ТӘРБИЕДЕ КЕШ ҚАЛМАҢЫЗ

ТӘРБИЕДЕ КЕШ ҚАЛМАҢЫЗ

Бала дәрігерлері жиі айтатын мынандай бір әңгімемен жұрттың көбі құлақдар болуы мүмкін. Деседағы, тағы бір еске сала кетудің артықтығы жоқ шығар. Емізулі нәрестесінің мезгілсіз жылауынан мезі болған бір жас ана дәрігерге келгенде: 

– «Бөпем үнемі жылай береді. Жолдасым екеуіміз нәрестемізді ғылым негізінде мезгілімен ұйықтатып, мезгілімен тамақтандырып тәрбиелесек пе деп едік. Бұл істі қашан, қалай бастағанымыз жөн болар екен? – деп сұраса керек. Сонда дәрігер: 

– Балаңыз қанша айлық? – дейді. 

– Алты айлық. 

– Ендеше тура алты айға кешіккен екенсіз, – деп жауап беріпті дәрігер. 

Бұдан балаға дұрыс тәрбие бергісі келетін ата-ана әрекетті нәресте жарық дүниеге келген сәттен бастауы қажет деген қорытынды шығатыны белгілі.

Шындығында, жөргегінде монтиып жатқан бейкүнә нәресте дүниеге тілазар тентек, қыңыр, жалқау, жасық, қатыгез болып келген жоқ, әрі ертеңгі күні солай өседі деген ой ешкімнің де санасына келмейді. Ал өмірде барыңды аузына тосып, үстіне жапсырып, әлпештеп-ақ өсірген ұл-қыздан өскенде жақсы да, жаман да адам қалыптасатыны несі деп бір сәт ойлансақ, бәрі де өзіміз еккен тәрбие жемісі екенін әрқайсымыз сірә да мойындай қоймаймыз. 

Неге? Өйткені, баласына жамандық ойлайтын ата-ана жоқ, өмірде болмайды да. Бірақ өмірде «бес саусақ бірдей емес» дегендей, барлық ата-ананың баласының болашағына арнаған арманы ақталып, үміті жүзеге асып жатыр ма? Балам неліктен осындай күйге ұшырады деген ой жанын жегідей жеп, санасын сан жаққа сарсытқан жәйлар кездесетіні айқын. Енді бір ата-аналар көрсе көзі тояттанатындай, бар талабынан шығып тұрған ақылды, биязы, еңбекқор, мәдениетті, білімді ұл-қыздарының бүгінгі тіршілігіне қарап көңілі масайрап, күніне сан мәрте тәубасын айтып отырады. Осы бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі жағдайға әкелетін себепті көктен де, жерден іздеп әуреленудің қажеті бар ма? Әрине, жоқ. Бірі бала тәрбиесіне дәл кезінде онша мән бермей бейқамдық жасаудың, өзінің күнделікті тірлігіндегі әрбір сәтінен, іс-әрекетінен үйреніп, айнытпай қайталайтын сезімтал да байқағыш бала барына есеп бермей, қалай болса солай өсірудің нәтижесі десек онша қателеспеспіз. Айталық, отбасындағы ерлі-зайыпты адамдардың бір-біріне қарым-қатынасы, үй тірлігін ұйымдастыруы, еңбекке көзқарасы, табыс көзін іздестіруі, мінезі, өзін қалай ұстауы, ішімдікке, темекіге әуестігі сияқты әдеттердің бәрі баланың көз алдында өтіп жатпай ма? Оның үстіне сәбидің жеке іс-қимыл әрекеті мен еліктеушілік, қызығушылық, әуестенушілік, еркелік т.б. толып жатқан қасиеттері бар. Соның бәрін қадағалап, дер кезінде дұрыс-бұрыстығын саралап, теріс жақтарынан сақтандырып, оң жаққа бастап отыратын кім? Өкінішке орай, ата-аналардың бәрі бірдей осы мәселеге зерделі көзбен қарап ой жүгірте бермейді. Әлі бала ғой, есі кіргенде жөнделіп кетеді деп жүріп баланы еркіне жіберіп, уысынан шығарып алғанын байқамай қалады. Мұндай жағдайда ата-ана бала өзіне-өзі келіп, тәрбие ырқына көнбей бара жатқанда ғана өкінеді.

Барлап қарасақ, тіпті, жөргектегі сәбидің өзіне де тәрбие керек екен. Уақытысымен тамақтандырып, уақытысымен ұйықтатылған нәресте сол мерзімге дағдыланады да, мезгілсіз жыламайтын болады. Ал, керісінше, үнемі көтеріп жүрсе бала қолдан түсірмеуді талап етіп шырылдайтынды шығарады.

Сыздықбай деген кісі жалғыз баласы Сұрағанды мектепке барғанша ерке, шолжың етіп тәрбиеледі. Әздек бала бастауыш мектепті бітіргенше тотайлығын қоймады, мұғалімдердің айтқан ақыл-кеңесін «балажан әке» ескермеді. Қайтер дейсің, ержеткен соң түзелер деп он екі-он үштегі бозбаланы сәби ретінде ұстайды. Ақырында сол Сұраған жетінші сыныпты да бітірмей, оқуды тастап кетті. Он сегіз-он тоғызға келгенше үй шаруашылығына да, қоғамдық еңбекке де араласпады. Әкесі еңбек жасынан асқанша жігіт берекелі жұмыс істемеді, қарт әкенің аз ғана дәулетін шашумен болды.

«Тәйт» деген тыю естімей, бетімен кеткен жас көбіне өзімшіл, өркекірек, үлкенді, ата-ананы сыйламайтын тілазар, әлі келгенді жәбірлеуге бейім тұратын содыр, жан қинап еңбек ету орнына оңай олжа табуды артық көретін арамтамақ болып өсетіні жөнінде өмірде кездесіп жүрген осындай мысалдар аз емес.

Бұл айтылғандардан әсте «баланы еркелетпеу керек» деген ұғым тумайды. Баланы жақсы көру, еркелету де әкелік, аналық мейірімге тән табиғи мінез. Бірақ еркелету деген баланың ыңғайымен жүру, қисық- қыңырына да көне беру деген сөз емес. Жақсы тәрбиенің әліппесі – баланы әрбір шалыс, ағат қадамнан оң жолға, өнегелі жолға бұрып отыру болса керек.

«Туған баласын кім сүймейді. Сүю керек. Бірақ сүю мен еркелетудің үлкен айырмасы бар. Біз де жеті бала тәрбиелеп өсіріп отырмыз, бәрін де еркелетіп «бетімен» жіберіп көргеніміз жоқ», – дейді Әбен мен Сақып балалары жөнінде. Олар балаларын жастайынан әдептілікке, үлкенді сыйлауға, еңбексүйгіштікке, ізденгіштікке бейімдеп, кітаптан, кинодан, радиодан, өмірде кездескен мәселелерді талқыға салып, жақсы мен жаманды айыруға үйрететінін айтады. «Ең кіші баламыз он жасар Ораздың өзі еден жуады, оқуға ынталы, еріну дегенді білмейді. Үлкен ұлымыз Наурыз институтты жақсы бітірді, одан кейінгі ұлымыз Сағындық әскери міндетін өтеп жүр. Әскери дайындықтың үздігі белгісін алған жауынгер. Қызымыз Әлия орта мектепті күміс медальмен аяқтады, ол да үнемі еңбексүйгіштіктің өнегесін көрсетті. Қазір институтта оқиды...» деп жазады қадірлі ата-ана. Міне, осындай еңбексүйгіш, әдепті бала тәрбиелеп отырған отбасылар біздің қоғамымызда көп-ақ. Оларды көргенде еріксіз қуанасыз, еріксіз шаттанасыз...

Енді біреулер балаға тым қатал болып, қателігі үшін ұрып-соғып отырса тәртіпсіз болмайды деген ойда әрекет етеді. Шын мәнінде солай ма? Баланы ұрып тәрбиелеуге бола ма? Бұл сұраққа «иә» деп жауап беретіндер сирек. Педагогика ғылымы да баланы ұрып тәрбиелеудің теріс екенін уағыздайды.

Бірақ бұл мәселеге «жұрттың бәрі осылай қарай ма? Іс жүзінде, өмірде қалай болып жүр?». «Жалаң сөзбен іс бітпейді. Таяқ көрмеген, шыбық тимеген бала есіріп, басынып кетеді, тыңдамайды. Кейде тыңдамаған баланы шықпыртып алғанның да артығы болмас» дейтін ата-аналар жоқ па?

Адамзат тәжірибесіне үңілсек те, өзімізбен қатар жүрген зиялы адамдар өміріне зер салсақ та, педагогика ғылымына жүгінсек те – ұрып тәрбиелеудің жақтастарын көп таба қоймаймыз. Үнемі «таяқ жеген» бала жігерсіз, ұяң әрі жасық, ызақор, талапсыз болып өседі. Бала әлдеқалай бір қателік жасап аламын ба дегендей бойын үрей билеп, не болса соған жалтақтап, ынжық бола бастайды. Бұған да өмірде кездескен бір мысал келтірелік.

Төрт жасар Есет доп ойнап жүріп, байқамай кішкене інісі Кәрімді қағып кетті. Кәрім етпетінен түсіп, көп жылады. Сонда әкесі: 

– Ой, оңбаған, неге көзіңе қарап жүрмейсің, ей? – деп ақырып, көзін аларта жұлқынып кеп Есетті үсті-үстіне ұрмасы бар ма! Есеттің де есі шығып кетті. Көзі бақырайып, ыстық жас жәудір көзден мөлт-мөлт ытып та үлгерді.

Міне, осы арада Есет осынша жәбір көретіндей тәртіпсіздік істеді ме? Олай деудің еш қисыны жоқ. Білікті ата-аналар мұндайда кішкентай Кәрімге де: «Тұрып кет, ештеңе етпейді. Әй, Есет, сені ме!» деп Есетке де сәл қабақ шытып, аса шу көтермей тыю айтады. Артынан Есетке: 

– Есет, сен үлкенсің ғой, байқап ойна, байқап жүгір. Көрдің бе, сен Кәрімді жығып кеттің, ол жылап қалды. Сен оны жылатпа, ол сенің інің ғой, – дегендей сөздермен жайлап ақыл айтады.

Бала осындай сөздерден де түйсік алады, ненің дұрыс, ненің қисық екенін аңғара бастайды. Ал, орынсыз жерде жәбірлеу, жекіп-зекіру, ұсақ-түйекке бола бұлан-талан болып таяқтау баланың сағын сындырады. Баланың үйде де, кейін өсе келе мектепте де жігерсіз, ұяң боып немесе қатыгез өсуіне себепкер болады.

Жасық бала сабақты да жақсы оқи алмайды. Мектепте көбінесе былай болады: мұғалім сынып бойынша жалпы ортақ сұрақ тастайды. Сонда әлгіндей жасық бала біліп отырса да суырылып шығып айтуға батылы жетпей, бұғып отыра береді. Тіпті, айтқан күнде де білгенін дұрыстап жеткізе алмайды.

Баланы ұру – дәрменсіздік. Баланы ұру әке мен баланың, ана мен баланың арасын суыта түседі. Баланың ата-анаға деген сүйіспеншілігін азайтады. Баланы дұрыс тәрбиелеймін деген ата-ана бұл істі сәби жарық дүниеге келген кезінен бастауы керек. Баланың мінезі, денсаулығы, түйсік-танымы сол сәби шағынан қалыптаса бастайды.

Күләш БЕЙСЕНБИЕВА, 

педагог-журналист. 

Алматы.