АМАНДЫҚҚА ЕШТЕҢЕ ЖЕТПЕЙДІ

АМАНДЫҚҚА ЕШТЕҢЕ ЖЕТПЕЙДІ

Балалардың жарақаттануы – әлемдік денсаулық сақтау саласында маңызды мәселе. Өйткені оқыс алған жарақат мүгедектікке, дансаулықтың нашарлауына, тіпті, өлімге әкеп соғуы мүмкін. Балалардың жарақаттану себептерін түсіну – оған жол бермеудің тиімді стратегиясын әзірлеп, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Біз бүгін балалардың жарақаттануына себеп болатын түрлі факторлар, мысалы қоршаған ортадан төнетін қауіп-қатер, бақылаудың жетіспеуі және оның белең алу салдарын қарастыратын боламыз. Осылайша, біз балаларға қауіпсіз ортаны қалай құруға болатынын, жарақаттанып қалудан сақтану жолдарын түсіндіреміз. Ол үшін аяқ астынан туындаған жағдайға бейімделу, соған сай білім беру және түрлі ақпарат беретін шаралар өткізу сынды маңызды қадамдар іске асады. Сондай-ақ, жеткіншектерге абай болуды үйрету және денсаулық пен қауіпсіздік әрдайым бірінші орында екенін айту парыз.

Бала қауіпсіздігі – ата-ананың басты міндеті

Қоршаған ортада балалардың жараққаттанып қалуы өте жиі кездесетін жағдай. Себебі олар қызығушылықтан, әр нәрсеге деген ессіз ұмтылыстан және айналадағы кез келген дүниеден қауіп төнетінін жете түсіне бермегендіктен немесе қауіпті екенін мүлде білмегендіктен ауыр немесе жеңіл жарақат алып жатады. Мысалы жеткіншектердің өміріне қауіпті негізгі қоршаған орта факторларының бірі – үйдегі қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігі. Балалар көп уақытын үйде өткізеді, сондықтан олардың өмір сүретін жерін төнетін қауіп-қатерден «таза ұстау» өте маңызды. Мысалы бүлдіршіндер кітап сөрелері мен киім толы шкафтардың үстіне шығуға, есігін, тартпасын ашып көруге, ондағы заттарды ақтаруға, шашуға бейім. Ал мұндай жиһаздардың балаға құлап кетуі өте жиі кездесетін оқиға. Сол сияқты электр тогының ашық тұстары, терезе, балкондардың ашық қалуы, үйдің ішінде кішкентайлар жұтып қоятын түйреуіш, тиын, шегелердің шашылып жатуы, тұрмыстық химиялық заттардың балалардың қолы жететін жерде тұруы да – көңіл алаңдатын нәрсе. Сондықтан кез келген ата-ана ұрпағының болашағы жарқын болуы үшін үйдегі қауіпсіздікті бірінші орынға қоюуы қажет. Мысалы балалар уланып қалмас үшін химиялық заттарды жоғары қою, шкафтарды қабырғаға бекіту, денсаулыққа зақым келтіретін заттарды есігі құлыптанатын мүліктің ішінде сақтау сынды қарапайым ережелерді сақтаса болғаны. 

Баланың үнемі үйде отыра бермейтіні белгілі. Олар далаға шығады, ойнайды, серуендейді. Бұл олардың салауатты өмір салтын ұстануына, таным-түсінігінің кеңеюіне, физикалық тұрғыдан есеюіне ықпал ететіні сөзсіз. Алайда сейіл мен серуен бар жерде қауіп қоса жүретінін естен шығармаған жөн. Атап айтар болсақ, күтімсіз қалған ойын алаңдары, саябақтар, демалыс орындарында темір-терсектер, ескірген сырғанақтар, сынық заттар, дұрыс орнатылмаған әткеншектер, қоршаулар, футбол қақпалары балалардың жарақат алуына әкеп соғады. Сонымен қатар, бассейндер, көлдер немесе басқа да су айдындарында тиісті қоршаулардың жоқтығынан, ескерту жазылған тақталар болмағандықтан жасөспірімдердің суға кету оқиғалары жиілеген. Ал мұндай қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін ең алдымен балалардың өмірін ойлау, сол үшін қауіпсіз сыртқы ортаны құру, қауіпсіздікті тексеру, бұзылған, сынған мүлікті жөндеу және қауіпсіздік стандарттарын сақтау – өте маңызды.

Жол-көлік оқиғалары – балалардың жарақаттануына ықпал ететін тағы бір маңызды фактор. Қауіпсіздікті сақтау шаралары дұрыс жолға қойылмаған жағдайда, балалар жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер жолында немесе көліктер ағылып жатқан үлкен трассаларда апатқа ұшырауы мүмкін. Кейде тіпті жүргіншілер мен велосипед тебетіндерге арналған арнайы жолдың және бағдаршамдардың болмауы салдарынан да балалар қорқынышты, қауіпті жерлермен жүруге мәжбүр болады. Көшеде жарық шамдар орнатылмаса да, тротуар салынбаса да – балалар жолда тап болуы мүмкін қауіп еселене түседі. Ата-аналар автокреслоны пайдалану және көлікте отырғанда өзіне де балаға да қауіпсіздік белдігін тағу сынды қарапайым қауіпсіздік шараларын күнделікті өмірде назарға алмайды. Соның салдарынан кенеттен болған жол апатынан балалар көп зардап шегеді, ауыр жарақаттар алады. Ал мұндай қауіптің алдын алу үшін балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп, көлікте отырғанда екі есе сақ болуды үнемі ескертіп отыру керек. Бұл – болашақ ұрпақ қатерсіз өмір сүруіне жасалған маңызды қадам болмақ.

Мектептер мен балабақшаларда орын алатын оқыс оқиғалар да балалардың өміріне қауіп төндіріп, жарақаттануына әкеп соғады. Балалар бір күннің кемінде сегіз сағатын осы мекемелерде өткізетіндіктен, ондағы қауіпсіздікті де қамтамасыз ету алдымен сонда жұмыс істейтін қызметкерлердің, одан кейін ата-ананың қолында. Оқушы толы сыныптар, бақылаусыз қалған орындар, тозығы жеткен ғимараттар – өскелең балақайларға қауіпті. Сондықтан бала көп болса, сынып кең болғаны абзал және ондағы жиһаздар сапалы болуы шарт. Ал тозығы жеткен мектептер, балабақшалар дабыл қағып, төнген қауіптің алдын алуға тиіс. Сонымен қатар, спортпен айналысу немесе ғылыми эксперименттер жүргізу кезінде қауіпсіздік құралдарын дұрыс пайдаланбаған жағдайда, адам ауыр жарақаттануы мүмкін. Білім беру мекемелерінде қауіп-қатер азаю үшін қауіпсіздік тұрақты түрде тексеріліп, қызметкерлер мен оқушылар, кішкентай бүлдіршіндер арасында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік хаттамалары толтырылуға тиіс. 

Сонымен қатар, климат пен ауа-райына байланысты қоршаған орта факторлары да балалардың жарақаттануына ықпал етеді. Егер балаларды аптап ыстық пен қатты суықтан қорғайтын заттармен қамтамасыз етпесе, +40 °C-де денелері күйіп немесе -40 °C аязда үсіп қалуы мүмкін. Мұның өзі үлкен жарақат. Су тасқыны, дауыл не жер сілкінісі сияқты табиғи апаттар да балалардың жарақаттануына немесе өлім-жітімге әкеп соғатын үлкен қауіп екені белгілі. Ал мұндай төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін, қолайсыз жағдайдан қалай шығуға болатынын ата-ана үйде де, сыртта жүргенде де үнемі балаға айтып отырғаны дұрыс. Қажет болса арнайы мамандардан сабақ алу артық болмайды.

Қауіпсіздік қағидасы – айнымас серігіміз

1.Үйдегі қауіпсіздік: терезелерге құлып немесе тор орнату, баспалдақтардың ашық шетіне қоршау қою, теледидар, шкаф сынды ауыр заттарды қабырғаға бекіту. Дәрі-дәрмектерді, үшкір заттарды, басқа да зиянды дүниелерді балалардың қолы жетпейтін жерге сақтау. Сәбилер ұйықтайтын бөлмелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түтін сигнализаторлары мен көмірқышқыл газы детекторларын орнату. Су қайнататын бұйымдарды қауіпсіз жерге қою. Ыстық сусындар мен тамақты балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау, балаларды тамақ пісіретін және от жанып тұратын пештердің жанына жолатпау, шам мен от жағатын құралдарды биік жерлерге қою. Кішкентай бөлшектері бар ойыншықтарды немесе батарея, тиын сияқты заттарды кішкентай балалардың қасынан алыс ұстау.

2. Жол қауіпсіздігі: балаларды жол қауіпсіздігі ережелеріне, мысалы, белгіленген орындардан өтуге және ашық түсті немесе жарық шашып тұратын киім киюге үйрету. Велосипедпен немесе басқа да қос дөңгелекті көлікпен жүретін кезде басқа үнемі дулыға (шлем) киіп жүру керектігін ескерту және соған көз жеткізу. Балалар көлікте жүргенде, тиісті балалардың көлік орындықтары мен қауіпсіздік белбеулерін пайдаланыңыз.

3. Судағы қауіпсіздік: балалар суға, бассейнге түскенде үздіксіз бақылау. Қауіпсіздік ережелері жазылған тақтайшаларды, баннерлерді мұқият оқу, судың тереңдігін сұрау, тексеру, бассейнге рұқсатсыз кірмеу, құтқарғыш кеудшелерді кию, үрленген арнайы баллондарды пайдалану. Қауіпсіздік ережелерін есте сақтау.

4. Спорт және демалыс қауіпсіздігі: балаларды дулыға, тізе және шынтақ жапсырмалары, ауыздық (капа) сынды тиісті қорғаныш құралдармен қамтамасыз ету. Спорт және демалыс шараларын ұйымдастырған кезде бақылауды күшейту және әр баланың қолына қауіпсіздік ережесі жазылған нұсқау-парақшаны ұстату. 

5. Базалық білім беру: жарақаттанып қалудан сақтану және қауіп-қатер салдарын жою немесе алдын алу үшін ата-аналар мен балаларға, бала күтушілерге базалық білім қалыптастыру, жарақат алған жағдайда тез әрі шұғыл әрекет ету үшін алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын білу, оқу, үйрену және балалардың қауіпсіздігін қамтамасзы етіп жүрген ұйымдардың, қауымдастықтардың бастамалары мен саясатына қолдау көрсету.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Қазіргі қоғамда оқыс жарақат алып жатқан балалар өте көп. Бұған күнделікті травматология бөліміне келіп түсіп жатқан жандар дәлел. Осыдан-ақ, көптеген ата-ананың қауіпсіздікті ескермейтінін, көбіне салғырттық танытатынын, қоғамдық ұйымдардың (мектеп, балабақша, саябақ, демалыс орындары, кафе, мейрамханалар) баса назар аудармайтынын аңғаруға болады. Ал бұл мәселені шешу үшін ата-аналар, денсаулық сақтау ұйымдары, саясаткерлер және қоғамның мүдделі тұлғалары қатысатын кешенді ұйымдасқан шаралар мен бірлескен әдіс-тәсіл қажет. Сонымен қатар, балалардың жарақаттануына ықпал ететін факторларды жақсырақ түсініп, қоғамның назарын аудару үшін арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оны жүзеге асыруға инвестиция тартылатын болса, біз балаларымызға бақытты балалық шақ сыйлай алатынымыз анық. Тек осылай күш біріктіргенде ғана жеткіншектер қауіпсіз, өркениетті қоғамда өмір сүрері сөзсіз. 

М.Қазтай, Ж.Оспанова, мейіргерлер

qazaquni.kz