НАУРЫЗҒА АБАЙ АТАМЫЗ АРА ТҮСТІ

НАУРЫЗҒА АБАЙ АТАМЫЗ АРА ТҮСТІ

  Сонау 1988 жыл тоталитарлық жүйенің әлі де нағыз «гүлденіп» тұрған кезі еді. Дегенмен, осы тұста Алматыда 1925 жылдан бері дәстүрден шығарылып тасталған Наурыз мерекесін тойладық. Қалай?

Бұл жөнінде атақты ақын Мұхтар Шаханов ағамыздың естелігіне құлақ түрсек: 

– 1986 жылғы Желтоқсан ереуiлiнен кейiн кеңестiк жүйенiң тоқпақтай таяғы тиген ел бiр сәт есеңгiреп қалған болатын. Жалпы, мұсылман жұртының мерекесiне айналып кеткен барша Шығыс халқына ортақ Жаңа жыл тойы арада екі жыл уақыт өтер-өтпесте аталып өтер деп ешкiм ойлаған жоқ. Коммунистiк идеологияның әбден санаға сiңiрiп тастағаны сонша, қарапайым жаратылыс заңы айғақтап тұрған бүкiлхалықтық мерекеге Ислам дiнiнiң сарқыншағы ретiнде терiс көзқарас қалыптасып үлгерген болатын. 

  Бірақ, қайткенмен, 1988 жылдың наурызында сағына қауышқан көктем мерекесiн ел-жұрт шын ықыласпен тойлады. Ақ сандықтай ақтарылған ақ тiлектер мен құттықтауларда шек болған жоқ. Ертеден кешке дейiн асқар шыңдарымен айбарланған сол кездегі Алатаулы астанамыз Алматының аспанын ән-жыр кернеп, жүректердi ерекше сезiм билеген. Ай мен күннiң аманында адасқандай күй кешкен ағайын өзiнiң дағдылы даңғылына қайта аяқ артқандай болды. Досты да, дұшпанды да тамсандырып, таңғалдырған тойға құлақтанған ел топ-тобымен шақырусыз-ақ келiп жатты. Алайда, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн жағымсыз кейiпте қалған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Геннадий Колбинның Наурыз тойына ұрланып келгенiн той тамашасына елiккен елдiң ешқайсысы бiле қоймады. 

Мұның алдында біз осынау бірінші басшымыздың атына Наурызды қайта тірілтуге байланысты ұсыныс-хат та жаздық, өтінішімізді түрлі кездесулерде ауызша да айтып жүрдік. Бірақ Наурыздан бейхабар Колбин жолдасты иліктіру мүмкін болмады. 

Алайда сәті түскен бір әңгiме барысында мен оған «Наурыз ислам дiнiнен бұрын болған» деген Абайдың ғақлия қара сөзiн көрсеттiм. Абайдың ғақлия қара сөздерiнде «Наурыз қазақ даласына ислам дiнiнен бұрын келген» деген пiкiр бар екен. Сол пiкiр керемет пайдаға асты. Сол тұста Наурызды тiрiлтуге Абай өзiнiң қара сөзiмен үлкен жәрдем бердi. Басшы сөйтіп амалсыздан Абайға бас иді.  

Сөйтіп дегенімізге жеттік-ау. Сол жиын өтiп жатқанда бiреу ел арасында Колбин тұр дедi. Алдында ғана шақырып барғанда, қолым тимейдi деп едi. Қасына жетiп бардым, жанында екi жiгiтi бар екен, бiреуi – өзiнiң көмекшiсi. Мен ол кiсiнiң де келгенiн ел бiлсiн деген ниетпен оған арнап азғантай жылы сөз айтып, өзiңiз үлкен қолғабыс жасадыңыз, сахнаға шығыңыз дедiм. Оны ол кiсi құп көрмедi, өздерiң өткiзе берiңдер, мен танысайын, көрейiн деп келiп едiм дедi. Артынша, iле-шала кетiп қалды, – деп еске алады ақын қайраткер аға. 

Бұл кезде Мұхтар Шаханов Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты болатын.

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК, 

Алматы