ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВ: АЙТУЛЫ ҚОС ТУЫНДЫ
2025 ж. 04 қаңтар
211
0
Кез-келген талант еңбекпен ұшталмаса көмескі тартады.
Жаркент өңіріне қарасты Шежін ауылының тумасы, Қазақ бейнелеу өнерінің атасы Әбілхан Қастеев бойындағы дарынды қажырлы еңбекпен жетілдірген тұлға. Ол өмірінің соңына дейін қазақтың болмысы мен өзі өмір сүрген заманды ұлықтап өтті. Туған елінің тарихы, қарапайым халықтың күйбең тіршілігі, туған жерінің ұлан-байтақ даласы мен сұлу табиғаты Қастеев шығармашылығында күнделік іспеттес жазылып жатты.
Сурет салуды «Анасының киізінен, баққан ешкісінің мүйізінен» үйренген бала суретшінің алғашқы акварельдік жұмыстары тазалығымен, болмысты балаша кабылдауымен ерекшеленеді.
Қазақ өмірі қылқалам иесі үшін әрқашанда бірінші орында тұрды. «Шөп шабу», «Бие сауу», «Колхоздағы сүт фермасы», «Колхоз тойы» жұмыстарына қарап, қарапайым адамдар мен олардың еңбек ләззатына бөленіп жатқан сәтін байқаймыз. Сонау 1930-40 жылдары қазақ болмысын барынша ашып көрсететін туындылар өмірге келген болатын, Әсіресе, әйел теңдігін баяндайтын «Қыз алып қашу», «Сатып алынған қалыңдық» сынды шығармалар көпшіліктің көңілінен шықты.
Қастеев үшін Алатау ерекше тақырып болды. Қастеев салған табиғат көріністерінің (пейзаждардың) арасында қыс мезгілі ерекше сұлулығымен көрінеді. Суретшінің «Медеу мұз айдыны» атты туындысында сағымдай созылған көкжиектен, анық көзге шалынатын алдыңғы шептегі көріністер кенепке айқын әрі анық кескінделген. Суретшінің пейзажды мұнша ұқыпты бейнелеуі бірінші кезекте еңбекпен тірнектеп жиған шеберлігінің жемісі деп ойлаймыз. Мұнда қыс мезгіліндегі атақты «Медеу» мұз айдынының сонау 1950 жылдардағы көрінісі бейнеленген.
«Медеу» Әбілхан Қастеев үшін ерекше тақырып болды. Осы тақырыпқа бірнеше мәрте оралған суретші көрікті табиғаттың аясындағы жаңадан ашылған спорттық кешенді назардан тыс қалдырмасы анық еді. Себебі, Қазақ еліндегі сол заманғы маңызды оқиғаларды кенепке жазу шебердің басты мақсаты болатын.
Әбілхан ағамыздың бұл картинаны салып жатқанда еңбектің қандай азабы мен ләззатын татқанын, әрине, біз білмейміз. Өйткені, көрерменге тек ұзақ жасалған қажырлы жұмыстың тамаша нәтижесі ғана ұсынылған. Бір қарағанда, суретте қаладан ағылған жұрт мұз айдынын, мұндағы спорттық жарысты тамашалауға келген. Күнделікті өмірдің бір күйбең сәті ғана.
Алайда, байыптап қарасаңыз, мұнда сол кездегі халықтың қандай да бір мерекеге зәрулігі көрінеді. Тұрмыс та өте жұпыны. Сондықтан болар, алып таулардың арасына салынған биік мұз айдыны Кеңес халқы үшін тың құбылыс, үлкен жетістік болды. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына он жыл болған уақыттағы Кеңес жұртының серпілген санасын бұл шығармадан анық көруге болатындай.
Әрине, санасына жара салған соғыс зардабынан айығып келе жатқан жұртшылық үшін мұндай мерекелер маңызды болды. «Медеу мұз айдыны» туындысында көрермен көз алдында тұрған көк мұз айдынын және оның маңайында болып жатқан адамдардың іс-қимылын ғана тамашалап қоймай, сонымен қатар алып таудың тамаша көрінісіне көз жеткізеді. Қылқалам арқылы ұқыпты жазып шыққан Қастеев түстік, яки, бояулық политраны да мұқият қарастырған. Алыс пландағы асқар таулар суық тұманмен мұнартып, шығарманың мезгілдік аурасын барынша беруде. Туындыдағы ашық-контрасты түстерге қарап, тауда таза ауа мен қыстың жайма шуақ күнін еріксіз сезінесіз. Биік қарағайлардың көлеңкесі мен ақ қарға шағылысқан күн сәулесі, аспанда көшкен азғантай ғана бұлттар да осыны айғақтайды.
Қыс мезгілінде тұнық, қары да тап-таза. Аға буынның айтуы бойынша, сол 50-60 жылдар шамасында Алматыға жауған қар мейлінше кіршіксіз, аппақ болған екен. Және Алматы қазіргідей алып шаһар емес, нарықтық өркениет те келе қоймаған, көлігі де тым аз, шағын қаланың бір кездегі жайлы тіршілігін көреміз. Он алты республиканың туын бейнелеу арқылы суретші Кеңес өкіметінің жаршысына айналғандай.
Жалауларға жіті назар салатын болсақ, Германия Федеративті Республикасының жалауын да байқайсыз. Берлин қабырғасының тұрғызылғанына да біраз уақыт өткен сыңайлы.
Өнертанушылар Қастеевтің бұл туындысын ХҮІІ ғасырдағы Голланд пейзаждарымен салыстырып жатады. Қарап отырсақ, қыс көрінісін және қыс мезгіліндегі қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігін атақты бельгиялық суретші ІІитер Брейгель де өз шығармаларына арқау еткен. Оның «Қар кешкен аңшылар» атты туындысы осы ойды толығымен айғақтайды. Әбілхан Қастеевтің туындысымен бұл туындының арасында ортақ ұқсастықтар бар екені жасырын емес. Екі шығарманың да сюжеттері мен композициялық құрылымы бір-біріне өте жақын.
Әбілхан Қастеев сұлу табиғат пен айнадай жарқыраған мұз айдынын бейнелеу арқылы көрерменді роматикалық сезімге бөлейді. Медеудің дәл сол кездегі мерекелік атмосферасы, таза ауасы, адамдардың табиғат аясындағы көтеріңкі көңіл-күйі кіршіксіз мөлдір сезімге жетелеп тұрғандай. Картинадағы адамдар әр түрлі болғанмен, олардың бәрі ортақ аураға бағынған. Мұнда жеке тұлғаны бөліп қарау мүмкін емес. Суретші халықты топтастыра отырып, бір мерекеге сыйдырып, оларды сырттай бақылайды.
Табиғат пен адам Қастеевтің өзге туындылары секілді бұл туындыда да бір-бірімен ажырамас тұтастық құрайды. Табиғатқа бас ие отырып, адамдар оның бір бөлшегіне айналады. Медеуге көтерілген әрбір жан осы сезімге еріксіз бөленетіні хақ. Жарысқа түскен спортшылар да осы табиғаттың құдіретті күшімен үлкен табыстарға жеткен еді. Таудың таза ауасы мен демалуға өте ыңғайлы климат, және тау бұлағының суынан жасалған сапалы мұз осы жеңістердің кепілі болды.
Бүгінде «Медеу» мұз айдыны заманауи кешенге айналған. Жүз жиырмадан астам әлем рекордына куә болған, әлемдегі ең биік мұз айдыны бір кездегі Кеңес Одағының ғана емес, сонымен қатар әлемдегі теңдесі жоқ спорттық арена. Маңызды нысандары уақыт зымыраған сайын өзгеріп, қонақтарды өзінің кереметтігімен тамсандырады. Ал, Қастеев суретінен мұз айдынының халыққа қаншалықты етене болғанын көреміз. Бәрібір біздің жанымызға Әбілхан ағамыздың «Медеуі» жақын.
Әбілхан Қастеев сонымен қатар, өз уақытында айтулы жаңалыққа ие болған қоғамдағы маңызды оқиғаларды да кенепке жазып отырған. Әсіресе, жаңадан бой көтерген мәдени және өнеркәсіптік нысандар қашанда шеберді жаңа туынды жазуға шабыттандырған болатын. «Түркісіб» – осындай туындылардың бірі.
Әбілхан Қастеев үш жыл Алматы облысы, Айнабұлақ елдімекенінде, Түрксіб темір жолы құрылысында жер қазушы болып жұмыс істейді. Уақыт өте келе қылқалам иесі Түркісібке қайта оралады. Бұл жолы шебер темір жолды күрекпен емес, қылқаламмен жазып шығады...
Алғашқы нұсқасын 1932 жылы сулы бояу, яғни акварельмен жазған суретші 1969 жылы ғұмырындағы ең танымал шығармалардың бірін өмірге алып келген болатын.
Акварельдік нұсқасымен салыстырғанда мұнда майлы бояу сюжет пен композицияны көркейте түскен. Түстері қанық, кейіпкерлері шынайылыққа жақын... Мұржасынан түтіні будақтаған отарба темір жолмен таулы қыраттардың арасымен жүйіткіп келеді. Маңайында қарапайым ауыл тұрғындары... Назар салсаңыз, дархан далаға жаңа келген отарбаны қазақтар өз тарихнамасында болмаған тың дүние ретінде таңырқаған түрде тамашалауда
Қазақ жеріне алғаш салынған Түркістан-Сібір теміржол торабы жергілікті халықтың басты назарында болды. Себебі, көне заманғы тұрмыс-салтпен өмір сүріп келген қарапайым халық үшін отарба секілді көліктердің орын алуы үлкен сенсация еді. Ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар, атқа мінген ер азаматтар туындыда отарбаны мейлінше жақын көргісі келеді.... Тіпті, бір ағамыз қуаныштан бөрігін аспанға атуға даяр. Қасына немересін ертіп шыққан әже де көз алдындағы оқиғаны немересі секілді таңданыспен тамашалауда. Әрқайсысының көкейлерінде «бұл не?» немесе «бұл қалай?» деген бір сұрақ бар.
Кеңестік идеология мұнда да өз орнын тапқан. Отарбаға ілінген қызыл жалау мен ұран жазылған мата көзімізге бірден шалынады. Индустрияландыру мен тың жерлерді игеру саясаты өз уақытында толыққанды жүзеге асқандығы тарихтан белгілі. Әбілхан Қастеевтің шығармашылығында осы оқиғаларды айғақтайтын бірден-бір туынды осы «Түрксіб» шығармасы.
Бұл шығармаға назар салған кез келген көрерменнің бойында белгілі бір рухани сезімнің ояна тыны хақ. Байырғы заманнан келе жатқан ескі өмір салты мен жаңа заманның бетпе-бет келуі бұл туындыда ерекше драмалық көрініс тапқан. Кең байтақ даланы дүбірге толтырып, темір жолмен ұмтылып келе жатқан отарба ғасырлар бойы тыныштығын сақтаған мамыражай қазақ ауылына жарып кіретіндей. Жылдам, әрі ауқымды темір көлікті тұңғыш рет тамашалаған ауыл адамдары Христофер Колумбтың кемесін көрген үндістердей кейіп танытуда. Адамдардың сол сәттегі көңілдері айтпаса та түсінікті.
Бұл шығармалар ешқашанда құндылығын жоғалтпайды. Себебі, Қастеев сынды шебер суретшінің қолынан шыққан мұндай туындыда қазақ болмысы мен ұлттық құндылықтары уақыт өлшемінде жойылып кетпеу мәселесі бірінші орынға қойылады.
Мәулен Қалиұлы,
өнертанушы