Дарындыға – даңғыл жол

Дарындыға – даңғыл жол

«Ғылымсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деп халық даналығы айтпақшы кішкентайынан ғылымға бет бұрған балалардың болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз. Осындай талапты бүлдіршіннің бірі – Түркістан облысы Кентау қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы білім беретін мектептің 2 «В» сынып оқушысы Қосан Дарын. Таяуда ғана ол 2-7 сынып оқушылары арасындағы «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының қалалық және облыстық кезеңдерінде «Технология және өнер» секциясы бойынша «Гипстен жасалған бұйымдар» атты ғылыми жобасымен топты жарып, бас жүлдені иеленді. 

« – Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік туғызған сайын оның ғылымға деген құштарлығы одан әрі арта түседі. Біз оларды ғылыми-ізденіске, ғылыми жоба қорғауға баулу арқылы білімдерін одан әрі тереңдете түсеміз. Өз кезегінде бұл әлемдік білім кеңістігіне ену жолындағы тұлғаны дамыту аймағына бастаған алғашқы қадамдарымыздың бірі десек болады. 

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, дамыту – оқушы шығармашылығын қалыптастырудың нақты жолдарының бірі.

 «Бала ғылым жолын қусын десең, бесігінде-ақ ғылым шоғын көсе» деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы бүгінгі күні дұрыс бағыт-бағдар бергеніміздің нәтижесінде жас зерттеушілердің қатарынан көрініп, «Зерде» ғылыми жобалар мен шығармашылық жұмыстары сайысының жүлдегерлері атануда. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Алдағы сындарда да оза шауып, бәйге алса деген ниетпен осы бағыттағы жұмыстарымызды одан әрі жандандыра түсіудеміз » дейді оқушының ғылыми жетекшісі Ақтолқын Шоманова.

«Гипстен жасалған бұйымдар» атты ғылыми жобасында Дарын Бағланұлы гипс туралы толығырақ мәлімет бере отырып, оны бүгінгі күні қолданудың тың тәсілдерімен бөліседі. Ғылыми жоба аясында оқушы тақырып жайлы жан-жақты зерттеулер жүргізе отырып, тақырып бойынша өзінің идеялары мен ұсыныстарын ортаға салады.

«Гипс – экологиялық таза, тыныс алатын, сезімтал, жөндеу және қайта қалпына келтіруге болатын, әр түрлі әрлеуді біріктіруге мүмкіндік беретін таңғажайып материал. Менің гипстен жасалған заттарым жақындарымды қуантатыны сөзсіз. Себебі кәдесый ретінде мен өз қолымнан шыққан туындыларымды алғашқы болып өз жақындарыма, достарыма сыйға тартамын. Өзімнің шығармашалық қабілетімді дамыта отырып, гипстен жасалатын бұйымдарды табыс көзіне айналдыру жолдарын да қарастырамын деген ойдамын» – дейді кішкентай ғалым. 

«Дарындыға – даңғыл жол» демекші, Дарын Қосан өзінің қолынан шыққан туындыларымен алда әлі талайларды таңдай қақтырары сөзсіз. Біз зерделі бүлдіршіннің «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсында оза шауып, бәйге аларына сенеміз.

Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қазақ үні