БАСПАГЕРЛЕР БАҒБАНЫ
2025 ж. 25 қаңтар
274
0
Үндемей жүріп, үлкен істерді тіс жарып, жарияға жар салмай-ақ тындыратын адамдар болады. Сонысымен ортасына үлгі, қоғамға сыйлы. Ал бұл тұрғыдағы түздің де, үйдің де тіршілігін тап-тұйнақтай етіп ұстаудағы әйел адамның жаупкершілігі айтпаса да түсінікті.
Осы ретте әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультеті «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Рамазанның болмысы қайраткер қазақ әйелінің прототипі іспетті. Себебі, зерделі ғалым, ұлағатты ұстаз, білікті басшы hәм ардақты ана – төрт тағанды тең ұстап, еңбекқорлықтың ерекше үлгісін көрсетіп келеді.
Қияндағы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Таңат елді-мекенінен оқысам-тоқысам деп, ару Алматыға келген балаң Айгүлдің шын мәнінде армандары атан түйеге жүк болғандай екен. Зерек жас сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік дипломмен тәмәмдайды. Жоғары оқуды бітіргеннен кейін мамандығы бойынша еңбек жолын «Өнер» баспасында редактор болып бастайды. Әдепкіде оқуда озат болған ол жанына ғылым-білім жақын екенін ұғынады. «Инемен құдық қазғандай» оқуын одан әрі жалғастырып, ғылымның жолын таңдайды. Сөйтіп, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының аспирантурасына түседі. Жастайынан жинақы, алғыр жас ғылыми жұмысын «қыздың жиған жүгіндей етіп», дер уағында дайындайды. Аспирантураны бітірер жылы-ақ, кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғап шығады.
Отбасы, ошақ қасының да түтінін түзу ұшырған Айгүл Әмірғалиқызы араға біраз жылдар салып барып, «Қазақ баспасөзі және Қазақстандағы тіл саясатының қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. Тақырып өзекті. Ұлт баспасөзі мен ана тілі мәселесі тәуелсіздік алған жылдардан бері жиі талқыға түскенімен ғылыми тұрғыдан жүйеленбеген еді. Осы бір ауыр жүкті жеңілдетіп, ғылыми тұрғыдан негіздеді. Ізденіс жалғасын таба берді. Үздіксіз еңбектің нәтижесінде ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жоғарғы Аттестациялық комиссияның шешімімен доцент лауазымын да алды.
Ғылыммен бірге қызметті де қатар алып жүрді. Еліміздің маңдай алды оқу орындарындағы жауапкершілігі зор жұмыстарды абыроймен атқарып келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Журналистика тарихы кафедрасында аға оқытушы, доцент, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің «Журналистика және саясаттану» факультетінің және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Журналистика және практикалық қазақ тілі» кафедрасының профессоры болып қызмет істеді.
2016 жылдың қыркүйек айынан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде профессор, ал 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының меңгерушісі болып, еңбек етіп келеді.
Әр уақыттың өз талабы, өз сұранысы бар. Соған сай мамандықтар екшеліп жатады. Соңғы кезде сауатты редактор, білікті баспагер, шебер дизайнер мамандарға сұраныс жоғары екенін байқаймыз. Ал маманды дайындайтын оқу орны. Осы ретте жоғарыда айтқандай, Айгүл Әмірғалиқызы басқарып отырған кафедраның маңызы зор.
Кафедра бастапқыда журналистік шеберлік және әдеби редакциялау деп аталды. Бір кездері оны ұстазы филология ғылымдарының докторы, профессор Тауман Салықбайұлы Амандосов басқарды. Ал, 1998 жылы кафедра «Баспа ісі» болып жеке бөлініп шықты. Баспа ісі мамандығының жанынан 2010 жылы «Дизаин» мамандығы ашылды. Кафедра күннен-күнге кеңейіп келеді. Соңғы жылдары «Медиадизаин», «Баспа менеджменті және типографика» (2021 ж.) магистратура «Сандық медиа драматургиясы» (2023 ж.) мамандығын ашты. Алғашында қиындықтар кездесіп, гранттар өте аз бөлінді. Табанды, салмақты Айгүл Әмірғалиқызы басқаруымен кафедра ғалымдары мен мамандары үнемі ізденісте болды. Бір қызығы, Қырғыз елінде әлі күнге дейін «Баспа ісі» деген мамандық жоқ, оған мүлде көңіл бөлінбейді. Сондықтан болар, көршілерде кітап ісі дамымай жатыр.
«Қазір дизайнның түрі көп. Ал біздегі мамандық кітап өнімдеріндегі дизаинмен тікелей байланысты. Қазір телевидение, сайттардың медиадизаинына сұраныс артып келеді. Тауман ағайдың кафедрасынан бастау алған мамандық жыл сайын дамып келеді. Заман талабына және сұранысына сай жаңа мамандықтар ашылуда. Бұрын-соңды “Дизаин” орта деңгейде болатын. Ал соңғы он жылда мамандыққа деген қажеттілік арта түсті. Оның ішінде өндіріс, киім дизаины жақсы жолға қойылған. Ал біздің кафедра бұқаралық ақпарат құралдары мен кітап дизаинымен айналысатын мамандарды даярлайды. Абитуриенттердің тарапынан сұраныс та аз емес. Гранттың аз бөлінетініне қарамастан, құлшынып, қызығып келетін талапкерлер көп» – дейді, Айгүл Әмірғалиқызы.
Бүгінде білім саласына қойылатын талаптарға орай кафедра да соған сай жұмыс істеуде. Scopus басылымына көп материал жариялаған белгілі ғалымдарды ағылшын тілінде дәріс оқуға шақырда. Студенттердің шетелден тәжірибе алмасу мәселесі жолға қойылған. Мармара университетімен «Дизаин» мамандығы бойынша келісім шарт бар. Магистранттар бірнеше жыл қатарынан екі апта көлемінде тәжірибе алмасып жатыр. Түркия, Ресей, Өзбекстанмен байланыс бар.
«Халықаралық және ұлттық рейтингтерде көш басында болу уақыт талабы. Осы ретте кафедраның басты мақсаты – жұмыс берушілерге қажетті мамандықтарды дайындау. Мысалы, қазір әдеби агенттер керек. Сол сияқты үлкен зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір құсни жазатындар жоқтың қасы. Бізде ол пән ретінде енсе, ал Өзбекстанда бағдарлама түрінде оқытылады екен. Себебі, оларда қолжазбамен жұмыс істеу жоғары деңгейде. Осындай қажетті мамандарды даярлау жоспарда бар» – дейді Айгүл Әмірғалиқызы.
Соңғы жылдары елдегі кітап өндірісі қарқынды дамып келеді. Білікті баспагерлер бағбанының назарында екі баспа ерекше бақылауында екен. Бірі, «Мазмұндама», екіншісі, «Стэф Ворлд» баспасы. Екеуінің де ұстанымы мен идеялары өте керемет. Шетелдің жауһар туындыларын қазақ тіліне аударады. Ол шығармалардың қазақ оқырмандарына пайдасы көп. Аудармалары өте сапалы, оқуға тұрарлық. Қазір ауыл баласы да, қала баласы да жарыса кітап оқиды. Кітапты сыйға тарту мен кітап жәрмеңкесін ұйымдастыру жақсы дәстүрге айналып келеді. Өзі оқыған кітаптардың баспаларына назар аударып отырады.
Айгүл Әмірғалиқызы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультеті «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының меңгерушісі болып келгенде кафедра студенттерінің саны жүзге де жетпесе, қазір төрт жүзден асқан екен. Шет елдерден: Бангладеш, Қытай және Ресейден студенттер оқиды.
Айгүл Әмірғалиқызы қызметпен бірге ғылымды да қатар алып келеді. Бұл ретте: «Жалпы қайсының жүгі ауыр болды? Және қайсысы жаныңызға жақын болды?» – деген сауал туындайтыны анық. Оған жауап беру үшін ғылымдағы мына жетістіктеріне көз жүгіртсек, түсінікті болар. Ғалымның «Әлем баспасөзі тарихынан» («Санат» баспасы, 1998 ж., 14 баспа табақ, авторлық бірлестікте), «Шетел журналистикасының тарихы» («Қазақ университеті» баспасы, 2006 ж., 10 б.т.) атты оқу құралдары мен 2018 жылы жарық көрген «Қазақ баспасөзі және Қазақстандағы тіл саясатының қалыптасу, даму жолдары» («Қазақ университеті» баспасы, 19,5 б.т.) атты монографиясы және жүз шақты ғылыми мақаланың, бірнеше типтік бағдарламаның авторы екендігі көп жайтқа көзді аша түседі.
Еңбекті өнбегі демекші, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Рамазан 2017 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен (куәлік №159), 2022 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен (куәлік №0754), 2024 жылы «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не сіңірген еңбегі үшін» Күміс медальмен (куәлік №186) марапатталуы көп жылғы қызметінің өтеуі іспетті.
Айгүл Әмірғалиқызы еңбек жолын баспадан, ал ғылымдағы жолын Университет аспирантурасынан бастап, филология ғылымдарының докторы, профессор, Журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі сынды табысты, абыройлы биік белестерді бағындырып келеді. Әріптестері жоғары кәсіби біліктілігін, жұмыстағы жауапкершілігін және басшылық қызметтегі талапшылдығын ізбасар шәкірттері жоғары бағалап, үлгі тұтады.
Өнегелі өмір, саналы ғұмырын еліміздің ғылымы мен білімі саласының дамуына және руханиятымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан қомақты үлесі мен сіңірген ерен еңбегі үшін ерекше құрмет тұтамыз. Майталман маман ретінде маңдай тері төгіліп, көмей еті сөгіліп еңбек еткен Айгүл Әмірғалиқызының ұшан-теңіз білім-білігі мен бірегей қарым-қабілеті талабы таудай талантты жастарға үлгі-өнеге.
Сөз соңында Айгүл Әмірғалиқызының ең басты қыры – ардақты ана, асыл әже, үлкен бір отбасының ұйытқысы екенін айту ләзім. Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Шәріпбек Әмірбеков отағасы екеуі үш бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде екі немере сүйіп отыр. Профессорлар отбасында өскен ұрпақ та тамырына тартып, білім мен ғылымның саясында сусындап, өсіп келеді.
Еңбек жолын мамандығы бойынша баспаның редакторы болып бастап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультеті «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессоры деңгейіне көтеріліп, еліміздегі білікті баспагерлердің бас бағбанына айналған Айгүл Әмірғалиқызы алпыстың белесіне көтерілген екен. Табысты ісі мен ғибратты ғұмырының нәтижесінде үлкен ғалым атанған білікті басшыға көзіңізден от, жүрегіңізден жылу кетпесін дейміз! Елге сіңірер еңбегіңіз, келер ұрпаққа берер тәліміңіз алдағы уақытта да жалғасын таба берсін! Зерделі ғалымдық, ұлағатты ұстаздық тұлғаңыз биіктей берсін!
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Философия ғылымдарының кандидаты