"ҚАЗАҚ ШЕКСПИРІНЕН АЙЫРЫЛДЫҚ"

"ҚАЗАҚ ШЕКСПИРІНЕН АЙЫРЫЛДЫҚ"

Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев қазақ әдебиетінің қара нары Дулат Исабековтың қазасына қайғырып, телеграм арнасында өз ойымен бөлісті.

***

Кезінде, ең алғашқы қазақ тілде оқыған кітабым Дулат Исабековтың «Гауһартасы” болды.

Сөйтіп, Дулат ағаның сөзі арқылы мектепте орысша оқыған, Ресейде 7 жыл өмір сүрген мен де ана тілімізге қайтадан бет бұрдым.

Абыз жазушыны ерекше сыйлап, өзінен рұқсат сұрап, інімнің баласына да Дулат атын құрметтеп қойғанмын.

Бүгін мыңнан астам халықпен, оның ішінде Қазыбек Исамен бірге, ұлы классигіміздің жаназасына қатысып, Дулат ағамызбен қоштастық.

Қоштасу рәсімінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып, әсерлі әрі терең сөз айтты.

Ал көрнекті жазушы Төлен Әбдіков сахнадан сөз сөйлегенде, Дулат Исабековтың әлемдік деңгейдегі ұлы жазушы екенін атап өтті. Ақын Қазыбек Исаны Дулат ағаның "ең жақын бауырларының бірі еді" деп, жазушы мен ақын екеуінің арасындағы әзілді әдемілеп, ерекше айтып берді. Бұл сөз біздерге де абырой.

Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, Ұлы классик, Ел Ағасы.

Азат Перуашев,

Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы 

Телеграм арнасынан