АРАЛАС МЕКТЕП АЛЫСҚА АПАРМАЙДЫ

АРАЛАС МЕКТЕП АЛЫСҚА АПАРМАЙДЫ

Қазіргі кезеңде қазақ халқының өзі қазақ тілді, орыс тілді болып, тіл негізінде іштей бөлінуді бастан кешуде. Қарап отысақ, «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деген сөздің мәні мен сыры – ең алдымен өз ұлтымыздың тілдік негізде екіге бөлінуіне жол бермеу ғой. Яғни, мемлекеттік тілдің қайнар көздерін жарқырата ашу, арнаны кеңейту.

Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, педагог-журналист ретінде өз байқауымша, қазағымның тілдік негізде екіге, мүмкін үшке, төртке бөлінуінің негізгі себепкері – отбасы мен мектеп. Әрине, мемлекеттік жоғары билік құрылымдарының, лауазымы жоғары мемлекет қайраткерлерінің қазақ тілінде көсіліп, еркін сөйлеп тұруының маңызы айрықша. Бірақ олар да – отбасынан тәрбие алып, мектепте оқып-тоқығандар. Кеңестік дәуірде 1960-1985 жылдары (басқа уақытты айтпағанда) республикамызда жабылған 700-дей мектептің дені қазақ мектептері болғаны баршаға мәлім. Сол кезеңде балабақшадан, мектептен орыс тілінде сөйлеп шыққан қазақтың ұл-қыздары – қазіргі уақытта ата-ана, алды ата-әже. Күн сайын көріп, байқап жүргеніміздей, олар өз сәбилерімен, немерелерімен орыс тілінде сөйлеседі, қазақ тілін қажет етпейді. Балаларын жетектеп, қазақша балабақша, мектеп болса да, оқу орыс тіліндегі білім, тәрбие ордаларын жағалайды. Ұл-қыздары ұлттық тәрбиеден шет қалады-ау деп те ойланбайтын сияқты. Тіпті қайсыбірі білім болса болды, тәрбие өз-өзінен келеді деген сенімде жүреді. Ана тілі негізінде екінші, үшінші, т.б. тілді үйрену әлдеқайда жеңіл әрі сапалы болатынын, баланы табиғатына жат тілде сөйлеуге мәжбүр ету оның психологиялық, физиологиялық өзгерістерге, әр түрлі дағдарыстарға жиі ұшырауына соқтыратыны педагогика ғылымында айтылып, жазылып, дәлелденгеніне ден қоймайды, жеткілікті мән бермейді. Бауыр еті – балаларының табиғатына мұндай зорлық, өктемдік жасайтын ата-аналар педагогика, психология ғылымынан мүлдем хабарсыз болуы да мүмкін. 

Алматы қаласында өткен бір кездесуде менен бір оқушы «Қандай арманыңыз бар?» деп сұрады. Мен азаматтық асыл арманым – бүкіл орыс баласы орысша оқитыны сияқты, бүкіл қазақ баласы қазақ мектебі партасында отырғанын көргім келетінін айтқан едім. Менің бұл арманыма жетуім тікелей ата-аналарға байланысты болғандықтан, отбасылық тәрбие мәселесі мені ерекше ойландырады.

Халық жұмылса, алынбайтын асу жоқ. Шүкір, қазақ мектептерінің саны ақырындап болса да, көбейіп келеді. Оқу орыс тіліндегі мектептердің ұлты қазақ, орыс, корей, тағы басқа шәкірттерінің мемлекеттік тілді меңгеріп шығуы әр түрлі мінбелерден жиірек естіле бастады. Материалдық-техникалық базасы кадрлармен, оқу құралдармен, т.б. қамтамасыз етілуі бұрын да, қазір де оза даму жағдайында келе жатқан орыс тілді мектептердің мол мүмкіндіктері тиімді пайдаланылса, мемлекеттік тілді үйретуде жақсы нәтижелерге жетуге болады. Қазақ тілі мен әдебиетін қазақша оқыту жүзеге асса (қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті орысша оқытылатыны сияқты), нәтиже жақсара түсері даусыз. Ал қазіргі кезеңде оқу орыс тіліндегі мектептер қазақ әдебиетін оқытуда қазақ ақын-жазушылары шығармашылығы туралы орыс тілінде жазылған ғылыми-зерттеу еңбектерге, мақалаларға зәру. Бұл қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымдарды ойландыратын-ақ мәселе.

Соңғы жылдары санын азайту жөнінде әр түрлі мінбелерден, қазақ ата-аналар тарапынан жиі айтылып жүрсе де, керісінше қатары біршама өскен аралас тілді мектептерді қазақ балаларының тілдік тежелу, дағдарыс орталықтары десе де болады. Мектеп –шәкірттер тіл уызын қанып ішетін, қысылмай, еркін, сауатты сөйлеп үйренудің қайнар бастауы болуы тиіс. Ал аралас тілді мектептер, керісінше, қазақ балалары үшін шұбартілділіктің ордаларына айналады. Ал осындай мектептердің сан жағынан өсуінің тоқтамауы – қоғамдық пікірге кереғар іс-әрекет.

Солтүстік өлкелердің біріне республикалық педагогикалық оқулар өткен 1986 жылдан кейін араға ширек ғасыр салып барған сәтім еске түседі. Аудан орталығындағы қазақ тілді мектеп-интернат сол жыл бұрынғыдай әлі де қазақ тілді жалғыз орта мектеп екен. Ал аралас тілді мектептер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейгенін аңдап түршіктім.

Бұл – сырт көзге байқала бермейтін мектепаралық өзара жұмыс орны үшін талас-тартыстың салдары болуы да мүмкін. Себебі, сынып санының мектеп директоры жалақысына едәуір әсері бар болатын. Кейінде директордың айлық жалақысының сынып санына мұндай тәуелділігі жоқ қой. Дегенмен, ескінің жаңаға оңай жол бермейтіні сияқты, жергілікті білім жүйесі басшыларына таптаурын жолмен жүре берген жеңіл сияқты ма деген ой келді. Сондықтан ұрпағымыздың қалыптасуында тілдік дағдарыс тежеу туғызып, психологиялық зиян шегуіне апарып соғатын аралас тілді мектептерді азайтуға батыл кірісу қажет-ақ шығар.

Қазақстан халқын қалыптастыруда ұйытқылық қызмет атқаратын мемлекеттік тілді дамытуда, байытуда қазақ тілді журналист қауымның ықпал-әсері айрықша. Менің байқауымша, ұстаздар, қаламгерлер мән-мағынасы өте үлкен «халық» сөзін оңды-солды қолданып, жеңіл-желпі ұғымға айналдырып барады. Орыстілді журналистер еш уақытта «народ такого-та поселка» немесе «ауыла», тіпті, «области» деп жазбайды, айтпайды. Басқаны айтпағанда, біздің кейбір радио, телевизия, газет-журналдар «Қостанай халқы» немесе «ауыл халқы» дегенді қоймайды. «Тұрғындар» сөзін білмейтіндей, «халық» сөзінің мемлекеттік саяси мәнін бұлдыратып жібереді.

Сондай-ақ кейде орынсыз ұлыс өкілдерін санамалап, Қазақстан халқының біртұтастығына нұқсан келтіріп жүрміз бе деген де ой туады. Мәселен, бірде жергілікті мәслихат сайлауы барысындағы хабарлардан депутаттыққа ұсынылған кандидаттардың санымен бірге олардың ішінде неше ұлыс өкілі бары қайта-қайта айтыла берді. Депутаттыққа кандидаттар қай ұлыстан болса да, Қазақстан азаматтығы құқына сүйеніп сайлауға түсетіні мәлім. Ұлтына қарап дауыс берілмейді.

Қазақстан халқын құрайтын көптеген ұлыс өкілдерінің ұлттың өнері мен мәдениеті бірін-бірі байыта дамып келеді. Ал бірақ кейінгі жылдары балабақшадан бастап үлкен сахналарға дейін, той-томалақ қызықтарын жайлап алған «Шығыс биі» дегеннің қай ұлттікі екенін түсінбей-ақ қойдым. Мүмкін қателесетін шығармын, меніңше, бұл – бұрынғы шығыс сұлтандары гаремінің тұтқынындағы сұлулардың биі. Қай жақтан келсе де, мұндай ашық-шашық бидің біздің қыздарымызға, бойжеткендерімізге теріс ықпалы тым көп. Бір мектептің мерейтойында жиналған жұрт алдына жалт-жұлт етіп, кіндіктері ашық қыздар шыға келгенде қатты қысылғанымды еш ұмыта алмаймын. Және бұл би қазағымыздың ұлттық билерін ығыстырып бара жатқандай. Ең қауіптісі, кейінде қыздар жаз айларында көшеде де кіндігін көрсетіп жүретін болды.

Ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек жоқ екені рас. Еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұл-қыздарымыз құр еліктеуден аулақ болып, тәуелсіздік рухын, ұлттық өркениет нәрін санасына сіңіріп, өзге елдің озығына ұмтылса тамаша емес пе! 

Одан соң қазақ мектебі келешекте кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көше ме деген ой бар. Тіл тұғырын бекемдейтін ондай тарихи кезеңнің көшін бастау – қазақ мектебін орта білім беру ісінде бағдаршам болатын деңгейге алып шығатыны анық. Жауапты кезеңде бастауыш буынның бірінші сыныбынан араластілділік туғызып, ағылшын тілін қосақтау – қазақ мектебінің мемлекеттік маңызды міндет биігінен көрінуіне көп кедергі келтіруі мүмкін. Араластілділік мектеп табалдырығын аттаған балауса ұрпақтың еркін білім алуына бөгет болатыны анық.

Кеңестік идеологияның қазақ мектептерін араластілділіктің шылбырына байлау арқылы ана тілімізге тұсау салған саясатының жалғасындай, бірінші сыныптан ағылшын тілін оқытуды енгізуден бас тартқан абзал еді. Жалпы, орта білім жүйесінде, балабақшаларда оқу-тәрбие тіліне қатысты енгізілетін жаңалық атаулының жемісін, яғни нәтижесін ое-он бес жылдан кейін ғана көре бастайтынымыз – ерекше ескеретін мәселе. 

«Айтпаса, сөздің атасы өледі» дейді, ана тіліміздің жоғалуын тілегендей «үш тұғырлы тіл» тіркесінің қайта тірілгені қауіпті еді. Үш айырлы тіл болмайды. Екінші, үшінші тіл болса да әлемдік тәжірибеде туған тілі негізінде оқытылатыны ақиқат. Әлемдік педагогика ғылымы бастауыш буын «Ана тілі» мектебі деген қағидатты ұстанады. Бұл қағидаттың бұлжымас дұрыстығына көп мысал келтіруге болады. Мәселен, жапондық білім беру ісінде бастауыш мектеп толық ана тілінде жұмыс істейтіні аян. Отарлық бұғаудан шығып, туған тілін сақтап қалу үшін күресе білген фин халқының бүгінде білім жүйесі де, елдік дамуы да озық деңгейде. Ана тілінің бәсі биік болса, отансүйгіштік сезім де жоғары болмақ.

Ана тілін сақтау мен дамыту төңірегінде нақты істерді қолға алатын уақыт әлдеқашан келген. Айналамызға қарасаң, биыл бірінші сыныпқа баратын қызын жаңа оқу жылы басталғанға дейін үш айлық ақылы ағылшын тілі сабағына апаруға мәжбүр болған көрші келін Қарлығаш: «Ана тілінде еркін сөйлеп үйренбеген балаға бірінші сыныптан ағылшын тілін қосақтау дұрыс емес» дейді. Ал бірінші топтағы мүгедек баласының күтімімен үйде отырған, мамандығы ағылшын тілі мұғалімі, жиен келінім Жәзира 1-сыныпты жақсы аяқтаған, қазақшадан орысшаға жақын Алина есімді қызының ағылшыншасына қарап: «Құр жаттау қандай оқу?» дейді. «Мүйіз сұрап, тұқылынан айырылыпты» дегендей, ағылшыншаны бірінші сыныптан бастағанда бара-бара ана тілімізден көз жазып қалмайық...

Бұл орайда, фин халқы сияқты бізге де тарихтан алар сабақ көп. Айталық, ана тіліміздің қайнары қазақ мектебінің жетпіс жыл бойына кеңестік отарлық жүйенің тұқырту саясатынан құтыла алмағанын ұмытуға болмайды. Иә, сонау 1920-30 жылдары даму сатысымен бірте-бірте көтеріле бастаған қазақ мектептеріне арнап Алаш қайраткерлері, зиялылары жабыла жазып шығарған жүздеген оқу құралдары кескіленіп, өртелді. «Қазақ тілі мен әдебиеті», пышақтың қырындай «Қазақстан тарихы» (жеке пән ретінде 1991 жылға дейін сабақ кестесінде болмаған) оқулықтарынан басқаның бәрі орыс тілінен аударылған оқу құралдарының ығына көшірілді. Сонда да ғалымдардың қайратымен, мұғалімдердің өз ісіне өлшеусіз адалдығымен, қазақ мектебі қай ұлтпен де иық теңестіретін түлектерімен көркейіп, дами берді. Бұл дамудың мәскеулік билікке ұнамағанына тарих куә. 

Мен табан аудармай жиырма сегіз жыл қызмет еткен «Қазақстан мектебі» журналы кеңестік кезеңдегі қазақ тілді жалғыз педагогикалық басылым болды. Сол журнал беттерінде 1955-1985 жылдары мектептерді ірілендіру, орталықтандыру, кадрлармен қамтамасыз етуді жақсарту, білім сапасын көтеру сияқты әдемі сөздермен бүркемеленген қаулы-қарарлар лек-легімен шығып, 700-ге жуық қазақ мектебі жабылып кетті. Мектеп жанындағы интернаттардың ашылуы қоса жүргізілген. Сөйтіп, қазақ балаларын отбасылық тәрбиеден ажыратып, кеңестік патриоттықты жас ұрпақтың сүйегіне дейін сіңіруге қол жеткізді. Кеңестік идеологияның қазақ балаларын ана тілі құнарынан айыруды көздеген саясаты мұнымен де тоқтамады. Ғылым атаулының бағыттары Мәскеуде бекітілетін сол заманда, 1972 жылы республика Оқу министрінің орынбасары Щербаков аралас тілді мектептер туралы ғылыми диссертациялық жұмысын қорғады. Сол-ақ екен, аралас тілді мектептер жаңбырдан кейінгі көк шөптей қаулады, қазақ мектептері күрт азайды. Көп қалада бір-бірден облыстық қазақ мектеп-интернаттары, астаналық Алматыда бір қазақ мектебі ғана қалды. Оқу орыс тіліндегі мектептерді қазақ балалары толтырды.

Сол кезеңнің ащы жемісін әлі көріп келеміз. Тәуелсіздік таңымен қазақ мектептері қанат жайса да, оқушылар арасында орыс тілі басым қалпында. Бұл – алды ата-әже, кейінгілері әке-шеше болған, орысша оқыған қазақ отбасыларының төріне орыс тілі шыққанының көрінісі. Тағы бір себебі, кеңестік дәуірдегідей әлі де жұмыс істеп тұрған қазақ-орыс тілді мектептерге екі тілге бірдей жетік директорлар тағайындауға талаптың жоқтығы немесе орындалмайтындығы. Содан мектепішілік жұмыста орыс тілі басым болады. Сондықтан аралас мектептер мен балабақшаларды бөлу жеделдесе, ана тіліміздің тынысы кеңейіп, өрісі ұзарады.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

педагог-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері