САРҒАЙҒАН СУРЕТ СЫРЫ

САРҒАЙҒАН СУРЕТ СЫРЫ

Қазақтың тілі мен ділі қырқылып, жойдасыз саясат жұлқынып тұрған кеңес дәуірінде ұлттық рухты оятуға ұмтылған аға буынның қайраткерлігіне қалай тәнті болмассыз?! Тыйым мен тығырықтан жол тауып, құндылықтарымызды түгендеудің амалын іздеген азаматтардың ізгі ісі – патриотизмнің нағыз үлгісі. «Қазақта би өнері болмаған» деп шекеден шерткен жатбауырлау ортада мәдени санамызды жаңғыртуға үлес қосқан жандардың бірі Қалқаман Хасенұлы десек, қателеспес едік. Ол Қостанайда алғаш рет қазақ биін ұйымдастырып, өзге ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, бастан-аяқ қазақша киіндіріп, қолдарына найза-қылыш ұстатып, ұжымның даңқын аспандатты... Толығырақ Қалқаман ағамыздың өз естелігінен оқиық.  

 Елу бес жылдан астам уақыт өтсе де біраз нәрсе есте қалған. Кейбіреулеріне ғана тоқталып көңіл бөлсек. 

  1969 жылы әскер қатарынан елге оралып облысымыздағы құрылғанына отыз жыл толған Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне құжаттарымды өткізіп, тамыз айында емтихандарды ойдағыдай тапсырып оқуға түстім. Ол уақытта өңіріміздегі ең бір беделді оқу орны осы пединститут болатын. Оқығысы келетін жастардың басым көпшілігінің еліміздегі басқа қалаларға барып оқуға түсуге жағдайлары көтере бермейтін. Оның үстіне, сол кезде тарих факультетіне түсетіндердің қарасы көп болатын. Себебі, ол факультетті бітіретіндердің жұмысқа тұруы, мамандық таңдау мүмкіндігі мол еді. Олар білім беру саласында, жергілікті атқару, басқару, партия мен кәсіподақ орындарында, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдарында, жастар ұйымдарының жетекшілері мен басшылары болып тағайындалуына, сайлануына тікелей жол ашылатын.

 Дайындықтары терең, ой-өрістері кең, білім-ғылым жолына түсетіндердіңде басым көпшілігі тарих факультетінің түлектері болатын.

 Ол кездегі студенттердің басты мақсаты қалайда жан-жақты, салмақты, терең білім алумен қатар, қоғам жұмысына саналы түрде белсенді, өз еркімен араласуы да мемлекеттің қолдауы мен қоғамның талабынан туындаған үрдіс болған еді.

 Жақсы білім алып жатқан жастар ертеңгі өмірге институт қабырғасында жүріп-ақ әр түрлі қоғамдық-саяси, рухани, отансүйгіштік тақырыптарға арналған іс-шараларға тығыз араласып, тәжірибе жинап дайындалатын. Өз басым үш жылдай әскер қатарында болғанымда партия қатарына өтіп, рота жауынгерлер жастарына (135 адам) қоғамдық негізде жетекшілік жасап, патриоттық, саяси-қоғамдық іс-шараларды өткізіп жүрдім. Сөйтіп тәжірибе жинадым. Институтқа түскен сәттен-ақ студент жастар жұмысына қызу кірісіп кеттім. Факультет, институт жастар ұйымдарында оқу тәрбие, саяси, спорттық, патриоттық, өнер салаларын жандандыруда атсалысатынбыз.

 Студенттердің ондай көп мерзімге созылатын оң істері институт, қала, облыс басшыларының назарынан тыс қалмайтын. Соның бір көрінісі – тарих факультетінің III курс студенті Жақып Қалқаманды 1971 жылдың 19-шы қазан айында Мәскеу Бүкілодақтық студенттердің I слетіне делегат сайлап шығарып салғаны. Онда Кремелдің наградтау залында алғашқы рет «Ерен еңбегі үшін» медальмен марапатталғаным ұмытылмас сәттердің бірі еді.

 Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта оқып жүргенде қалалық жасөспірімдер сарайындағы би үйірмесіне қатысқан жалғыз қазақтың баласы болатынмын. Әскерден оралған соң өнерімді жалғастыру мақсатымен облысмыздағы жаңа ғана құрылған «Кустанайские зори» би ансамблінің белсенді мүшелерінің бірі болдым.

 Мен 1969 жылы пединститутқа түскенде оқу орнымыз қазақтың қас батыры Амангелді Иманов атында болатын. Бұл атау институтымызға 1944 жылдың шілдесінде арнайы үкіметтің қаулысымен берілген.

 Ал 1972 жылы бұрынғы атауды белден басып, ұжыммен ақылдаспастан, талқыға салмастан, «КСРО-ның 50 жылдығы» деген атаумен институтымыз бір сәтте өзгеріп шыға келді. КСРО-ның құрылғаны 1922 жылдың жетоқсан айы болатын.

 Одақтың өркендеп дамуына қазақ елі де аянбай еңбек етті. Осыған біз студент жастар өнеріміздің бір саласы би арқылы үн қосайық, халқымыздың батыр, рухы биік, намысы мықты, азаттық пен бостандық жолында жан қиярлық ерлік көрсете білген қазақ осындай деген ойды тек қызуқанды қазақ жігіттерін жігерлене түсетін қылыш, қалқан, найза сол бір жаумен кескелескен ұрыстың көрнісін сахналаған едік, көрермендер күтпеген сәтті, бұрын көрмеген би болды. Осы «Жігіттер» би тобының ұйымдастырушысы, жетекшісі, хореограф, режиссер қоюшысы болу бақыты маған бұйырған екен. Шынын айту керек, осындай қазақ биін армандап жүргенде мен соны өзім сахналаймын деген ой болмады.

 Бірақ бірде сол облыстық «Кустанайские зори» би ансамблінің жетекшісіне: «Кешірерсіз, осы біз қалалық облыстық концерттерде орыс, украин биін, «гоннигін» венгр биін, солдаттар биін, тіпті сыған биін де сахналап жүрміз. Біз Қазақ елінде тұрып, неге қазақтың ерлер биін көрсетпейміз?» – деп ойымды аяқтап үлгергенім сол еді, жұлып алғандай: «Қазақстанда ерлер биі жоқ!» – деп қысқа қайыра салды. Мен ақырын ғана: «Онда бұл ансамблде мен енді билемеймін», – деп, сол арада киініп, кетіп қалдым. Кейін жетекшім институтқа талай телефон соқты, шағымданды, бірақ мен сол кеткеннен қайырылып бармадым. Оның есесіне институтымызда құрамында 10-12 студенттерден тұратын «Жігіттер» би ансамблі өмірге келді.

«Жігіттер» би тобының мүшелері мына суретте тұр. Бірінші қатарда отырғандар (оңнан солға қарай):

1. Жақып Қалқаман, жетекші, ұйымдастырушы, қоюшы, сценарист;

2. Физмат студенті;

3. Махновский Николай, тарих факультетінің студенті;

4. Қабылдин Қылыш, физика-математика факультетінің студенті.

Екінші қатар тұрғандар (оңнан солға қарай):

1. Ибраев Болат, физика-математика факультетінің студенті;

2. Шайынов Бейбіт, тарих факультетінің студенті;

3. Ергелдинов Кеңес, тарих факультетінің студенті;

4. Дүйсенбин Барыс, физика-математика факультетінің студенті.

Ал бишілердің қолдарындағы қалқан мен найзалар студенттеріміздің өз қолдарымен жасалып, оюланып, боялған еді.

 Сөйтіп, алғаш қысынан-ақ «Жігіттер» би ансамблі институтымыздағы факультетаралық, қалалық, облыстық бишілер өнерпаздары байқауында I орынға ие болып отырды. Каникул кездерінде біздің ансамбліміз үлкен концерттік құрамға еніп, Қостанай, Рудный, Лисаков, Федоров, Наурызым аудандарына барып, халық алдында өнерлерін көрсетіп, ел еңбекшілері ризашылық көңілмен алғыстарын білдірді.

 1973 жылдың жазында біздің бишілер тобын республикаға шақырды. Бірақ жаз айларында студенттеріміз ауылдарына кетіп қалғандықтан, оларды жинау мүмкін болмай, Алматыға бара алмадық. Би тобының мүшелері тек пединститут студентері және қазақ ұлт өкілдері еді.

Осы тұста айта кететін нәрсе, сол уақыттың солақай саясатының салқын болғаны соншалықты, мені «ұлтшыл» деп атамас үшін би тобының құрамына өзге ұлт өкілдерін қабылдадым. Бірақ олар екінші резерв тобында болатын. Олардың біреуі неміс ұлтының өкілі, екіншісі кәріс ұлтының өкілі-тін. Екеуі де тарих факультетінде оқитын.

 «Жігіттер» би тобы Ресей жерінде де халықпен қауышты. 1972 жылы тарих факультетінің III курсының жазғы емтихандарын мерзімінен бұрын он студенттің бірі болып тапсырып, мамыр мен қараша айлары аралығында Қара теңіз жағасындағы «Артек» халықаралық жастар лагерінде, сол кездегі бүкілодақтық пионерлер лагерінде вожатый болып алты ай қызмет атқардым. Онда да осы пионерлер ұйымының құрылғанына 50 жыл толуына байланысты «Жігіттер» биін қойып, он пионер лагері ішінен, демалып жатқан бір мыңнан астам жасөспірім арасынан менің «Алмазная дружинадағы» 2-ші отрядымнан (он екі ұл бала) әр ұлттың өкілінен жасақталған бишілерім I орынға ие болып, сол уақытта «Артектің» үлкен медалімен әрқайсысы және би тобының жетекшісі, қоюшы ретінде мен де марапатталдым. 

 Сөйтіп, сонау алыстағы Қара теңіз жағасында, жеті ұлттың өкілінен құрылған қазақтың «Жігіттер» биін билетіп, қазақтың құдіретті өнеріне бастарын идіріп, маңдайларын жерге тигізіп, қасиетті қазақ биін орындаған балалардың да, өзімнің де қуанышқа бөленген кезеңіміз әлі көз алдымда. Алаш ардақтыларының бірі, өнер саңлақтарының бірегейі, ұлтымыздың әйгілі композиторы Ахмет Жұбановтың «Би» күйінің әуенімен сүйемелденген бишілер тобы қаһарман қазақтың жауынгерлік жігерлі биін дүбірлетіп алып кеткенде Қара теңіздің ақ көбік шашқан толқындары тұншыға тоқтап, Қырымның қария таулары құлақтарын тік түріп, үн шығармай таңдана тыңдағандары-ай! Өмірдегі ұмытылмас қуанышты сәттердің бірі-ай, шіркін!

 Бұл да болса биыл торқалы 85 жылдығын тойлап жатқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетінің бір парақ тарихынан белгі емес пе?

Қалқаман ЖАҚЫП,  

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік Университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, Қостанай қаласының Құрметті азаматы, Пединституттың 1974 жылғы түлегі