Әлімхан Әбжан: Мен Назарбаевтың жүйесіне қызмет еткен жоқпын...
2024 ж. 08 қазан
1481
1
«Мен милиция үшін жаралғанмен, милиция маған арнап құрылмаған екен...»
– Адам баласының ең жауапты кезеңі – он екі жас пен жиырма екі жастың арасы. Балалық «өтпелі кезең» мен бозбаланың институт бітіріп, мамандық иеленіп шығуының екі арасы. Сізде қалай өтті ол?
– Ауылдағы балалық шақ бәрімізде бірдей ғой. Малға, бау-бақшаға қараймыз, үлкенді сыйлаймыз.
– Он жасқа дейінгі кезден есіңізде ерекше қалған бір оқиғаны айтыңызшы.
– Мен мектепке үшінші талпыныстан соң барып қабылдандым. Балалармен еріп бес жасымда, алты жасымда, тіпті, жеті жасымда барғанымда да, туған күнім 12-қазан ғой, «жасы келмейді» деп қабылдамады. Сол жерде мен шыдамай, директорды боқтағанмын.
– Міне, характер, мінез деген қайда жатыр!
– «Ойбай, қабылдаңдар!» деді директор... Иман ағайымыз бәрімізді жинап, «класском сайлауын» өткізді. Ол кісі айтар-айтпастан бұрын «мен класском боламын!» деп сарт еткіздім. Ағай соны өмір бойы айтып өтті...
– Жасөспірім, бозбала шаққа келейік.
– Ауылда каникулда баратын жер жоқ. Арысқа нағашылардың, бөлелердің аулына барамыз, болды. Іш пысқаннан сегізінші класқа өткен жазда екі мың қыш кесек құйдым, 15 те 30 қалыппен. Асықпай. Оны ортаншы ағам Амантай сарай етіп қалады. Іргетассыз. Оның ішіне жеті қошқар бақтым. Менен басқа адам кірсе сүзеді. Семірттім. Мәдіқары ағам Шымкентке, базарға әкеліп, әрқайсысын 350 сомнан сатты. Екі мың төрт жүз сом болды... Ол ақшаға өзінен кейінгі інісін үйлендірді. Мен тапқан ақшаға...
Тоғызға өткен жазда үй салу жайы сөз болды. Әкем «ақша жоқ қой» деді... Мен «саламыз!» деп жер тепкілеп, айқайлағаным есімде. Өйткені, көршілердің арасында біз ғана «қоржын тамда», кепеде отырмыз, басқаның бәрі шиферлы үйде. «Әділхан ағам 20-да, Амантай ағам 25-те. Үшеу боп бастадық, он мың қыш құйғанда кіші ағам оқуға түсіп, ортаншы ағам жұмысқа тұрып кетті, қалған он мыңды он бестегі өзім құйдым. Іргетасын асарлаттық. Қабырғасын бір орыс екеуміз қаладық. Бірінші жаппаны бір өзім жаптым, орыс ішіп кетті. Екінші «конверт» жаппаға тағы бір ұста әкелдік. Бірақ, келесі жылға жарамадым, шағылып қалыппын. Сылағы мен еденін бір ұста істеп берді. Он екі де он үш, еңселі, әдемі үй болып шықты. Әкеміз «үйренген кепемде отыра берем» деп жүрген, жаңа үйге көшкен соң ескі үйге бармай қалды... Құрылысқа деген құштарлық сол бала кезден бар менде. Мына мектеп отызыншы ма, қырқыншы ма ғимаратым.
– Мектепте жүргенде әкеңізбен сыр жасырмай әңгімелесе алдыңыз ба?
– Ол кісі көп сөйлемейтін. Өмір бойы қарауыл болып өтті. Анда-санда ақылын айтып отыратын. «Тек екі жағдайда өтірік айтуларыңа болады: біріншісі, өміріңе қауіп төнгенде. Екіншісі, өзіңнің ия басқа біреудің отбасын ажырасудан аман алып қалу үшін» дейтін. Сол тәрбиені сүйегімізге сіңіріп өстік. Өтірік айтпаймын деп өмірде көп таяқ жедім... 2000-жылдан кейін өтірік, екіжүзділік тіпті күшейіп кетті, оған дейін сәл де болса шындық бар еді. «Жек көретін адамыңмен де сүйісіп амандаса бер» дейтін ақылшы көп. Қалай сүйіп амандасасың?..
– Оның үстіне қызметіңіз – осы жүйені салған Назарбаевтың адал сарбазы болу. Ант берген адамсыз. Жүйеге адал қызмет еттіңіз бе?
– Назарбаевтың жүйесіне қызмет еткен жоқпын мен. Елге қызмет ету, әділдік, шындық деп жүрдім. Полициядан ертерек кетіп қалған себебім де сол. 1991 жылы жас жігітпін ғой, бірақ менде «елдің бәрі егемендік жариялап кетіп жатқан кезде, неге біз ғана үнсіз отырмыз?» деген жалғыз сұрақ болды. Оны мен алғаш рет 1991 жылы жазда Богданов деген әріптес «опер» орыс жігіттен естідім: «Біз бай елміз ғой, жақсы өмір сүретін боламыз, неге кетпейміз?»
Тоқсаныншы жылдары жұрттың бәрінің басында «Қалай күн көреміз?» деген бір ғана ой тұрды. Қылмыс қатты күшейді. Бұрын тек шетелдік кинолардан көретін ұйымдасқан қылмыстық топтар пайда болды. Біз жұмыстан бас көтере алмай қалдық. Онжылдықтың соңына қарай ғана жағдай дұрыстала бастады. Оған біз де өз әлімізше үлесімізді қостық. Қылмысты ауыздықтадық. Рэкеттерді құрттық.
Мен облыстық ішкі істер департаментінің бастығына дейін көтерілдім ғой. Сонда жүріп, бір адамнан ақша алып, сол үшін оны қызметтен көтерген емеспін. Ар жақ, бер жағын сұрастыратынмын. Зейнетке шығып кеткен, қызметтен қуылып кеткен мамандарды да шақырып алатынмын.
– «Істей алады, үмітті ақтайды» деген сеніммен ғой?
– Әрине, адалдығына, тазалығына сенгеннен соң. Мен Түркістан ауданының ішкі істер бөліміне бастықтың орынбасары болып 29 жасымда бардым. Ол кезде мендей жастарды биік лауазымға қоймайтын. 34 жасымда бастық болдым. Мені облыстық басқармаға шақыра бастады. 38 жасымда, елдегі ең жас облыстық басқарма бастығының орынбасары болдым. «Неге ол?» деген сөз болған жоқ. Оның алдында, 37 жасында полковник шенін алғанмын. Қайта жұрт мені «генерал, министр болады» деп әңгіме етіп жүрді. Өйткені, қызметімнің бәріне мен сұранып барған емеспін, жоғарғы жақ өзі жіберетін.
– Олай болуының екінші жағы бар: қай салаға болсын ең алдымен істің көзін таба алатын, білікті мамандар керек. Ежелгі гректер орысша айтқанда «врач, юрист, педагог должны быть от Бога» дейді екен. Өмірбаяныңызды зерттеп қарасам, сіз де әуелден «опер» болып жаралған адам екенсіз. Және өмірдегі өз орныңызды бірден тапқансыз. Ал, Наполеон «адамзатқа келетін бәленің бәрі әр адамның өз орнын тауып отырмауынан» деген...
– Облыстық басшылыққа да ұсынылдым ертерек, тек астанадағылар өткізбепті. «Е, мейлі, әлі жаспын ғой» дедім де қойдым. Облысқа орынбасар болған кезімнен «басталды». «Мына облысқа бар» дейді, бірақ «шляпа» сұрайды...Ондай ақша менде жоқ, тіпті, жинамағанмын да.
– «Оның» атын айтқыштар «кәшек» деп өте дәл тауып қойған...
– Шынында да, өлтірген екен... Менің бермейтінім белгілі болған соң неше түрлі бәлеқорлық (интрига), «анонимкалар» басталды. Және қызығы, көбі жоғары жақтан келеді ғой. Негізінен, көпке мәлім кланнан, қазақша айтсақ әулеттен. Орынбасардың күрсісінде жеті жыл отырдым. Сөйтіп жүргенде бағым шауып, мен бір саты көтеріліп, Қызылорда облысына кеттім. Мен алдымен Шымкент облысына ұсынылған екенмін. Тіпті Президент әкімшілігіне барып, сұхбаттасудан өтіп те қойғанмын. Сол сәтте тура кинодағыдай болды: жаңағы менімен сұхбаттасқан лауазымды кісі артымнан қуып жетіп, саусағын жоғары қарай шошайтып, «Бірінші» телефон шалды, сен Рахат Әлиевтің адамы екенсің ғой» дегені. «Оу, мен оны танымаймын да!» «Бәрібір, әзір қоя тұрамыз...» Содан кейін ғой Қызылордаға жіберіп жүргендері. Маған Шымкентке жол жабық екен...
Қызылордада істеп жүрдім. Жұмыс істеймін дейтін адам «жау» көбейтпей жүре ала ма, менің үстімнен жазу қайта басталды. Жазған адамды компьютерімен ұстап та алдым, «істі» министрлікке алып кетті, сонымен «су аяғы – құрдым» болды...
Сол кезде мен Түркияның бір азаматымен танысып қалдым. Ол маған «сіздер кәзір біздің ел отызыншы жылдарда бастан кешкен жағдайда жүрсіздер» деді. Бұдан он бес жыл бұрын ғой. «Кәзір бизнес жасап үлгеріп, ғимарат, жер алып, бизнес ашып үлгермесеңіздер, кейін балаларыңыз қанша жерден білімді, ақылды болса да бизнеске кіре алмай қалады».
Мен ойландым. Өзім де кетсем деп жүргенмін. Бірақ, аттестациядан өтіп қойғанмын, құлата алмаған. Қағаздарым тағы да Назарбаевқа барып, екі ай бойы жауапсыз жатып қалды. Ары қарай алға ұмтыла бергенім өзіме қауіп екенін түсіндім, рапорт беріп, кетіп қалдым. Мен сияқты жігіттер жүйеде қалған жоқ.
Жаңаөзеннен бұрын ондай оқиғаны билік Қызылордада істемекші болған. Жігіттердің бәрі автоматпен, бронежилетпен қаруланып алыпты. «Бұл дұрыс емес, халықтың бетін қайтаруға оқталған автоматтан басқа нәрсе берсеңдерші!» деп жаздым жоғары жаққа. «Басқа нәрсе қаралмаған» дейді... Сол кезде елдің қолына қарудың бәрі, елден жинап алған мылтықтан басқа «макаров пистолеті» секілді табельдік қарулар да, полиция қызметкерлері арқылы барды. Өзім жеті-сегіз маманымды қамадым да. «Нарезное оружие» деген болады, жалғыз оқпен атылады, оған рұқсатты облыстық ІІБ бастығы береді. Тегіс оқпанды аңшының бытыра оқты мылтығына бастықтың орынбасары береді. Мен оған тыйым салдым. «Комиссия құрып, аңшымын дегенді менің алдыма әкеліңдер» дедім. Үш жыл жұмыс істегенімде бүкіл облыстан бес-ақ адам келді. Сәл асыра сілтедім... Соның бәрі бұларға ұнамады. Өзімді кінәлі етуге тырыса бастады. Жүйені жөндеуге әлім жетпейтінін білдім-дағы, біржолата кеттім ғой...
– Айтуға оңай... Мүлдем бөтен, жаңа өмірге қадам басу үшін үлкен дайындық керек қой?
Мектебіміз әлемдік деңгейде. Беретін біліміміз де соған сай боұлуы тиіс.
– Мен ең алғаш 1991 жылы кетпек болғанмын. Істеп жүрген қызметіме көңілім толмай, кетем дегенде басқа бір қиындау да қызықтау жұмысқа көтеріп, қалып кетіп едім. Сіз айтқандай, мен «туабітті опер» болып, милицияның жұмысына жаралған болсам да, милиция маған қол емес екен. Жүрегім жатпады. Жаспыз, ақыл, білім, күш, батырлық, бәрін қажет ететін қызмет жас кезде романтикасымен тартып, жібермей жүрді. Кейін әділетсіздіктің көбейіп бара жатқанын көрген соң, есіміз бар да, елімізді табуға тура келді. Әйтпесе, Шымкентті атышулы рэкеттерден, «сайғақтар» мен Қара Тұрсын мен Колчактардан тазартқан, жаман аты жер жарып тұрған Түркістанды тәртіпке келтіріп, Көккөз Жұман, әсіресе Одақ көлемінде үлкен «құрметке» ие Зият секілді «қылмыстық авторитеттерді» құрықтаған адам ретінде өзіме өкпем жоқ.
Мен сол 1991 жылы кетем дегенде полиэтилен пленка шығаратын зауыт сатып алмақшы болғанмын, оны басқа бір жігіт сатып алды. Сол жігіт 1992-жылдың көктемінде Смағұлов, Әблязов, Әбиловтарды ерткен Назарбаевпен бірге Америкаға барды. Оның орнында мен болуым әбден мүмкін еді...
2006 жылы Қызылордаға ауысарда тағы бір рет рапорт жазып едім, анам тоқтатты. Барсам Шымкенттей емес, тыныш жер екен, алты жылға қалып кеттім. Ал, үшінші ретте мені ешкім тоқтатқан жоқ. Өйткені, мемқызмет уақытша екенін түсініп, жұрттың бәрінің көзі ашылып қалған кез еді. Рас, одан кейін де мені шақырумен болды, министрдің орынбасары бол деді, бірақ, бармадым.
– Мол ақшаның, адал ақшаның дәмін татып қалдыңыз ғой?
– Иә. Өзім де ақшаны жақсы көретін адаммын... 2012 жылы 26-маусымда бұйрық шықты. Бір күн демалдым. 28-маусымда өз бизнесіме жұмысқа шықтым. Сол күні менен алты жыл бұрын бизнеске кеткен Қайрат Балабиев телефон соғып, жаңа өмірді бастауыммен құттықтады.
– Бизнеске келдіңіз. Қандай да бір ұлы мақсат қойдыңыз ба?
– Ұлы мақсат болған жоқ. Қазақ 1917-жылға дейін шетінен кәсіпкер болған. Ерінбегені, ізденгені бай болған, жалқаулары кедей болған. Солай ғой? Мен балаларымның бәрін ешкімге тәуелді болмай өмір сүруге үйреткім келді. Және алпыс жасыма дейін мың адамды жұмыспен қамтысам, маман етсем деген ой болды...
– Жаңа мектеп ашып жатырсыз. Бизнеске бой ұрғанда мектеп салу деген ойға қашан, қалай келдіңіз? Іскер адамға ақша құяр сала көп қой...
– Та-а-а-к... Бірінші бизнесім сауда орталығы болды. Одан кейін «Медикер» денсаулық орталығын салдым, ол жұмыс істеп тұр. Фитнес-клуб, кафе, қонақ үй, ресторан, компьютер клуб, бәрі бар. Сосын Сарыағашта «Ақ Жайық» деген санаторий салдым. Сол кезде мектеп салуға ынталыларға, мемлекет көмек көрсететін жосық шықты. Яғни, қаржыны түгел мемлекет береді, кәсіпкер дайын мектеп салып береді. Кәзіргі мектеп салып жүргендердің тоқсан пайызы сондай. Мен ондай емес, барынша сапалы, үлгілі етіп, өз қаржыма орта білім жөніндегі идеяларымды іске асыратын мектеп салғым келді. Мысалға, мен әр сыныпта тәрбиеші болу керек деймін. Екіншіден, бізде білім төмен. Қырғыздарда білім деңгейі біздегіден әлдеқайда жоғары. Барып, аралап, зерттеп көрдім. Мектебіміз әлемдік талапқа сай болуы және беретін білімі де сондай болуы тиіс! Бүгін мен мұғалімдерге: «Оқушыға қажеттінің бәрі бар мектеп, міне. Енді сендердің деңгейлерің де сондай болуы шарт!» деймін.
10-қыркүйек күні оқушылармен кездестім. «Сендер білімді институт, университеттен емес, осы жерден алып шығуға тиіссіңдер» дедім. Сырттан келетіндерге 120 орындық интернат бар. Біздің мектеп – көптілді лицей. Қазақ, ағылшыннан басқа тағы бір шет тілін үйренуге міндетті. Оқушылар таңертеңнен кешке дейін осында. Күніне кем дегенде бір үйірмеге барады.
– Спорт залдарыңыз бар ғой?
– Бар. Олардың бәрі әлемдік стандартқа сай. Жиырма бес метрлік екі бассейніміз бар.
– Оны сұрап отырғаным менің бір досымның қызы Алматыдағы Назарбаев мектебінде дене шынықтыру жоқ, тек үздіксіз сабақ оқудан есінен танып құлап қалыпты. Әрі жүзу деген адам ағзасына ең пайдалы спорт, стайерлік жүгірістен де артық...
– Мына нәрсені де ұмытпай жазыңызшы: биыл жарты жылда қанша жолаушы жол апатынан қаза тапса, сонша адам суға кеткен. Себебі, жүзе білмейді! Оқушыларымыз тегін жүзіп үйренуге міндетті! Үйренгендерді басқалар алмастырады, ең соңғы шәкірт үйренгенше солай!..
– Сіз бен біз оқыған кезде мектеп білімнің ғана емес, тәртіптің де ордасы еді...
– Түсіндім. Өкінішке қарай бүгін олай емес... Бізде класс жетекшісі деген жоқ, оның орнына әзірше екі класқа бір тәрбиеші бар. Біз оларға мемлеттік мектептерден он есе жоғары жалақы төлейміз!
– Мектеп таза қазақ тілінде ме? Шет тілдерді қоспағанда.
– Жоқ. Өкінішке қарай қазақтар балаларын орыс класына береді. Себебі, бүкіл Шымкенте қазақ тілінде жақсы балабақша жоқ... Оған мемлекет кінәлі емес, бизнесмендер қазақ тілін қолға алмай жатыр. Мың балабақшаның 950-інің қожайыны қазақ болса да..
– Кешіріңіз, дәл осы жерде қатты қателесесіз! Билік мемлекеттік қызметтен бастап, білім, жоғары білім, сот жүйесін, т.б. біртіндеп түгелдей қазақ тіліне көшірмей, осылай болғаны болған. Бұдан 33 жыл бұрын қандай болса, кәзір де сондай. 33 жылдан кейін де осындай болады. Дәлірегі, өз билігінің өз тілін қорлауы әбден жанына тиіп болған қазақ халқы бір күнде бұрқ етіп көтерілуі мүмкін. Ешкім «көтерілмейді» деп кепілдік бере алмайды. Сол кезде «Жаңаөзен» де, «Қаңтар» да, Пушкин «не приведи господь видеть русский бунт, беспощадный и бессмысленный» деген орыстың бунты да баланың ойыншығы болып қалады... Барлық мемлекет барлық мәселесін барлық заманда «қамшы мен күлшенің» күшімен шешіп келген!
– Айтқаныңызбен келісем. Мен де үкімет неден қорқақтай беретінін түсінбеймін. Бес жүз ғана шешен ана жылдары бүкіл Мәскеуді дірілдетіп жіберді ғой!..
Бірақ, балалар бақшасы бүгін бизнесмендердің қолында. Ал, олар тілді қолға алып жатқан жоқ. Алатын ойы да жоқ.
– Өйткені, қаржының бәрі 1991-ден бері орыстілді қазақтарда. Әкелері, немесе өздері сол кезде қолындағы билікті пайдаланып, мемлекет байлығын пышақ үстінен бөліп алды. Әблязов, Жақияновыңыздан бастап. Біреуі Билл Гейтс секілді жаңа нәрсе ойлап таба алған жоқ...
– Біз сияқты қалталы қазақтар да аз емес кәзір. Облыстағы ең бай қазақтың балабақшасына бердік балаларымызды. Қайтарып алып, орысша бақшаға бердік. Өйткені, деңгейі өте төмен. Осы саланы екі адам бастаса... Мен өзім екі есе артық төлеуге дайынмын.
– Әлеке, тағы айтам, бұл сағым секілді, ұстатпайтын алдамшы жол. «Біреу бастаса» дейсіз. Сіз өзіңіз бастаңыз! Мектеп салдыңыз ғой, енді балабақша салыңыз. Өйткені, ертелі-кеш соған мәжбүр боласыз, қазақы жалпақ тілмен айтсақ, сол бақшаны «иттей болып» өзіңіз саласыз. Өз ұрпағыңыз үшін...
Басты мәселе – халықтың рухын тірілту!
– Енді, осы әңгіменің жалғасы ретінде өте маңызды келесі сұрақ. Шешендер өмірінен керемет мысал келтірдіңіз. Ал, біз де кезінде көршілерімізді Ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүр еткенбіз. Қылыш пен найзаның заманында біздің санымыз олардан 100 есе аз-тұғын. Біз бүгін де олардан 100 есе азбыз. Автомат, пулемет, зеңбірек, дронның заманында. Бірақ, «қытай» десе, зәре-құтымыз қалмайды. Себебі, рухымыз өліп қалған...Сіздер баяғы сіз бен біз сияқты оқушыларыңызға қазақы рухты сүйегіне дейін сіңіріп шығару үшін мектепте не ойластырып, не жоспарлап жатсыздар?
– Бұның бәрі кітапқа байланысты. Мектебімізде Дулат Исабеков атындағы әдеби орталық аштық. Қуанатыным, біздің балалар кітапқа өте құмар, кітапханада толып отырады. Мен монитордан үнемі бақылаймын ғой. Мектебіміз де, кітаптарымыз да әдемі, заманауи болғаннан да шығар...
Менің бизнеске келгеніме он екі жыл. Не істесем де өте сапалы болсын деймін. Ең бастысы, біздің өндіріс ошақтарымыз көп. Жиһаз, трансформатор, т.б. шығарамыз. Әлемдік деңгейде! Солай тәрбиелеп жатырмын.
– Отыз жылда экс-президенттің аузынан шыққан үш қана дұрыс сөздің бірі Тәуелсіздік таңында айтқан: «Біз не шығарсақ та, ең жақсы бұйым шығаруымыз керек!» еді. Кейін Терещенколар «біз бәрібір автомобильді «Мерседестен» артық жасай алмаймыз, әлімізді біліп, мұнай жабдықтарын жасайық» деп «түзетіп» жіберді. Айтылды, қалды...
Ұл-қызын орыс класқа бергіш қазақтарға «біздегі қазақ кластарының деңгейі өте жоғары!» деп, бетін қайтарып, үгіттеп жатырсыздар ма?
– Міндетті түрде! Олардағы балалардың саны да болмашы, біреу, екеу, бесеу... Бірақ, сұраныс болған соң, амал жоқ, аламыз.
– Біз «Орхон-Енисей жазбалары» деп аталатын, төл әліппесі бар әлемдегі көне он үш қана ұлттың біреуіміз! Өліп қалған ивритті тірілтіп, әруақтарды риза етіп, соның арқасында дамып кеткен еврей мемлекеті бізге үлгі болуы тиіс. Біз де төл жазуымызға неғұрлым тезірек оралсақ, ісіміз де соғұрлым тезірек алға басар еді. Сол ойма жазуды, руниканы шәкірттерге үйрету ойыңызда бар ма?
– Жоқ, өйткені оны әлі өзіміз түсініп, үйренуге жете алмай жатырмыз.
– Ата-аналармен байланыстарыңыз қалай?
– Өте тығыз! Оқу басталған соң екі аптадан кейін олармен алдымен өзім, менен кейін мектеп директоры кездестік. Ортақ мәселе, кемшіліктерді, ұсыныстарды бірге талқыладық. Көп ұсыныс айтылды. Бәрін қаперге алдық. Біздің мектептің тамағындай дәмді, нәрлі тамақ ешкімде жоқ. Сейітжаппаровтың қызы алматылық Альбина Орлова Қазақстандағы ең мықты балалар диетологы екен. Сонымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Ол бәрін Алматыдан бақылап отырады.
Ең бағалы мұра – өсиетті сөз бен өнегелі іс
– Менің әкем, қарапайым шаруа адам, маған үнемі үш өсиетін қайталаудан жалықпайтын: «Ешқашан өтірік айтпа! Екіншіден, кең бол, кең болсаң кем болмайсың! Үшіншіден, қолыңнан келгенінше жұртқа есептеспей жақсылық жасай бер!»
Күнгейге әйгілі Әужан болыстың немересісіз, «алты ұлың болғанмен, атыңды шығаратыны біреу ғана» дейді қазақ, ол кісімен қатар болыс болған Омарбек секілді ер-азамат бұл елде аз емес, бірақ, сол көп болыстың ұрпағының ішінен атасын әйгілеп жүрген сіз ғана. Міне, енді мектепке атын беріп жатсыз. Әруағы ырза шығар, желеп-жебей берсін өзіңізді. Атаңыздан қалған өсиет сөз бен өнегелі бір-екі істі еске түсірсеңіз...
– Атамыздан қалған өсиеттерге келетін болсақ, «өз үйіне өзі қонақ болғаннан без» деген бір сөзі бар. Атамыз бірде самаурын қойып отырса, бір топ құрбы-құрдастары сау ете қалыпты. «Болыс басыңмен бұл не, шай қоятын адам жоқ па?» деп тиісіпті әлгілер. Атамыз жоғарыдағы сөзді сол кезде айтыпты.
Екіншісі: «Ақылды адам ғана айтқан ақылыңды тыңдай біледі» деген сөз екен...
Үшіншісі мынадай: «Адамның бойынан ағып шығатын үш сұйық зат бар: бірі – тамырының қаны, екіншісі – көзінің жасы, үшіншісі – маңдайының тері. Осы үш нәрсеге қиянат қылма. Біріншісі, қандай қиын жағдайда тұрсаң да, адам өлтірме. Біреудің қызын бүлдірме. Бұл да адам өлтіргенмен тең. Екіншісі, біреуді нақақтан жылатпа, көз жасын көл қылма. Үшіншісі, біреудің тер төгіп тапқан табысына зорлық қылма. Осыларды біреуге қылсаң, айналып алдыңа келеді. Өзіңнің алдыңа келмесе, ұрпағыңның алдынан шығады. Тегін кетпейді».
Ал, ісі жағына келсек, он тоғыз жыл болыс болған уақытында, одан басқа кезде де елге тиген шарапаты аз болмаса керек, бірақ, бізге оның бәрі бірдей жете қойған жоқ. «Бай менен молданы, қойдай қу қамшымен!» деген ұранды ту ғып ұстаған қазақтың шолақ белсенділері байлардың талай ұрпағына қырғидай тиюмен болды ғой. Атамыздың көп игі ісінің ішінде өз басым үшеуін басқаларынан артық санаймын. Неге? Өйткені, оның екеуі отау құруға, ұрпақ өрбітуге, үшіншісі қайырымдылыққа байланысты.
Бір күні Отырар ауданындағы Маяқұм ауылында туып-өскен замандасым, облыстық соттың төрағасы, Жоғарғы Соттың мүшесіне дейін көтерілген мықты заңгер Мұқтар Есіркепұлы Есжановпен кездесіп қалғанымызда, ол маған бір қызық әңгіме айтты. «Мына менің адам болып, жарық дүниеде жер басып, шалқып жүргенім сенің Әужан атаңның арқасы, – деді. – Революцияның алдында біздің елде эпидемия жайлапты. Содан біздің әулет түгел шейіт болады да, жасы отыз-қырықтың арасындағы атам Есжан ғана аман қалады. Әйел, бала-шаға, бауырлар... түгел кетеді. Бұрынырақ інісіне айттырып, бір Құлшығаштың қызына құда түсіп, қалың малын беріп қойған реті бар екен. Қыз он алтыда болса керек. Құдалар жаққа эпидемия бармаған. Содан атам есін жиған соң, енді тірі адам тіршілігін істемей ме, жаңағы құдаға туысқандарын салады ғой. Сөйтіп Жетімдердің бас көтерер шалдары құдаға барып, жағдайды айтады. Қалыңдықты әмеңгерлік жолымен өлген ұлдың ағасына бер дейді. Құда жағы бергісі келмейді. Қатыны өлген жасамыс жігітке балауса қызымызды қор қылатын біз емес дейді. Қойшы, қысқасы бұл дауға Әужан болыс араласыпты.
–Атастырғандарың рас па? – деп сұрапты Әужекең.
– Рас, – дейді құлшығаштар.
– Енді неге бермей отырсыңдар?
Құдалар жақ уәжін айтады.
– Қалың мал ше? Беріліп пе еді?
– Берілді.
– Қанша мал алдыңдар?
– Жиырма жеті.
– Қанша жыл болды алғандарыңа?
– Он жыл.
– Қызды бермейтін болсаңдар, жиырма жеті бас малды өсімімен қайтарасыңдар! Он жылдық өсімімен. Ырзасыңдар ма, осыған?
Құдалар жақ мына кесімге дым дей алмай, жер шұқып қалған екен. Ал атам сол шешемізді алып, өмірді қайтадан бастапты. Содан біз тарап отырмыз...»
Ал, енді өзімнің тоғызыншы атадан барып қосылатын туысқаным Бахадүрдің атасы Битұрсын көңіл қосқан қызын айттыруға дәулеті жетпей, өзінен жасы үлкен, әрі атағы жер жарған ағайыны Әужан болыстан жәрдем сұраған көрінеді. Әужан мән-жайды білген соң Битұрсынның талабын жықпай, болашақ құдалар жақ сұраған қалың малды түгел бергізген екен. Сол малды жұмсап, Битұрсын Шымыр руының қызы Шынтай есімді қызды алады. Отбасын құрайды. Әужанның шын көңілмен берген малы осы әулетке құт болып қонып, Шынтай ана он төрт құрсақ көтереді. Битұрсынның Шәмшидин атты ұлынан тараған бес ұлдың үлкені жаңағы айтқан Бахадүр...
Ал, үшіншісі – атамыз кәмпескенің алдында бар жиған малын екі қап алтынға айналдырып, жалғыз түп сексеуіл әулие жаққа баласы Досыбай екеуі апарып көміп, айналдырып үлгермеген малын жоқ-жітік ағайынға таратып беріп, өзі Өзбекстанға өтіп кетеді. Жеті жылдан соң қайта оралып, өзбек арасында үйреніп келген кәсібі – диқаншылықпен айналысады. Ол кісінің өзгелерден айырмашылығы, қаншама қарық қазып, қауын ексе де, әрбір жетінші қарықтың өнімін жетім-жесір, аш-арықтарға үлестіріп беріп отырған екен. Ол кісінің бұл әдеті біздің елде кейін дәстүр болып қалыптасқан...
– Рахмет! Еңбегіңіздің игілігін ел көрсін, жемісін өзіңіз жей беріңіз!
Ал, біздіңше Әужан болыстың басты өнеге-өсиеті мынау болса керек: жиырма жасында болыс болам дегенде, «сен әлі болыс сайланар жасқа жеткен жоқсың, жассың» деген (ол кезде болысқа жасы 25-ке жеткендер ғана сайланады екен), ата-анаға «мені іздемесін, уақыты болғанда өзім келемін» деген сәлемдеме жолдап, жеті жылдай жоғалып кеткен ол ауылдағы екі жүз үйдің бәріне арнап, екі жүз түйеге сәлем-сауқат артып, «кімсің – Әужан бай» болып бір-ақ оралады. Сол малының арқасында 29 жасында болыс болып сайланады. Содан он тоғыз жыл болыстық құрады...
Бұл оқиғадан біз Абай атамыздың:
«Жалға жүр, жат жерге кет,мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел ...» дегеніндей, елге жаңадан жол-жосық салған қайратты, қажырлы жас жігіттің ісін көреміз...
Шынында да, «болатын бала он бесінде «баспын!» дейді, болмайтын бала отызында «жаспын» дейді» екен ғой...
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
Қазақ үні