ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР ҚАРЖЫЛАРЫН АЛА АЛМАЙ, ҚҰЛДЫРАУҒА ЖАҚЫН ТҰР…
2025 ж. 19 қаңтар
254
0
Қаржы министрлігі бұл мәселеге қырын қарамауы тиіс…
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Қазыбек Жарылқасынұлы ИСА жақында Оңтүстік өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар өндіріс орындарының, әлеуметтік мекемелердің, білім және мәдениет салаларының тыныс-тіршіліктерімен танысты. Шымкент қаласындағы “Аужан” көп тілді лицейінде аталмыш білім ошағының құрылтайшысы Әлімхан Әужановтың басшылығымен өткен басқосуда шаһардағы жекеменшік мектептердің бүгінгі жай-күйлері ортаға салынды.
Шынында, бүгінде еліміз бойынша жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен 800-ден астам жекеменшік мектеп жұмыс істеуде. Соның арқасында оқушылар саны көп Оңтүстік өңірі мен ірі қалаларда үш ауысымды оқу мәселесі оң шешімін таба бастаған. Бұл — министрліктің кезіндегі мемлекеттік тапсырыспен жан басына қаржыландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі. Бір ғана Шымкенттің өзінде 2023 жылы жеке кәсіпкерлердің күшімен 46 жекеменшік білім ошағы пайдаланылуға берілді. Соның нәтижесінде қаладағы 586 мың оқушының 132 мыңы жекеменшік мектептен білім алуда.
Десек те, Мәжіліс депутатымен кездесуге келген қаладағы жекеменшік мектеп директорларының айтуынша, өздері басқарып отырған білім ошақтарының қазіргі жай-күйі дабыл қағарлық жағдайда екен. Әсіресе, ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтін мектептер банкрот болудың сәл-ақ алдында тұр. Ең басты кедергі — мемлекеттік қаржыландыру өз деңгейінде жүргізілмеуінде. Көптеген мектептер 2023-2024 оқу жылына арналған қаржыландыруды күні бүгінге дейін толығымен алмаған. Бүгінгі таңда мемлекеттің жекеменшік мектептерге берешегі 80 млрд. теңгеге жетіп отыр. Соның салдарынан білім ошақтары мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салық төлемдері алдында қарыз болып қалуда.
Басқосу барысында жекеменшік мектеп өкілдері Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаны төмендегі орын алып отырған түйткілді мәселелермен хабардар етті:
— “Қаржы“ АҚ оператор ретінде жекеменшік мектептермен оқушылардың санына қарай жан басына шаққандағы қаржыландыруын жүзеге асыруға келісім-шартқа тұрған. Алайда, өткен жылдың жаңа оқу жылынан бастап қаржыландыру нашар. Мәселен, мектептен шыққан оқушыны есепке алып, төлем жүргізуін бірден тоқтатса, ал, жаңадан қабылданған балаға қаржы бөлінбейді.
— Мемлекет жекеменшік мектептерді 9 ай ғана қаржыландырады. Бұл ұстаздардың жаздық сауықтыру ақысы мен кезекті еңбек демалысының шығындарын жаба алмайды.
— Оқушыларға тегін оқулық кітаптар берілмейді.
— Ұстаздардың біліктілігін арттыру курстары қамтамасыз етілмеген.
— Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары мемлекеттік білім ошақтарында алатын мектеп формасын жекеменшік мектептерде ала алмайды т.б.
Жиын барысында мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беріледі деген де сөз шықты. Бұл жағдайда жекеменшік мектептердің жағдайы одан сайын қиындай түспесіне кім кепіл?
Жекеменшік мектептердің бұдан да басқа түйткілді мәселелерінен хабардар болған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса сайлаушыларының бұл аманатын тиісті құзырлы орынның алдына мәселе етіп қойып, нәтиже шығаруға тырысатындығын жеткізді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда “Ana tili” газетіне берген сұхбатында “Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды… Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады” деп, жергілікті кәсіпкерлердің еңбегіне жоғары баға беріп кеткен болатын.
Сондықтан да, бәсекелі білім беруде болашағы зор жекеменшік мектептердің жағдайын қолдаймыз. Бұл өте маңызды мәселені біз “Ақ жол” фракциясында, парламентте талқылап, үкіметтің алдына қоямыз. Жақсы дамып келе жатқан жекеменшік мектептерді орта жолда, қайраңда қалдырмауымыз керек. Қаржы министрлігі бұл мәселеге қырын қарамауы тиіс.-деді депутат Қазыбек Иса.
Кездесу соңында жиналғандар лицей аясындағы әйгілі жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков атындағы әдеби орталықта болып, ескерткіш суреттерге түсті.
Әбдімәлік АҒЫБАЙ,
Қазақ үні