Адам құқықтары саласындағы реформалар. Қазақстан нені және қалай жүзеге асыруда?

Адам құқықтары саласындағы реформалар. Қазақстан нені және қалай жүзеге асыруда?

10 желтоқсан Халықаралық адам құқықтары күні ретінде 1948 жылы БҰҰ қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы негізінде бекітілген. Бұл күн адамның тегіне, жынысына, ұлтына, діни сеніміне қарамай құқын қорғауды дәріптеді. Қазіргі уақытта ол – барлық адам үшін бостандықтың, теңдіктің және әділдіктің рәмізі.

Алғашқы қадам

Мерекенің шығу тарихы сонау сұрапыл соғыстан кейінгі кезеңнен бас­тау алған, сол кезде БҰҰ-ның негізін қалау­шы елдер адамның негізгі құқық­тарын белгілейтін әмбебап құжаттың қажеттігі туралы келісімге келген.

Жалпыға бірдей декларация жаһан­дық қоғамдастықтың әрбір адамға тән әмбебап құқықтарын тұжырымдауға, тануға жасаған алғашқы қадам болды. Осы құжат адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықтардың дамуына негіз бола отырып, дүние жүзінің түкпір-түкпірінде танылуына ықпал етті.

Қазіргі уақыттағы Адам құқықтары күні барлық адамның бірдей құқығын қорғаудағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын айғақтайды. Жыл са­йын БҰҰ өзекті сын-қатерлерді баса көрсететін тақырыпты таңдайды. Осы жылға арналған тақырыбы «Біз қазіргі және болашақтағы мәселелерді шешуге дайынбыз. Біз өзіміз қалаған болашақты бірге құрамыз». Сондай-ақ осы маңызды күн барлық елде, оның ішінде Қазақстанда адам құқығын қорғау саласындағы ағымдағы сын-қатерлерді талдауға және оларды еңсеру жолдарын талқылауға мүмкіндік береді.

Қазақстан адам құқықтары саласын­дағы халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу бойынша жоспарлы жұмыстар атқарып келеді. Қазақстан осы бағытта жасалған 70-тен астам көпжақты шарттардың қатысушысы ретінде жоғарыда аталған құндылықтардың берік ұстанушысы болды және болып қала береді.

Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды және Әмбебап мерзімді шолуға қатысады.

ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықтың шеңберінде сөз бостандығын, аз қалған ұлттардың құқықтарын және гендерлік теңдікті қорғау бойынша бастамалар жүргізілуде. Қазақстан Еуропа Кеңесінің мүшесі болмағанымен, адам құқықтарын қорғау бағдарламаларына, мысалы Венеция комиссиясының іс-шараларына қатысу арқылы үнемі белсенді ынтымақ­тастықта. Сонымен қатар ТМД-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы шең­берінде өзара іс-қимыл жасау жүзеге асырылып жатыр.

Республика БҰҰ-ның алты комитеті­нің – Адам құқықтары жөніндегі комитеттің, Азаптауларға қарсы комитет­тің, Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеттің, Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитет­тің, Мүгедектердің құқықтары туралы комитет пен Балалар құқықтары жөнін­дегі комитеттің азаматтардың жеке хабарламаларын қабылдау және қарау құзыреттерін қолдады.

Біздің еліміз – ауқымды демократия­лық және саяси реформаларды, сон­дай-ақ адам құқықтарын қорғау сала­сындағы бастамаларды іске асыруда танылған өңірлік көшбасшылардың бірі. Мұндай реформалар адам құқық­тарын қамтамасыз ету мен қорғауға елеу­лі үлес қосқан «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы орасан зор саяси трансформацияның бір бөлігі саналады.

Осы бағытта жүйелі жұмыстар шеңберінде 2021 жылы адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспары және 2022 жылы адам құқық­тары мен заңның үстемдігі сала­сындағы одан әрі шаралар жоспары қабылданып, жүзеге асырылды. Өткен жылы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығы қарсаңында таяу жылдарға арналған адам құқықтары мен заңдылықты қам­тамасыз ету жөніндегі үшінші іс-шаралар жоспары қабылданды.

Халықаралық аядағы маңызды іс

Елдегі адам құқықтары саласындағы соңғы жылдардағы басты жетістіктеріне тоқталайық.

Мемлекет басшысы тиімді әділет пен азаматтардың құқықтарын қорғау ерекше орын алатын қоғамда әділдік пен тәртіпті орнату қажеттігіне үнемі назар аударып келеді. Біздің елдің Бала құқықтары туралы факультативтік хаттамаға қол қоюы және мүгедектердің құқықтары туралы факультативтік хаттаманы ратификациялау адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды енгізу жөніндегі маңызды қадамдар болды.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2023 жылы «Бейбітшілік пен толеранттылық мүддесі үшін әр балаға сапалы білім беруді қамтамасыз ету» тура­лы алғашқы қазақстандық қарарды қабылдады. Қарар 100-ден астам мемлекет­тен, оның ішінде Еуропалық одақ мүше­лері, АҚШ, Латын Америкасы, Азия, Аф­рика және Таяу Шығыс елдерінен бір­­лес­кен авторлық нысанда кең қолдау тапты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстана отырып, адам құқықтары жөніндегі жұмыстың шеңберінде Конституциялық сот қайта жанданып, оған енді барлық азамат тікелей жүгіне алады. Конституциялық сот барлық жағдайда дерлік мәсе­лені қарау кезінде халықаралық-құқық­тық актілердің нормаларына белсен­ді түрде сілтеме жасай отырып, өз ұста­ным­дарын негіздейді және қолданыс­тағы халықаралық-құқықтық актілердің ережелерін тікелей пайдаланады.

Құрамына құқық қорғау ұйым­дары, заң­герлер, экономистер, тәуел­сіз сарапшы­лар мен мемлекеттік қыз­меткерлер кіретін Ұлттық құрыл­тайдың құрылуы халықтың ел басқару ісіне қатысуын арттырды.

Өткен жылы «Қоғамдық бақылау туралы» заңның қабылдануы мемлекеттік орган­дардың қызметіне мониторинг жүр­гізу және қоғамдық бастамаларды іл­герілету үшін құқықтық негізді құрайды.

ҮЕҰ-ның әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысуына негіз жасалды. Жалпы сомасы 6,4 млрд теңге болатын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы берілген қаржыландыру жүздеген жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Былтыр парламенттік сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық үлгі­сін енгізу сайлауға өзін-өзі ұсынған кан­дидаттардың қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ өткен жылдың басында лауазымды адамдар­дың негізсіз баюы үшін жауапкершілікті көздейтін заңның қабылдануы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейтті.

Заңнамаға бейбіт жиналыстарды өткізудің хабарламалық тәртібі енгізілді. Бейбіт жиналыстарды өткізудің хабарлама тәртібі пикеттер, митингілер, жиналыстар үшін көзделген.

2023 жылдың қазан айында «петиция» ұғымы бекітілді. Петицияны беру және қарау тәртібі реттеліп, дауыстардың шекті саны белгіленді.

Азаматтардың құқықтық құрылым­дармен өзара іс-қимылын жақсартуға көмектесетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға ерекше назар аударылып отыр.

Адам саудасына қарсы күрес үшін ұлттық заңнаманы халықаралық стан­дарт­тарға сәйкестендіретін жаңа Заң қабыл­данды. Адам саудасының барлық түрі, оның ішінде мәжбүрлі еңбек, қайыр сұрау, жыныстық қанау және мүшелерді алып тастау үшін жаза түрлері көзделген.

Өлім жазасын толығымен алып тастау ең маңызды шешімдердің бірі болды. Бұл 2022 жылғы референдумда азаматтардың қолдауына ие болған Конституцияға тиісті түзетулер енгізудің арқасында мүмкін болды.

Қазақстан азаптауларға мүлдем төзбеу­шілік танытады. Мұндай қылмыс­тар үшін жазалар қатаңдатылды, Ыстан­бұл хаттамасына негізделген тергеу әдістемесі енгізілді, бейнежазбалары бар ашық жауап алу бөлмелері құрыл­ды. Мұндай істерді тергеу тек прокура­тураның құзыретіне берілген.

Қазақстан жауапкершілік пен зардап шеккендерге қолдау көрсетудің жаңа шараларын енгізе отырып зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді күресіп жатыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларды қорлау, педофилия және басқа да қылмыстар үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық күшейтіліп, сонымен қатар жетім балаларға арналған жаңа тәлімгерлік институттары құрылды. Полиция мұндай қылмыстарды тіркеу­ден анықтаушылық сипатына көшті. Өткен жылғы 1 шілдеден бастап татуласуды тек бір рет, сот арқылы жасауға болады. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеп-тексеру сапасын қамтамасыз ету үшін барлық полиция департаментінде тұрақты тергеу-жедел топтары құрылды. Олардың құрамында 260-тан астам әйел тергеуші, сондай-ақ әйелдерді зорлық-зом­былықтан қорғау бөлімше­лері­нің, жедел-криминалистика, крими­нал­дық және ювеналдық полиция бөлім­шелерінің қызметкерлері кіреді. Еліміз­де тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбан­дары­на арнаулы әлеуметтік қызмет көр­се­тетін 46 дағдарыс орталығы жұмыс істейді.

Омбудсмендер институты қалыптасты

Былтырдан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жарым жылға дейін ұлғайтылып, әйел­дердің зейнетке шығу жасы 61 жас болып бекітілді. Бұл шаралар отбасыларды қолдауға және гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған.

Әйелдер еңбегін пайдалануды шек­тей­тін «көнерген» жұмыстар тізімі жо­йылып, әйелдерге, мүгедектерге және жастарға арналған міндетті парламенттік квоталар 30%-ға дейін ұлғайтылды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» резолюциясын іске асыру бойынша Ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданды.

Биылдан бастап «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы іске қосылды, оның шеңберінде Ұлттық қордың инвес­тициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейін­гі барлық балаға бөлінеді.

Кәсіпкерлердің құқықтарына ерекше назар аударылуда. Кәсіпкерлікті дамыту­дың ұлттық жобасы шеңберінде 555 мыңнан астам адам жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларын алды, ал шағын және орта бизнесті қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналды. Кәсіпкерлік қызметтегі адам құқықтарын сақтау бойынша шаралар қабылданды: қауіпсіз еңбек жағдайларына қойылатын талаптар күшейтілді және жазасын өтеп жатқан адамдарға қайта қалыпқа келу шаралары қаралды.

Әлеуметтік осал санаттағы азамат­тардың өмірін жақсарту үшін жаңа әлеуметтік бастамалар енгізілді. Әлеу­меттік кодекс шеңберінде өткен жылдың шілдесінен бастап мүгедектер цифрлық платформа арқылы заманауи қызметтерге қол жеткізе алды. Бұдан басқа, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарының сақталуын және оларға көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалайтын мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру инспекторлары енгізілді. Мектептер­дің 86%-дан астамы қазірдің өзінде инклюзивті білім беруге бейімделген және бұл көрсеткіш өсуде. Елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу үшін мыңдаған маман мен кеңес беру орталықтары бар жұмыс атқарады.

Күн көрісі төмен азаматтардың құқық­тарын қалпына келтірумен бірге мем­лекеттік және қоғамдық құрылымдармен өзара іс-қимыл жасаумен айналысатын Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру маңызды қадамдардың бірі болды. Сондай-ақ Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, инвестициялық омбудсмен, банк және сақтандыру омбудсмендері мемлекетте қызмет етеді.

Күрделі мәселелерді шешетін тәуелсіз орган

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттігі Конститу­циялық реформалардың нәтижесінде айтарлықтай кеңейіп, әр облыста оның өкілдіктері пайда болды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты – қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы делдал ретінде адам құқықтарының бұзылуына байла­нысты күрделі мәселелерді шешуге көмек­тесетін тәуелсіз орган.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл инс­титуты 2002 жылы бекітілді, бірақ оның қазіргі заманғы рөлі соңғы жылдары ғана қалыптаса бастады. Бүгінгі таңда ол заңнамалық тұрғыда тәуелсіз және оның ісіне негізсіз араласудан қорғалған.

Кейінгі жылдары Омбудсменнің қолдауына жүгінген азаматтардың саны айтарлықтай өсіп келеді. Өткен жылы 2,5 мыңға жуық жеке қабылдау өткізілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда бес есе көп. Осы жылдың 11 айында қабылдау­лар саны 2723-ке жетті. Бұл кезеңдегі арыздардың жалпы саны 6 209 болды, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға көп.

Азаматтар жүгінетін басты мәселе­лерге сотқа дейінгі тергеп-тексеру орган­дарының әрекеттері/әрекетсіздігі, сот шешім­дерімен келіспеушілік және сот­талғ­ан­дардың құқықтарының бұзылуы жатады.

2013 жылдан бастап Қазақстанда аза­маттық қоғаммен және үкіметтік емес ұйым­дармен белсенді ынтымақтастық­ты көздейтін «Омбудсмен+» үлгісі бойын­ша жұмыс істейтін Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қолданылады. Бүгінде ҰАТ 3,5 мың­нан астам мекемені қамтиды, оның құрамына 20 өңірлік топ кіреді.

Былтыр Омбудсмен өкілдері жабық ме­ке­мелерге 684 рет барып, 600 ұсыным берген, оның 78%-ы орындалды. Осы жылдың 11 айында 770 қатынас жүр­гізіліп, 1014 ұсыным берілген, оның 81%-ы орын­далды. Мұндай іс-шаралар құқық бұзу­шылықтың алдын алуға және сотталған­дардың құқықтарын қорғауға көмектеседі.

Құқықтық оқыту негізгі қызмет бағытына айналды. 2024 жылдың 11 айында 330 мыңнан астам адамды қамтыған 1092 сыртқы кездесулер, дәрістер мен кеңестер өткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 есе жоғары.

Уәкіл институты халықаралық ұйымдармен және әріптестерімен өзара белсенді әрекеттеседі. Елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кейінгі екі жылда 98 кездесу өткізіліп, 27 халықаралық іс-шараға қатысты.

Адам құқықтарын қорғау саласындағы жұмыс үнемі жетілдіруді талап етеді және Қазақстандағы Уәкіл институты әділ және құқықтық қоғам құруға өз үлесін қоса отырып, азаматтардың сенімін ақтауға ұмтылады.

Осылайша, Қазақстан ұлттық және халықаралық стандарттарды сақтай отырып, адам құқықтары мәселелеріне жүйелі және кешенді көзқарасты ұс­танады. Жаңа заңнамалық баста­малар­дың, адам құқықтарын қорғау тетік­терін кеңейтудің және демокра­тия­лық реформалардың арқасында респуб­­лика өзінің әділдік, теңдік және заң үстем­дігі қағидаттарына адалдығын растайды.

Бұл қадамдар Қазақстанның халық­аралық аренада сұхбат пен серіктес­тікке ашық, озық және адам құқықтарын қорғайтын ел ретіндегі ұстанымын нығайтады.

Тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің міндеті – адам құқығын қорғау. Бұл салада тұрақты нәтижелерге жету үшін мемлекеттің, азаматтық қоғамның, бизнестің және азаматтардың күш-жігерін біріктіру қажет.

Мемлекеттік органдар құқықтардың бұзылуына ықпал ететін олқылықтарды жою үшін заңнаманы ұдайы жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың сот төрелігі мен әлеуметтік қорғауға қол жеткізуін қам­тамасыз ете отырып, құқық қолдану тәжі­ри­бесінің тиімділігін арттыруға міндетті.

Қоғамдық ұйымдар, белсенділер мен құқық қорғаушылар проблемаларды анықтауда, осал топтардың мүдделерін қорғауда және құқықтардың сақталуын бақы­лау­да маңызды рөл атқарады. Олар­ды мем­лекет тарапынан, оның ішін­де заң­на­­малық деңгейде қолдау адам құқық­тарын қорғау тетіктерін нығайту үшін қажет.

Қорытындылай келе, Адам құқық­тары осы бағыттағы үздіксіз жұмыстың маңызын еске салатынын атап өтуге болады. Тек барлық тараптың, яғни мемлекеттің, азаматтық қоғам мен азаматтардың қатысуымен табысқа жету мүмкін. Бірлескен күш-жігер адам құқықтарының тетіктерін нығайтуға, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға, сондай-ақ барлық адамға бірдей сот төрелігі мен негізгі құқықтарына қол жеткізуге кепілдік береді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл барлық азаматқа бейжай қарамауға шақырады. Адам құқықтарын құрметтеу, қорғау және ілгерілету – күшті, әділ және демократиялық қоғам құрудың негізі.

Артур ЛАСТАЕВ,

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл