ПРОФЕССОР ОРАЗБЕК НҰСҚАБАЕВ 75 ЖАСТА
2024 ж. 28 қараша
1549
0
Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауит атындағы ХҚТУ-нің ұлағатты ұстазы, cоциология ғылымдарының докторы, профессор Оразбек Нұсқабаев мерейлі 75 жасқа толып отыр. Түркістаннан талай-талай білімді де білікті мамандардың түлеп ұшуына ықппал еткен профессордың ғылымның дамуына қосқан үлесі ұшан теңіз. Түркістанды түлету жолында бар күш-жігерін жұмсаған жанның ғылымдағы сүбелі еңбегін осынау атаулы күнде бір саралап өтуді құп көрдік. Осы орайда Б.Қ. Мұхамеджановтың «Тұғырлы тұлға» атты мақаласын оқырман назарынап ұсынбақпыз.
Оразбек Нұсқабаев 1949 жылы желтоқсан айының 5-і күні Қазақстан Республикасының Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) Отырар ауданының (бұрынғы Қызылқұм ауданы) орталығы Шәуілдір кентінде дүниеге келді..
Мектепті бітірген соң Оразбек аудандық газетке корректор болып жұмысқа орналасты. Жоғары оқуға талаптануға үй тұрмысы жағдайы көтермеді. Әскер қатарында болды. Әскерден оралысымен аудандық газетке қайтадан жұмысқа орналасып, онда 1 жыл жұмыс істеді. Артынан ергендер орта арнаулы оқу орындарында оқып, оны бітіріп келіп жұмысқа орналасқаннан кейін ғана барып, ол жоғары оқу орнына түсуге талаптанды.
1972 жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік университеттің дайындық бөліміне қабылданды. Дайындық бөліміндегі оқуын тамамдап, тиісті емтихандарды ойдағыдай тапсырған Оразбек 1973 жылы «Философия» мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік университетінің 1-курс студенті атанды. Оразбек студент атанған жылдары университеттің философия-экономика факультетінде оқу тек орыс тілінде оқытылатын. Ауылдық аймақта өсіп, таза қазақи ортада қанаттанған Оразбекке алғашында орыс тілінде оқу көп қиындықтар тудырды. Осыған қарамастан оқытушылар Оразбектің терең білімденуге тырысатын талаптылығына тәнті болып, ой өрісінің кеңдігі мен алғырлығын тілге тиектейтін. Жақсы оқыған ол студенттік жылдардың өзінде-ақ ғылыми жұмысқа бейімділігін танытты.
Университетті 1978 жылы ойдағыдай тамамдаған Оразбек Рудный қаласында орналасқан Индустриялдық институтқа «Философия» пәнінің оқытушысы етіп жіберілді. Онда 1 жыл жұмыс істеген ол 1979 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне Рудный индустриалдық институты есебінен «Философия» мамандығы бойынша 2 жылға стажер-ізденуші болып қабылданды. Ал, 1981 жылы осы мамандық бойынша университет аспиранты атанды. Ол диссертациялық ізденісінің тақырыбы етіп жас ұрпақты әлеуметтендіру мәселелерін зерттеуді бекіттіртіп алды.
Балалық шағы жартылай жоқшылықта өткендіктен болар, Оразбекті жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, оқытып кәсіптендіру, сөйтіп оларды жан-жақты әлеуметтендіріп, қоғамға белгілі бір кәсіпті меңгерген білікті азамат етіп қосу мәселесі қатты толғандыратын.
Жас ұрпақтың әлеуметтенуі жан-жақты қарастырылып, кешенді талдауды қажетсінетін күрделі жүйе. Осыны ескерген О.Нұсқабаев алдымен әлеуметтенудің өзегі болып саналатын дүниеге ғылыми көзқарасты жастардың бойына сіңдіру мәселелерін зерттеулермен айналысты. Қазақстанның бірқатар аудандарында өзі жүргізген нақты-социологиялық зерттеу мәліметтеріне сүйене отырып, жастардың бойына дүниеге ғылыми көзқарасты қалыптастыру үшін не істелуі және қалай істелуі керектігін негіздеп берді.
Дүниеге ғылыми көзқарас, - О.Нұсқабаевтың анықтауы бойынша, - дүниені ой жүзінде ұғынып түйсіну, табиғат пен адам арасындағы өзара байланыстың, әрекеттің және қарым-қатынастың санада ерекше бейнелену формасы.
Ол адамдарға тіршілік болмысының мәнісін түсініп-ұғынуға, дүниені танып білуге және болашаққа көз жеткізуге көмектеседі. Осы қасиетіне орай, дүниеге көзқарас сана үшін, оның әртүрлі құрамдас бөліктерінің өріс-аумағын, қызметін реттеуші көңіл-күйлерден, ой пікірлерден, идеялар мен мақсат-мұраттардан тұратын өзіндік бағыт-бағдарлы ой қорытушылық қабілеті бар жетекші қайнар көзі болып табылады. Ол, ойлау әрекетінің «стратегамасы», ой жүйесінің ең жоғары тиімді тәсілі. Оның негізінде терең мазмұнды қажеттілік – адамның қоғамдық қатынастар системасын, айналадағы шындықты дұрыс ұғынып, соларға сәйкес әрекет ету, табиғат пен қоғам өмірін өзгертудегі өз орны мен рөлін сезіну қажеттілігі жатыр.
Жастарды әлеуметтендірудегі О.Нұсқабаев анықтап, ғылыми айналымға енгізген түйіндеулер ғылыми ортада да, көпшілікті жұртшылық арасында да қолдау тапты. Ғылыми ортаның ұсынысымен әрі жұртшылықтың қолдауымен О.Нұсқабаевтың зерттеуі «Дүние ғылыми көзқарас және жастар» деген аталыммен Қазақстандағы бірден-бір саяси әдебиеттер баспасында жеке кітап болып жарық көрді.
Зерттеуін тамамдап, оны жеке кітап етіп жариялатқанымен, О.Нұсқабаев диссертациясын қорғауға жіберілмеді. Өйткені кеңес өкіметі билігі тұсында диссертацияны тек орыс тілінде қорғауға рұқсат етілетін. Сондықтан О.Нұсқабаевқа диссертациялық жұмысын орыс тіліне аудару қажеттілігі міндеттелді. Диссертациялық кеңес мүшелері түгелге жуық коммунистер екендігі ескертіліп, мүмкіндігі келгенше, «әлеуметтендіру» терминін оған баламалы ұғым-түсінікпен алмастыру керектігі нұсқаланды. Себебі әлеуметтендіру кеңес өкіметінде буржуазиялық қоғамға тән нәрсе деп танылып, коммунистік тәрбиеге көлеңке түсіретін құбылыс ретінде бағаланатын.
Аспирантураны 1985 жылы бітірген О.Нұсқабаев Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының «Философия» кафедрасына оқытушылыққа жіберілді. Осында жұмыс істей жүріп ол диссертациясын өңдеп, қайта жазуға кірісті. Қалалық кітапханаға жақындығын ескеріп, 1987 жылы қала орталығында орналасқан педагогикалық институттың «Философия» кафедрасында жұмыстануға ауысты. Оның бұнысы дұрыс болды. Оралда қызметтенген 5-6 жыл ішінде ол диссертациялық ізденістерін одан әрі жалғастырып одақтық, республикалық және облыстық басылымдарда ондаған зерттеу мақалаларын, оқу-әдістемелік құралдарын жария етті.
Ғылыми кеңес шешімін басшылыққа ала отырып, диссертациялық жұмысын өңдеп, қайта жазды. Оны орыс тіліне аударып, 1986 жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік университет баспасынан жеке монографиялық зерттеу еңбегі етіп жариялатты [Нускабаев О. Закономерности формирования научного мировоззрения молодежи. – Алма-ата: Издательство «Қазақ университеті», 1986. 200с].
Осының бәрі ескеріле келіп, 1989 жылы О.Нұсқабаевқа 09.00.01-«Философия» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғауға рұқсат етілді. Кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған О.Нұсқабаев сол жылы-ақ философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді. Араға екі жыл салып, 1991 жылы О.Нұсқабаев «Философия» мамандығы бойынша доцент атанды.
1991 жылы кеңес өкіметі құрдымға кетті. Осы уақытқа дейін Мәскеуге тәуелділікте болып, бұқпаланған ондаған түрктекті халықтар санатында қазақтар да азаттыққа ие болды. Бодандыққа түскенге дейінгі мемлекеттік құрылымын қайтадан қалпына келтірді. Жаңа мемлекеттілігінің саяси тұғырын шегелеп, бекімдеді. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда гүлденіп, өркендеуі үшін барлық мүмкіндіктер тудырды. Бірігіп, ұйысуына ықпал еткен рухани күші – ұлттық кодын шыңдады. Мәдени өмірін жаңғыртуға күш салды. Жаңадан ондаған жоғары оқу орындарын ашты. Соның бірегейі бүкіл түрктекті халықтардың рухани астанасы саналатын Түркістан шаһарында ашылған А.Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті болды.
Жаңадан ашылған университетте жұмыс істеуге қазақстандық жоғары оқу орындарынан білікті оқытушылар тартылды. Солардың алдыңғы қатарында университетте жұмыстануға О.Нұсқабаев та келді. Ол университетке жұмысқа орналасқан алғашқы күндерден бастап-ақ өзінің өз ісіне мығым жоғары дәрежелі білікті маман, тәжірибелі педагог, іскер ғылыми қызметкер, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласушы саяси мәдениеті жоғары азамат ретінде таныта білді.
О.Н.Нұсқабаев жоғары теориялық және ғылыми-әдістемелік деңгейде университет стденттеріне, магистранттарға Философия, Социология және Политология пәндерінен дәріс оқыды. Жоғары оқу орындары педагогикасының озық оқу-методологиялық әдістемелік тәсілдерін, техникалық және көрнекі құралдарды әлеуметтік-философиялық пәндерді оқытуда тиімді пайдаланудың нәтижесінде студенттердің қоғамдық-саяси пәндерді оқуға деген ынта-ықыласы мен қызығушылығын оята білді. Сондықтан болар, О.Н.Нұсқабаевтың беделі әлеуметтік-философиялық пәндерді оқытуда қол жеткізген жетістіктері үшін тек студенттер алдында ғана емес, университет ұжымы мен қала жұртшылығы арасында да арта түсті.
1992 жылы Қазақстан мен Түркия Республикасы арасындағы уағдаластыққа сәйкес Түркістан мемлекеттік университеті А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайтадан құрылды. Университетте оқуға 26 түркі тілді халықтардың балалары тартылды. Оқу үрдісі еуропалық ең алдыңғы қатардағы университеттердегі оқыту деңгейлерімен теңестірілді. Оқытушы-профессорлардың біліктілік деңгейіне талаптар қатаулана түсті. Осыны сезінген әрі біліктілігін арттыруды мансұқтаған О.Нұсқабаев 1995 жылы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университеті жанындағы Социология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау жөніндегі ДР 14А.01.27 мамандандырылған Кеңесте докторлық диссертациясын қорғады.
Диссертация тақырыбы «Мектеп жас ұрпақты әлеуметтендіру институты» деп аталды. Бұл жұмыс осы уақыттарға дейін Социология ғылымдары бойынша қазақ тілінде тұңғыш рет қорғалған еңбек ертінде бағаланады. Қорғалған жұмыстың теориялық тұрғыда негізделудің жаңалықтылығы, жетекші ойы мен мәселені мазмұндаған концептуальдық аппаратының (ұғым-түсініктерінің) дәлдігі, ұсынысты пікірлерінің практикалық тиімділігі, және де ең бастысы – зерттеудің қазіргі мектептік білім беру жүйесін жаңғыртуға тигізетін оң ықпалы айрықша аталды. Мысалы, республикалық орыс тілді басты басылымдардың бірінде төмендегі хабар жарияланды.
О.Нұсқабаевтың диссертациялық жұмысы туралы республикалық «Егемен Қазақстан» газеті де өте тұщымды мақала жариялады.
... Диссертациялық жұмыста қазақстандық социологиялық ғылымда алғаш рет жас ұрпақты әлеуметтендіру мәселелері ғылыми зерттеу объектісі ретінде қарастырылып, жан-жақты талданған.
Жоғары оқу орнын бітіргелі айналысып келе жатқан зерттеуінің ойдағыдай қорғалып, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық Комиссиясының 1996 жылғы 5-сәуірдегі шешімімен (Хаттама №7) бекітілуі О.Нұсқабаевты қанаттандыра түсті. 1997 жылы оның «Мектеп – жас ұрапқты әлеуметтендіру институты» атты монографиясы (Алматы: Қазақстан, 1997, 152б.), 2 оқу-әдістемелік құралы, оншақты зерттеу мақалалары жарық көрді. Ол ел жастарын жаңа қоғам талаптарына сай әлеуметтендіріп, қоғам өміріне қосу мәселесі көтерілген халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларда, мұғалімдердің тамыз кеңесінде баяндамалар жасады. Оның жас ұрпақты әлеуметтендірудің жаңа амалдары мен тәсілдері нұсқаланған ұсыныстары ұстаздар қауымы тарапынан қызу қолау тауып, мектептік оқу-тәрбие процесіне ендірілді.
О.Нұсқабаев университет шеңберінде де бастамашылық танытып, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытушыларының әлеуметтік философияны, әлеуметтануды, саясаттануды, тарихты және психологияны бұрынғы ескі марксшілдік түсіндірмелерден тазартып, жаңа парадигмалық, теориялық және тәсілдік негіздемелер аясында оқытуға жол көрсетті. Ол қоғамдық-гуманитарлық пәндерді оқытудың жаңа әдістемелері негізделген 3 оқу құралын (1998-2000жж.) жариялап, 2001 жылы «Социология» оқулығын жарыққа шығарды (Түркістан, 2001, 167б.).
О.Нұсқабаевтың ұсынысымен 1998 жылы университетте Әлеуметтану және Саясаттану мамандықтары бойынша жоғары білікті мамандар даярлау ісі қолға алынды. Осы уақыттарға дейін университет бұл мамандықтар бойынша 200-ге жуық студенттерді, магистранттарды, докторанттарды оқытып, өңірлерге аттандырып үлгерді. Себебі тең қарым-қатынас жасауға бейімділік, мақсаткерлік және жетекшіге лайықты орнықты мінез О.Нұсқабаевқа кафедраға ғылыми шығармашылықты және педагогикалық ұтқырлықты меңгерген ұстаз ғылымдарды топтастыруға мүмкіндік тудырды. Әрі бұл үйлесімділік әр оқытушының ғана емес, сонымен қатар кафедраның да беделін арттыра түсті. 2001 жылы университеттің Социология және Политология кафедрасы ЮНЕСКО кафедрасы атанды. 2004-2015 жылдар аралығында Қазақстан жоғары оқу орындары арасында Білім және Ғылым министрлігінің Ұлттық аккредиттеу орталығының бағалауы бойынша 5В050100-Әлеуметтану мамандығы бойынша бакалавриат дайындаудағы жетістіктері үшін үнемі екінші орынды иеленіп жүрді. Кафедра жанынан 1998 жылдың 1 қаңтарынан 09.00.03-Философия тарихы, 22.00.03-Экономикалық социология, 22.00.04-Әлеуметтік құрылым, әлеуметтік институттар мен процестер мамандықтары бойынша ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау жөніндегі К14.37.02 мамандандырылған диссертациялық кеңес ашылып, жұмыстана бастады.
Диссертациялық кеңестің төрағасы болып оның ашылуына ұйытқылық жасаған социология ғылымдарының докторы, профессор О.Нұсқабаев сайланды (профессорлық атақ О.Нұсқабаевқа оқу үрдісіндегі озық жетістіктері бағаланып, жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен 1997 жылы берілген болатын).
Диссертациялық кеңестің ашылуы бұрыннан беделі жоғары Социология және Политология кафедрасының мәртебесін көтере түсті. Бұл кезең кафедраның нағыз дәуірлеу кезеңі болды десек артық айтқандық бола қоймас. Кафедра Қазақстанның оңтүстік аймағы мен Орталық Азиядағы жоғары білімді маман социологтар даярлайтын жоғары деңгейде жасақталған әрі мамандандырылған бірден-бір кафедра атанды.
Өйткені кафедраның да, оның жанында құрылған диссертациялық кеңестің де ғылыми-кәсіптік деңгейлері өте жоғары болды. Кафедрада қызмет атқаратын әрі диссертациялық кеңестің мүшелері болып саналатын философия ғылымдарының докторлары, республикалық және одақтық ғылым академияларының академиктері қазақстандық – М.САженовтің, өзбекстандық – Е.Юсуповтың, қырғызстандық – К.Исаевтың және түркиялық ғылым докторы Ж.Буралдың атақ-даңқтары Батыс елдеріне түгелге жуық танымал болатын. Ал, кафедра мүшелері социология ғылымдарының докторлары, профессорлар – Қ.Ғабдуллинаның, А.Икеновтың, Ш.Жаманбалаеваның, Н.Шеденованың және О.Нұсқабаевтардың аты-жөндері күллі ТМД елдеріне таныс-тұғын. Сонымен қатар диссертациялық кеңес мүшелері қатарында социология ғылымдарының докторлары Жамбыл қаласынан – Б.Алдашов, Алматы қаласынан – Е.Райсов, Астана қаласынан – политология ғылымдарының докторы Ғ.Матаев, Ресейден – философия ғылымдарының докторы В.Петрова, ғылым кандидаттары А.Абуов, Б.Болғанбаева, Қ.Қосанбаевтар болды.
Түркістан қаласында тұңғыш рет өткізіліп отырғандығынан болар, қала жұртшылығының диссертация қорғау рәсіміне қызығушылығы өте жоғары болды. Ғылыми кеңес залы лықа толды. Диссертация қорғау рәсіміне университет студенттерімен, аспиранттарымен, оқытушы-профессорларымен қатар сол кездегі қала басшылары, маслихат депутаттары, зиялы қауым, тіптен қала берді, қаланың орталық базарында сауда жасаушыларға дейін келіп қатысты. Диссертацияның қорғалуы көпшілік алдында ашық, пікірсайыс сипатында өтті. Диссертантқа жоғары талапшылық, принципшілік және ғылыми этика нормаларын бұлжытпай сақтау керектігі ескертіліп, баяндалған ғылыми және практикалық сипаттағы барлық тұжырымдар мен ұсыныстардың анықтылығы мен негізділігін барынша байыпты тұрғыда талдау ұсынылды. Ізденушіге сұрақ қоюшыларда шек болмады. Диссертация тақырыбы, мазмұны, құрылымы, алынған нәтижелердің құндылығы туралы сөз сұрап, өз пікірлерін білдірушілер де аз болмады. Жасырын дауыс беріліп диссертация қорғау нәтижелері бойынша оң шешім қабылданғаннан кейін де шешімнің дұрыстығын жақтап пікір білдіруге талпынушылар да біршама болды.
Таң қалдыра қызықтырып, көпшілік алдына ашық пікірсайыс сипатында қалада алғаш рет өткізілген диссертация қорғау рәсімі қаланың мәдени өміріне жаңа леп қосып, қала тұрғындарын бір селпіндіріп тастады. Диссертация қорғау рәсімінің Орталық Азияның ежелгі ғылыми және мәдени орталығы – Түркістан қаласында алғаш рет өткізілгендігі туралы хабар жергілікті, облыстық, республикалық, тіптен, қала берді Ресей орталық телевидениесінен де бірнеше қайтара жаңалықтардан айтылып, таңданыс сезімдерін тудырды.
Хабарларда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей идеясымен 1991 жылы ашылған халықаралық университетте диссертациялық кеңес қызметтеніп, диссертация қорғау рәсімінің қолға алынғандығы әлемге паш етілді. Ал, мұның Қазақстанның халық шаруашылығы үшін жоғары деңгейлі біліммен сусындаған білікті мамандардың жаңа лектерінің қосылуына кәдімгідей жәрдемдесетіндігі жоғары бағаланды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қасиетті Түркістан қаласында университет ашып, ежелгі рухани астананың рухын асқақтатуға бағытталған терең ойлары мен ізгі ниеттері өзінің өміршеңдігін осылайша жарқын мысалмен көрсетіп берді. Университет өз даму жолында қарышты қадаммен алға басып барады. Уақыт өткен сайын бір кездері қараусыз қалып, шаң басқан ежелгі Түркістан қаласы сән-салтанатқа бөленіп, студенттер, аспиранттар, ғалымдар қаласына айналуда. Бір сөзбен қайырғанда, дәл қазіргі шақта шағын шаһар рухани астаналық даңқымен асқақтап, жаңа биіктерге өрлей түсуде. Қаланың мәдени өмірі жаңғырып, күллі Түркі әлемінің мақтанышы болған қасиетті Түркістан білім мен ғылымның қасиетті ұясына айналып келеді. Білім және ғылымға құштар жастардың, ұлағатты ғалым ұстаздардың құтты мекеніне, демек Түркі дүниесінің ғылыми және мәдени орталығына айналып келеді. Оның растамасына университет жанынан ашылған алғашқы диссертациялық кеңесте тұңғыш рет өткізілген осы диссертация қорғау рәсімі дәлел бола алады, делінді.
Жалпы Түркістан қаласында тұңғыш рет ашылған диссертациялық кеңес 1998-2002 жылдар аралығында табысты қызметтенді. Осы жылдар аралығында диссертациялық кеңесте 11 ізденуші өздерінің кандидаттық диссертацияларын қорғады. Олардың 7-і Қазақстаннан, 3-і Қырғызстаннан, 1-і Өзбекстаннан болды. Өздерінің кандидаттық диссертацияларын қорғағандар арасында университетімізден Б.Мұхамеджанов, Д.Алиев, М.Ертаев, А.Тұрлыбекова және т.б. болды.
Кафедра жақын және алыс шетелдік университеттермен бірлесіп жұмыс істеуі нәтижесінде біршама жетістіктерге де қол жеткізді. Айталық, Социология мамандығы бойынша оқушы студенттерге Түркиядан, Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан жоғары дәрежелі білікті мамандар келіп дәріс оқыды. Солардың бірі Өзбекстан ҰҒА академигі, РҒА корр-мүшесі, философ, профессор Е.Юсупов болды.
«Әлеуметтендіру» ұғымының мәні, құрылымы, сипаттамалық белгілері әрі бұл ұғымның «тәрбие» мен «білім беру» ұғым-түсініктерінен айырмашылығы және әлеуметтендіру үрдісінің жаңадан өмірге келген әрбір ұрпақты қоғамдық өмірге бейімдеп, қосудағы орны мен рөлі О.Нұсқабаевтың бұл мәселелерді әртүрлі қырынан зерделеген еңбектерінде жан-жақты екшеленіп, сараланды. Алдағы жылы ғалымның әлеуметтендіру мәселелерін өзектеген кешенді зерттеулері «Әлеуметтендіру» деген атпен 1000 беттік кітап болып Алматы қаласындағы «Қазақстан» баспасында шығарылуға дайындалуда. Кітапта ертеңгі күні ел тұтқасына айналар, ал бүгінгі күні әлі жеткіншек шақтағы ұрпақты оқытып, тәрбиелеу негізінде белгілі бір тәртіпке келтіріліп, жинақталған қажетті ғылыми білімдерді , құндылықтарды және мінез-құлық нормаларын меңгерту арқылы оларды біртіндеп Егемен Қазақстан өміріне қосудағы әртүрлі әлеуметтік институттардың қызметі талданып, сараланған. .
Проф.О.Нұсқабаевтың жетекшілігімен «Құқықтық мінез-құлық: мәні, құрылымдық компоненттері және қалыптасу жолдары» атты жоба аясында бұл проблеманың әртүрлі аспектілерін зерттеген 4 зерттеуші де заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежелерін иеленді.
Жалпы социология ғылымдарының докторы О.Нұсқабаевтың жетекшілігімен 17 адам кандидаттық және докторлық, 28 адам магистрлік диссертация қорғады. Бүгінгі таңда олар ондаған білім беру және ғылыми-зерттеу институттарында жемісті қызметтенуде.
Осыны сезініп, түйсінген проф.О.Нұсқабаев «Арғы түрктекті түзілім: болмыстық тарихы, өмірлік кеңістігі және мәдениеті» атты жоба жасақтап, оны жүзеге асыруға бел шеше кірісіп кетті.
Жалпы социология ғылымдарының докторы, профессор О.Нұсқабаев 11 монографиялық зерттеудің, 2 оқулықтың, 25 оқу-әдістемелік құралдың, 160-тай ғылыми-талдамалық мақалалардың, барлығы 200-ге жуық еңбектердің авторы. Бірнеше ғылыми басылымдардың редколлегия мүшесі, әлеуметтік-гуманитарлық ғылым салалары бойынша осы уақытқа дейін өткізілген 40-тан астам Халықаралық симпозиумдар мен конгрестердің тұрақты қатысушысы, мемлекеттік гранттар бөлінген салиқалы ғылыми зерттеулер жетекшісі.
Профессор Оразбек Нұсқабаев қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық Жаратылыстану Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының және бірнеше халықаралық ғылыми бірлестіктер мен ассоциациялардың толық мүшесі, қалалық әкімшілік жанынан ұйымдастырылған социологиялық зерттеу орталығының төрағасы.
Педагогикалық қызметтегі, ғылымдағы сіңірген зор еңбегі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін профессор О.Нұсқабаев әр жылдары мемлекет тарапынан марапатталып келеді. Айталық, ол 2003 жылы ғылым саласында сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген» төс белгісімен, 2009 жылы үздік оқытушылық қызметі үшін «Ы.Алтынсарин атындағы медальмен», 2014 жылы «Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталды. .
Социология ғылымдарының докторы, профессор Оразбек Нұсқабаев өз ісіне мығым, жолдастыққа адал, тұрмыста қарапайым, көңілі таза азамат. Ол уақыт талабына сай бастамашыл, алғыр, қалыпты емес шешімдер қабылдауға ұста, шығармашылықты қарқыны жоғары жан. Шабыты тасқындаған лектор, білімділігі мен біліктілігі жарасқан тұғырлы тұлға.
Г.Бақытжанқызы
Qazaquni.kz