ӘЛЕМДІК КЕҢІСТІККЕ КӨЗ ТІГЕМІЗ
2025 ж. 25 қаңтар
339
0
Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, барлық озық елдер белсенді қатысуымен жетекші университеттер базасында жоғары технологиялық өндірістер құра отырып, экономиканы және олардың адами капиталын дамытуға ұмтылады. Гарвард, Кембридж, Стэнфорд сияқты жеке университеттер білім және ғылым, инновация және өндіріс орталықтары бола отырып, мемлекеттерді дамытудың драйверлеріне айналғанын бәріміз білеміз. Әрине, әр дәуір өзінше ерекше. Жоғары білім беруді дамытудағы маңызды басымдықтар өте көп. Бірақ, негізгі басымдықтарды іске асыруда және сапалы мамандарды даярлауда жоғары оқу орындары басшылыққа алатын басты құжат Қазақстан Республикасында ғылым мен жоғары білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы екені баршаға белгілі.
Ең алдымен, жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібіне шығару заңды болып табылады. Өйткені елдегі демографиялық жағдай, туу көрсеткіштерінің жыл сайынғы өсуі ел азаматтары санының өсуіне оң әсер етеді. Тиісінше, жыл сайын мектеп түлектерін кәсіптік біліммен қамтамасыз ету қажеттілігі туындайды. Жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейте отырып, Қазақ елі бұл мәселені лайықты шешуге ұмтылады. Алайда, демографиялық даму қарқынымен үнемі итермелейтін гранттар санының үдемелі өсуі ел бюджеті үшін үлкен ауыртпалыққа айналатыны жасырын емес. Сондықтан бұл мәселені алдын-ала шешкеніміз ләзім.
Оңтүстік өңірінде халық тығыз орналасқаны аян, яғни, болашақ студенттер де жеткілікті. Көбісі туған жерінде оқуды жоспарлайды. 2024 жылғы 1 сәуірде Шымкент қала халқының саны 1231,8 мың адамды құрады. Оның басым бөлігі – жастар.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 9 жоғары оқу орны бар. Соның ішінде, Оңтүстік өңірінде ең ірі және білімі мен ғылымы қатар дамыған жоғары оқу орындарының бірі – Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті. Оқу орнының басты ерекшелігі – оқудың толық циклі қалыптасқан: бастауыш мектеп – балабақшасы, элиталы лингвистикалық мектеп, колледж, бакалавриат, магистратура, PhD докторантура.
Биыл оқу орнымыздың құрылғанына 25 жыл толып отыр. Аз уақыт емес. Ел алдында есеп берер мерейлі жыл десек те болады.
1999 жылы туысқан көрші елдер Президенттерінің келісімі бойынша негізі қаланған оқу ордамыз сол күннен бастап, жастардың білім алу жолындағы достықтың берік қамалын қалай білді. Білім ордасын ашуда қаншама қиыншылықтар кездесерін білсе де, ауыр жүкті беліне байлап, елдердің достастығын біліммен ұштастыруға нық қадам жасаған химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының және Нью-Йорк Ғылым Академиясының академигі, П.Капица атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Әбдімұса Мұратұлы Қуатбеков болатын. Осы 25 жыл ішінде университетті қалыптастырып, оның даму жолына аянбай сіңірген еңбектеріне деген құрметті тарихта қалдыру мақсатында өзі негізін қалаған оқу ордасына атын беру мақұлданып, 2019 жылғы 25 қаңтарда академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті болып өзгертілді.
Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті бүгінде еліміздің оңтүстік аймағындағы жетекші оқу, ғылыми, әдістемелік және мәдени орталықтардың бірі. Жоғары білім беру саласында сапалы және кең ауқымды білім беру қызметтерін, оқытудың жаңа технологияларын енгізіп және ғылыми зерттеулердің бағыттарын кеңейтіп, тынымсыз нәтижелі жұмыстар атқаруда. Университеттің ғимараттары мен спорттық кешендері заманауи талаптарға сай жабдықталған және жеткілікті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 7 оқу ғимараты, 3 спорттық кешен, 3 студенттер жатақханасы, 4 жаңа ғимарат, 5 мәжіліс залы, 3 медициналық орталық бар.
2025 жылдың 1-ақпанында оқу ордамыздың 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шарада жаңа оқу корпустарын, ғылыми-зерттеу орталығы мен халықаралық стандарттағы спорт кешенің ашылу рәсімін өткізу жоспарлануда.
Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды тұғырнамасында жоғары білім саласын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Біріншіден, студенттердің шәкіртақысын 2025 жылға дейін 2 есеге арттыру жоспарланса, осы бағытта 25 жыл көлемінде жастарға әлеуметтік пакеттің түр-түрін ұсынып, университет негізін қалаушы Әбдімұса Қуатбеков қалыптастырған үрдісті жалғастырып тұл жетім, жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына, үздік аттестатпен бітірген ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектерге, халықаралық пән олимпиадасының жүлдегерлеріне, үздік оқырмандарға, спорт шеберлеріне және тағы басқа білім алушыларға университет ректорының грантын тағайындап, оқу төлемақыларынан 50-100% арасында жеңілдік беріп отырмыз. Екіншіден, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамына цифрлық кітапханалар пайдалануға берілген. Тұжырымдаманың үшінші стратегиялық бағытында көзделген инфрақұрылымды дамыту осы оң өзгерістердің барлығын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді көздейді. Бірінші кезектегі қажеттілік – білім алушыларды жатақханалармен қамту да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі 100% шешілген.
Студент, магистрант, PhD докторанттарды, жас ғалымдарды ғылыми жобаларды орындауға баулу, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу деңгейін жоғарылату, заманауи зертханада жұмыстар жүргізу мақсатында жаңа 3-қабатты «Next Step» атты ғылыми-зерттеу орталығын салып, ғылыми өндірістік кешенін заманауи жабдықтарымен толық жабдықтадық. Онда білім алушыларға, жас ғалымдарға теориялық білімдерін практика жүзінде көріп, ғылыми-зерттеу және зертханалық жұмыстар жасауға мүмкіндіктер қалыптастырған. Осыған орай, қазіргі таңда университет ғалымдары Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына тіркелген 10 ынталы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауда. Мемлекет қаржыландыратын гранттық жоба жетекшілері, орындаушылары да нәтижелі жұмыстар атқаруда. «Химия және биология» кафедрасы профессорларының жетекшілік етулерімен: 2024-2026 жылдарға арналған «Күкірт қышқылын өндіруде пайдаланылған ванадий бар катализаторларды кешенді өңдеу технологияларын әзірлеу» тақырыбындағы (94 млн. теңге) жоба, «Топырақ құнарлығын анықтау және қалпына келтіру ҚР-ның оңтүстік өңірі» тақырыбындағы (115 млн. теңге) бастама жобасы өте маңызды нәтижелер берді. Басқада университетте көптеген шаруашылық келісім-шарт негізінде ғылыми-зерттеу жобалар орындалуда. Студенттермен жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстары да нәтижелі табыстарға қол жеткізген. Соның ішінде жыл сайын көптеген үздік студенттеріміз ТМД оқу орындары арасында «Үздік студент» байқауының «Талантты жастар халықаралық энциклопедиясы» жобасының 1-дәрежелі дипломдарымен марапатталады.
Бізге әріптестеріміздің және студент жастардың жаңа цифрлық технологияны және жасанды интеллектіні еркін меңгергені керек. Сол үшін, біз білім бағдарламаларын қайта қараудамыз. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән беріліп жатыр. Осы орайда, оқу, ғылыми, стратегиялық және тәрбие қызметін цифрлық үйлестіруді күшейту мақсатында оқу орнымызда цифрлық трансформация және технологиялар трансферті табысты жұмыс істеуде. Ол мемлекеттік цифрландыру реформаларына сүйене отырып, заманауи технологияларды қолдана отырып, университеттің бизнес-процестерін жасанды интеллект арқылы оңтайландыру жөніндегі жұмыстарды бастамашылық етеді және жүзеге асырады. Цифрлық трансформация және технологиялар трансферті университеттің әртүрлі құрылымдары арасындағы IT-хаб болып табылады. Оқу ордамыздың жанында Е-Tech Hub (инженерлік-технологиялық хаб) табысты жұмыс істейді, ол қазір идеяларды жинақтайды және байланыстарды жолға қою және нығайту бойынша іскерлік қызмет жүргізеді. Күрделі ғылыми міндеттерді шешу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыру үшін университет басшылығы мықты компьютерлердің база мүмкіндігін барынша жұмылдырып жатыр.
Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, суперкомпьютерлер университетке, ең алдымен, ғылыми-білім беру процесінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін қажет. Цифрлық технологиялардың көмегімен біз университеттің білім алушылары мен қызметкерлерінің күнделікті өмірін барынша жеңілдетеміз. Бүгінгі таңда университетте Documentolog электрондық құжат айналымы жүйесі табысты іске асырылуда. Бетті тану технологиясы бар контактісіз өткізу жүйесі (Face-ID жүйесі бар турникет) сәтті сыналды және енгізілді. Екі жаңа кампус салынды және жұмысқа дайын, цифрлық кеңістікте студенттерді, магистранттарды және PhD докторанттарды оқыту үшін виртуалды және толықтырылған шындық (AR және VR) зертханалары құрылған.
Университеттің білім беру интернет-порталы барлық қажетті оқу-әдістемелік ақпаратты қамтиды, оқу контентін басқарудың желілік жүйелері ретке келтірілген, оқытушылар қашықтан оқытудың дидактикалық құралдарын: электрондық оқулықтарды, мультимедиялық курстарды, бейнедәрістерді, вебинарларды әзірлеген. Қашықтан оқытуға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйеге қосылған. Мобильді нұсқадағы жаңа жүйенің заманауи интерфейсі, көптілділігі (қазақ, орыс, ағылшын, латын) қашықтықтан оқыту режимі жағдайында оқу процесінің құрылымын автоматтандыру және оңтайландыру бойынша талаптарға толық жауап береді.
Міне, бүгінгі «Цифрлы технология мен инженерияның» үстемдік кезеңіндегі нарық бәсекелестігінде де тәуекелді индикаторларының кешенді болуы университеттің қалыпты дамуына мүмкіндік жасауын, сол заманда-ақ әкеміз, Әбдімұса Мұратұлының Стратегиялық ұстанымының айқындығын айта кетуді жөн санаймыз. Мысалы, сол кезеңдерде техникалық мамандықтарға сұраныстың күрт төмендеуіне қарамай, университетте гуманитарлық бағыттарға қоса экономикалық тиімділігі төмен шығынды техникалық мамандар бағытында да кадрлар дайындауды қолға алуы болашақты болжаудағы әкемнің – «Тұлғалық келбеті» десек орынды шығар. Бүгінде оңтүстік өңіріндегі жеке жоғары оқу орындары арасында техникалық бағытта мамандар дайындап отырған бірден-бір оқу орнымыз. Университетте «Сәулет және құрылыс», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Ақпараттық технологиялар» бағытындағы білім беру бағдарламаларына басымдық берудеміз.
Біздің қалыптасып, дамып келе жатқанымызға 25 жыл болса, осы жылдардың барлығында мемлекеттік мекемелермен, ірі компаниялармен, зауыттармен, білім және ғылым ошақтарымен келісім-шарт негізінде жұмыс жүргізіп, білім алушылардың жұмыспен қамтылуын басты назарда ұстап келеміз. Университет қызметінің маңызды көрсеткіштерінің бірі түлектерге деген сұраныс пен жұмысқа орналасу болып табылады. Білім беру қызметтерін ұсыну бойынша халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес. Сонымен қатар, жекеменшік жоғары оқу орындарының ішінде алғашқылардың бірі болып институтционалды және мамандандырылған аккредиттеу сертификатының иегері болды. Көптілде білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ағылшын тілінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу, әлемнің жетекші университеттерімен қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылуда. Профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылуда.
Биыл оқу ордамыз үшін спорттық жаңалықтарға және жетістіктерге толы жыл болды. Еліміздегі дене шынықтыру және спорт саласының дамуына қосқан үлесі және негізгі білім беру жүйесі шеңберінде халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындауда белсенділік танытқаны үшін оқу ордамыз «Спорт саласындағы үздік оқу орны-2024» номинациясымен марапатталды.
Құрылғалы бері қоғам мүддесі үшін 70 мыңдай кәсіби маман даярланса, соңғы 5 жылдың өзінде отыз мыңнан аса бакалавр, мыңға жуық магистр, 7 докторант түлеп ұшты.
Жиырма бес жылдық мерейтой өткенді қорытындылайтын, бүгінгіні саралап, ертеңге бағдар құратын сәт десек, ұжым болып атқарған жасампаз жұмыстарымыз игілігімізге айналып қана қоймай, кемел келешегімізге де берік іргетас болып қалануда. Біз бүгінгі жетістікке тоқмейілсімей, әлемдегі озық оқу орындарының қатарынан көрінуге күш саламыз.
Халық азаматы болған академик Әбдімұса Қуатбеков есімін иеленген университетіміздің абыройы асқақтай берсін!
Рабиға ҚУАТБЕКОВА,
Академик Ә.Қуатбеков атындағы ХДУ-нің ректоры, м.ғ.д., ҚР БҒМ-нің профессоры , Арыс қаласының «Құрметті азаматы»