САЛТ-ДӘСТҮРІҢДІ ҚАДІРЛЕ

САЛТ-ДӘСТҮРІҢДІ ҚАДІРЛЕ

Қазақ халқының ежелгі халық екені бүгінде жан жақты нақтыланған, дәлелденген. Қазақтың салт-дәстүрі жайында қаншама ғылыми жобалар қорғалып, қаншама мақалалар жазылды. 

Сол ықылым заманнан бері көрген білгенін жинақтап, електен өткізіп, біршама мысалдарды бір мақалға немесе мәтелге сыйғызып, мазмұнды оқиғаны қысқа ғана бір сөйлеммен қорытындылап келе жатқан қазақпыз. Ақылды, парасатты, рухы мықты ата-бабаларымыз халқының құйма құлақ екенін ертеректе-ақ түсінген. Өнерпаз халықтың тегінде бабаларының түрлі ерекшеліктері қан арқылы, тегі арқылы беріліп отырғанын көре білген. Сондай кереметтердің бірегейі темірді балқытып, одан түрлі бұйымдар жасау, ою, өрнек тоқу, аң терісінен киім әзірлеу, жабайы жылқыны қолға үйрету, өсімдік қасиетін, шөптің емдік жолдарын меңгеруі, өмірдегі тарихи оқиғаларды жыр етіп айту, оны тыңдағандар құйма құлақтықтың арқасында бірінен біріне айтуы арқылы жеткізу. 

Міне, осының бәрі қазақ халқының қан тазалығынан екені белгілі. Тіпті, әлі хат танымаған кездің өзінде, көрген-білгенін тасқа қашап жазу, туған өлкеміздің барлық жерінен табылып жатқан суреттер кімді болса да таң қалдырмай қоймайды.

Бұл – ұзақ уақыт зерттеп, зерделеп, ой түйіп, нәтижесін көргенде мәлім болатын дүниелер. Сонау ежелгі кескіндемелердің өзінде адамның басы сияқты дөңгелекке, күн сәулесін суреттеуі, арқарлар мен тау ешкісін кескіндеуі адамзат өміріндегі ең бір қажетті, қолданылатын дүниелерді, тасқа өшпестей етіп бейнелеген. Сонау заманның өзінде еліміздің күн елі екенін дәлелдейтін, жан жануарлармен айналысқанын дәлелдейтін таңбалар.

Киіз үйі мен оның өрнектелген жабдықтары, ат әбзелдері, бесігіміздің өзі біздің халықтың өшпес, ешкім ұмыттыра алмас мәңгі мұралары. Қазақ халқын қанша заманнан бері қырып, жойып, жоқ етіп жібереміз десе де олар Алланың нұры түскен халық болғандықтан ешқандай геноцитке, аштыққа, жау қырғындарына бой бермей келе жатқаны сондықтан. 

Қазақ – күннен қуат алған, аруақ сыйлаған, Мәңгілік елдік жасампаз халқы. Небір озбырлықты көріп келе жатыр, халықтың малын жинап алып ашаршылыққа ұрындырса, барлық ойлы, халыққа ақыл, кеңес бере алатын, соңынан ерте алатын Алаштың көзі ашық, жалынды, білімді азаматтарын баудай қырып тастағанын қалай түсінуге болады. Бұл қазақ халқының еркін, әділетті, алғыр, ерекше жаратылысты халық екенін біле тұра, оларды қырып, жерін, жер асты байлықтарын өздері иемдену. Қазақ халқы ешқашан біреудің жеріне көз алартпаған, ал жерімізге баса-көктеп кіргендерді аямаған халық екені талай жерде айтылып жүр. Осыдан ақ сабақ алуға болмай ма. 

Бабамыз Қазыбек бидің: «Біз қазақ деген мал баққан елміз. Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Хан ордасын таптай білген елміз!» деген екен кезінде. Не деген ұшқырлық, тапқырлық, тектілік, батылдық десеңізші.

Одан беріде Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында талай халықты көшіріп, Қазақстан жеріне әкеліп тастады. Сонда кавказдықтарға мына халық адам жейді деп қазақтарды жаман көрсеткен екен. Ал, керісінше, депортацияға ұшырап келген халықты үйлеріне паналатып, ас беріп, паналатып, өлімнен құтқарған – Қазақ халқы ғой!

Бұл қазақтардың адамгершілігін осы күнге дейін айтып, Алғыс айту күндерінде тілге тиек етіп жүр. Қазақтардың аш балаларға құрт лақтырғаны, оны жеген байғұс балалардың аштықтан аман қалуы осының айғағы емес пе. Жақында теледидардан бір түрік қария жылап отырып мынадай керемет мысал айтты: 

– Сондай қиын қыстау кездерде бір қазақтың үйінде бес, алты бала ұйықтап жатады. Үсті ашық қалған түрік баланы үй иесі көрпе тартып, үстін жабады. Ашық қалған өз баласын жадағаймен жабады. Сонда балалардың анасы: «Байқұс-ау, мына өз балаң желең жамылып, жаурап қалмай ма?!» дегенде, қария: –Әй, кейуана, біздің балалар өсіп кетер, мына бала жаурап қалса, ертең тұқымсыз қалмай ма, бұл да бір халықтың үміті ғой, – деген екен. 

Қазақтың бауырмалдығына, кеңдігне таң болып, еңіреп жылап,әңгіме етіп отырды. Осыны көзімен көрген қария қазақ халқының ешкімді бөле-жарып қарамайтынын, адалдығын айтып, алғысын білдірді. 

Қазақ халқының салт-дәстүрі, меймандостығы қашанда келген қонаққа көрсететін құрметі елдің аузында. Бұрыннан үйге келген құдайы қонағын сыйлап, қазан көтеріп, түнде тыныш ұйықтап шығуына қамқор болып,қайтарында ас-суын дайындап, жол азығын беріп шығарып салуы, қажет деп санаса шапан жауып, ат мінгізуі немесе ат жетектетуі талайларға белгілі болған. Сондықтан шет елден келіп, қонақ болып, біздің қонақжайлылығымызды, салт-дәстүрімізді білетін шет елдіктер: «Қазақ жеріне барсаң аш қаламын деп қорықпа, олардың әр отбасы су сұрасаң сусынға қымыз немесе қымыран ұсынады, қонақ етіп, ас суын береді, сенің аман-саулығыңа өзі қарауылдап отырады. Қонақ үй мен асхана іздеп әуре болмайсың» деген. 

Осының бәрі қазақтың дархан көңілі, қонақжайлылығы, қазақи дәстүрі. Енді осы асыл қазыналарымызды мына жаңарған заманда, жаһандану дәуірінде жоғалтып алмасақ екен деген қауіпіз бар. Себебі, қалалақтарға еліктеп, шет елге ұқсаймыз деп, көп салт дәстүрлеріміз қалып бара жатқан сияқты. Қымбат мейрамханада той, жиын өткіземіз деп, орындық санына қарай ақысын төлейміз деп балаларды әкелмеңіздер деп хабар береді. Сонда той қызығын кім көреді, тойдағы откізілетін салт-дәстүрден кімдер тағлым алады, болашақта оны кім жалғастырады. Ал қазір құдалықтарды да осындай орындарда өткізіп жүр. Сонда үй көрсету, үйден дәм татқызу, қазақта босаға көрсету деген қайда. Құдалықта құданың алдынан балалар жүгіріп шығып, «Ассалаумағалейкүм, қош келдіңіздер!» деп үй иесінен бұрын жүгіріп шығатын балалар, содан «үйге қарай қонақтар келе жатыр, құдалар келе жатыр!» деп жүгіретін. Мейман үйге кіргенде аяқ киімдерін реттеп қойып болып, қолдарына құман мен шылапшын алып, иықтарына ептілікпен сүлгі салып, қонақтардың қолына су құйып, «Көп жаса, судай сәреп бол, өс, өн!» деп бата алатын балалардың ең қызық та, тәрбие мен бата алатын сәттерін жоғалтып алғандаймыз.

«Болар бала үлкендермен ісі бар, болмас баланың үлкендерде несі бар» дегендей, көзі қырағы, құйма құлақ жасөспірім осы аралас-құралас сәттердің өзінен біраз мағлұматты ойларына түйеді. Қонақтардың есті әңгімелерін тыңдап, үлкендердің ұсынған жіліктерін алып, бағы мен бақыты, абыройы жұғысты болсын дейтін әдемі дәстүрлер қалып бара жатыр. Ал дұрыс тәрбие көрген жастар «уақытында пәлен көкемнің батасын алғанмын, қолынан алып сарқыт жегенмін, қолдарына су құйып, мәсісін кигізіп, алғысын алғанмын» деп мақтанып, болмаса марқая айтып, тәлім-тәрбие көргенін айтып жүреді. Осындай отырыстарда есік алдында жүріп ән тыңдап, оған берілген бағаларды сараптап, сөзшең кісілердің әңгімелеріне құлақ асып, өз бойына қор жинап, сөз қадірін түсінетін, мағынасын болжай білетін азаматқа айналады. Ас ішіліп болған соң үй иесінің бата сұрау тәртәбі, оған үлкен қарияның бата беруі, сол батаның ішіндегі небір әдемі тілектер, түйдек-түйдек ұлағатты сөздер осы жайылған алақан арқылы тыңдағандарға даритыны сабақ болады. Ас ішіліп болған соң келіндердің табақты алып жатып, көпшілікке сәлем жасауы және оған көпшіліктің ризашылықпен жағалай бата беруі, көп жаса, ұл тап, бақытты бол, бала шағаңның қызығын көр , ғұмырлы бол деп бата мен алғыс жаудыруы сол жас келіндердің жолын ашып, мерейін өсіріп, арман-тілегінне жетулеріне жолдарын ашады. Міне, осының бәрі қазақ халқының ұлылығы, көрегендігі, салт-дәстүрінің күнделікті беріліп жатқан тәрбиесі. 

Атақты орыс ғалымы, зерттеушісі Семенов-Тянь Шанский: «Қазақтарды оқытудың қажеті жоқ, олардың салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім» деген екен. 

Ендеше барымызды бағалайық және осындай құндылықтарымызды жоғалтып алмайық.

 Үміткүл Мелдебекова,

доцент, п.ғ.к. Қ.Р. Мәдениет саласының үздігі,

 Бөкенбай Жұмадулла,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті.

Орындаушылық өнер кафедрасы