Парасат биігіндегі профессор

Парасат биігіндегі профессор

Халқымыздың осы биік мінездемесіне лайық, бойында адамгершілік, бауырмашылдық бар, оған қоса еңбекқор ғалым, ұлағатты ұстаз экономика ғылымдарының докторы, профессор Жаппар Жұман туралы пікір айту мен үшін үлкен мәртебе. 

Қазақстанның экономика ғылымдарының ішіндегі, экономикалық кибернетика саласындағы шоқтығы биік шоғырдың ішінен Жаппар Жұманның есімі ерекше естіледі. Әсіре айтқандық емес. Әсілінде, Жаппар Жұманның тәуелсіз Қазақстанның экономикалық кибернетика саласын алып баруда және оны қалыптастыруда ірі ғалым, ұлағатты ұстаз, ұтқыр ұйымдастырушы екенін жұртшылық жақсы біледі.

        Көрнекті ғалым экономист-кибернетик экономика саласының қыр-сырын терең бойлап, тағылымды көптеген еңбектер жазды. Әсіресе, еліміздің инновациялық экономика, эконометрика, экономикалық қағидалардың математикалық модельдері, экономикалық кибернетика саласы жайлы тың тақырыптарды терең зерттеді. Оның бұл еңбектері алдағы уақытта да ел игілігіне айнала беретіні анық.

        Жаппар Жұман ұлағатты ұстаз ретінде көптеген білікті экономистерді тәрбиелеп өсірді. Оның шәкірттері ел экономикасының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр.

        Әр адамның өмірде, қоғамда өз орны бар. Біреулер өзімен-өзі жүріп, көп жұртқа беймәлім болып жұмыс істейді, өмір сүреді. Ал енді біреулер заманның ауыр жүгін арқалап, уақыт артқан міндетін абыроймен атқарып, азаматтық, қайраткерлік, адамгершілік қасиетке ие болып, сый-құрметке бөленеді. Біздің кейіпкеріміз, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, Қазақстанның Ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының академигі, Қ.Сәтбаев, Ш.Уәлиханов және академик А.И.Бараев атындағы мемлекеттік сыйлықтарының иегері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Жаппар Жұман осындай азамат. Ол – өмірі өнегеге толы, ұлықтауға лайық ұстаз, құрмет тұтуға тұрарлық атақты ғалым. Өзінің айналасына жақсылықтың нұрын төгіп, шапағатын шашып жүретін адам.

       Жаппар Жұман ғылым мен білім саласында қол жеткізген жетістіктерін насихаттауға, жиналған жұрттың алдында жалаулатып сөз сөйлеуге, замандастарын мақтау мен мадақтауға да, мақтануға да құштар жан емес. Өзін көрсетуге, ел алдында жарқырап көрініп қалуға да құлшынған емес. Абай айтқандай, Жаппар Жұман ешуақытта өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артыламын демеді. Бұл – екінің бірінен табыла бермейтін, ал Жаппар Жұманның өзінде нұрын шашып, жарығын төгіп, жарасып тұратын тамаша қасиет.

         Жаппар Жұманның ғалым ретінде еліміздің ғылым мен білім жүйесінде алар орны ерекше. Қазақстан Республикасында экономикалық кибернетика ғылымының жетілуі, биік деңгейге көтерілуі осынау елімізге елеулі азаматтың есімімен тығыз байланысты. Ол экономика және экономикалық кибернетика ғылымдарының өзекті мәселелеріне арнап 500-ден астам құнды еңбек жазды. Оның ішінде 34-і ғылыми монография, 20-ға жуық оқулық пен оқу құралдары бар. Ерекше айта кететін бір жайт, ғылыми еңбектерінің көбісін қазақ тілінде жазып, мемлекеттік тілімізді ғылым, білім тілі ретінде көрсетті. Сонымен қатар макроэкономика, микроэномика, менеджмент, эконометрика пәндері бойынша қазақ тілінде дәріс жүргізген белсенді ұстаздарымыздың бірі. Халықаралық ғылыми конференциялар мен кеңестерде, симпозиумдарда білім мен ғылымның көкейкесті деген өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасады,

        Жас ұрпақ біле бермес, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында, еліміздің эқономикасында нарықтық жағдай өзгерістері қызу жүріп жатты. Экономиканың көрігі әбден қызған кез. Міне, Жаппар мырза болса 1992-1994 жылдары Түркияның Анкарадағы Гази атындағы университетінде нарықтық экономиканың қыр-сырларын жүйелі түрде зерттеумен болды. Жаппар Жұманның, ендігі бар мақсаты сол жинақтаған зерттеу нәтижелерін еліміздің экономикасына қолдану болды. Ол осы жолда көп еңбек сіңірді. Әсіресе еліміздегі агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдейтін өндірістерге инновациялық технологиялар мен логистиканы қолдану барысында көптеген нәтижелерге ие болды. Ғылым жолында шәкірттеріне тақырып таңдаудан басталатын шығармашылық ізденіс, сол кездегі тынышсыз күйбелең өмірді үлкен тиянақты еңбекпен ғана жеңуге болатындығын біле-білді. Жаңалық керек. Ескі қағидалар Тәуелсіздік жағдайына қажетсіз екен. Ал ендеше сараптап көр, не қажет, не қажетсіз екенін. Сондай қиын істерді жіпке тізгендей етіп, Жаппар мырза еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жүйелік үлгісін жасауда ерен еңбек етті.

         Ғылыми жұмыстары экономикалық-математикалық модельдерді жасау және зерттеумен, оларды экономика салаларында оңтайлы жоспарлы енгізу әдістемелерімен, сондай-ақ жаңа ақпараттық технологияны құрумен тығыз байланысты.

        Профессор Жаппар Жұманның ғылыми-зерттеу өрісі өте кең. Бірақ соның ішінде басымырағы экономикалық кибернетика проблемасын зерттеу болды. Әрине, бұл кездейсоқ емес. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде зерттеулер мен оның тиімді шешімдерін табуда ерен еңбек етті. Еліміздің нарықтық экономикаға көшуде зерттелетін ғылыми мәселелер шаш етектен болатын. Міне осы бағытта еліміздің алдыңғы қатарлы экономист ғалымдарымен қатар, біздің Жаппар Жұманда өз үлесін қоса білді. Ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының іргелі жүйелік үлгісін жасауды жүргізіп, яғни экономикалық процесстерге экономикалық-математикалық модельдерін құрып, олардың тиімді шешімді үлгілерін көрсете білді. 

         Ғылыми сала экономикалық кибернетика – адамның қажеттілігі мен мұқтажы. Ол қазір жол сілтеуші темірқазық жұлдызға, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық саласындағы оның кез келген әрекеттерінің алып барушысына айналуда. Сондықтан осы жағдайда экономикалық-математикалық модельдеу бағыттарын зерттеп, еліміздің экономикасының даму барысын ғылыми негізде талдап, тиісті ұсыныстар беру – экономикалық кибернетика ғылымының өзекті мәселесі. 

        Ғалым ретінде Жаппар ағамыздың аты біздің елде ғана емес, алыс және жақын шетелдерде кеңінен танымал болғанын мақтан етеміз. Көптеген елдердің білім және ғылым орталықтарымен, белгілі ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста болды. Түркия, Ұлыбритания, Франция, Болгария, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерге барып, олардың университеттерінде, ғылыми орталықтарында оқыған дәрістері мен жасаған баяндамалары өте жоғары бағаланды. Оған Ұлыбритания, Болгария мен Қырғыз Республикасының ғалымдарымен бірлесіп экономикалық кибернетика саласы бойынша жүргізіп жүрген көптеген ғылыми жобалары, сондай-ақ Қырғыз Республикасының ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерінде докторлық диссертациялық кеңестерде тұрақты мүшесі бола жүріп, бірлесіп ғылыми кадрлар даярлаулары мысал бола алады. 

         Профессор Жаппар Жұманның жетекшілігімен Қайнар университеті, Алматы экономикалық университеті мен Еуразиялық технологиялық университеттерінде «Экономика, бизнес және басқару» және «Инжиниринг және Ақпараттық технологиялар мен сервис» білім беру бағдарламалары негізінде бакалавриатура, магистратура және PhD докторантура бойынша көптеген мамандықтар ашылды, білім беру жүйесінің жаңаруына, жоғары білімді және жоғары білікті мамандар даярлау сапасын арттыруға аса зор үлес қосты.

       Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы, ғылымы мен білім беру жүйесі үшін сан мыңдаған жоғары білімді мамандар тәрбиеледі, жеке өзінің жетекшілігімен 7 ғылым докторы, 22 ғылым кандидаттары, 3 PhD докторы және 86 магистрлік диссертацияларға жетекшілік жасады. Ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаздың интеллектуалдық қызметі, жазған оқулықтары, оқу құралдары, зерттеулері, ғылыми-көпшілік еңбектері Қазақстанның жоғары мектеп докторанттары мен магистранттарының, талай буын ұрпақтың білімді, мәдениетті өсіп-өркендеуіне ықпал етті.

        Алматы экономикалық университеті мен Еуразиялық технологиялық университеттерінде ректоры болып еңбек еткен 1999-2008 жылдары Жаппар Жұман жоғары мектеп ұйымдастырушысы ретінде білімі мен тәжірибесін, басқару мен ұйымдастырудағы талантын, бар күш-қуатын толық ашып, батыл жұмсауға мүмкіндік алды. Ректордың білім сапасын, маман даярлау ісін шұғыл жақсарту бағытындағы биік мақсаттарына сай белгіленген міндеттерді іс жүзіне асыруға университеттің материалдық базасы, жалпы ресурстары дәрменсіз болды. Аз уақыт ішінде тұтас бір іргелі жоғары оқу орнының материалдық, адами ресурстарын қажетті талаптар деңгейіне көтеру айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде өте қиын, бұралаңы да, бұлтарысы да бар, сөйте тұра барынша өзекті және жауапты міндет еді. Жаппар Жұман осының бәрін ой таразысына салып, екшеп, атқарылар іс-шаралардың нақты нәтижесіне белгіленген мерзімде қол жеткізуге құлшынды, соған бүкіл ұжымды жұмылдырды. Алғашқы ірі нәтижеге бес жылдан соң қол жетті. Содан соң-ақ жоспарланған іс-шаралар өз нәтижелерін бере бастады. Оқытушы-профессорлардың біліктілігі көтерілді, университеттің адами ресурстарының сапасы айтарлықтай өсті, материалдық-техникалық базаны жақсарту күтілген нәтиже деңгейінде жүзеге асырылды. Оқу-әдістемелік жұмыс жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Университет республикадағы экономика мамандарын заман талаптарына сай даярлау мен қайта даярлаудың және осы саладағы істерді оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етудің республикадағы бірден-бір басты орталығына айналды, еліміздің мәдени, әлеуметтік, экономикалық дамуын әлемдік кеңістікке шығаруға терезе ашты.

        Ғылыми жетекшілігімен Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының, Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығының, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Парасат» ғылыми-технологиялық холдингінің АҚ және BRITISH COUNCIL мекесінің үлестіру жоспарларына енгізілген 30-дан астам ғылыми-зерттеу жобалары орындалды.

        Британ кеңесі бағдарламасы бойынша Рединг университетінің Еуро-Азия зерттеулер орталығымен (Ұлыбритания) «Қазақстандық ұстанымдар және оның қоршаған ортаға әсері» атты 2010 жылдан 2016 жылға дейінгі ғылыми–зерттеу жобасының жауапты атқарушысы және «Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық ақпаратының мемлекеттік жүйесін дамыту», «Ғылыми-техникалық ақпараттарды Орталық Азия аймағы ынтымақтастығындағы Шанхай ұйымы елдерімен бірлесе пайдалануда ақпараттық-телекоммуникациялық ресурстарды құру» атты республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламалардың атқарушысы және Түрік Республикасы Премьер-министрі аппараты жанындағы (ТИКА) түрік әкімшілігінің ынтымақтастығы және дамуымен бірлескен «Қазақстанда ақпараттық-инновациялық консалтингтік орталықтар құру» халықаралық жобасының жауапты атқарушысы болып саналады. 

       Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен Ж.Баласағын атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің бірлескен халықаралық «Біртекті, топологиялық және кинематикалық кеңістіктер, динамикалық жүйелер, экономикалық есептерді оңтайландыру, математикалық модельдеу теориясындағы топологиялық, асимптотикалық және аналитикалық әдістерді жасау» атты ғылыми жобасының жауапты жүргізушісі, алып барушысы ретінде үлкен ғылыми шығармашылық тұрғысында белсенділік көрсетуде. «Парасат» ғылыми-технологиялық орталығы» АҚ-ның «Қазақстанның болашақ энергиясының 2050 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеу» атты Бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасының ғылыми жетекшісі болды.

         Аграрлы ғылым саласындағы «Республиканың аграрлық жүйесiн нарықтық жағдайда дамытудың модельдік бағалауы» атты үздік ғылыми жұмысы үшін ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің А.И. Бараев атындағы (I дәрежелі алтын медаль) Мемлекеттік сыйлығы берілді. 

        Академик Жаппар Жұман Гуманитарлық ғылымдар саласындағы «Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық дамуының жүйелік талдамы» атты еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.  

        Отандық ғылымдардың дамуына қосқан үлесі үшін Ресей Жаратылыстану академиясы төралқасының шешімімен В.И. Вернадский атындағы Алтын медалімен марапатталды.

Әлемдік деңгейдегі пікірталас алаңдарында Астана экономикалық форумы, "Қалалардың тұрақты дамуы" халықаралық конференциясы, G-Global Халықаралық ақпараттық-коммуникативтік алаңы, мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдарының Жібек жолы экономикалық белдеуі бойынша халықаралық форумдарда баяндамалармен белсенді қатысуда.

2021 жылы Жаратылыстану ғылымдары саласындағы «АӨК-тің қайта өңдейтін өндірістерінің инновациялық технологиялары мен логистикасы» атты еңбегі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және ҚР Ұлттық ғылым академисының Қ.И.Сәтбаев атындағы Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.  

Жаппар Жұманның қоғамдық қызметі алуан түрлі. Академик университеттің Ғылыми кеңесі төрағасының, Қазақстан бойынша Халықаралық өмірдерек орталығы (Кембридж, Англия) Бас директорының орынбасары, ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика институты жанындағы экономика ғылымдары бойынша Ғылыми-үйлестіру орталығының мүшесі, Америкалық өмірдерек институт (Солтүстік Каролина, АҚШ) кеңесшілері Ғылыми-зерттеу кеңесінің мүшесі ретінде жалғастырып келеді.

Республикамыздың бірқатар жоғарғы оқу орындарында басшылық лауазымдарды абыроймен атқарып, өз жұмысына ұқыпты және еңбекқор ретінде танылған азамат Жаппар Жұман ел арасында, еңбек ұжымында үлкен абыройға ие тұлға.

Жұман Жаппар белгілі қоғам қайраткері. Қоғамдық жұмыстарды белсенді жүргізуде. 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Нәзір Төреқұлов" Халықаралық қайырымдылық қорының президенті болып табылады. 

 Сонымен қатар, "Нәзір Төреқұлов" халықаралық қайырымдылық қорының президенті бола отырып, еліміздегі халықаралық қайырымдылық қорының желісі негізінде республика және еліміздің көптеген аймақтары бойынша үлкен қоғамдық жұмыстары жүргізілуде. 

2025 жылы "Нәзір Төреқұлов" халықаралық қайырымдылық қорына 32 жыл толып отыр, 1993 жылы құрылған (Қордың Құрметті президенті – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев). "Нәзір Төреқұлов" ХҚҚ – Қазіргі таңда Қазақстандағы алғашқы қоғамдық қорлардың бірі. Ол Қазақстан және әлем тарихының қазіргі кезеңіне қатысты әлеуметтік, экономикалық және саяси проблемаларға зерттеулер жүргізеді. Қор қоғам өміріндегі демократиялық құндылықтарды, адамгершілік, гуманистік қағидаларды бекітуге жәрдемдесуге ұмтылады.

2022 жылы Қазақ халқының көрнекті ұлы Нәзір Төреқұловтың туғанына 130 жыл және саяси қуғын-сүргін құрбаны болғанына 85 жыл толды. Профессор Жаппар Жұман Астанада, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-филолог, тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұловтың туғанына 130 жыл толуына арналған түрлі іс-шараларды өткізуге белсенді басшылық жасап, түрлі халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға төрағалық етті, сондай-ақ Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде. Осындай іс-шаралар Түркістан, Шымкент және Ақтау қалаларында өтті. Мұндай жақсы бастаманы Сауд Арабиясы мемлекеті 2025 жылы қолдады, яғни Эр-Риядта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтпек. Бүгінгі таңда бұл асыл бастамаға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Нәзір Төреқұловтың өмірі мен шығармашылығын егжей-тегжейлі зерделеу, мұрағаттардан құнды құжаттарды іздеу, оларды елге әкелу, жұртшылық пен ғылыми қоғамдастықтың назарына ұсыну үшін "Нәзір жүрген жол" ғылыми-тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылады. Дипломат Нәзір Төреқұловтың 10 томдық шығармалар жинағын шығару, "Елші" көркем фильмін түсіру, бірқатар спектакльдер қою және дипломаттың шығармашылығына арналған көптеген мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Профессор Жаппар Жұманның 30-дан астам Нәзір Төреқұловтың қызметі мен мұралары жөніндегі ғылыми мақалалары әр түрлі республикалық және аймақ басылымдарында жарияланып келеді.        

Профессор Жаппар Жұман Нәзір Төреқұловтың 120, 125 және 130 жылдығына арналған әртүрлі халықаралық, республикалық ғылыми-теоретикалық конференциялар мен симпозиумдарды ұйымдастыруға белсене қатысып, баяндамамен бірнеше рет сөз сөйледі. 

«Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қайырымдылық қорының бастамасымен және профессор Жаппар Жұманның қатысуымен Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінде, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінде конференциялар өткізілді. Конференция жұмысына республиканың ғалымдары, таяу және шалғайдағы шет ел қонақтары, дипломатиялық корпус өкілдері, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Профессор Жаппар Жұман «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қайырымдылық қорының бастамасымен Түркістан облысында үлкен қайырымдылық жұмыстарын өткізді. Соның ішінде, Түркістанда Нәзір Төреқұлов атындағы мешіт пен мұражай салуға қатысқан болатын. 

Осындай игі істерді жүзеге асыра отырып, "Нәзір Төреқұлов" Халықаралық қайырымдылық қоры ұлт рухын дәріптеген басқа да Алаш қайраткерлерін дәріптеу және еске алу бойынша ауқымды үгіт-насихат науқанын жүргізуде. Еліміздің қоғамдық жұмыстарындағы белсенділігі үшін Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері атағымен және де «Қазақстан ұстаздары» Қоғамының «Қоғам қайраткері» медалімен марапатталған.

Сондай-ақ, академик Жаппар Жұман еліміздің жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет ұжымында да білікті, талапты жетекші және сауатты педагог ретінде үлкен абыройға ие. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Жаппар Жұманның жетекшілігімен Қайнар университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де "Қазақстан Республикасының халық шаруашылығын дамытудың экономикалық мәселелері және оларды іске асыру тетіктері" және "Әлемдік экономиканың заманауи жаңа трендтері" ғылыми семинарлары жұмыс істейді. Мұнда халықаралық және ұлттық экономиканың, менеджменттің теориялық, әдіснамалық және ғылыми-практикалық мәселелері талқыланады, сондай-ақ оқытушылардың, қызметкерлердің, магистранттар мен докторанттардың ғылыми баяндамалары тыңдалады.

Сонымен қатар, профессор Жаппар Жұманның жетекшілігімен 2024 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның халықаралық қатынастар факультетінің жанынан, «Халықаралық қолданбалы зерттеулер» орталығы ашылып, орталықта әлемдік және ұлттық экономиканың заманауи жаңа трендтері жайлы ғылыми мәселелері мен осы бағыттағы білім бағдарламарының жетістіктері зерделенеді. 

        Академик Жаппар Жұман Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқаны, мемлекет алдындағы қоғамдық істерде белсенділік танытқаны және білім мен ғылым саласына сіңірген орасан зор еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президентінің бұйрығымен «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» Құрметті атағына ие болып, «Құрмет» және «Ахмет Байтұсынұлы» Ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ көптеген мемлекеттік және министрліктердің мерекелік медалдарымен марапатталған. 

Экономика ғылымының теориясы мен тәжірибесін байытуға қосқан елеулі үлесі үшін Еуразия Халықаралық экономикалық академиясы мен Қазақстан экономистер қауымдастығының сыйлығы берілді, сонымен қатар ғылымның дамуына қосқан еңбегі үшін ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының Абылай хан және әл–Фараби медалдарымен және Құрмет грамотасымен марапатталды. 

         Жуырда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде өткізілген ғылыми конкурсында, академик Жаппар Жұман Ғылым мен техниканың дамуына айрықша үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған Мемлекеттік стипендияның иегері атанып, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО-ның үздік оқытушысы» Мемлекеттік гранты мен атағын екі мәрте иегері болды (2008 ж., 2019 ж.).

       Республикалық «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2024 жылғы «ЖЫЛ АДАМЫ» анықталған болатын. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өткен болатын. Осынау жоба аясында әріптесіміз профессор Жаппар Жұман «ЖЫЛ ҒАЛЫМЫ» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Бұл да болса, біздің әріптесімізге деген көрсетілген үлкен құрмет.

       Әріптесіміздің адами қасиеттері де ерекше болды. Жарқын-жайдары мінезі, ақкөнілдігі, тазалығы, адалдығы, әділдігі, сабырлы-салмақты сөздері төңірегіндегі жандардың бәрін өзіне тартып тұрады. Ширек ғасырға жуық Жоғары оқу орындарындағы ұйымдастырушылық жұмыстарын абыроймен атқарып келеді. Осы мезгіл ішінде еш уақытта төңірегін биліктің биігінен қараған емес. Барлық жанға адами тұрғыдан, үлкен адамгершілікпен, түсінікпен қарайтын. Мұндай лауазым иелерінің арасында бұл сирек кездесетін қасиет. Ұлықтарға бас иіп, бас шұлғымайтын, өзінен кішілерге шіренбейтін адам. Бәрінің көңілін табуға тырысатын. Ешкімге еш уақытта дауыс көтеріп дөрекі сөйлемейтін. Ең қиын-қыстау жерлердің өзінен жол тауып, абыроймен шығатын. Реті келген мезгілде әдемі әзіл айтып отыратын, әзілдерінің өзінде тәрбиелік мән мағына бар.

        Жаппар мырза өзінің ғұламалығын танытып ғылым мен білімге тең қараған, екеуіне бірдей тер төккен ғалым. Шын мәнінде ғылым мен білім егіз, құстың қос қанаты секілді. Білімсіз ғылым жоқ, ғылымсыз білім дамымайды. Білім өркениеттің іргетасы болса, ғылым соның үстіне тұрғызылған сәулетті ғимараты. Жаппар ағамыз осыны терең түсіне білді.

         Оның ұстаздық өмірі де, ғалымдық өмірі де өте бай әрі мазмұнды. Бұл жөнінде ол кісіні бақытты адам деп айтуға болады. Бірақ ол кісінің жолында қиыншылық, ауыртпалық болған жоқ деген сөз емес. Болғанда қандай, дегенмен соның бәрін өзінің ақыл-ойымен, азаматтық арымен, еңбекқорлығымен жеңіп шығып отырды. Ғылымның азапты жолын ауыздықтан, оның шұғылалы шыңына шыққан ғалым ғана бақытты. Міне, білікті ұстаз, көрнекті ғалым бауырымыз осындай бақыттың иесі.

         Ғылымда өшпес ізі, білім жолындағы ұлағатты ұстаздығы, қоғамдық жұмыстардағы өлшеусіз қайраткерлік өрісті өнегесі бар профессор Жаппар Жұман өмірде өз қолтаңбасы бар парасаты мол азамат. Парасат биігіндегі профессордың қазақ халқына көрсетер қызметі таусылмасы анық. Өйткені ғалымның аты да, хаты да – мәңгілік.

Әсел ХАМЗАЕВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

«Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, PhD докторы