ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫЗУ ІС КӨП
2025 ж. 25 қаңтар
211
0
ЖАҢАҚОРҒАНДА "АҚ ЖОЛДЫҢ" АЛҒАШҚЫ АУДАНДЫҚ ӨКІЛДІГІ АШЫЛДЫ
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса 2025 жылдың 9 қаңтарында Қызылорда облысындағы жұмыс сапарымен барды.
Мәжіліс депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса Қасиетті Түркістан өлкесіндегі жұмыс сапарын аяқтаған бойда киелі Сыр өңіріне келді. Алдымен ақжолдықтармен бірге Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының әкімі Мәжит Сәмитұлымен кездесті. Ауданның тыныс-тіршілігі, халықтың жағдайы сөз болды.
Кездесуге сондай-ақ Жаңақорған аудандық мәслихатының төрағасы Ғалымжан Жарқынбек қатысты.
-Былтыр 2024 жылы тура дәл осы күні 9 қаңтарда мен осы Қызылорда облысында болғанмын. Үлкен жолдан күтіп алған ауыл тұрғындары бірден бүгінде құрғап, суы елге жетпей қалған ескі су тоғанына алып келген. “Манап” ауылының Ардагерлер кеңесі төрағасы Мейірбек Қуанышбек су тоғанының тарихымен таныстырған еді.
Тұрғындардың ең басты талабы - 18 шақырым жердегі Бесарық ауылындағы үлкен су тоғанынан Манап ауылына дейін су жеткізу. Ол үшін “Бесарықта” басталған науалық суғару жүйесін осы ауылға дейін созу мәселесі еді.бұлмәселе қазір не болып жатыр?
Одан кейін Бесарық ауылына барып, үлкен су тоғанынан тартылатын науалық суғару жүйесінің құрылысымен танысты.
Айта кету керек, бұл су жүйесін тарту құрылысы “Ақ жол” партиясы депутаттарының ықпалымен іске асып отыр.
«Жер-Қазына» Шаруа қожалығының төрағасы, «Ақ жол» партиясы ардагері Ерлан Махамбет Бесарық су жүйесі құрылысы үшін, үкіметтен 961 млн теңге бөлдіріп, үлкен үлес қосып жатқан “Ақ жол” партиясына зор алғыс айтқан.
Су тоғаны басындағы кездесуде идеологиялық мәселелер де айтылмай қалмады. Көрші “Кеңес” елдімекенінен келген ардагерлер тұрғындары атынан ауыл атын осы жерде туған белгілі дәрігер, “Халық Қаһарманы” Мұхтар Әлиевтің атын беру мәселесін көтерген еді. Біз бұл ұсынысты бірден қолдағанбыз.
“Кеңес” деген кеңестік идеологиядан қалған ауыл атын өзгерту керек. Ауылға “Әлем азаматы” атағын алған әлемге әйгілі кардиохирург, кезінде еліміздің Денсаулық министрі болып істеген, өмірінде 30 мыңдай ота жасап, мыңдаған адамды ажалдан арашалап қалған осы жерден шыққан Мұқтар Әлиевтің атын беру туралы елдің ұсынысы өте орынды. оның үстіне Мұхаңның өзі де "Ескі Қазақстанның" зардабын тартқан тұлға ғой. Қазір Әділетті Қазақстанда әділеттілік орнауы керек.
Жаңақорған ауданы әкімі Мәжит Сәмитұлы бұл мәселелердің бәрін қолдайтынын айтты. Жаңақорған аудандық мәслихатының төрағасы Ғалымжан Жарқынбек Бесарық ауылындағы үлкен су тоғанынан 18 шақырым жердегі Манап ауылына дейін су жеткізу жобасы қолға алынғанын, жобалау-сметалық құжаты жасалғанын, алда қаржы бөлу қаралып жатқанын жеткізді.
Содан кейін Қазыбек Иса Жаңақорған кентінде Алаш ардақтысы Сұлтанбек Қожанов атындағы көше бойынан ресми түрде "Ақ жол" партиясының Қызылорда облыстық филиалының Жаңақорған аудандық өкілдігінің ашылу салтанатына қатысты. Өкілдіктің төрағасы болып партияның Жаңақорған аудандық мәслихатындағы депутаты, ауданға белгілі кәсіпкер Мейіржан Құтыбай Рахымұлы сайланды.
Сонымен қатар, ашылу салтанатында Қазыбек Жарылқасынұлы партия қатарына кірушілерге партия билетін табыстап, естелік суреттерге түсті.
- "Ақ жол" партиясы құрылғанына 23 жылға кетіп бара жатқан, 300 мыңға жуық мүшесі бар, 2012 жылдан бері парламентте фракциясы құрылған елімізге белгілі партия. Біз әр еліміздің әр ауданында партияның өкілдігін ашуды талайдан бері айтып келеміз. Иә, Түркістан облысы Шардара ауданында 2004 жылдан бері партия өкілдігі өз бетінше қоғамдық негізде жұмыс істеп келеді. Ал енді бұл Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында ашылған өкілдік - "Ақ жол" партиясының еліміз бойынша тұңғыш ашылған ресми өкілдік. Алаш жолын ұстанған "Ақ жол" партиясының еліміз бойынша тұңғыш ашылған ресми өкілдігі Алаш арысы, біртуар мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың атындағы көшеде ашылуы да сәйкес сәттілік. Құтты болсын! Алғашқы аудандық өкілдігіміз филиалға айнала берсін деп, сонымен қатар дәл бүгін Ақ жол" партиясы қатарына кіруші Ақжолдықтарға Ақ жол тілеймін!
Өкілдіктің ашылу салтанатында Қазыбек Жарылқасынұлымен бірге "Ақ жол" партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Сандыбаев, Қызылорда облыстық мәслихатындағы "Ақ жол" партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Боранбаев және облыстық мәслихат депутаты Нұрымжан Сопбеков және филиал қызметкерлері болды.
"ӨРЛЕУ" ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ӨРЛЕУ КҮТЕДІ
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның Қызылорда облысындағы жұмыс сапары 2025 жылы 10 қаңтарда облыс орталығында жалғасты. "Өрлеу" БАҰҚ АҚ Қызылорда облысы бойынша кәсіби мамандары даярлау институтының және Тіл орталығының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесуде Қазыбек Иса Мәжіліс мінберінде көтерген бірқатар мәселелерге тоқталды. Парламенттегі “Ақ жол” фракциясының атқарған жұмыстары мен бастамаларын айтып өтті. Парламентте қабылданған бірнеше маңызды заңдарға тоқталып өтті. Атап айтқанда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Заңсыз активтерді қайтару туралы» және «Азаматтық алу туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы. Яғни, бұдан кейін Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды «Ақ жол» фракциясы атынан өзі ұсынғанын атап өтті. Бөлшек саудада салықтың екі есе түсуіне «Ақ жолдың» ұсынысы себеп болғанын да жеткізді.
Кездесуге қатысушылар тарапынан Мемлекеттік тіл мәртебесі Атазаңға сай болуы үшін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап ету, мектеп оқулықтарындағы олқылықтар мен қателіктер туралы, білім сапасын құртатын пәндерді қосып оқытуға қарсылық, "Білім туралы заңға" өзгерістер енгізу, сондай-ақ мәдениетіміз бен руханиятымызға қатысты өзекті сұрақтар берілді.
Қазыбек Иса бұл өте маңызды мәселелердің бәрі, Мемлекеттік тілтуралызаң қабылдаудан бастап, "Ақ жол" фракциясының бақылауында болатынын, шешімін табуға қайрат көрсете беретінін жеткізді.
Кездесу соңында естелік суреттерге түсуге ұласты.
АҚЫН, ДЕПУТАТ ҚАЗЫБЕК ИСА ДҮР ОҢҒАР АУЫЛЫНДА
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның Қызылорда облысындағы жұмыс сапары Қармақшы ауданында жалғасты.
Қармақшы ауданы, Дүроңғар ауылының әкімі Ә.Қоқановпен бірге ауданға белгілі кәсіпкер О.Төлепов басқаратын "Жаңа жол" ЖШС шаруашылығымен, оның ішінде күріш өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Кездесуде кәсіпкерлікке қатысты бірқатар сұрақтар көтерілді.
- Мен осы киелі Сыр өзенінің бойында, көрші Түркістан облысы Шардара ауданында өстім. Бізде кеңес кезінде 6 кеңшар күріш өсірді. Өзім бала кезден күріштің ішінде өскендіктен, маған бұл өнім өте жақсы таныс. Әкеміз күріш өсіретін де, біз егістіктің ішінде жүретінбіз бала кезден бастап. Қазір Шардара ауданында бәрі мақта мен көкөніске, қауын-қарбызға ауысып кетті. Сондықтан күріштің отаны Қызылорда облысы болып отыр. Осы жерде айтылған маңызды мәселелердің шешімі табылу үшін жұмыс істейміз.-деді Қазыбек Иса.
Бұдан соң Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлымен кездесті. Ауданның тыныс-тіршілігі, халықтың жағдайы сөз болды. Кездесуге сондай-ақ Қармақшы аудандық мәслихатының төрағасы Ә. Қошалақов қатысты.
ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА ДА "АҚ ЖОЛ" ӨКІЛДІГІ АШЫЛДЫ
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса бұл жерде де "Ақ жол" партиясы Қызылорда облыстық филиалының ресми түрде Қармақшы аудандық өкілдігінің ашылу салтанатына қатысты. "Ақ жол" партиясы қатарына кіргендерге партия билетін табыстап, өкілдік жұмысына сәттілік тіледі.
Қармақшы аудандық өкілдігінің төрағасы болып "Ақ жол" партиясынан Қармақшы аудандық мәслихатының депутаты Қанатбай Дәулет Аббазұлы сайланды.
Өкілдік Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Көшербаев көшесі, 35 (Халық банк ғимаратының 2 қабаты) ғимаратта орналасқан.
ҚАЗЫБЕК ИСА ҚОРҚЫТ БАБАНЫҢ КЕШЕНІНДЕ БОЛДЫ
Қызылорда топырағына қадам басқан сәттен бастап әрбір азамат киелі Қорқыт бабаның мәңгілік мекеніне арнайы ат басын бұрады. Елдің ардақ тұтар абызына айналған Қорқыт Ата қашанда түркі халықтары үшін қастерлі тұлға. Дария бойында мәңгілік дамыл тапқан дала данагөйінің талбесіктен жербесікке дейінгі өмір өткелінің ізі қалған мекенге Қазыбек Иса Қармақшы ауданындағы іс-шаралардан соң ат басын бұрып, баба әруағына құрбан шалып, құран бағыштады.
-Киелі Сыр еліне, жыр еліне келіп қалдық. Қорқыт бабаның қобызының үні естіліп тұратын қасиетті өңірде қазақтың біртуар асылдары аз емес. Қорқыт ата тек қазаққа ғана емес, бүкіл Тұран еліне, түрік халықтарына қасиетті тұлға. Осындай тұлғаның мемориалдық мұражайы Қазақ жерінде, ұлы Сырдың бойында болуы біз үшін мақтаныш. Қорқыт бабаның ұлағаты ұлтымыздың асыл қазынасы. Ұлттық рухани тәрбиесі зор Қорқыт ата мұрасын жас өркендер жақсы білуі керек.-деді Қазыбек Иса.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның Қызылорда облысындағы екі күндік сапары көпшіліктің көңілінен шығып, жақсы әсер сыйлады.
Сапарда "Ақ жол" партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Сандыбаев, Қызылорда облыстық мәслихатындағы "Ақ жол" партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Боранбаев және облыстық мәслихат депутаты Нұрымжан Сопбеков және филиал қызметкерлері бірге болды.
Әбдімәлік АҒЫБАЙ, Қазақстанның Құрметті журналисі
Қызылорда облысы