ШАХТАДА ҚЫС БОЛМАЙДЫ
2025 ж. 10 наурыз
306
0

Ерлігіңді сынағың келсе
Арқа аязының мінезі мәлім ғой. Сағат таңғы жеті жарымда киініп, тысқа шығып едім, күн қақап тұр. Кәдімгі түкірік жерге түспейтін қызылшұнақ ызғардың өзі. Дала қараңғылық құшағында екен.
Алапат үскіріктен тітіркеніп, жылы үйге қайта кіріп кеткім келсе де, «Казвольфрам» өндірістік бірлестігіне қарасты «Центральная» шахтасының учаске бастығы Зияда Мұқатаевқа берген уәдемді бұза алмадым. Екеуміз бір күн бұрын: «Ертең таңғы сағат сегізден қалмай наряд бөлмесінде жолығайық, екінші ауысыммен бірге шахтаға түсіп, кеншілермен дидардасайық» деп сөз байласқанбыз. Шахтер қауымымен кездесуге өзім де көптен құмартқан едім.
Сәл іркіліп тұрдым да, қой, қайткенде барайын деп, қасат қарды сықырлата басып, шахтаны бетке алып дедектей жөнелдім.
Келсем, бастық орнында отыр. Жедел киім ауыстырып, фонарь, оны-мұнымызды алып эстакадаға шыққанымызда, көтерме пультін басқарушы томаға көз келіншек бізге қарап әдемі жымиған. Аңдап қалдым, жүзінде мысқыл табы жоқ емес. Өз үстіме қарадым да, қатты ыңғайсыздандым. Тоңып қалмайын дегендей сақтанып, қалыңдау киінген едім. Кезекті ауысымды аяқтап, қырға көтерілген кенші жігіттер жеңіл жүрсе де, булары бұрқырап, өзара қауқылдасып, күліп барады.
230-шы горизонтқа түскенде бетті жылы леп шарпыды. Тұс-тұсқа шашыраған тарау-тарау штректердің шамдары самаладай жарқырайды. Жүк тіркеген электровоздар ерсілі-қарсылы жүйткіп жүр.
Кен шахтасының көмір бассейндерінен ерекшелігі – мұнда дем алу бөлмелерінде, депо мен құрал-сайман қоймаларында 380 вольттық электр пештері жанып тұрады. Оқпаншы жігіттердің аузында темекі шоғы жылтырайды. Ал көмір шахтасында ондайға қатаң тыйым салынған...
Киімімнің қалыңдығын, расында, 23-ші, 170-ші тау жынысы желілерін аралаған кезде өзім де анық сезіндім. Әсіресе, қазу жұмыстары жүріп жатқан 287-ші блоктағы желілерге апаратын кісі сиярлықтай ғана қараңғы қуыстағы сатыларға шығу қиямет болды. Әрқайсының ұзындығы алты-жеті метрге жуық он екі-он-үш саты біткенше тұла бой терге малшынды. «Ептілік пен ерлікті осында да сынауға болады екен» дедім іштей.
Жер астындағы лездеме
Блокқа кіре берістегі «терезе» деп аталатын қуыстан бас сұққанымызда, жалпы ауданы қырық бес-елу текше метрдей тас үңгірде төрт жігіт шахтер шамының жарығымен қағазға түсірілген әлдебір жобаға үңіліп отырды. Бұлар – кеніштің бас инженері Еркін Наурызбаев пен бас геолог Нұрлан Жұмабаев, маркшейдерлер Бөгенбай Ескеев және Қазыбек Орынбеков еді. Олардың қасына шахта бастығы қосылған соң қызу лездеме басталып кетті.
Жетекші мамандардың бұл әрекетіне сүйсінбеске лаж қалмайды. Жобаны кеңседе емес, нақты жағдайларды көре отырып, блок ішінде талқылағанға не жетсін!
Бұл азаматтардың бәрі де ортақ іске әуелден жанашырлық танытып жүрген кәнігі мамандар болатын.
Шынын айту керек, өткен жылы кен шығарудан айлық, тіпті, тоқсандық жоспардың орындалмаған кездері ұшырасты. Оның басты себептерінің бірі – мамандар жиі алмасты. Бір орында аз ғана уақыт тұрақтап, уақытша қиындыққа төзе алмай тайып тұратын ондай кадрдың көпшілігі сырттан келушілер еді.
Осы өлкеде туып, шахта ісінің қыр-сырына жастайынан қанығып өскен мына Еркін, Зияда, Бөгенбай сияқты жігіттер олқылықты болдырмауды дер кезінде қолға алған. Басшылары тез ауысып, жұмыс тәртібін ақсата бастаған №1-ші учаскенің сексен сегіз кеншісі түгелдей Зияданың №2-ші учаскесімен біріктіріліп, бір коллективке шоғырландырылған. Игі шара нәтижесін көрсетті. Соңғы бес ай бойы бұрынғыдай артта қалушылық байқалған жоқ. Қазір Зияда Мұқатаев басқаратын коллективте екі жүзге жуық жұмысшы бар. Кеншілердің дені – жастар. Олар жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап бригадалық мердігерлік әдіспен еңбек етуде.
Жұмысты ұйымдастырудың бұл әдісі де өз жемісін бере бастады. Іс жанданды. Мұның сыры қарапайым. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, әдетте сергек келетін кеншілер де әбжіл әріптестерін сонадайдан-ақ байқайды. Мұнда еңбексүйгіштік пен табандылық қасиеттері жоғары бағаланады. Бригадирлер мен звено жетекшілері үлкен коллективтегі шын шеберлерді «аңдумен» жүреді. Сөйтіп, оларды дереу өз қатарына тартуға күш салады. Мұндайда жалқау атаулы ешкімге керексіз болып, өз-өзінен шеттей бермекші. Тіпті, біртіндеп кетуге мәжбүр болады.
Лездеме жиырма минуттейге созылды. Инженер сызған жоба қолдан қолға көшті. Ондай бір айдың жұмысы жоспарланған екен. Мамандар өзара ақылдаса келіп, оған қосымша сызықтар түсірді де, қазу кезегін күтіп тұрған 289-шы, 304-ші блоктарды барлауға аттанды.
Алғы шептегілер
«Центральная» шахтасы «Бірінші» және «Төртінші» деп аталатын қазба байлықтарын өндіреді. (Сирек кездесетін аса бағалы молибден және вольфрам металдары шартты түрде осылай аталатын еді. Қ.С.).
Бұл орайда олардың түсін түстеп, мінездеме беріп отырудың қажеті жоқ. Тек минералдардың құнын мысалға келтірсек те, бірталай жәйт байқалар. Мәселен, «біріншінің» де, «төртіншінің» де әр тоннасы аса қымбат бағаланады.
Бригадалардың қырға кен шығарудан тәуліктік 689 тонна жоспары кейінгі кезде үнемі асыра орындала бастапты. Отанға елу жылдан бері өнім беріп келе жатқан «Центральнаяның» қазіргі технологиялық жарақтануын бұрынғы шахтамен салыстыруға келмейді. Бір кездері керемет болып көрінетін «ПР-30» машинасының да күні өтті. Бүгінде оның орнын жетілдірілген «УПБ-1» станогі басқан. Бұл бұрлығалау процесін жеделдетті. Әрі қол жұмысын жеңілдетіп, кенші денсаулығын сақтауға қолайлы жағдай туғызды.
Бірақ техника қанша дамығанмен, сонша қымбаттығына қарай кей-кейде «Бірінші» мен «Төртінші» бұрғылау кезінде «кесір» танытып қоятыны бар. Қатпарлардың орналасу қолайсыздығы қол байлайды. Өнім аса тығыз орналасқан тұстарда жыныс геологиясы жағдайы жиі бұзылады. Тастың құлау бұрышы алпыс градус қана болатын жәйттер үлкен қауіп төндіреді. Кеншілердің біліктілігі мен тәжірибелілігі, табандылығы осындайда ауадай қажет. Мұндайда ойланып қимылдамасаң опық жейсің.
Шахтадағы қиын қатпарлы тұстар еңбек майданының нағыз алғы шебі саналатыны да сондықтан. Бұған ең таңдаулы бригадалардың жіберілетінін білетін едік.
Басшыға сондай іскер топты көргім келетінін айттым. Зияда 287-ші желінің түкпіріне бастаған.
Қолмен әдейілеп қашағандай әдемі екшелген тас дәліздің өзі-ақ бірден мұндағы шахтерлердің шеберлігін танытқандай еді. Желі түбіндегі үш жігіт қара терге түсіп, тиеу машинасына арналған уақытша магистральды ұзартып жүр екен. Қимылдары батыл да, сенімді. Олардың бізге қарауға мұршасы болмады. Ауысым аяқталатын сәт те таянған. Пульттегі жігіттің де іске жан сала кіріскені байқалады. Қарулы қолдарға тиген ауыр аппараттың салмағы сезілмейтіндей. Шам жарығының көмегімен жақпар тастардағы тереңдігі екі жарым метрден келетін шпурларды есептегім келгенімен, санына жете алмадым. Диаметрі үш сантиметрдей жыпырлаған тесік өте көп еді. Жамыраса шыққан станок шуылы да құлақ тұндырды.
– Бұл – учаске бойынша алдына жан салмай келе жатқан Вячеслав Пельюхтың бригадасы, – деді басшы дауыстап, – нағыз шеберлер! Бұлардан қалыспай норманы үнемі асыра орындар жүрген тағы бір таңдаулы бригадамыз бар. Оның жетекшісі – Төкен Шоқпаров. Газетке жаза қалсаң, осылардың еңбегін баса көрсетуді ұмытпа!..
Шахтер шайы
Кеніш желілерін аралап, жер астында ілгері-кейінді алты-жеті шақырымдай жол жүріп, шаршап келгенде оқпаншы Сәбит Кенжин азғантай «тормозогы» (шахтер тілінде ас-ауқат. Қ.С.) мен сақылдап қайнаған шәйнегін алдымызға қойып жатып:
– Барға мәзір, жігіттер! – деп жымиған.
Шахтер меймандостығы іш жылытады.
Ыстық шай маңдай жіпсітті.
Бір қабат киімді шешіп жатып тас қабырғаға шебер қолмен салынған еліктің суретіне көзім түскен. Астына «Сұлулықтың алдында қаруыңды таста!» деп жазып қойыпты. Ойға әйгілі кенші А.Г.Стахановтың американ журналистеріне берген сұхбатының бірінде: «Ең ізгі, жүректі және ең әділетті халықты іздесеңдер шахтаға келіңдер!» деген екен.
«Дәл айтқан-ау!» деп ойладым. Әмбе ең әзілқой, аса көңілді қауым да осы кеншілер шығар.
Шай үстінде мені байырғы шахтер Хоман Кәртаев:
– Тілші жолдас, үсік алатындай қабат-қабат киінгеніңе жол болсын! – деп қағытады.
– Қазір қақаған қыс емес пе, аға! – дедім мен де қарап қалмай.
– Бауырым-ау, шахтада қыс болмайды ғой!..
Бәріміз қосыла күлдік.
Қырға көтерілгенімізде күн бесінге ауған-тын. Аяз сынған тәрізді. Көңілдегі жылы әсерден бе, қайтар жолда суық бәлендей білінбеді.
...Шынында да, жұмыс істеп тұрған шахтада ешқашан қыс болмайды.
Құлан САҒАТҰЛЫ