ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ЗОР ЫҚЫЛАСПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ
2025 ж. 25 қаңтар
234
0
Биыл, 2025 жылы 9 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - "Алтын күз" ордені иегері, ақын Қазыбек Иса Түркістан облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Қазыбек Иса алдымен қасиетті Әзірет Сұлтан кесенесіне барып, Ахмет Яассауи мен қазақтың хан-сұлтандары мен би-батырларына, Алаш асылдарына зиярат етіп, құран бағыштады.
Кездесу Түркістан қаласында, Халықаралық Қ.А.Ясауи атындағы университеттің жақында ғана жаңадан ашылған әйгілі ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы академигі Рахманқұл Бердібай атындағы конференция залында еркін форматта өтті.
Қазыбек Иса кездесуді алдымен Рахманқұл Бердібай туралы естеліктермен бөлісті.
“Алаш абызы, ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібай кешегі кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кезде,1958 жылы «Қазақ тілі неге шетқақпай көріп жатыр, жоғары оқу орындарында неге қазақ тілі оқытылмайды» деген мәселелерді көтерген. Содан кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне репрессия жүргізіліп, бас редакторы белгілі ақын Сырбай Мәуленовтен бастап, көбісі жұмыстан кеткен. Рахманқұл ағамыз Алматыдағы Халық университетінің мәңгілік ректоры болып кетті. Ол университет кеңес заманында ұлттық мүддені қорғайтын халық ордасы еді. Ұлтқа қорған болған Алаш ардақтысы Рахманқұл ағамызға Халықаралық Қ.А.Ясауи атындағы университеттің осындай кең, әдемі конференция зал беріп жатқаны өте жақсы болған екен, құтты болсын! Сондықтан да кездесуіміз осы залда өтіп жатқанына қуаныштымын,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ ОРДАСЫ ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ - ЕЛІМІЗ ҮШІН ЕРЕКШЕ МАҢЫЗДЫ – Қазыбек Иса
Қазыбек Иса Мәжіліс мінберінде көтерген бірқатар мәселелерге тоқталды. Парламенттегі “Ақ жол” фракциясының атқарған жұмыстары мен бастамалары бойынша айтып өтті. Парламентте қабылданған бірнеше маңызды заңдарға тоқталып өтті. Атап айтқанда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Заңсыз активтерді қайтару туралы» және «Азаматтық алу туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы. Яғни, бұдан кейін Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды «Ақ жол» фракциясы атынан өзі ұсынғанын атап өтті. Бөлшек саудада салықтың екі есе түсуіне «Ақ жолдың» ұсынысы себеп болғанын да жеткізді.
Жақында қабылданған заңдардың ішінде өткен жылы желтоқсан айында қабылданған Түркістан облысына ерекше мәртебе беру жиынында түйінді сөз сөйлеуге тура келгендігін атап өтті.
Залдағы үлкен экранда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланғанда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның Түрік әлемінің киелі ордасы Түркістанның ең алдымен Қазақ хандығының астанасы болған тарихи маңызына баса назар аудару керектігі туралы сөйлеген сөзі көрсетілді.
«-Киелі Түркістан туралы айтқанда ұлы Мағжанның әйгілі жыры еске түседі:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңір берген несібі ғой,-
деп, Алаштың ақиығы Мағжандай марғасқа ақындар жырлаған қасиетті Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң қабылдайтын күнге де жеттік, құдайға шүкір.
1.Біріншіден, Түркістанға ерекше мәртебе беру мәселесі тек бір қаланың немесе аймақ шеңберінде ғана шектеліп қалмайды. Иә, біз үшін бар қаламыз бағалы, бірақ Түркістанның орны ерекше бөлек екенімен бәріңіз де келісесіздер! Түркістан – барша түркі әлемінің рухани және мәдени мұрасының ордасы. Бұндай заң жобасын қабылдау – еліміз үшін баға жетпес тарихи және мәдени бірегей құндылықтарды сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттап тапсыру.
2.Екіншіден, киелі Түркістан тарихына 1500 жылдан асады. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына енген, қазақтың ұлы тұлғалары жерленген қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және 400-ден аса тарихи және мәдени ескерткіштер бар.
Бұл тарихи орындарды сақтау үшін айтарлықтай ресурстар қажет. Заң сол үшін керек!
3.Үшіншіден, ерекше мәртебе – тарихи-мәдени мұра нысандары жай-күйін жедел анықтауды,тексеруді, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді және пайдалануды қамтамасыз етеді. Қаланың экономикалық және әлеуметтік даму жоспарлары бойынша ғылыми-қалпына келтіру және археологиялық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді.
4.Төртіншіден, Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерваты құрылады. Бұл тарихи-мәдени мұраның ең нәзік бөлігі ретінде олардың сақталуын, тұтастығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі деп санаймын.
5.Бесіншіден, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу жөніндегі нормалар, бөгде құрылысты жүргізуге жол бермеугежәне оның бірегейлігін сақтау мақсатында, сондай-ақ бірыңғай дизайн кодты орнату бойынша ерекше маңызға ие.
Бұл жерде атап айтарымыз, Түркістан түгел түркі әлемінің киелі ордасы болғанмен, біз ең алдымен қасиетті шаһардың Қазақ хандығының ордасы, Еңсегей бойлы Ер Есім ханнан бастап XVI - XVIII ғасырларда үш ғасырдан астам мемлекетіміздің астанасы болған тарихи маңызын басты назарда ұстауымыз керек. Мысалы, Қазақ Елінің байырғы астанасы Түркістанға кіріп келе жатқанда, бізді қазақ тарихына қатысы жоқ, құйрығы шұбатылған түрлі-түсті тауыс құсы, павлин емес, Көк туымыздағы көкке самғаған қанатты қыран құсы қарсы алуы қажет еді... Немесе, Түрік қағанаты кезінде батырлар байрақтарында бейнеленген, Көк түріктер киелі санаған көк бөрінің мүсіні тұрса да, күшті рух сыйлар еді…
6. Алтыншыдан, осы заң қабылданған соң шахар сәулетіндегі бұндай кемшіліктерге жол берілмейді деп сенеміз. . Сондықтан қала құрылысы мен сәулеті ұлттық бейнесін сақтау үшін құрылыс кеңесімен бірге ұлттық рухани маңызын айқындайтын ғылыми-көркемдік кеңес болуы тиіс.
7. Жетіншіден, қаладағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық университетте Қазақстанмен бірге Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және таүы басқа елдердің студенттері оқиды. Яғни, Түркістан – түркі халықтарын біріктіретін рухани орталық. Сондықтан заң жобасын қолдау тек саяси шешім ғана емес. Түркістанға ерекше мәртебе беру мәдени бірегейлікті нығайтып, қаланы Түркі әлемінің рухани астанасына айналдырады.
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ ОРДАСЫ ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ – ТҮГЕЛ ЕЛІМІЗ ҮШІН ЕРЕКШЕ МАҢЫЗДЫ!
Қорыта айтқанда, Түркістан туралы заңның оң нәтижесін әрбір Түркістандық, тұтас еліміз көруі тиіс!
Осыған байланысты заң жобасын қолдау маңызды деп санаймын.» -деген еді парламенттегі айтыс-тартысқа айшықты да, түйінді сөзімен нүкте қойған Қазыбек Иса.
Қазыбек Исаның сөзін экраннан тамашалаған жұрт ұзақ ду қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
БІЗ СІЗДІ БҮГІН ҚЫЗЫЛ КІЛЕММЕН ҚАРСЫ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК ЕДІ! – Хазіретәлі Тұрсын
Түркістан қаласының заңды түрде Ерекше мәртебе алуымен құттықтаған Түркістан облысының Құрметті азаматы Қазыбек Иса еліміз бойынша алдағы уақытта атқарылатын біршама мақсат-міндет, жоспарларды тілге тиек етті.
Алғашқы болып сөз алған белгілі ғалым, тарих ғылымы докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын Қазыбек Исаға Түркістан туралы заң қабылдаудағы зор еңбегіне ерекше ризалығын білдірді.
«Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы заң қабылданды. Оның дайындық жұмыстарына облыстағы бірқатар зиялылар атсалысты. Қаншама талқылау мен ұсыныстар айтылды. Парламентте қолдау тапқанына қуаныштымыз. Бұған сіздің де ерекше еңбегіңіз сіңді. Оны атап өтпеске болмас. Негізі, біз сізді бүгін қызыл кілеммен қарсы алуымыз керек еді... «Басқа қалаларға неге ерекше статус берілмейді?» деп, Парламентте айтысқа ұласып кеткен кезде, Түркістан туралы түйінді сөзді қадап айттыңыз. Жалпы, депутаттық корпусқа ризамыз. Бірқатары белсенділік көрсетті. Түркістан тарихының жаңаша түлеуге жол ашылғанына шынында разымыз. Енді бұл заңның ісе асуын қадағалауымыз керек» - деген ғалым кейбір депутаттарға деген наразылығын да жасырып қалмады..
ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЖЕТТІЛІККЕ АЙНАЛДЫРУ КҮРЕСІН ТОҚТАТПАУ КЕРЕК! – Жарылқасын Әзіретберген
Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесі төрағасы, белгілі ел ағасы Жарылқасын Әзіретберген мемлекеттік тілдің қорғаны Қазыбек Исадан қазақ тілін қажеттілікке айналдыруды тоқтатпауын сұрады.
«Қазыбек Иса депутат қана емес, Қазыбек Иса - алдымен ақын. Жай ақын емес, мықты ақын! Жақсы журналист. Бұқаралық ақпарат құралдарында ойып тұрып орын алатын азамат. Еліміздегі алғашқы демократиялық басылымдардың бірі «Жас қазақ үнін» шығарып, қаншама үлкен проблемаларды көтерген. Солардың бірінші оқырманы менмін. Ол кейін «Қазақ үні» болды. Қазір Қазыбек Исаның депутат болғанына да біраз уақыт болды. Депутаттық нанын адалынан жеп жүрген де осы Қазыбек Иса. Тіл туралы, ел туралы, қаймықпай айтып күресіп жүрген де Қазыбек Иса. Оны бүкіл халық біледі. Қазір қазақ тіліне жол ашыла бастаған сияқты. Жайлап үміт кіре бастаған сияқты. Бір кездері қазақ тілі тарихқа кететін шығар деген ойда болғанбыз, қазір депутаттардың көбісі қазақша сөйлеп отыр Парламентте. Тілге қойылған талап орындалып келеді. Қазыбек Түркістандағы орталық көшеге қойылған павлин, тауыс құсының мүсіні орынсыз қойылғанын орынды айтты. Иә, оның орнына, қазақ жылқыны қасиетті санаған, Құлагердің ескерткішін қою керек!.. Өткен күзде
Түркістанға келгенде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановтан “Түркістан туралы заң қашан қабылданады?” деп сұрағанымызда: “Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң” биыл қабылданады. Оған міне, арамызда отырған жерлестеріңіз депутаттар Қазыбек Иса мен Елнұр Бейсенбаевтар жауап береді”-деп еді. Енді міне, Мәжіліс төрағасы сөзінде тұрып, Түркістан туралы заң қабылданды, парламентке, өздеріңе көп рахмет! Жүздерің жарқын күйде елмен кездесіп отырсыңдар, заңымыз құтты болсын! » - деді ардагер.
ПАРЛАМЕНТ 90 ПАЙЫЗ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ
Ал Қазыбек Исаның айтуынша, Парламент құрамының 90 пайызы қазақ тілінде сөйлейді және олар Үкіметтегілерге қазақ тілін үйрететін ордаға айналған.
«Парламент қазір 90 пайыз қазақ тілінде сөйлейді. Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитеті құрамында 17 депутат бармыз. Біздің комитетте тек қазақша сөйлейміз. Барлығы қазақ тілін біледі. Парламент қазір Үкімет мүшелеріне, министрлерге, әкімдерге қазақ тілін үйрететін ордаға айналған.
Парламент қазақша сөйлейді, енді Үкімет қазақша сөйлеу керек. Ол үшін Мемлекеттік тілді міндеттеу керек! Мемлекеттік тіл дегеніміз – мемлекет сол тілді міндеттеу керек деген сөз. Сонда ғана ол мемлекеттік тіл болады. Мысалы, Түркістанда мемлекеттік тілдің мәселесі жоқ қой, сонда да сіздер мемлекеттік тілді көтересіздер. Бұл нені білдіреді? Бұл – мемлекетшілдік, отаншылдық, ұлттық мүдде. Солтүстік, шығыс өңірлерде мемлекеттік тілде мәселе бар. Бізде мемлекеттік тіл туралы заң жоқ. 15 одақтастың ішінде мемлекеттік тіл туралы заңы жоқ жалғыз біз ғанамыз. Кеше ғана Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік тілдің маңызы арта беретінін атап айтты тағы да. Бұған дейін де «Атазаңдағы жалғыз Мемлекеттік тіл – Қазақ тілі» деді, «Мемлекеттік тілді білу Қазақстан азаматтарының парызы және міндеті» деді. Ең бастысы қазақ тілі болуы тиіс», «Қазақ тілі - ғылым тіліне айналуы керек» деді. Енді осының барлығын іске асыруымыз керек! Ол үшін Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдауымыз керек!» - деді Қазыбек Иса.
Бұдан бөлек жиынға қатысушылар, қаптап кеткен айыппұлды азайтуды талап етті. Түркістан тұрғыны Болат Аманқұлұлы Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың «Штрафстанға айналдық» дегенін тілге тиек етіп, айыппұлға қарсы шыққан «Ақ жол» партиясына алғыс айтты.
ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒАУҒА АЛУ КЕРЕК – Тельман Бейсен
«Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен тарихи орындар «Қызқорған», «Балақорған» қамалдарын мемлекеттік қорғауға алуды ұсынды. Аталған орындарға баратын жолдың тозығы жеткен, қасиетті орында жатын орындарды көбейтіп, халықтың зиярат етуіне жағдай жасауды жеткізді.
«Алдағы жылдары 5 млн. турист келеді деп жоспарлап отырмыз. Туристер үшін біздер жағдай жасауымыз керек. Қаламызда аэропорт ашылғанына кезінде қуандық. Бүгінгі таңда аэропорттың жұмысы көңіл көншітпейді. Біздер қайтадан Шымкент арқылы ұша бастадық. Рейсттер төмендеп кетті, баға шарықтап ұшып кетті. Бұл да Түркістан үшін маңызды мәселе. Осы мәселенің дұрыс шешімін табуға дұрыс қадамдар жасалса деймін. Біздер туристерге бір ғана кесенені көрсетпей, Сауран ауданына да баруға жағдай жасауымыз керек. Сауран мен Түркістанды бөліп жаруға келмейді. Сауранда көптеген құндылықтар бар. «Қызқорған» мен «Балақорған» қаншама қыздар мен балаларды аман алып қалған жер. Қамал кезінде 5,5-6 м биіктікке дейін қаланған еді. Қазір ол жер шашылып, бұзылып жатыр. Тұрғындар тасын тасып алып, басқа құндылықтарға жаратып жатыр. Мұның барлығы мемлекеттік қорғауға алынбағандықтан»- дейді белгілі журналист.
Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбет т.б. дәстүрді ұлықтаған бірқатар қазыналы қарттар да сөз сөйлеп, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Жарылқасынұлына шын ықыласты алғыстарын білдірді.
Жиын соңында сөз алған Қазыбек Иса: «Кешегі біздің қабылдаған заңымыз, осындай ұлттық құндылықтарды қорғауға қызмет ету керек. Қасиетті жерлердің маңызын сақтауымыз керек»,-деп қорытындылады өз ойын.
Басқосу соңы марапатқа ұласты. Түркістан облысы Қазығұрт аудандық мәслихат депутаты Айбек Мықтыбайұлына «Ақ жол» партиясы атынан “Үздік депутат” төсбелгісі табысталды.
Түркістан қаласының Құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Шора Исмолда Қазыбек Исаға ақжарма тілегін білдіріп, шынайы жүректен шыққан ақ батасын беріп, Ақ жол тіледі.
Кездесуге «Ақ жол» партиясынан Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ержан Үсентай, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ардақ Мәнсұр, «Ақ жол» ҚДП Түркістан облыстық филиалының төрағасы орынбасары Нұржан Есенбай және Түркістан облысы Мәдениет басқармасы басшысы орынбасары Ержан Исатай қатысты.
Билік пен халық арасында алтын көпір орнатқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын, тіл қорғаны Қазыбек Исамен өткен жарқын кездесу, жылы жүздесу жұртты бір серпілтіп тастады.
ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР ЖЕТІСТІГІ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса Түркістан қаласынан кейін Сауран ауданына барды.
Алдымен аудандағы жекеменшік «Иқан» мектеп-гимназиясының жұмысымен танысты.
Мектеп былтыр 2024 жылы жаңа оқу жылы басталғанда (2024 жылдың қыркүйегінде) қолданысқа берілген. Нысан 2021 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде ашылған еді. 1,5 гектар жерде орналасқан ғимаратта 5 ойын залы, 1 шахмат класы бар. Аптасына 6 күн жұмыс істейді, 30-ға жуық мұғалім балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, спортқа да баулиды. Ғимарат 380 балаға лайықталған. Қыркүйек айынан бастап, 230-ға жуық баланы қабылдап, білім беруде. Айта кетейік, оқушылар футбол, волейбол, шахмат, теннис, дзюдо, еркін және грек рим күресімен шұғылданады.
Кәсіпкер Мамирхан Юлдашов спорт мектебін тұрғызуға 416 млн теңге жұмсаған. Қазіргі таңда құрылтайшы, инвестор өзі салған мектепті өзі басқарып отыр. Мұндағы шәкірттер республикалық деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары және Әлем чемпионатында топ жарып жүр. Балалар үшін спорт мектебінде білім алу тегін. Ауыл тұрғындары үшін кешкі уақытта жаттығу жасау ақылы.
Бұдан кейін депутаттар IKAN SCHOOL мектебіне барды. Білім ошағы 600 орынға лайықталған. Қазіргі таңда 300-ге жуық бала білім алып жатыр.
Былтыр 2024 жылы 16 қыркүйекте өз жұмысын бастаған мектептің 30-ға жуық оқушысы қалалық, облыстық олимпиадада жеңімпаз болып үлгерген. Құрылтайшысы - Дилмухаммед Ирисбаев. Өз қаражатына салған мектепке 2 млрд. қаражат жұмсаған.
Екі мектепте де әрбір сыныпта мультимедиялық тақта бар, жоғары сынып оқулары планшетпен қамтылған.
Кездесу соңында аға буын балаларға бата беріп, бітіруші түлектерге “Ақ жол” тіледі.
Әлібек АҒЫБАЙ, ҚР Ақпарат саласының үздігі.
Түркістан облысы