АЛАР АСУЫМЫЗ ӘЛІ АЛДА

АЛАР АСУЫМЫЗ ӘЛІ АЛДА

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы №1 М.Әуезов атындағы гимназия 100 жылды артқа тастаған білім ордасы. Былтырғы жылы ғасырлық мерейтойын жоғары деңгейде атап өткен білім ордасын нағыз білім мен ғылымның қарашаңырағы дер едік.

100 жылдық той болғандықтан, біршама уақыт өткеніне қарамастан осынау ауқымды іс-шараға аз-кем тоқтала кетсек артық болмас дейміз. «Ғасыр белесіндегі білім ордасы» атты салтанатты кешке Астана мен Алматыдан, Шымкент пен Түркістаннан ат басын бұрып келген қонақтарды мектеп ұжымы ыстық ықыласпен құшақ жая қарсы алып, қонақжайлылық көрсетті. Концерттік бағдарлама бойынша 120 оқушыдан және 160 мұғалімнен хор ұйымдастырылып, ән шырқалды.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Босымбекқызы Дүйсенова өзін оқытқан ұстаздары Имашов Орынбасар Имашұлына, Қожамбеков Сәулен Қожамбекұлына, Шаймұратов Жұпарбек Шаймұратұлына, Молдағалиев Қалдыбай Молдағалыұлына, Оспанова Клара Бабашқызына және ардагер ұстаз Оспанов Рахымберді ағайға арнайы алып келген «Алғыс хаттарын» тапсырып, өзі білім алған қарашаңырағын мерейтоймен құттықтап ізгі тілектерін айтты. Қоғам қайраткері Оңалбай Аяшев білім алушыларды білім нәрімен сусындатып, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану бағыттарынан білгені мен түйгендерін үйретіп жүрген жас педагогтерді марапаттады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев еңбекте табысқа жетіп, жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздарды «Құрмет грамоталарымен» марапаттап, мерекеге қатысушыларды құттықтады. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Әкімбай Тастанбеков те мұғалімдерді құттықтап, арнайы сыйлықтарын табыстады. 

2022 жылы Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің олимпиадасының республикалық кезеңінде І орын, 2023 жылы республикалық Абайтану олимпиадасында номинация иегері болған, қазіргі таңда Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатқан Исмат Мерей өзі оқитын университетінің атынан Алғыс хатын алып келіп, мектебінің қуанышымен бөлісті.

Сарыағаш ауданының төріндегі білімнің қара шаңырағы – заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов есімімен аталатын мектептің тарихы тым тереңде жатыр. 

100 жылдық тарихы бар білім ордасы 1924 жылы 4 жылдық мектеп болып ашылды. 1929 жылы 7 жылдық, 1937 жылы 7 жылдық орыс – қазақ мектебі болып, жұмысын жалғастырды. 1961 жылы мектепке ғұлама ғалым, заңғар жазушы М.О.Әуезовтің есімі беріліп, 1968 жылы осы ғимаратқа көшірілді. 1997-1998 оқу жылынан бастап халықтық педагогика бойынша аудандағы «Тірек мектебі» атанды. 2000-2001 оқу жылында облыстық «Таңдаулы мектеп» сайысында І орын алды. 2001 жылы «Көпсалалы мектеп-гимназия» атағын алды. Бұл күнде тамырын тереңге жіберіп, қаладағы бірнеше мектептің еншісін берген кәусар білімнің қара шаңырағынан Әбдіхан Асубаев, Әкімбай Тастанбеков, қазақ халқының қоғам қайраткері, Премьер-министр орынбасары Тамара Дүйсенова, қазақ қыздарының ішіндегі бірегей ақындарының бірі Ханбибі Есенқараева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Мұстапа Сүлейменов, Төребай Усманов, Пернебай Данисов, Есберген Алауханов, Жиембет Сейтназаров және белгілі актер, сахна саңлағы Мейірғат Амангелдиев сынды халқымызға танымал талай азаматтар түлеп ұшып, еліміз үшін ерен еңбектерін сіңіріп, Қ.Сәтбаевша айтсақ, білімді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап, білім деп аталатын асыл тасты жалтыратып та, жарқыратып та жүр. 

М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия – сан ұрпақты самғатып, сан ұстаздардың нағыз майталман маман болуына жол көрсеткен киелі қара шаңырақ. Бұл мектепте қаншама жас бойына тәлім-тәрбие сіңіріп, болашаққа бағыт алса, сол шәкірттерді қанаттандыруда қаншама ұстаздар тер төкті. 

Алғашқы кезде мектепті Т.Рысқұлов есімді азамат басқарды. 1962-1964 жылдары қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергенов кешкі жастар мектебінің директоры қызметін атқарды. Әр жылдарда кезең-кезеңімен есімдері тарих бетіне жазылған тұғырлы тұлғалар: Ж.Тобағабылов, С.Темірғалиева, В.Н.Цой, А.Бейсембаев, Ә.Шораев, Т.Уманов, Б.Оспанов, Б.Жүнісбеков, У.Бекболатов және Рахымберді Оспанов, Ләзиза Рысбекова мектепке басшылық жасады. «Адам байлығының ең тамашасы – білім. Барлығы соған ұмтылады. Бірақ ол өзі келмейді», – деп ұлы ғұлама Бируни айтқандай ең басты байлық – білімді шәкірт жүрегіне жеткізіп, ұрпағының болашағы үшін жан-тәнімен еңбек ететін ұстаздар ұжымына басшылық жасау да үлкен жауапкершілікті, шеберлікті, біліктілікті талап етеді. Соңғы ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы 40-қа жуық «Алтын белгі» иегерлерін баптап, ауданда, облыста білім бәйгелерінің жеңімпаз жүйріктерімен танылып, түлеп ұшқан түлектері республикамыздың түкпір-түкпірінде мектептің атын танытып жүрген қара шаңырақтың басшылық ізін бүгінгі таңда Дана Бақтиярқызы Оспанова жалғастырып келеді.

«Жас келсе – іске» дегендей, жас та болса, өмірден үйренген, көргені мен көңілге түйгені мол Дана Бақтиярқызы қазіргі кезде білім алып жүрген 1800 оқушы, 2 – шебер, 51 – зерттеуші, 36 – сарапшы, 51 – модератор-педагогтері ұстаз мәртебесіне ие болған, 170 – педагог қызметкері бар, үлкен ұжымды шеберлікпен басқарып келеді. Өзіне де, өзгеге де қатал талап қойып, білім шыңындағы биік шыңдарды бағындыруды көздеп, шығармашылығын шыңдап, ізденіспен тынбай еңбек етуде біліктілігін танытуда. Өзінің жемісті жұмысы бағаланып, аудан әкімшілігінен, аудандық білім бөлімінен «Алғыс хаттарға», облыстық Білім басқармасының «Құрмет грамоталарына» ие болды. Д.Б.Оспанованың болашақта алар асуы мол, білім көкжиегіндегі белестері биік, жетер жетістіктері әлі көп екеніне сенеміз. Ұйымшылдығы ұйыған ұжымды жаңашылдықпен басқаруда да абыройы асқақ, беделі жоғары басшы болып қызмет ететіні анық.

Тарихы тереңнен басталатын М.Әуезов атындағы білім ордасының қабырғасы қаланған күннен бері тер төгіп, шәкіртінің болашағын ойлап, түн ұйқысын төрт бөлген талай ұстаздарымыз болған. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Біләл Қайсарбеков пен Хасан Тоқмағанбетов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің майталмандары Рабиға Далиева, Камила Қамысбаева, математиканың қыр-сырын меңгерте білген Таймырза Уманов, физика пәнінің білгірі Құрал Дүйсебаев, тарих пәнінің шебері Бабаш Оспанов, Нұрмахан Сыздықов, Мыңжасар Жолдасов, Орынбасар Бүрлібаев, Әбдіғаппар Сейілбеков, бастауыш сыныптардың мұғалімдері Арша Келдебекова, Балқия Исмаилова, Әлима Әубакирова, Жанымкүл Жүсіпназарова, Райхан Нұржанова, Мауленкүл Абдуалиеваның әрбіреуінің еңбек жолдары ерен ерлік деп бағалауға болады. Міне осындай ұлағатты ұстаздардың еселі еңбектері мен нұрлы бейнелері, қалдырған іздері кейінгі ұрпақтың жүрегінде мәңгілік сақталмақ.

Тарих дөңгелегі бір орнында тұрмай, тоқтаусыз дөңгелеп тұратыны сияқты мектеп қабырғасында кезең-кезеңімен тау тұлғалар еңбек етіп, зейнет жасына жетіп, шәкіртке білім берген жолдарын немере тәрбиелеумен жалғастырып жүрген ұлағатты ұстаздар да көп. Ақылбаева Ира, Батталова Гүлбараш, Бекмұратова Бибіажар, Светлана Григорьевна Бессекерская, Имашев Орынбасар, Мауленова Күлшат, Мирахметова Айткүл, Райымбекова Нұрида, Өскенова Нұрида, Сұлтанова Рахима, Тамабаева Тәттігүл, Шегебаева Гүлжамал. Өздерінің сыпайылығымен, еңбекқорлығымен, білімі мен біліктілігімен оқушыларының да, әріптестерінің де құрметіне бөленген ардагер ұстаздармен қатар тізе біріктіріп, бүгінгі жас жеткіншектерді тәрбиелеуге еңбек етті. 

Ардагер ұстаз «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінерге жарар ол», – деп ұлы Абай айтқандай, әрқашан халық сенімін ақтауды басты міндеті деп біліп, егер екінші рет маманды қ таңдау құқығы берілсе, ойланбай тағы да мұғалім болатынын айтып, бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келеді.     

Білім алушылардың бойындағы ықыласты, қабілетті таныған ұстаздардың оқытқан талай шәкірттері әлемнің бірнеше мемлекетіне, атап айтсақ, Париж қаласында, Болгария елінде, София, Будапешт, Женева, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында математика пәнінен өткізілген халықаралық олимпиадаларға барып, жүлделермен оралды.

Ұстаз мерейі – шәкірт жеңісінде. Егеменді еліміздің келешегі бәсекеге қабілетті ұрпақ қолында. Дамыған елдердің қатарына енеміз деп болашағымызды бағдарлап отырған республикамыздың жаһандану кезеңінде жаңа талаптарына сай саналы да сапалы ұрпақты жетілдіруде ұстаздарымыз аянбай тер төгіп келеді. Маңдай тердің жемісін шәкірттерінің жеткен жетістіктерінен көріп, есімдері мектеп тарихына жазылып, оқушы санасында сәуле шашқан нұрдай сақталып, қоғамға қосқан үлестері мол ұстаздардың көшін 25 жыл бойы тапжылмай бір орында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, шәкіртке білім, жас мамандарға үйретуші тәлімгер, әріптеске ақылшы болған зейнеткер ұстаз Тұрсынқұлова Клара бастап жүрді. Көшбасшының көрікті көшін жалғастырып жүрген, елдің ұрпағы мен ұжымының құрметіне бөленген майталман мамандар, ұлағатты ұстаздар Бекмұратова Гүлжаухар Алтыбайқызы, Жақаева Шолпан, Байзақова Гүлжан, Абзахова Дәмегүл, Адигеев Мырзадәулет, Ибатова Зулфия, Айтенов Серік, Аширов Сұлтанмұрад, Аширова Айбарша, Оспанова Клара Бабашқызы, Ақпанова Гүлнар, Қайсарбекова Замира, Алиев Табиғат, Каликулова Уазипа, Бимуратова Анар, Усембаева Гүлнар, Ермекбаева Жанар, Устемиров Қайрат, Касалиева Гүлмира, Әубәкір Айгүл, Рахманова Айжамал, Салқынбекова Гүлдар, Мамбеталиева Пернекүл, Мережепова Лола, Болатова Ұлсара, Алиханов Нұрлан, Елібаев Оразбай, Ильясова Ләйла, Сатыбалдиев Ақансері, Жанықұл Жарқынбек, Исмаилова Әсем, Сейлбеков Асқар, Бердибекова Диляра, Валиханова Сапаркүл, Қазбекова Жанар, Марова Маржан. Үйренгені де, үйретері де көп ұстаздардың әрбіреуінің еңбегін екшеп жазар болсақ, бір кітапқа арқау боларлық. 

Жалпы, мектепте алдыңғы аға буынның еңбегін үлгі тұтып, еске алып отыру, зейнет жасына жеткен ұстазды ұлықтап, құрмет көрсету дәстүрлі жолға қойылған. «Қалдырған ізің мәңгілік» тақырыбында мектеп қабырғасында еңбек етіп, өмірден озған ағай, апайлардың есімдерін еске алу шарасы өткізілді. «Аңсаған армандарына жеткен жандар» тақырыбындағы іс-шарада бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға, ұрпақ тәрбиесіне арнаған апайларды төрге шығарып, құрмет көрсетілді. Абыройы асқақ аға-апаларымыздың ізгі жолдарын жалғастырып жүрген қазіргі таңдағы мектеп ұжымының ұйымшылдықпен атқарып жүрген жұмыстарының нәтижесінде ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарынан бері осынау қара шаңырақтан 40-тан аса «Алтын белгі» иегерлері түлеп ұшты. Олардың арасында еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүргендері де қаншама. Бар ғылымды игертіп, білім беріп, өмірдің қыр-сырын үйретіп, қиянға қанат қаққан түлегін көзімен де көңілімен де қимай ұзатып салып, өзі қайта мектеп қабырғасындағы кезегін күткен келесі шәкіртіне сапалы білімі мен саналы тәрбиесін сіңіруге асығып жүретін бала жанының бағбандарының өлшеусіз еңбегінің тізбегін жалғастырған қазіргі таңда мектеп қабырғасында еңбек етіп жүрген ұстаздарды да атап өткеніміз абзал. 

Жүз жылдық тарихы бар қара шаңырақтың табалдырығынан аттап, мұғалім болып, қолдарына журнал ұстап, еңбек жолын бастаған мұғалімдер: директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Шетенова Гүлжахан, Кемелова Гүлшат, Бимуратова Жазира, Тағаева Гаухар, Умирзакова Эльмира, Ташкенбаева Зулфия, Нұртаева Жанерке, Алкенова Мөлдір, Төлегенова Меруерт, Жусупбекова Жанна, Укибаева Камила, Дусебаева Ақмарал, Тастанбекова Гүлиза, Қасымбекова Мөлдір, Амзеева Диана, Досмурзаев Ақжол, Абдикаримов Абай, Анарбаева Феруза, Тастанова Гүлнар, Ишанкулова Дилфуза, Мұсабек Салтанат, Қожабаева Гүлзипа, Сейлбекова Айнұр, Диханбаева Нағима, Монтаева Алма сынды ұстаздар мектептің жарқын болашағын үлкен жетістіктермен, көптеген жеңістермен жалғастырары сөзсіз.

Ғасыр белесінде білімнің көкжиегін бағындырып жүрген ұжым алдағы уақытта да талай белес биігінен көрінері анық. Олимпиадалар жеңімпаздары мен байқаулардың жүлдегерлерін жетілдіріп, болашақтың иелерін тәрбиелеп, өмірде дұрыс жолмен жүруіне бағыт береді. 

Анар БИМҰРАТОВА,

qazaquni.kz