ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ ОРДАСЫ ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ - ЕЛІМІЗ ҮШІН ЕРЕКШЕ МАҢЫЗДЫ - Қазыбек Иса
2024 ж. 18 желтоқсан
359
0
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның Түрік әлемінің киелі ордасы Түркістанның ең алдымен Қазақ хандығының астанасы болған тарихи маңызына баса назар аудару керектігі туралы сөйлеген сөзі.
***
-Киелі Түркістан туралы айтқанда ұлы Мағжанның әйгілі жыры еске түседі:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңір берген несібі ғой,-
деп, Алаштың ақиығы Мағжандай марғасқа ақындар жырлаған қасиетті Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң қабылдайтын күнге де жеттік, құдайға шүкір.
1.Біріншіден, Түркістанға ерекше мәртебе беру мәселесі тек бір қаланың немесе аймақ шеңберінде ғана шектеліп қалмайды. Иә, біз үшін бар қаламыз бағалы, бірақ Түркістанның орны ерекше бөлек екенімен бәріңіз де келісесіздер! Түркістан – барша түркі әлемінің рухани және мәдени мұрасының ордасы. Бұндай заң жобасын қабылдау – еліміз үшін баға жетпес тарихи және мәдени бірегей құндылықтарды сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттап тапсыру.
2.Екіншіден, киелі Түркістан тарихына 1500 жылдан асады. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына енген, қазақтың ұлы тұлғалары жерленген қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және 400-ден аса тарихи және мәдени ескерткіштер бар.
Бұл тарихи орындарды сақтау үшін айтарлықтай ресурстар қажет. Заң сол үшін керек!
3.Үшіншіден, ерекше мәртебе – тарихи-мәдени мұра нысандары жай-күйін жедел анықтауды,тексеруді, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді және пайдалануды қамтамасыз етеді. Қаланың экономикалық және әлеуметтік даму жоспарлары бойынша ғылыми-қалпына келтіру және археологиялық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді.
4.Төртіншіден, Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерваты құрылады. Бұл тарихи-мәдени мұраның ең нәзік бөлігі ретінде олардың сақталуын, тұтастығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі деп санаймын.
5.Бесіншіден, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу жөніндегі нормалар, бөгде құрылысты жүргізуге жол бермеугежәне оның бірегейлігін сақтау мақсатында, сондай-ақ бірыңғай дизайн кодты орнату бойынша ерекше маңызға ие.
Бұл жерде атап айтарымыз, Түркістан түгел түркі әлемінің киелі ордасы болғанмен,
біз ең алдымен қасиетті шаһардың Қазақ хандығының ордасы, Еңсегей бойлы Ер Есім ханнан бастап XVI - XVIII ғасырларда үш ғасырдан астам мемлекетіміздің астанасы болған тарихи маңызын басты назарда ұстауымыз керек. Мысалы, Қазақ Елінің байырғы астанасы Түркістанға кіріп келе жатқанда, бізді қазақ тарихына қатысы жоқ, құйрығы шұбатылған түрлі-түсті тауыс құсы, павлин емес, Көк туымыздағы көкке самғаған қанатты қыран құсы қарсы алуы қажет еді... Немесе, Түрік қағанаты кезінде батырлар байрақтарында бейнеленген, Көк түріктер киелі санаған көк бөрінің мүсіні тұрса да, күшті рух сыйлар еді…
6. Алтыншыдан, осы заң қабылданған соң шахар сәулетіндегі бұндай кемшіліктерге жол берілмейді деп сенеміз. . Сондықтан қала құрылысы мен сәулеті ұлттық бейнесін сақтау үшін құрылыс кеңесімен бірге ұлттық рухани маңызын айқындайтын ғылыми-көркемдік кеңес болуы тиіс.
7. Жетіншіден, қаладағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық университетте Қазақстанмен бірге Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және таүы басқа елдердің студенттері оқиды. Яғни, Түркістан – түркі халықтарын біріктіретін рухани орталық. Сондықтан заң жобасын қолдау тек саяси шешім ғана емес. Түркістанға ерекше мәртебе беру мәдени бірегейлікті нығайтып, қаланы Түркі әлемінің рухани астанасына айналдырады.
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ ОРДАСЫ ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ – ТҮГЕЛ ЕЛІМІЗ ҮШІН ЕРЕКШЕ МАҢЫЗДЫ!
Қорыта айтқанда, Түркістан туралы заңның оң нәтижесін әрбір Түркістандық, тұтас еліміз көруі тиіс!
Осыған байланысты заң жобасын қолдау маңызды деп санаймын.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
Депутаттық сауал видеосын мына сілтеме арқылы көре аласыздар.