Асқаралы 60-қа абыроймен келген

Асқаралы 60-қа абыроймен келген

Алпыс жастың асқар биігіне көтерілген Түркістан облысына қарасты Шардара ауданының тумасы – Асқаров Ниязбек Әмірханұлы десек артық айтқандық емес. Алпысты тал тұс деп қарайтын елағасының еңсерген еңбегі ерен. 60-қа келген мерейтойын атап өтіп жатқан Ниязбек Әмірханұлы туралы аз-кем сыр ағытсақ дейміз.

Қамшының сабындай қысқа делінетін мына ғұмырда парасатынан ғибрат алатын жақсы адамдар болады. Ол кісілердің өмірінің өзі өнеге, әр қадамы желкілдеп өсіп келе жатқан жас толқынға ғибрат. Сол кісілердің өміріне қарап отырып Отанды сүю, еңбекті қадірлеу дейтін ұғымдар өріс жаймақ. Бұл әрі-беріден сон өзіміздің ұлттық ұғымның аясындағы дүниелер, жалпы адамзат баласына ортақ қағидалар. Сондай жандардың бірі – адал еңбегімен абыройға бөленген Асқаров Ниязбек Әмірханұлы десек, артық айтқанымыз емес. Біз енді кейіпкеріміз туралы кеңінен көсілелік

«Мен 1964 жылы 22 қарашада сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданында дүниеге келгенмін. Біршама уақыт сонда тұрдық. Кейін әкеміздің ұйғарымымен көршілес Келес ауданына қоныс аудардық. 1982 жылы Келес ауданына қарасты Бірлік ауылындағы Ә.Жанкелдин атындағы орта мектебін бітірдім» – деп өткен күнге ойша шолу жасайды Н.Асқаров.

Ниязбек ағамыздың әкесі Әмірхан мен аяулы аналары Айткүл ападан 8 ұл-қыз тараған. Бәрі де жоғарыда айтылған Киров ауданында өмірге келген. Әмірхан ақсақал заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі еді. Өзі жоғары білімді болмаса да балаларының барлығын жоғары оқу орындарында оқытты, тәлімді тәрбие берді. Перзенттерінің үлкені Әуесхан аға ауыл шаруашылығының білгір маманы, «Келес ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері, зейнетте болғанымен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып отырады. Екінші ұлдары Әшірхан да зейнеткерлікке шыққанға дейін кеңшарларда бас экономист болып қызмет атқарған азамат. Ұлдың үшіншісі Лесхан ағамыз айтулы ғалым болды. Қазақ Ұлттық Университетінде профессор, философия ғылымдарының докторы, бірнеше ғылыми кітаптардың авторы. Жолдасхан есімді ұлдарын шардаралықтар етене таниды. Қызмет жолын ауыл шаруашылығы саласынан бастаған Жолдасхан аға аудан көлемінде бірнеше ауылдық округте әкім болып еселі еңбек етті. Біздің негізгі кейіпкеріміз шаңырақтағы бесінші ұл. Кенже ұлдары Дүйсенбек те жоғары білімді азамат. Қазіргі таңда Келес ауданы, Бірлік ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарып келеді. Әмірхан ақсақалдан осы 5 ұлдан бөлек Айнаш, Күлпаш есімді екі қыз тарайды. Өкінішке орай апаларымыз өмірден ертерек өтті. Құдайға шүкір, артында жиендер желкілдеп өсіп келеді. 

Бала Ниязбек 1982 жылы орта мектепті үздіктер санатында бітіріп, сол жылы ару қала, арман қала – Алматыға жол тартады. Жастайынан есепке жүйрік, сызуға құмар бозбала қиналмастан осындағы архитектура-құрылыс институтына оқуға қабылданады. Келер жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, 1985 жылы оқуын қайта жалғайды. Сонымен не керек, 1989 жылы аталған оқу орнын тәмамдап, құрылыс инженері деген мамандық алып шығады. 

Ниязбек Әмірханұлы 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан, сол кездегі сұмдық оқиғаларға куә болған азаматтардың бірі. 

«Ол кезде әскерден енді ғана оралып, оқуымды қайта жалғастырып жатқан болатынмын. Елімізде орын алған саяси шараларға наразы болған жігіттердің алаңға жиналатыны туралы естіп, біз де соларға қосылатын болып шештік. Алаңға барғанымызда иін тірескен жастарды көрдік. Біз де соларға соларға қосылып ұрандатып тұрдық. Әлден уақыттан соң алаңдағы жастар кері серпіліп, қалың топ бізді де шегінуге мәжбүр етті. Шегініп келе жатқанымызда жанымызға жақындап қалған бірлі-жарым сақшылармен шекісіп, жатақханаға қайттық. Түнімен оқытушыларымыз жанымызда болды, милиция өкілдері келді, түрлі сұрақтар қойып, тергеуге алды. Ар жағы белгілі ғой, жігіттердің біршамасы сөгіс алу, оқудан шығу, абақтыға жабылу сияқты қиындықтар көрді» – деп сол бір ауыр күндерді күрсіне еске алады Н.Асқаров.

Бүгінде шаштарын қырау шалған «желтоқсаншылар» сол кезеңдерде батырлық пен елжандылықтың шынайы үлгісін көрсете білді. Халқымыз талай аумалы-төкпелі замандарды бастан кешті, осы ауыртпалықтың бәрін көтере білді, жасымайтын жігер танытып, асқақ арманына ұмтылды. Соның бір тұсында «желтоқсаншылардың» көрсеткен ерліктері салмақты деп білеміз. Кейінгі ұрпақ ұлтты, елі мен жерін сүюді сол азаматтардан үйренуі керек-ақ. 

Ниязбек Әмірханұлы қолына дипломын алысымен Алматы қаласындағы «СредАзкурортпроект» жобалау институтында инженер-конструктор болып қызмет атқарды. 1991 жылы Шардара қаласына қоныс аударып, 1993 жылға дейін осындағы №43 ЖМК-да шебер, прораб қызметтерін атқарды. Мұнан соң білікті маман 1993-1995 жылдары Шардара ауданында техникалық түгендеу бюросында (БТИ) маман болып еңбек етті. Қай жұмыста болмасын өзін жақсы қырынан таныта білген Н.Асқаров 1995-2001 жылдар аралығында ОҚО жылжымайтын мүлік орталығында Шардара аудандық филиалының басшысы болып абыройммен қызмет етті. 2001-2007 жылдар аралығында заман ағымына сай құрылған «Шардара-Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып қызмет атқарды. Соңғы 17 жылдан бері ОҚО жылжымайтын мүлік орталағының Шардара филиалы, қазіргі таңда «Азаматарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Шардара аудандық тіркеу және жер кадастры бѳлімінің бас маман-тіркеушісі қызметін атқарып келеді. 

Өз ісіне пысық, білімді азаматтың осы уақыттар аралығындағы еселі еңбектері атаусыз қалған жоқ. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қатысушысы ретінде «Желтоқсан ардагері» медалі кеудесінде жарқырайды. Мұнан бөлек қоғамдық ұйымдар тарапынан «Тәуелсіздікке 25 жыл» мерекелік медалін, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай берілген «Тәуелсіздік ардагері» медалін, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызмет кѳрсету саласындағы қызметкерлердің жергілікті кәсіподағының «Еңбек даңқы» медалін иемденді. Шардара ауданы бойынша 2015 жылдың «Жыл үздігі» номинациясының иегері атанды. Мұның сыртында әрине аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «АМАНАТ» партиясы шардара аудандық филиалының атынан, «Азаматтарға арналған үкімет» Түркістан облыстық филиалы басшылығының атынан бірнеше рет Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Ниязбек Әмірханұлы отбасында асқар тау, бір шаңырақтың берік ұстыны болып отырған азамат. Құдай қосқан қосағы Гүлия Алдиярқызымен 1989 жылы 1 мамыр күні шаңырақ көтеріп, отау тікті. Отбасында адалдық пен шыншылдыққа, еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиеленген Гүлия жеңгеміз 1989 жылы Алматы қаласындағы Қыздар Мемлекеттік Педагогикалық институтын «Математика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Сол жылы бірін-бірі қабақтан ұғысқан екі жас армандарын бір арнаға тоғыстырды. Жұптары жарасқан жандар қазіргі таңда 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, үлкен отбасыға айналып отыр. Жеңгеміз 2002 жылдан бастап Шардара қаласындағы М.Горький атындағы жалпы білім беретін мектебінде еңбек етіп келеді, жоғары дәрежелі ұлағатты ұстаз. 

Ниязбек аға да ұл-қыздарын өздері қалаған мамандық бойынша оқытып, өмірден өз жолдарын табуға барынша ықпал етті. Үлкен ұлдары Жандос қазіргі таңда Шымкент қаласы әкімі аппаратында мемлекеттік қызметте. Мағжан есімді ұлдары заман ағымына бейімделген жеке кәсіпкер. Бекжан есімді ұлдары Шардара қаласындағы мақтаулы білім ордасы саналатын «І-BILIM» мектебінде ұстаз. Назерке қыздары Алматы қаласында, туризм саласы бойынша менеджер болып еңбек етсе, кенжелері Бекнұр Алматыдағы «Тұран» университетінің студенті.

Сөз соңынлда жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған Ниязбек ағамызды мерейтойымен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық, ұзақ өмір тілейміз. 

Сәбит ҚОСПАНҰЛЫ

Qazaquni.kz