Кәрі құрлықта да қазақ тілі оқытылады - Анар ФАЗЫЛЖАН

Кәрі құрлықта да қазақ тілі оқытылады - Анар ФАЗЫЛЖАН

Оксфорд университеті (Ұлыбритания) мен Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін оқытуды бастау туралы келісімге қол қойғаны белгілі. 

Бұл туралы "Ана тілі" басылымы хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап кетуіміз керек, себебі қазақ тілтанушы-ғалымдарының Оксфорд қабырғасында тағылымдамадан өте жүріп, ондағы ғылыми ортаға қазақ тілін үйрету мүмкіндігінің бастауында Президентіміздің ғылым саясатын жақсартудағы бастамалары жатыр. Отандық ғылымды жандандыратын заңнамалық база жетілдірілді, ғылымды ұйымдастыру ісінде шешім шығарушы құрылымдар жаңғырды. Осы жылдың шілде айында Ғылым және технологиялық саясат жөніндегі жаңа заң қабылданды, ҚР Президенті жанынан Ұлттық ғылым академиясы және Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылды. 

Жаңа заң ізденістерді жүргізуден бастап нәтижесіндегі жаңалықтарды қоғамның күнделікті өмірін жақсартуға қолданысқа енгізуге дейінгі барлық үдерісті үйлесімді жүзеге асыру тетіктерін әзірлеп берді, ғалымдардың, әсіресе жас ғалымдардың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға бағытталды, ғылым мен өндірісті, ғалым мен қоғамды, ғылыми және саяси, экономикалық қауымдастықты байланыстыру амалдарын күшейтті. Ал жаңадан құрылған ғылыми құрылымдар ғылымды ұйымдастыру ісінде, ең алдымен, ғалымдардың өзінің рөлін арттырды. Мемлекет басшысының ғылым туралы оң саясатын жүзеге асыру бағытында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шетелдік беделді оқу орындарының тәжірибесін елге әкелу үшін, отандық университтерде олардың филиалын ашу, біздің студенттердің шетелдік озық университеттерде білім алу ісін қарқынды жүргізіп отыр.  

Жыл басында министр әлемдегі үздік оқу орындарының бірі – Оксфордқа арнайы барды. Сол сапарында Саясат Нұрбек Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Қазақстан Респуб­ликасының елшісі Мағжан Ілиясовтың қолдауымен бірқатар келісімге қол жеткізді, соның ішінде Оксфордта қазақ тілі курсын ашу бойынша да бастапқы кездесу өткізді. Міне, осыдан кейін ақпан айында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары да Англияға арнайы іссапармен барып, Оксфордтағы бірнеше колледжден жиналған қазақ тіліне қызығушы аудиторияға қазақ тілі және қазақ тіл білімі жетістіктері туралы бірнеше дәріс өткізді. Сөйтіп, сәуірде Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Астанаға ресми сапары аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ және University of Oxford арасында жасалған Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске қосу туралы меморандумға қол қойды. Қазақ тілі, ең алдымен, университеттің Вулфсон колледжі Азия және шығыстану факультетінде оқытылатын болды. Бұл істің жүзеге асуына осы колледждің Низами Гәнжауи орталығының жетекшісі Лейла Нажафзада ханымның да еңбегі орасан болғанын айтып, зор алғысымызды білдіре кеткіміз келеді. Қазақ тілін Оксфорд қабырғасында оқыту идеясы оның Алматыға арнайы келіп, институтымызбен танысу жиынында айтылды. Бүгінде Лейла ханым жетекшілік ететін Низами Гәнжауи орталығы мен Вулфсон колледжі ғалым-оқытушылары құрған «Birsöz» бастамасымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тек қазақ тілін оқытуда емес, сонымен қатар тілтанымдық ғылыми зерттеулерде де бірігіп, жоба әзірлеп отыр. Алғашқы зерттеуіміз психолингвистикалық бағытта жүзеге асып жатыр, барлық тіл үшін әмбебап болып келетін базалық сөздік қордағы әрбір сөзге қатысты қазақтар мен ағылшындарда туындайтын ассоцияциялар жинақталып, салғастырмалы зерттеу жасалып жатыр. 

Оксфордта қазақ тілін оқытуға өтініш білдіргендердің ішінде Тіл білімі институтының ішкі іріктеу конкурсынан өткендері «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдама конкурсына құжаттарын тапсырды. Абырой болғанда, екі маманымыздың да дайындығы жоғары болып, ұтып алды. Бұған сол кездегі Болашақ халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма басшысы Әлия Оспанованың тікелей кеңес беруі де септігін тигізді. Сөйтіп, докторанттар Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері, Меруерт Иманғазина, Ономастика бөлімінің ғылыми қызметкері, Дидар Садық қазір Оксфордта қазақ тілін оқытуға кірісті.

Білім алушылар – Оксфорд университеті Вулфсон колледжі Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінде Орталық Азияның тарихын, мәдениетін, тілін зерттеумен айналысып жүрген жас ізденушілер. Олар бұған дейін түрік, әзербайжан, өзбек, ұйғыр тілдерін үйреніп келген. Ал қазақ тілі Оксфорд университетінде әлі ашыла қоймаған «жұмбақ әлем» болып тұр. Сондықтан Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті Рауан Кенжеханның бастамасымен әзірленген «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігінің ізін ала Оксфорд университетімен байланысты нығайтып, қазақ тілі курсын ашу – осы қазақ тілі «жұмбақ әлемнің» сырын ашуға зор мүмкіндік. Қазақ тілі туралы бұрынырақ сөз болмаса да, бүгін Оксфордта қазақ тілін үйренемін деушілер біраз жиналып қалды. 

Оксфорд студенттері «әр тіл – бір феномен» деп түсінетіндіктен, көп тілді меңгеруге тырысады. Бір аудиторияда бас қосқан студенттердің басым бөлігі кем дегенде төрт тілде еркін сөйлейді. Университеттің білімгерлері қазақ тілін өз ізденіс­терінде пайдаланып, қазақ тарихын, тілін, мәдениетін, сондай-ақ Орталық Азияны жаңаша зерттеуді көздейді. Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстанның ерекше мәдениеті, терең тарихы, бай салт-дәстүрімен қатар, қарыштап дамып келе жатқан экономикасы, ғылым-білімі, заманауи бейнесі де Оксфорд студенттерін қызықтырмай қоймайды. Әсіресе басқа мәдениеттердің ассимиляциялау ықпалына қарамастан, төл мәдениетін, саф тілін сақтап қалған, әрі ұлы дала өркениетінің жалғастырушысы ретінде қазақ халқын зерттеу де олар үшін өзекті әрі тың тақырып болмақ. 

Қазақ тілін үйренемін деушілердің тағы бір бөлігі – лингвистика мамандығының студенттері, магистранттары мен докторанттары. Оксфорд университетіндегі кез келген лингвист – бір емес, бірнеше тілді жетік меңгерген, тілдерді өзара салыстыра, байланыстыра отырып зерттей алатын бәсекеге қабілетті маман. Сондықтан түрік өркениетін зерттеу нысанына алған жас ғалымдар түрік тілдерінің ішіндегі ең таза, саф тіл қазақ тілін үйренуді маңызды деп санайды. 

Оксфордта қазақ тілін үйренуге ынталы тағы бір топ ағылшынша «heritage language learners» (HLL) немесе «heritage learners» деп аталады. Heritage learners дегеніміз – басқа мәдени-тілдік ортада өмір сүргендіктен, өз ана тілін (heritage language) ұмытып қалған немесе толық меңгермеген тіл иелмендері. Ұлыбританияға бала кезінде көшіп келген немесе ағылшын жерінде дүниеге келген қазақ отбасыларының балалары осы топқа жатады. Оксфорд университетінің студенттері қатарында ондай «ана тілін, яғни қазақ тілін қайта үйренгісі келетін» қарагөздеріміз де бар екен. 

Оксфорд университетінде Еуропа стандарттарына негізделген тіл оқыту әдіс­темесі бар. Осы әдістеме қолданылады, сонымен бірге негізгі мақсат зерттеуге ынталандыру болғандықтан, тілді терең әрі жылдам үйрету – басты талаптың бірі. Мысалы, түрік тілін оқитын студенттер бір оқу жылында А1 (бастауыш) деңгейінен бастап С1 (жоғары) деңгейін 24 оқу аптасында толық меңгеріп шығады. Аптасына 7–8 сағаттан өтетін түрік тілі сабағында бір топта ең көбі 10 студент қана болады. Бірақ Оксфорд үшін топта 2 студенттің болуының өзі зор жетістік. Өйткені мұндай курстар студенттің өз еркімен таңдалады. Студент деп біздегі магистрант пен докторант, постдокторантты атайды.

Оксфорд университетінде жүзеге асатын қазақ тілін оқыту курсында түрік тілінің оқу бағдарламасы үлгі болып отыр, ол он жылдан астам тәжірибенің нәтижесінде әбден сыналған. Сондықтан Оксфордтағы әзербайжан тілін оқыту бағдарламасы да түрік тілінің негізінде жасалды. Бір қызығы, он жылдан асса да, түрік тілі нақты оқулық арқылы емес, әр сабаққа арнайы дайындалатын буклет арқылы оқытылады. Бұл біздегі тілдік білім беру үшін керек тәжірибе деп ойлаймыз. Демек, әр сабаққа қатып қалған бірнеше жыл бұрынғы емес, жаңа, толықтырылып, жетілген, заманауи ақпарат әкелінеді. 

Осыған қатысты Оксфорд университеті Вулфсон колледжі профессоры Эмине Чакыр ханым заман тез өзгеріп жатқандықтан, студенттерге тілдегі, елдегі жаңалықтарды уақыт оздырмай, бірден ұсынып отыру қажет деп есептейді. Сондай-ақ буклеттерді әрдайым жаңа идеялармен, тапсырмалармен толықтырып, жетілдіріп отыруға болады. 

Қазақ тілі бойынша сабақтарға арналған буклеттерді әзірлеуде Оксфорд университетінің 11 млн кітап қоры бар Бодлейан кітапханасы қорындағы еңбектер назарға алынды. Әлемдегі ең көне кітапханалардың бірі саналатын Бодлейан кітапханасында қазақ тіліндегі еңбектер де жетерлік. Олардың қатарында қазақ тілін ағылшын тілді аудиторияға оқытуға арналған дидактикалық, тілтанымдық еңбектер бар. Бұл оқу құралдары мен грамматикалық еңбектер студенттерге қосымша ресурс ретінде оқуға ұсынылады. Ал қазақ тілінің оқу бағдарламасы бастан-аяқ жаңадан құрастырылды. Оның құрамына студенттерге арналған силлабус, әр сабаққа бөлек дайындалған буклет, сыныпта орындайтын және үй жұмысына арналған тапсырма кіреді. Буклеттер деп отырғанымыз – әр аптаның силлабустағы тақырыптарына сәйкес құрастырылған, теориялық білім мен оны бекітетін жаттығулардан тұратын шағын кітапша. Студенттер осы буклет арқылы сабаққа алдын ала дайындалуға, тақырыпты тереңірек меңгеруге мүмкіндік алады.

Бір қызығы, сабақтар әлі басталған жоқ. Сабақтар міндетті түрде 2025 жылдың қаңтарынан, яғни Оксфорд университетіндегі екінші семестр – Hilary term-нен басталады. Жаңа семестрде студенттер алдыңғы өткен пәндерін жалғастырып қана қоймай, жаңа сабақтарға жазылып, қатыса алады. Ал осыған дейін біздің екі маман Оксфордтағы басқа түрік тілдерін оқыту сабақтарына қатысып, оқытушыларымен тәжірибе алмасып, тыңдаушылардың пікірін жинап ыждағатты дайындық кезеңінен өтті. 

Оксфордтағы жұмыс тобының жоспары бойынша екінші семестр – қазақ тілі курсының алғашқы сабақтарын өткізіп көруге таптырмас уақыт. Алайда қазақ тілін оқыту бағдарламасы бірден ресми түрде студенттерге ұсынылмайды. Сабақтар, ең алдымен, Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен бірнеше студентіне өткізіледі. Әр сабақтан соң аудиторияның кері байланысы, пікірі тыңдалып, сол бойынша оқу бағдарламасы жетілдіріле береді. 

2025 жылы екінші, үшінші семестрдегі сабақтар осындай бағытта жүргізілмек. Бағдарлама толық сынақтан өткеннен ке­йін, 2025 жылдың күзінен бастап студенттерге ресми түрде ұсынылуы мүмкін. Бұл Оксфорд талабы, бізге де үйренетін тұсы көп екен деп қорытындыладық. Жасыратыны жоқ, тіл оқыту бағдарламаларымыз бекітіліп кеткен соң, тіл үйрету барысында туындаған мәселелер «қатып қалған» бағдарлама ауысқанша қордаланып жата береді емес пе?! Ал мұнда керісінше, алдымен оқытушының өзіне арналған ұзақ дайындық, соңынан бағдарлама ноба­йымен аудиторияға кіріп, бір жыл бойы сабақ өтіп, әр сабақтан алған кері байланыс негізінде бағдарлама нобайын қырнап түзеп, соңында барып оның жобасы әзірленіп, оның өзі ұсынылып, талқыланып, әбден пісіп барып бекітіледі екен.

Оксфорд – әлемнің алпауыт университеті. Мұнда жаңа пәнді, жаңа тілді оқу бағдарламасына қосу үшін қажырлы еңбек пен табандылық қажет. Бір қуантарлығы, қазақ тілін Оксфорд университетінде оқытудың алғашқы әрі маңызды қадамы жасалды. Оксфорд университетіндегі түрік тілдері тәжірибесі негізінде отандық ғалымдарымыз қалыптастырған қазақ тілін шеттілді аудиторияда оқыту құралдары мен жаңадан жасақталған ұлттық корпус­тың ішкорпустарының арқасында оқу бағдарламасы дайын тұр. 

Алдын ала дайындалған буклет пен тапсырма жинағынан бөлек, Оксфордта қазақ тілін оқытуда Қазақ тілінің ұлттық корпусы (www.qazcorpus.kz) қолданылмақ. Қазақ тілінің ұлттық корпусы дегеніміз теңгерімделген (қазақ тілінің барлық стильдері бойынша мәтіндер сандық, сапалық тұрғыдан таңдалып алынған), көлемі ауқымды (бірнеше миллион сөзқолданыстан басталатын), метабелгіленіммен, лингвистикалық белгіленімдермен терең аннотацияланған, пайдаланушылардың қазақ тілінің синхронды және диахронды сипаты туралы, оны оқыту, үйренуге қатыс­ты алуан түрлі сұранысына жауап беретін, әлемдік деңгейдегі талаптарға сәйкес келетін, үздіксіз толықтырылып, жетілдіріліп отыратын инновациялық-ақпараттық ашық жүйе түріндегі электрондық ресурс. Оксфордта оқытылатын түрік тілдерінің ішіндегі тіл үйретуде корпустық ресурсты қолданған ең алғашқы тәжірибе қазақ тілін оқытуда жүзеге аспақ. Осы орайда Қазақ тілі ұлттық корпусында қазақ тілін ағылшынтілді аудиторияға оқытуда пайдаға асатын бірнеше ішкорпус жасақталды. 

Оқыту үшін аса қажет ішкорпус – «Lerners’ corpus» оқу ішкорпусы. Мұнда ағылшынтілді студенттерге арналған грамматикалық, лексикалық минимумдар, ережелер мен мәтіндер қамтылмақ. Ал ауызша тілді дамыту, түрлі аудио, бейнематериалдарды сабақта қолдану үшін «Ауыз­ша ішкорпус» базасы таптырмас құрал болмақ. Сондай-ақ мәтінмен жұмыс істеуді жеңілдету және студенттердің қосымша ізденістеріне, өз бетінше оқуларына көмектесу үшін «Параллель мәтіндер» ішкорпусы да пайдаға асады. Бұл ішкорпуста қазақ, орыс, ағылшын, түрік, өзбек т.б. тілдердегі параллель мәтіндер қамтылған. 

Қазақ тілі ұлттық корпусының бай мәтіндік базасы, ыңғайлы лингвистикалық метабелгіленімдері, жан-жақты жабдықталған ішкорпустары тіл үйрену үдерісінде «flipped learning» әдісіне сү­йенуге мүмкіндік береді. Бұл әдістің артықшылығы студенттер өз бетінше тілді зерттей отырып, меңгереді. 

  Біз Оксфорд университетімен бірнеше бағытта зерттеу жұмыстарын бірігіп атқаруға дайынбыз. Бүгінде Тіл білімі институтында психолингвистика бөлімі ашылды. Ол бөлім қазір Оксфорд универсететімен бірлескен ассоциативті эксперимент жүргізу бағытында зерттеу жасап жатқанын сөз басында айттық. Алдағы уақытта инс­титутта жаңа ашылған бөлімдердің бірі – әлеуметтік лингвистика бөлімімен бірлескен зерттеуді көздеп отырмыз. Оның сыртында Оксфордтағы «Birsöz» бастамасының құрамындағы ғалымдармен бірігіп, қазіргі кезде институт әзірлеп жатқан алтытілді параллель корпус­ты жетілдіру жұмыстарын қолға аламыз. Бүгін институт ұтып алған ғылыми-зерттеу жобасы аясында осы Оксфордта үйретіліп жатқан түрік, әзербайжан, өзбек, ұйғыр, қазақ және ағылшын тілдеріндегі бірдей мәтіндердің параллель ішкорпусы әзірленді. Бұл ішкорпусқа салынған мәтіндердің барлығы да осы алты тілде сөйлем-сөйлем болып жіктеліп, сол сөйлемдердің құрамындағы әрбір сөзіне талдау жасалады. Тіл білімі институты, басқаша айтқанда, Оксфордта оқытылып жатқан түрік тілдерінің барлығына да оқыту құралы болатын заманауи тілтанымдық біліммен жабдықталған электрондық ресурс әзірлеп отыр. Осы бағытта да біз Оксфордтағы ғалымдармен бірлесуді көздеп отырмыз. Сол сияқты институт қазіргі кезде осы жылдан бастап, «Lerners’ corpus» деп аталатын Оксфордта қазақ тілін оқытуға дидактикалық, лингводидактикалық, әдістемелік, жан-жақты ақпарат беретін ресурс әзірлеуді бастап кетті. Бұл ресурс Оксфордта қазақ тілін оқытып жүрген немесе өз бетінше қазақ тілін үйренемін деген ағылшынтілді аудиторияға таптырмас құралдың бірі болатынына сеніміміз мол.

Дайындаған 

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ