ҚАhАРМАН БАУЫРЖАН БАТЫР АТАҒЫНА ҰСЫНҒАН МҰХАМЕДҚҰЛДЫ ҚАШАН БАҒАЛАЙМЫЗ?!.

ҚАhАРМАН БАУЫРЖАН БАТЫР АТАҒЫНА ҰСЫНҒАН МҰХАМЕДҚҰЛДЫ ҚАШАН БАҒАЛАЙМЫЗ?!.

Алматыдағы елмен кездесуге арналған іс-сапарымыздың екінші күні екінші дүниежүзілік соғыста ерекше ерлік көрсетіп, қаһармандықпен қаза тапқан батальон командирі Мұхамедқұл Исламқұловтың келіні Бибіхан Кәуісқызының шаңырағына барумен жалғасты. 

Бізді түсте құшақ жайып қарсы алған батырдың келіні Бибіхан жеңгемізбен әңгімеміздің қызғаны соншалықты, кешкі сағат жетіге дейін жалғасты.

Аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының өзі қазасына қабырғасы қайысып керемет жыр арнап, жоқтаған қанмайдандағы қандыкөйлек досы Мұхамедқұл Исламқұлов кім?  

Алдымен осы сұраққа жауап беріп кетейік. 

Ол үшін Баукеңнің атақты “Москва үшін шайқас” кітабына көз жүгіртейік.

 “Бірнеше күн, бірнеше түн соғыстық. Исламқұловтың батальоны алғы шепте еді. Ең жауапты жерлерде болды. “Бәрін айт та бірін айт” дегендей, Соколово қыстағында дұшпан бізді тықсырып қоршай бастады. Исламқұловты шақырып алдым. – Мұха! Жағдайды көріп отырсыз ғой. Мен полкты алып шығуым керек, нақ осы жерден. Алып шығу оңай емес, сол себепті сізді тосқауылға тастап кетемін. – Түсіндім, Бауке! Полкті аман алып қалу үшін бір батальонды жаудың арандай ашылған аузына тығын болсын деп тастай салғанмен бірдей бұл. Мен полкты қоршаудан шығарып, жаңа шепке алып келдім. Екі күннен кейін Исламқұлов бізді қуып жетті”. 

Яғни, Баукеңнің өзі ерлігін "Полкті аман алып қалу үшін бір батальонды жаудың арандай ашылған аузына тығын болсын деп тастай салғанмен бірдей бұл" деп бағалаған 

бұл жердегі лейтенант Мұхамедқұл Исламқұлов кім еді? 

Мұхамедқұл Исламқұлов 1906 жылы Шымкент губерниясының Арыс-Бадам өңірінде дүниеге келген, 20-жылдары Ташкентте ашылған Орта Азия мемлекеттік университетінің журналистика факультетін алғашқылардың бірі болып бітірген азамат. Мұхаметқұл кейін мектепте, аудандық газетте, губерния аппаратында қызмет істеген. 30-жылдары “Оңтүстік Қазақстан” газетінің тұңғыш редакторы болған Бейсенбай Кенжебаев оны осы газетке тілші етіп алады. Сол жерден Мұхаң “Социалистік Қазақстан” газетіне ауысып, соғыстың алдындағы екі жыл Алматыда қызмет етеді. Мұхамедқұл Исламқұлов соғысқа “Социалистік Қазақстан” газеті редакциясынан аттанады...

“1941 жылдың шілдесінде Талғардағы жаңадан жасақталып жатқан, 316-атқыштар дивизиясына өз еркімен барып жазылады. 316-шы демекші, Қазақстанда, генерал-майор И.В.Панфиловтың жетекшілігмен жасақталған бұл дивизияны Жоғарғы Бас қолбасшының Мәскеуді алуға ұмтылған фашистердің ең басты күші жұмылдырылған күре жолды қорғауға жіберуі де кездейсоқтық емес. Басқа-басқа, патшалық империя тұсында да, де, кеңес кезеңінде де қазақ халқының кім екендігін зерттегендер, зерттеу нәтижесін мемлекеттің пайдасы үшін дұрыс пайдалана білуге ұмтылғандар аз болмаған. Мәскеуді төсін төсеп қорғаудан басталып, Сталинградта жалғасын тауып, Берлинге бірінші болып Ту тігумен аяқталған, “жаным – арымның садағасы” деген ұстаныммен тәрбиеленіп өскен қазақ ұлтының батырлық, ерлік қасиеті Ұлы Отан соғысында барынша жарқырап көрінді. Оны алғаш көрсеткен, тұңғыш дәлелдеген осы 316-шы, кейін 8-ші гвардиялық деп аталған И.В.Панфиловтың дивизиясы еді. Мұхаметқұл үнемі басқа батальондағы взвод, рота командирі, штаб бастығы болып келгенімен, соғыс барысында бүкіл 41-жылғы шайқас барысында Баукеңнің батальонымен үнемі көрші шепте иық тіресе айқасты. Талай рет атақты комбатқа көмек қолын да созды. Оған мысалдарды әскери жазушы А.Бектің “Волокаламск тас жолы” романынан кездестіруге болады. “...Ура!” біз де, немістер де күтпеген тұстан естілді. Мен бұл өзімізге басқа жақтан көмекке жіберілген лейтенант Исламқұловтың взводы екенін түсіндім. Ең шешуші сағатта ол өзін нағыз батыл да айлалы жауынгер ретінде көрсете білді. Бұл, жаудың артына байқатпай шығу, қолайлы сәтті күтіп, сол сәт туғанда атылу - оңай іс емес”. 

Бұл Мұхамедқұл Исламқұловтың ерлігін бағалау туралы "Қазақ үні" газетінде 15 жылдан бері маңызды мақалалар жазып келе жатқан белгілі журналист Ө.Ақжігіттің "Бауыржан бағалаған лейтенант Исламқұловты біз қашан бағалайтын боламыз?" атты кезекті мақаласынан үзінді. ("Қазақ үні", 07.04. 2022.)

Мұхамедқұл Исламқұловтың ерлігін әйгілі батыр генерал Панфиловтың өзі де жоғары бағалаған. Тағы да Баукеңнің кітабын оқиық:  

“... – Жолдас Момышұлы, бүгін сіздің Горюныдағы позицияңызға неміс танкілері шығуы керек еді, бірақ, шыға алмады. Бізге әзір беймәлім резервіміз бұл соққыға өз кеудесін тосты. Танкілерді тас жолға шығармады. Кімдер олар? Полк штабымен байланыс жоқ, - деді генерал Панфилов... Ротасымен Ядрово селосын қорғап тұрған Исламқұловты батальон штабына шақырады." 

Бұл жердегі Панфилов сұрап отырған, "Бауыржан Момышұлының Горюныдағы позициясына шабуыл жасауы тиіс неміс танкілері соққысына өз кеудесін тосып, танкілерді тас жолға шығармаған" беймәлім резерв Мұхамедқұл Исламқұловтың ротасы еді. 

"...Жарайсың, Мұхаметқұл! Сен өте үлкен күшті – тұтқиылдаған болған соққыны қайтара алдың. Генерал бүгін “бұл қандай резерв?” деп сұрап еді, ол резервтің кім екені енді белгілі болды”. -деп жазады Б.Момышұлы.

"Сондықтан да генерал-лейтенант К.К.Рокоссовский: “Бүкіл Қызыл Армия бойынша білмеймін, бірақ менің 16-шы армиямдағы полк басқаратын аға лейтенант жалғыз сіз ғанасыз"-деп Бауыржан Момышұлын полк командирі етіп тағайындаған кезде, ол өзінің орнына Исламқұловты қойып кетті. Бір емес бес (!) рет қоршауға түссе де, соның бәрінен Баукең секілді командирімен бірге абыроймен шығып отырған, тәні шыныққан, рухы шыңдалған, генерал И.В.Панфиловтың резервіне, яғни оң қолына, оның ең қиын да қатерлі шайқасқа апарып салатын алмас қылышына айналған, дивизияның жеңіс жолындағы еңбегіне сіңірген үлесі кейбір полктан асып түспесе кем соқпаған ерке де серке батальонның бұдан былайғы тізгінін ұстау ерлерді басқаратын ереннің ғана қолынан келетін тірлік еді. Әрине, батыр Бауыржан да бұны бәрінен жақсы түсінді." ("Бауыржан бағалаған лейтенант Исламқұловты біз қашан бағалайтын боламыз?" Ө.Ақжігіт. "Қазақ үні", 07.04. 2022.)

Баукең бұл оқиғаны “Лениншіл жас” газетінің 1970 жылғы 6 маусымдағы санында басылған, досы Мұхамедқұл Исламқұловты еске алған “Арысым еді...” атты естелігінде еске алады. “Қайтып келе жатып жолда: “От пен судан өткен батальонымды кімге сеніп тапсырамын?” деп ойлап келемін. Көп ойланып, көп толғанып, батальонымды Мұхаметқұл Исламқұловқа тапсыруға шешімге келдім”.-деп жазады.

Баукеңнің бұл ойы қалай жүзеге асқаны өзінің “Москва үшін шайқас” атты кітабында егжей-тегжейлі суреттеледі. Комиссардың Мұхамедқұлды "коммунист емес, болыстың баласы" деп қарсы болғанына қарамай, лейтенант Исламқұловты өзінің орнына батальон комадирі етіп тағайындайды. 

Кейін Баукең 1969 жылы Сарыағашта демалып жатқанда,өзін іздеп келген Мұхамедқұлдың жалғыз ұлы Қайрат Исламқұловқа өзінің Мұхамедқұл Исламқұловты Кеңес Одағының Батыры атағына бір емес, екі рет ұсынғанын, бірақ болыстың баласы болғаны себепті оның атын құжаттардан сызып тастағанын айтты. 

Қайрат Мұхамедқұл Стамқұлов (Исламқұлов) (01.07.1940 -24.02.2017) техника ғылымының докторы, профессор, "Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері" атағын алған ғылыми ортаға белгілі ғалым еді. Ол көп жыл бойы Қазақ химия-технологиялық институтында, 1992 жылдан бері Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде проректор, кеңесші болып абыройлы қызмет атқарған. Қайрекең 1 монография, 12 оқу құралының авторы, 15 өнертапқыштық куәлік иегері. Оның 3-уі аса маңызды құпия еңбек болып табылады. 

Қайрат ағамыздың асыл жары Бибіхан жеңгейдің атасы, Мұхамедқұл Исламқұловтың ерлігін насихаттап, құжаттарын түгендеу барысындағы жанкешті тірлігінің өзі ерлікке барабар. 

Бибіхан жеңгейдің 1985 жылдан бастап, 27 жылға жуық Ресейдегі Мәскеу маңындағы соғыс болған жерлерге хат жазуының арқасында Мұхамедқұл Исламқұловтың ерлікпен қаза тапқан жері 2012 жылы табылды. Мәскеу облысы, Ожедово селосында қаза тауып, Новгород облысы, “Старая Русса” қаласынан 90 км жердегі Давыдова селосындағы әскери қорымда жерленген екен.

Сол 2012 жылы батырдың ұлы Қайрат екеуі барып, тағзым етіп, құран бағыштап, туған жер топырағын тастап келді. Кейін 2014 жылы бірге барып, деректі фильм түсіріп келген белгілі журналист, "Айғақ" телеарнасы басшысы Дулат Әбішке алғыс айтамыз.

“Социалистік Қазақстан” газеті редакциясынан соғысқа аттанған батыр Мұхамедқұл Исламқұлұлы туралы “Егемен Қазақстан” газетінде де бірнеше рет мақалалар жариялаған Серік Пірназар, Гүлзейнеп Сәдірқызы секілді белгілі журналистерге көп рахмет.

Батырдың келіні Бибіхан жеңгейден осы уақытқа дейін жинаған барлық құжаттарды алып тұрып, батырдың ерлігіне сай бағалануы мәселесі тек бір отбасының шаруасы емес, қоғамның, еліміздің парызы екенін айтып, қоштастық.

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы! Қазақстан Тәуелсіздік алғалы Кеңес Одағы кезінде келеңсіздіктермен Кеңес Одағы Батыры атағы әділетсіз берілмей келген батырларымыз Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев, Қ.Қайсенов, Х.Доспановаларға "Қазақстанның Халық Қаһарманы" атағы берілді. Бұған бүкіл ел риза болуда. Кейінгі кезде бұрын аты белгісіз болып келген соғыс ардагерлеріне де осындай жоғары атақ беріп келеміз. 

Ал енді бізді Әділетті Қазақстанның атына сай әділетті іс күтіп тұр! Ол -батыр Бауыржан бағалап, жыр арнап, "Кеңес Одағының Батыры" атағына екі рет ұсынған нағыз от пен оқтың ішінде Отанын қорғауда асқан ерлікпен қаза тапқан батырымыз Мұхамедқұл Исламқұловқа "Қазақстанның Халық Қаһарманы" атағын беру! Баукең 1963 жылғы хатында: "Мен М.Исламқұловтың ерлігі туралы ондаған қазақ және орыс тіліндегі еңбектерімде жариялап, оның әруағы алдында жеке моральдық парызымды орындадым." деп жазыпты.

Баукең Мұхамедқұл Исламқұлов алдындағы парызын орындағанын осыдан 62 жыл бұрын жариялады.

Ал біз қашан орындаймыз?

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы!

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын