«БІЗ ХАЛЫҚТЫҢ БЕРЕКЕЛІ БІРЛІГІНІҢ АРҚАСЫНДА АУЫР СЫНАҚТАН СҮРІНБЕЙ ӨТТІК – Қ.ТОҚАЕВ

«БІЗ ХАЛЫҚТЫҢ БЕРЕКЕЛІ БІРЛІГІНІҢ АРҚАСЫНДА АУЫР СЫНАҚТАН СҮРІНБЕЙ ӨТТІК – Қ.ТОҚАЕВ

Ең алдымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 2025 жыл - Жаңа жылды «Аna tili» газетіне мемлекеттік тілде сұқбат беріп, бастауына баса назар аударғым келеді. 

Былтыр да, 3 қаңтарда “Егемен Қазақстанға” көлемді сұқбат беріп, ол да кең көлемде талқыланған еді.

Бұл биылғы 22 наурызда жарыққа шыққанына 35 жыл толатын, алғашқы бас редакторы Жарылқап Бейсенбайдың кезінде өз еркімен жазылған халық саны 100 мыңнан асып кеткен, ұлттық мүддені қорғау мен руханиятымызда үлкен рөл атқарған «Аna tili» газетінің қазіргі бас редакторы, дарынды ақын Ерлан Жүністің сұрағына байланысты мемлекет басшысының өзі атап айтқандай, осы сұхбатты беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсету!

ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ РЕТІНДЕ МАҢЫЗДЫ РӨЛ АТҚАРА БЕРЕДІ 

Сүбелі сұқбатта мемлекет басшысы еліміздің дамуының барлық өзекті саласына тоқталып, негізгі басымдықтарды атап өткен.

Солардың ішінде ел елеңдей күткен мемлекеттік тілдің рөліне де арнайы тоқталған. 

– Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.-деді президент.

Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің дамуына серпін беру үшін болашағымызда рөлі зор жасанды интеллектінің жасампаздығын игеріп, цифрлық технологияларды қолдануға үнемі баса назар аударып келеді. 

-Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады.

Шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады. Мемлекет экономикадағы болашағы зор осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсетеді. Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын.

Иә, мемлекет басшысы айтқандай, “Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі болу үшін Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет.»

Қазақ тілінің корпусы мен KazLLM атты цифрлы тіл моделі биыл парламентте заңнамалық тұрғыда бекітілгенін айта кетуге тиіспіз.

Жасанды интеллектінің маңызы өте зор екенін биыл қазақ тіліне байланысты Фортебанктен шыққан шу да дәлелдеп берді. «Банкке қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді білудің қажеті жоқ» деген талап қоғамда үлен шуға айналып, ақыры банк басшылығы ол талапты жасанды интеллектіге жауып құтылды... Мемлекеттік тілдің рөлін жоққа шығару - тек бір банкте ғана емес, барлық банкте де бар. Тек қаржылық мекемелерде ғана емес, мемлекеттік органдарда да мемлекеттік тілдің заңсыздыққа ұшырап келе жатқаны белгілі. Сол үшін мемлекеттік органдардан бастап, қаржылық институттар мен мекемелердің бәрін тексеріп шығуы керек тиісті органдар. 

2024 жылы 26 мамырда ұзақ жылғы үзілістен кейін қайта құрылып, алғашқы жиыны өткен Мемлекеттік тілді қадағалайтын Мемлекеттік ведомоствоаралық комиссия бұл мәселені назарда ұстауы тиіс.

Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру жолында цифрландыру мен жасанды интеллектінің рөлін арттыру Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің негізгі жұмыстарының біріне айналып келеді деуге болады. Өткен жылдың аяғында халықаралық цифрлық жүйелерге жол ашатын қазақ-ағылшын сөздігі шыққаны мәлім. Оның тұсаукесері Қазақстан мен Ұлыбританияда да өтті. Аталмыш сөздіктің Астанада өткен тұсаукесерінде айтқанымыздай, өмірімізге алапат қарқынмен ене бастаған, қазіргі жаһанды жаулап келе жатқан Жасанды интелектінің негізгі сөздік қоры-Мемлекеттік тіл - Қазақ тілі болуы тиіс! 

Бізде цифрлық бағдарламалардың бәрі қазақ тілінде болуы керек.

Өйткені, Жасанды интеллект енді еніп келеді өмірге. Яғни, барлық тілдерге старт бірдей берілді. Сондықтан жасанды интеллектінің қазақ тіліне негізделуіне барлық жағдайды жасау керек үкімет. Себебі, ел қай тілде деректер қорынан іздегенін тез таба алса, сол тілді қолдануға мәжбүр.

Оксфорд сөздігі, қазақ тілінің цифрлық бағдарламалардың барлығына енуі бұлар толығып жатқан ең қажетті материалдық базалар.

Ең бастысы - саяси базамыз толығып, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы қажет! Сонда ғана төрт құбыламыз түгел бола алады. 

Сонымен қатар Президент өте маңызды сала - мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіру мәселесіне тағы да тоқталды.

“Жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет.”-деп атап айтты. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы 2023 жылы да, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы төрағасы Р.Кенжеханды қабылдағанда Кеңес дәуірінде де, Тәуелсіздік алғасын да ешқандай нәтижесіз көзбояушылықпен оқытылып келе жатқан жанды жеріміз - орыс мектептеріндегі қазақ тілінің оқытылу методикасын жетілдіру мәселесін көтерген еді. Ол өте маңызды мәселе бірақ әлі шешіле қойған жоқ.

Мысалы орыс тілді мектепте 10 жыл қазақ тілі оқытылады, шамамен 850 сағат. Ал ғылыми зерттеулер бойынша кез келген тілдің 700-дей сөзін үйренсе, ол тілде тұрмыстық деңгейде сөйлеуге болады. Яғни, 1 сағатта 1 сөз үйренсе, 10 жылдағы 850 сағатта 850 сөз үйренуге болады деген сөз. Ал біздің орыс мектебін бітірушілердің 99,9 пайызы қазақша нан сұрап жей алмайды, бір ауыз сөз білмейді. Сонда 33 жылдан бері жыл сайын 850 сағатқа бөлінетін миллиардтар босқа кетіп жатыр, ешқандай нәтиже жоқ деуге болады.

Яғни, ҚР Президенті Қ.Тоқаев мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру үшін орыс мектептеріндегі қазақ тілінің оқытылу методикасын жетілдіру мәселесін, мектептегі осы уақытқа дейін шешілмей келе жатқан ең бір нәтижесіз мәселені тура жанды жерінен ұстап, дөп басып көтеріп отыр.

«Сөз арасында айта кетейін, дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады.»-деп, әлемдік тіл жағдайынан мәлімет берген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: "Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек."-деп, кешегі кеңес империясы кезеңінде қазақ тілін қорғау оңай болмағандықтан, зиялы қауым бастаған ұлтшыл-отаншыл азаматтардың ерлікке барабар қайраткерліктерін жоғары бағалағанын ерекше ықыласпен айта кетеміз. 

Иә, мемлекеттік тілді қорғау Тәуелсіздік алғаннан кейін де оңай болған жоқ. Тіпті Конституция гаранты ретінде мемлекеттік тілді қорғауы тиіс экс-президенттің шексіз билік қолында тұрғанда 2017 жылы болуы керек, “Орыс тіліндегі сұраққа Қазақ тілінде жауап бергендер жұмысынан қуылсын!”-деп, өзі қол қойған заңнамаға өзі қарсы шыққан заңсыз масқаралыққа да куә болғанбыз. Сол кезде біз «Қазақ үні» газетінде: «Қай тілге де Қазақ тілінде жауап беру заңды, өйткені ол Мемлекеттік тіл» деп қарымта қайтарған едік. Яғни, Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді қорғаушылар еңбегін әділ бағалауы “Әділетті Қазақстанға” сай әділеттілік! Бұл Президент бағасы - бүгінгі мемлекеттік тілді заңнамаға сай қорғап жүрген Керекудегі Руза Бейсенбайтегі, Өскемендегі Жұлдызай Форт бастаған барлық тіл жанашырларына берілген баға деп біліп, қуана қолдап отырмыз. Сондықтан да өткен жылдың аяғында мемлекетттік “Хабар” телеарнасындағы белгілі тележурналист Махат Садық жүргізетін “Көзқарас” бағдарламасының “Шерағаңның жалғасы” атты хабарына сұқбат бергенде аталмыш тіл қорғаушыларының еңбегін ерекше атап айтқан едік.

«Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді».-деп қорытты мемлекет басшысы тіл туралы сөзін.

Иә, 2020 жылы 1 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясында еліміздегі барлық этнос өкілдері «Мемлекеттік тілді міндеттеу керек» деп, арнайы ресми үндеу қабылдады.

Сондықтан, «Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі міндетті!», «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі – саясатымыздағы стратегиялық бағыт», «Ең бастысы - Қазақ тілі болуы керек!»,«Қазақ тілі - Ұлтаралық қатынас тілі болуы қажет», «Қазақ тілі – ғылым тіліне айналуы тиіс!», «АТА ЗАҢ БОЙЫНША БІЗДЕ БІР ҒАНА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БАР - ҚАЗАҚ ТІЛІ!» -деп, бірегей ұлт саясатын ұстанған ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!

Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітілетіні анық.

«БІЗ ХАЛЫҚТЫҢ БЕРЕКЕЛІ БІРЛІГІНІҢ АРҚАСЫНДА АУЫР СЫНАҚТАН СҮРІНБЕЙ ӨТТІК»

Президент кең көлемді, маңызды сұхбатында елдің жүрегіне жара салып, көптің көңілін күпті қылған 2022 жылғы Қаңтар қасіретінің қайғылы сабақтары туралы да кеңінен тоқталды.

-Тәртіп орнатуға және ахуалды тұрақтандыруға қатысты батыл шаралар қабылдаған соң, мен құзырлы органдарға Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бердім. Тергеу ашық жүргізілді. Қылмыскерлер жазасын алды.»-деп, тергеу процесіне тоқталған президент Қаңтар қасіретінің парламентте де талқыланғанын айтып берді. 

-Парламентте біздің арғы-бергі тарихымызда бұрын-соңды болмаған арнайы тыңдау ұйымдастырылды. Алғашқы парламенттік тыңдау Қаңтар оқиғасынан кейін үш айдан соң, ал екіншісі бір жылдан кейін өтті. Тыңдау барысында мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, құқық қорғаушылар да сөз сөйледі. Түрлі ой-пікір ашық айтылды, жайсыз сұрақтар қойылды. Мұның бәрі тікелей эфирде көрсетілді, бұл процесс туралы еліміздің және шет мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Билік халықтың көкейінде ешқандай күмән қалмауына мүдделі болғандықтан, мұндай қадамға саналы түрде барды.»-деді.

Иә, «Қаңтар қасіреті ашық айтылып, кінәлілер толық анықталып, түгел қатаң жазасын алуы тиіс. Ол үшін парламенттік тыңдау өткізілу керек!»-деп, 2022 жылы 26 қаңтарда парламентте ең алғаш Қаңтар қасіреті мәселесін көтеріп, «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жасағанымыз бүгінгідей көз алдымызда.

-Бір нәрсе анық, сол кезде тәртіпсіздікті бастаған және төңкерісті ұйымдастырған адамдардың қимылына дереу тосқауыл қойып, батыл әрекет жасамағанда, қазір Қазақстан дербестігі мен егемендігі әлдеқайда шектеулі, мүлде басқа мемлекетке айналар еді.

Біз халықтың берекелі бірлігінің арқасында осы ауыр сынақтан сүрінбей өттік. Қаңтардағы оқиғадан бәріміздің зор сабақ алғанымыз сөзсіз. Біріншіден, елдегі билік жұдырықтай жұмыла білуге тиіс, қосарланған билікке ешқашан жол берілмеуі қажет. Екіншіден, Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу керек. Олар Отанымызға, яғни Қазақстан Республикасына адал болуға тиіс. ”-деді президент.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы Қаңтар қасіретіне дейін елде қос биліктің елесі кезіп жүргенін осы жолы ашық айтты. Ел үшін ерекше маңызды болғандықтан бұл туралы президент сөзін толық келтіруге тура келеді.

-Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді.

Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын. Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді.”-деп сол кездегі саяси жағдайды тура сипаттап берді.

Енді осы президент айтқан саяси жағдайды салмақтап, саралап көрейік. 

Қ.Тоқаев былтыр да 3 қаңтарда “Егемен Қазақстанға” көлемді сұқбат бергенде Н.Назарбаевтың саяси этикаға сай емес, ешқандай ережеге сыймайтын ерсі қылықтарының шет жағасын айтып өткен еді. Сол кезде Президент экс- президент туралы ел аузында афоризмге айналып кеткен: “Кеттің бе, - Қайрылма!”-деген қанатты сөзін айтқанын жақсы білеміз…

Бүгінгі президенттің бұрынғы президентке айтқан: “Кеттің бе -Қайрылма?”-деген қағидалы сөзін қалың елдің: “Кеттің бе? - Қараңды батыр” – деп, жаппай жалғастырып алып кетуі - елдің ескі билікке деген көзқарасы деп қабылдадық…

Қ.Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалардың бірі деп, кейін Қаңтар қасіретіне әкелген “қос биліктің” негізгі себептерін шегелей айтып берді. 

Ал экс-президенттің Малайзияны экономикасы ерекше қарқынмен өрлеген елге, “Азия ғажайыбына” айналдырған Махатхир Мохамадқа сілтеме жасау мәселесіне келейік.

✅ Малайзияда 22 жыл билікте отырған Махатхир Мохаммад елін Азия жолбарысына айналдырып, малай халқын маңдайалды марғасқа елге айналдырса, ал Назарбаев Қазақстанды басқарған отыз жылда, керісінше қазақ халқын не пұлы жоқ, не тілі жоқ малайға айналдырды...

✅ Отыз жылда халықтың мұнай мұхитынан қазаққа тамшы ғана тамызып, кен-қазына мен газдың үстіндегі елге тезек жаққызып, Астана жұртына көмір жаққызып, елдің соңында тезек теріп қалдық. 

✅ Ауылды қанап, жерді талап, бір де бір өндіріс орнын ашпай, өтірік зауыттардың тұсауын кесіп шерулету - шерлі халықтың маңдайына жазылған сор болды.

✅ “Билікте тұрғанда ұрлық қылсаң, ұрпағыңның тағдырымен төлейсің?”-дейді әлемді билеген әйгілі Шыңғыс хан.

Біз отыз жылғы биліктің тонауын ел тағдырымен төлеп келе жатырмыз әлі күнге дейін...

 ✅ Еліміздің 55 пайыз байлығын иеленіп отырған 162 олигарх экс президент айтқандай “қолдарынан сүйреп сотқа апаруға” лайықты болса да, әлі ел байлығын иеленіп отыр…

✅ Ұлттық идеологиядағы ұлттық мүддемізді, тілімізді құрдымға таяп қойған рухани шығын экономикадағы ұрланған триллиондарды жүз орап алады. Экономикалық шығынның орнын толтыруға болады. Отыз жыл ойран болған Ұлттық-Рухани идеологиядағы банкроттықты ешқандай қаржы мен қазына қайтара алмайды.

Қаңтар қасіретінен кейін үш жылдың ішінде “Ескі Қазақстанды” аңсау акциялары да қылаң беріп қалып жүр. Бұндай Қаңтар қасіреті енді қайталанбау үшін басты кінәлілерді түгел қатаң жазалап, "Ескі Қазақстан" отыз жыл тонаған халық байлығын халыққа түгел қайтару керек! Бұл - Халық күтіп отырған талап!

Бұл туралы президент: «Сондықтан кезінде баз біреулерге орынсыз берілген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасы негізінде Қазақстанды жаңғырту стратегиясы.

Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады. Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе?»-деп тұжырымдады.

Иә, еліміз 33 жылда ауыр сынақтарды басынан өткерді. Енді ең бастысы, қазіргі халықаралық геосаяси қиын жағдайда ата-бабамыз, арыстарымыз қанын төгіп, жанын құрбан еткен кең байтақ Жерімізді, Елімізді қасық қанымыз қалғанша қорғай біліп, Тәуелсіздіктің Көк Туын көкте мәңгі желбірете беру! Ол үшін ең алдымен тыныштықты сақтайтын, ырыс-құтқа бастайтын ынтымақ басты мақсатымыз болуы тиіс. Мемлекет басшысы айтқандай, «Ең бастысы, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет.» 

Президенттің халыққа жасалған арнайы үндеуі дерлік көлемді сұхбатынан көңілге түйгеніміз осы.

Қазыбек ИСА