ЖАНЫМЫЗДЫ ЖАДЫРАТТЫ

ЖАНЫМЫЗДЫ ЖАДЫРАТТЫ

Қолымызға алып отырған кітап «Жан дауасы» («Семей Печать» баспасы) деп аталыпты. Осы атауының өзі-ақ көзі қарақты, көңілі жүйрік оқырманды ойлантады, оқуға жетелейді. Иә, ана тілімізде «жан» сөзімен жалғасып айтылатын терең мағыналы сөз тіркестері көп. Мысалы, «жан тазалығы», «жанкүйзелісі», «жан қуанышы», «жан азабы», «жан сарайы» немесе «жаным ашыды», «жанымды жадыратты»,

тағы басқа. «Жан дауасы» жиі айтыла бермейді. Бірақ өте түсінікті, адамның жан дүниесіне өте жағымды жақсы сөз. Бәріміз де жанымызға дауа болатын ізгілікті іздейміз.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген даналық жанға дауа болар ізгіліктің, имандылықтың сарқылмайтын қайнар көзін айқын мегзеп тұрғандай. Дүниеге шыр етіп келген сәбидің ғұмырлық жан азығы болатын рухани байлық – ана сүті мен әкенің жылы құшағынан, өскен ортасының ғибратты өнеге-үлгісінен, тәлім-тәрбиесінен бастау алатынын еш бұлтақсыз нақ нұсқап тұрғандай.

Халық даналығына бас имейтін пенде жоқ. Сондықтан да Жамбыл Жұманбаевтың «Жан дауасы» кітабы – мынау жарық дүниеге адам болып келген соң жақсы адам болудың сыр-құпиясына жетелейтін айрықша құнды еңбек.

Кітап авторы Жамбыл Бөлеуханұлы – кешегі Семей облысы Ақсуат ауданы Сұлутал ауылының, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жәнтікей ауылының тумасы. Көкірегі ақ сарай қазыналы қария елдіктің сөзін ұстап, отанасы Қалкеш екеуі – ұл мен қыздың, немерелерінің аяулы атасы мен әжесі, ауылдастарының қадірлісі болды.

Туған ауылын өзінің ұя басқан шаттық шаңырағындай, оның тұрғындарын аяулы туыстарындай жан дүниесімен жақсы көретін Жамбыл Бөлеуханұлы бұл кітабында өскен мекенінің о дүниелік ақиық аталарының жанға дауа болатын ғибраты мол, тағылымы терең өмір жолдарын ағынан жарыла, ақтарыла тарқатады.

Кітаптың басты кейіпкерлері – біреуі ерте, біреуі кеш бақилық болған, күре жолдың арғы жағында туған жердің топырағын көрпе етіп қымтай жамылып мәңгілік ұйқыға кеткен сұлуталдық-жәнтікейлік сүйкімді қарттар мен қариялар. Кітап авторы олардың өзі куә болған, жадында өшпестей жазылып қалған, адамгершіліктің өмірлік сабақтары іспетті сәттерін, ізгілікті істерін, тағылымды әңгіме-сұхбаттарын, жарасымды әзіл-қалжыңын, неге масаттанып, неге күйінгендерін қарапайым жатық тілмен әдемі жеткізеді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Шығыс Қазақстан облысының «Тарбағатай» аудандық газетінің бас редакторы Ерғали Жұмахан бұл кітапты қолжазбадан оқып шыққаннан кейінгі пікірінде: «Әсіресе, танымдық-тәрбиелік мәні бір төбе. Нағыз қазақы салт-дәстүрдің жалғасы іспетті. Ауылдың, ауданның кезінде өзі араласқан үлкендерін құрметтеу олар туралы естелік айтуды азаматтық демей көріңіз. Солардың ой-рухы, арманы бар бұл кітапта. Олардың кешегі жүріп өткен жолы келеді көз алдыға, олардың сөзі келеді құлаққа, жарқын бейнелері жанымызда жаңғырып тұрғандай елестейді» деп жазыпты («Жан дауасы». – 12-6.).

«Аққа Құдай жақ» дейтін Алла жолынан аттамауға, ата-анаға, туған-туыстарға мейірімді, үлкен-кішіге, көршілерге қайырымды болуға, оқуға, білімге, еңбегіңмен еліңе, Отанға адал қызмет етуге үндейтін ақ тілеулі ауыл үлкендерінің өсиет-өнегесін бүгінмен жалғайтын мұндай кітаптың жарық көруі – үлкен жаңалық. Өзіңе де, ата-анаңа да, отбасынан басталатын Отанның бір бөлшегі ауылыңа да қай жақта жүрсең де адал қызмет етудің жалғыз кілті – жан тазалығы, білім мен еңбек екенін аманат еткен ардақты аталарымыздың өсиетін жүрегімізге түйіп, ой көзінің шырағданы етіп, өмір бойы өшірмей алып жүрсек, жанымызға дауа, ізгіліктің, адамгершіліктің жолынан адаспауға пана болары хақ.

Мұны мен талай жастан асқан өз өмірімнен білемін. Сондықтан осылай деп жазып отырмын. «Жан дауа» кітабы кейіпкерлерінің бірі – менің әкем Әбіш Қинаубаев. 1902 жылы туған. 1994 жылы дүниеден озды. Әкемнің 42 жасында, сәби сүюді аңсап жүрген шағында мен туыппын. Әлемді шарпыған соғыстың ортасында жүрген екі ұлы – Шөжен, Тілеген – елге аман-есен оралып, той болсын деген тілекпен әкемнің анасы Рахима әжем менің атымды Сайрангүл қойыпты. Әбішімнен көрген тұңғыш немерем деп, сегіз айлығымда мені бауырына басыпты. Еркелетіп Сайраш депті. Бұл менің өмірлік есімім болып кетті. Әжемнің бауырында өскендіктен әкем маған «Соғыста опат болған екі інімнің орнына келген бауырымдай баламсың, сүйенішімсің» деп отыратын. Кейінгі іні-сіңілілеріме бас-көз болуды тапсыратын. Әңгіме-дүкен құрып, сырласып та отыратынбыз. Әлі есімде, Алматыға менің үйіме келіп жатқанында жұмыстан келсем, нәумез болып отырғанын байқадым. Біраздан кейін маған қарап: «Сәкентай, қаланың адамдары амандасуды білмейді. Мен шыдамай сәлем берсем, үлкендерінің өзі бетіме бажырайып қарайды. Ал жастар көрсе де, көрмегендей өте береді. Жол берсе де, үн-түнсіз» деп қынжылды. «Қайран ауылым-ай. Бұрышты айнала берсем, «Ассалаумағалайкүм, Әбе» дейтін дауыстарын сағындым» деп, ауылын еске алып, лезде жадырап кетті. Әкем ауылын, ауылдастарын үлкен-кіші демей, туған балаларындай, бауырларындай жақсы көретін.

Сексеннен асқан шағында катаракта сырқаты кесірінен көруден қалды. Алматыда екі көзіне ота жасатып, көз шырағы ашылды. Ауруханадан үйге келген соң мен: «Әке, сізге дәрігерге барып тұру керек. Осы Алматыда тұрсаңыз қайтеді. Ауылға қыдырып, қонаққа барып тұрасыз» дедім. Біраз үнсіздіктен кейін тілге келді. «Мен он төт жасымнан соқа сүйретіп серіктестік құрыстым. Ұжымшар, совхоз еңбегінің бел ортасында жүрдім. Туғаннан сексен жыл өмірім ауылымда өтті. Сол ауылыма енді қыдырып қонақ болуға барсам, қандай күй кешемін» деп, кемсеңдей бастағанынан мен шошып кетіп, «қайтасыз, қайтасыз» дей бердім. Сол-ақ екен, жүзіне лезде жылы жымиыс үйірілді. Маған «Сөйт, Сәкенім. Сен жібермей қоя ма деп қорқып едім. Қайтайын. Ауылымды сағындым» деп, әкем балаша мәз болды. Әкемнің ауылға деген сағынышы менің де жүрегіме ұялап қалыпты. 

Туған ауылға, Жәнтікейіме барғым келіп тұратын сағыныш мені де жиі мазалайтын болды. Сондықтан да болар, Жамбыл бауырымның «Жан дауасы» кітабын оқығанда сонау 60-жылдардың басында мен ауылдан Алматыға оқуға аттанарда шығарып салған қарттармен қайта қауышқандай болдым. Сол қарттар жасының үлкендігіне қарамай, каникулға ауылға келген маған арнайы келіп амандасатын. Хал-жағдайымды сұрап, көргендеріне қуанып қалатын. Ұшқан ұя деген осы екен ғой.

Әкемнің өмірлік қағидатыма айналған тағы бір даналығын айтайын. Ақсуат аудандық комсомол комитетінде хатшы болып істеп жүрген кезім. Сұлуталға әкеме келіп, мәре-сәре болып отырғанда, әңгіме арасында мен «Шаруа бітпейді» деп қалдым. Әкем бетіме қарап: «Ол жақсы ғой. Шаруа бітпесін деп тіле, балам. Шаруа бітсе, өмір де бітеді» дегені. Бұл өсиет менің жүрегіме мәңгі ұялап қалды. Кейде шаршағандай сәтте осы сөз есіме түсе қалады да, тыңайып кеткендей боламын. Есейіп қалсам да, шаруадан шаруа шығып тұрса деймін. Жан дауасы осы ғой.

Әжемнің, әкемнің ақыл-кеңесі, әңгімесі, үлгі-өнегесі менің жүрегімді жылытып тұрады. Өмірде болмаса да, олардың рухы жанымда ұялап қалған. Егер де ел мақтайтын жетістігім болса, ең алдымен, екеуінің барға тасымайтын, жоққа жасымайтын көпшіл, еңбекшіл, кешірімшіл даналықтарының жемісі. Балалық шақта басымыздан сипаған үлкендердің мейірімі мен жан жылуын ержетіп, жер бетінің қай бұрышында жүрсек те жүректе сақтаймыз. Жан дүниеңді жылытып тұратын сол мейірім санамызда сақталып қалған ізгі тәрбие – жан дауасы екені рас. Аяулы қарттарымыз о дүниелік болып кетсе де, есімізден шықпайтыны содан. Олар бір аунап жатсыншы деп риза еткіміз келіп тұратыны да содан. Ал олардың есімдері кітапқа жазылса, қойылған ескерткіштей. 

«Жан дауасы» кітабы үшін Жамбыл бауырымызға мың алғыс. Кітап кейіпкерлеріне айналған әкемнің қатарластары Нұржақып ата, Ахмет ата, Қабақ ата, тағы басқа аталардың ұрпақтары мені қолдап-қостайтындарына сенімдімін.

Асыл сүйек қарттардың өміршең өсиеттерін, ғұмырлық мақсат-мұраттарын кітап беттерінде жалғастырып, жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді көздеген Жамбыл Бөлеуханұлына шексіз ризамыз. Бұл кітаптың жәнтікейліктерге ғана емес, жалпы оқырман қауымға айтар ойы, тағылымы телегей-теңіз. Қазақ руханиятының діңгегі іспетті ауылдың кешегісі мен бүгінгісін жалғастырып, ұрпақ сабақтастығының болашағына қызметі өлшеусіз. Ертеректегі бүкілхалықтық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Үндеуінде жазылғанындай: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады». Әр ауылда еңбегімен, өнегесімен үлгі болған, дуалы сөзімен өз ортасының есінде қалған қазыналы қарттардың есімдерін бүкіл қазақ біліп жатса, халықтың тәрбиеге қосылған үлкен арна болады. Халық тарихын, шежіресін байыта береді.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

педагог-журналист. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері