Адал еңбек - мемлекеттік саясаттың басты бағдары
2024 ж. 07 қараша
819
0
Мемлекеттік дамудың өлшемімен алғанда Қазақстанда күрделі реформалар қолға алынып, демократиялық құндылықтарды орнықтыру, саяси реформаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі істер атқарылып келеді. Еліміздегі реформалар пакетінің негізгі бағыттарына тоқталсақ заманауи өзгерістердің айқын дәлелі мен практикалық тұрғыда іске асқанының нақты нәтижесін көре аламыз.
2021 жылы ауыл әкімдерін сайлау механизмі іске қосылса, 2025 жылдан бастап облыстық маңызы бар қала мен аудан әкімдерін сайлау процесі жұмыс істейтін болады. Бұл жергілікті мемлекеттік басқару органдарын заманға сай жетілдіретін, прогрессивті бастамалардың бірі деп есептеймін.
Аудандық, қалалық маслихаттар толығымен мажоритарлық жүйемен, облыстық маслихаттар 50/50 пайыз аралас жүйемен сайланған реформа іске асырылды. Бұл партиялық бәсекені арттырып, азаматтық қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін оң өзгеріс.
«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында қарапайым еңбек адамдары ұлықталып, адал еңбек ұғымын кеңінен насихаттау мемлекеттік саясаттың басты бағдарына айналды.
Еліміздің болашағы жастарға білім беретін мұғалімдердің жалақысы артты. Ғылымға деген мемлекеттік қолдаудың аясы кеңейді. Бүгінгі күні ғылымға бөлінген гранттар саны жүйелі түрде өсіп келеді әрі шетелдік озық оқу орындарының филиалдары республикамыздың өңірлерінде ашыла бастады.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы асында аудандар мен шағын қалаларда, аймақтарда заманауи білім беру ошақтары іске қосылуда.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы аясында күрделі мәселелерді халқымызбен кеңесе шешетін референдум процесі мен қоғамдық кеңестер жүйелі жұмыс істеп келеді.
Республикамызда аймақтарды дамытудың кешенді шаралары қабылданып, жаңа облыстар, аудандар мен қалаларды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары бекітілді.
Логистикалық мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалану мақсатында темір жол, көлік жолдарының жаңа бағыттарын салу, күрделі жөндеуден өткізу сынды кешенді шаралар қабылданып, іске асуда.
Ең бастысы геосаяси күрделі шарттарда Қазақстан елдің тыныштығын сақтай отырып, мемлекетті дамытудың жан-жақты елеп-екшенген, өлшеп-пісілген прагматикалық жолын орнықтырып, бір ұлт болып ұйысып, Отанымызды алға дамытудың бейбіт жолын қалыптастыра білдік.
Бауыржан Серікбаев,
Фейсбук парақшасынан