ТІЛ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ СҮБЕЛІ ЕҢБЕК
2024 ж. 17 қараша
160
0
Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Жоғары оқу орны өзінің құрылған күнінен бастап, талай тамаша жетістіктерге жетті. Қазақ жастары осы оқу орнын бітіріп еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Ұлттық университет жетістіктеріне лайықты үлес қосып жүрген ғалымдар мен ұстаздар екені белгілі.
Бүгінгі 90 жылдық мерейтойында мәртебесі асқақтап тұрған қазақтың қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары мен түлектері, студент жастары да туралы мақтанышпен айтуға болады. Бір ғана филология мамандығында оқитын я оқыған тіл мен әдебиеттен білім алған жанның аузынан кезінде синтаксис бойынша Мәулен Балақаевтан, «Сөз өнері» оқулығының авторы, академик Зейнолла Қабдоловтың өзіне ұстаз болғанын, «Фонетиканы» өз авторы әрі білікті ұстаз Сапархан Мырзабековтен оқығанын, «Тарихи грамматикадан» Мархаббат Томановтан пен Берікбай Сағындықұлынан сабақ алғанын, «Фразеологияны» зерттеген Гүлдархан Смағұлова өзіне білім бергенін, ал «Сөзжасамды» оқытқан Анар Салқынбай, «Стилистика» мен «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» пәні бойынша дәріс оқып семинар жүргізген Дина Әлкебаева екенін естір едіңіз.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Дина Әлкебаева хақындағы әңгімемізді осылай бастауымыздың өзіндік себебі бар... Тіпті ғалым туралы, ғалымның еңбектері хақында да деп ауыз толтыра айтуға да келмес, өйткені, ғалымның көп еңбектерінің ішінен біріне ғана қысқаша тоқталмақпыз.
Дина Әлкебаева университет қабырғасында талабы зор, ізденгіш шәкірт ретінде ұстаздарының назарына тез іліккен. Оның ұстаздары әрқайсысының өзі жеке бір университет саналатын тілші-әдебиетші ғалымдар: Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Сапархан Мырзабеков, Мырзатай Жолдасбеков, Мырзатай Серғалиев, Алма Қыраубаева т.б. сынды кемел ойлы, аса көрнекті тұлғалар еді. Осындай әйгілі ғалымдар мен айтулы ұстаздардан білім алған Дина Ақбергенқызы нақтылықты, жүйелілікті, талмай еңбектенуді қажет ететін тіл ғылымына ерекше ден қойды.
Ғылымды діттеген Дина Ақбергенқызы 1993 жылы «М.Жұмабаев поэзиясының тілдік ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2006 жылы «Қазақ тілінің прагмастилистикасы» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, 2009 жылғы тіл білімі мамандығы бойынша профессор атағын алады. Ол 2007-2010 ж.ж. аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың диссертациялық кеңесінің мүшесі. Қазақстан Республикасы БжҒМ-нің тағайындауымен 2012 жылы «2012 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері атанады.
Дина Әлкебаеваның ғылыми еңбектері мен зерттеу нысандары тіл біліміндегі көптеген мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, қазақ тілінің стилистикасы, қазақ тілінің прагматикасы, поэтика, лингвоэкология, сөзтану ғылымы, қазақ тілінің функционалды грамматикасы, қазақ тіл ғылымының жаңа бағыттары жөніндегі еңбектері – қазақ тіл біліміне қосылған мол үлес.
Дина Ақбергенқызы докторлық диссертациясын қорғағаннан бергі уақыт ішінде қазақ тіл ғылымының кенжелеп қалған саласы қазақ тілінің стилистикасы, тіл мәдениеті, сөз экологиясы, функционалды грамматика, сөзтану ғылымының өзекті мәселелері, рухани экология, қазақ тілі ғылымының жаңа бағыттары пәндерінің теориялық негізін толықтыруға үлес қосып келеді.
Ғалымның тіл ғылымындағы тың тұжырымдарын мен ғылыми-әдіснамалық дәйектерге сүйенген концептуалдық ой-пікірлерін «Қазақ тілі стилистикасы», «Сөз мәдениеті», «Прагмастилистика», «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы», «Сөзтану саласының өзекті мәселелері», «Сөйлеу және рухани экология», «Қазақ тіл ғылымының жаңа бағыттары» сияқты іргелі және элективті курстардан дәрістерінде студенттер, магистранттар мен докторанттар тыңдап жүр.
Дина Әлкебаева – 1 монография, 2 оқулық, 2 ғылыми жинақ, 9 оқу құралы мен 300-ге жуық ғылыми мақала авторы. Ғалымның қаламынан «Мағжан поэзиясының тілі», «Поэтика лингвистикасы», «Қазақ тілі стилистикасының прагматикасы», «Қазақ тілінің прагмастилистикасы», «Сөз мәдениеті», «Мағжанның ойлау стилі», «Қазақ тілінің функционалды грамматикасының өзекті мәселелері», «Қазақ тілі функционалды граммтикасы» атты ғылыми жинақ, оқу құралы мен оқулықтары туған. Ол елдің жоғары оқу орындарындағы бакалавриат пен магистранттарға және докторанттарға арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтары бойынша МЖМБС-ның авторларының бірі. Бір ғылым кандидаты мен бірнеше PhD докторант дайындауда.
Ғалым Д.Әлкебаева «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» саласы бойынша оқу-әдістемелік жинақ, үлгілік (типтік) бағдарлама, ғылыми жинақ, оқу құралы, оқулық жазып осы пәнді іргелі пәндердің дәрежесіне жеткізіп, республика жоғары оқу орындарында оқу процесіне ендірді. Д.Әлкебаева «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» атты еңбектің маңызы аса жоғары. Кейде ғалымдар функционалды дегенді жұмсалымдық, қолданыстық деп те айтып жүр.
Ғалымның қазақ тілінің функционалды грамматикасының зерттеу нысаны, мақсаты, негізгі қағидалары, категориялары мен ұғымдары туралы ғылыми көзқарастарды жүйелеп, жоғары оқу орны студенттерінің осы сала бойынша білуге тиісті ғылыми теориялық мәселелерді қамтитын «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» атты оқулығының маңызы ерекше. Бұл – аса күрделі еңбек, сүбелі еңбек. Оқулық авторы жоғарыда айтқанымыздай, тіл ғылымындағы тың әрі күрделі сала саналатын функционалды грамматика мәселесімен кеңінен айналысып, бірнеше еңбектер жазған ғалым және ұзақ жылдар бойы осы ғылыми-теориялық курс бойынша дәріс беріп жүрген тәжірибелі ұстаз.
Лингвистика ғылымындағы жаңа бағыттар бойынша ұсынылатын ғылыми концепциялар мен теориялардың ғылыми айналымға енуі, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтардан орын алуы заңдылық һәм қажеттілік. «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» атты оқулықтың мақсаты – «қазақ әдеби тілінің сөз сөйлеу актілеріндегі адамдық фактордың ойлау, пікір білдіру «әрекетіндегі» танымдық, интенциялық, пресуппозициялық сипаттың мәнділік қызметін тұтастай ала отырып, «мазмұннан формаға қарай» әр алуан мағынасы бір тілдік құралдардың функционалды-семантикалық өрістегі мәні мен мазмұнын және құзыреттілігін анықтау» [2].
Оқулықтағы «Функционалды грамматика ұғымдары мен категорияларының ғылыми негізі» атты тарауда функционалды грамматика ұғымдарының онтологиясы, зерттелуі, функция ұғымының мәні мен маңызы, өріс теориясы және категориялық жағдаяттың лингвистикалық және философиялық тұрғыда сипатталуы білім алушының түсінігі мен танымын кеңейте түседі.
Зерттеу нысанына сай функционалды грамматика белгілі бір семантикалық категорияларға негізделген тілдік бірліктерді біріктіретін жүйе ретінде тілдің табиғатын жан-жақты ашуда үлкен маңызға ие, сол себепті де оқулықта функционалды грамматиканың ғылыми-теориялық негіздері мен ұғымдарынан бөлек, категориялары толық әрі жан-жақты қамтылып, әр категорияға тән тілдік бірліктер өріс теориясының негізінде жинақталып, білдіретін мағынасы мен мәні, атқаратын қызметі кеңінен сипатталады. Тілдік бірліктердің өрістегі қызметі ерекше, қолданыста жиі ұшырасатын категориялар саналатын сын-сапа категориясы мен сан-мөлшер категориясы жеке зерттеу нысаны болғанымен оқулықтар мен академиялық жинақтар толық көрініс таппай жүргені мәлім. Сол себепті де оқулықтағы сын-сапа категориясы мен сан-мөлшер категориясына қатысты автордың тың тұжырымдар мен соны талдауларын ерекше атап өткен жөн.
Оқулықта берілген білім мазмұны функционалды грамматиканың нысаны мен мәнін ашумен, ұғымдар мен категорияларды сипаттаумен ғана шектелмейді, әр тақырып когнитивтік мотивтер негізінде одан сайын нақтыланып, жүйеленіп, толығып отырылады. Оқулықтағы тақырыптардың өн бойынан функционалды грамматика мәселелерімен қатар қажетіне қарай дәстүрлі грамматика, философиялық-онтологиялық ілімдер мен когнитивтік бағыттағы тұжырымдар т.б. кешенді тұтастық ретінде интеграциялық тұрғыда көрініс тапқанын байқауға болады. Және соның бәрі бірігіп келіп бір мақсатқа жұмылып, логикалық терең байланысқа құрылып, тақырыпты жан-жақты ашуға қызмет еткендей. Оқулықта функционалды грамматикаға қатысты мәселелер толық қамтыла келе, ұсынылған тұжырымдар жүйелі түрде айқындалып, тілдік деректер негізінде дәйектелген.
Оқулықтағы бақылау тапсырмаларының алуан түрлілігі – білім алушыларға білім мазмұнын меңгертуде қазіргі инновациялық оқытудың ең ұтымды әдістерін қолданудың жарқын көрінісі. Берілген тапсырмалар теорияны практикамен ұштастыруға бағыттала келе, студенттің өзіндік ізденісі мен терең талдау (анализ) жасауына итермелейді.
Автор оқулықта әлі де толық зерттелмеген, сырлары жете ашылмаған мәселелерді сол қалпында күңгірт қалдырмай, оны нақты мысалдар арқылы дәлелдеп көрсеткен.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Дина Әлкебаеваның «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» атты оқулығы функционалды грамматика бойынша бүгінгі оқу жүйесіндегі тұңғыш оқулық қана емес, озық үлгідегі оқулық, ал автордың функционалды грамматиканың қадау-қадау мәселелерін тануға жетелейтін пікірлері мен талдаулары, жаңа саланың теориясын толықтыра келе, тұтастай алғанда, қазақ тілінің мәртебесіне, оның дамуы мен өсуіне зор үлес қосары сөзсіз.
Құралай Мұхамади,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидат