ Еңбек министрлігіне қатысты.
1.Еңбек министрлігі 2023 жылы енгізген атышулы "Ата жолы" картасы иегерлерінің қандастардан басты айырмашылығы - олар басқа елдің азаматтығында қала отырып, Қазақстан азаматтарымен бірдей дерлік құқықтарға ие болып, Қазақстан азаматтығын да оңайлатылған тәртіппен алуы тиіс еді...
Алайда, 2 жылдан аса уақытта "Ата жолы" картасын ала алған бар болғаны 55 қана адамның ешқайсысы мұның біріне де ие бола алған жоқ.
Өйткені, "Ата Жолы" картасында көрсетілген құқықтардың ешбір заңдық негізі жоқ, түкке жарамайтын заңсыз “құжат” болып шықты.
Яғни, қандастарымыз екі көзі төрт болып, зарыға күткен Еңбек министрлігінің алақайлаған “АТА ЖОЛЫ” картасы “АЛДАУ ЖОЛЫ ” картасына АЙНАЛДЫ…
Атамекенін аңсап отырған шетелдердегі миллиондаған Қазақтарға осындай түрлі кедергілермен тосқауыл қою қашан тоқтайды?
Қашан біз қандастарымызды құшақ жайып қарсы аламыз?!.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Өкінішке орай, тағы да бұл сұрақтарға да біз жоғарыда айыптап отырған хаттарға жауап қайтарғандай дұрыс, толыққанды жауап берілмеді… Тағы да дәрімізге жүгінуге тура келді…
Жауаптарды төмендегі видеодан көре аласыздар: