ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ МЫҚТЫ КӨКПАРШЫЛАР - ҚАЗАҚТАР! - Қазыбек Иса!
2024 ж. 12 қыркүйек
1937
0
Бүгінгі көкпарды көрген де арманда, көрмеген де арманда!
Дүниежүзілік көшпенділер олимпиадасы - көк түріктік рух - қазақтың ұлттық рухын көтеріп кетті!
Алдымен ашылуындағы ғұндар мен сақтардан, көк түріктер мен Алтын Орда, Қазақ хандығынан, Аттила, Томирис, Күлтегін-Тоныкөк, Шыңғыс хан-Жошы хандардан тартып, Қазақ Елінің Көк туы көкте желбіреуіне дейінгі күшті көріністер рух тербеді!
Қалың халықтың рухтанып, дүр сілкінгенін көргенде осындай дүбірлі шаралардың маңызы зор екеніне көзің жетеді!
Көшпенділер ойыны - көшпенділердің қарашаңырағы Қазақ Еліне -Ұлы дала төсіне жетті!
Көк түріктен көктеген көк тулы Қазақ Елінде - Көшпенділер олимпиадасы дүрілдеп өтуде.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ең шырқау шегі -“Қазанат” атшабарындағы көкпардың ақтық сайысы - қазақ-қырғыз тартысы болды!
Арқа төсіндегі алып атшабардағы айқай салған аттан мен ұран аспан астындағы ақша бұлттардың өзін желпіп жіберіп жатты…
Дәл бұндай айқайы күшті ұранды Бразилиядағы футболдан өткен әлем чемпионаты да көрген жоқ шығар…
Қазақ-қырғыз көкпары нағыз шайқас болды!
Қазақтар секілді ат жалында ойнап өскен қырғыздарың да нағыз көкжал көкпаршылар екен! Ойынның негізгі уақыты тең болып аяқталды. Бірінші таймда 3:1 есебімен жеңіліп тұрған қазақтар екінші таймда 4:3 есебімен жеңіп тұрғанда, соңғы секундтарда қырғыздар есепті теңестіріп үлгерді! Бұл үшін қандай жанкештілік, қандай рух керек десейші!?
Дегенмен, Көк түріктен көктеген Көк тулы ел - Көшпенділер қарашаңырағы - Қазақтар бәрібір басымдығын көрсетті.
Қосымша уақыттағы ойында бірінші болып, қазақ батыры Құрбанбек Тұрғанбек Жеңіс салымын - Алтын салымды салып үлгерді!
Жарайсыңдар, Қазақтар!
Негізі, егер көкпар әлемдік олимпиадаға кірсе, тек финалда алтынға қазақтар мен қырғыздар таласатыны анық екен!
Ал қазір - Әлемдегі ең мықты көкпаршылар - Қазақтар!
Қазақ, сенде арман жоқ!
Қазыбек, сенде арман жоқ!
Бүгінгі көкпарды көрген де арманда, көрмеген де арманда!
Атшабардың да орналасқан жері керемет екен! Қарсы алдыңда тұлпарлардың құйғытуы, шабандоздар көк туды желбіретіп шауып бара жатқанда көкшіл күмбездері көз тартқан көк мешіттің көрініп тұруы керемет көз тартатын көрініс! Ұлттық Рухың биіктеп, ұрандап кеткеніңді өзің де сезбей қаласың!
Көкпардың Жеңіс салымы салынғанда, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар, бүкіл ипподромда отырған халық дүр көтерілді! Көк жүзін көк ту жауып кетті!
Міне, Ұлттық рух!
Иә, сайыс барысында қазақ көкпаршысы Ұланның қырғыз көкпаршысының қасынан шауып өтіп бара жатып қамшы сілтеп қалғаны артықтау болды. Соған қарағанда қырғыз бауыр да артық бірнәрсе айтып қалған болуы керек!? Ол үшін қазақтың шатақ шабандозы айып алаңынан уақытша шеттетіліп, жазасын алды!
Көкпарда қамшы сілтенбей қалмайды қай кезде де! Өйткені, бұл ат үстіндегі айқас! Шаршы тақта үстіндегі шахмат емес…
Сол қамшы сілтенгені үшін ғана көкпарды көрмей-ақ “ойын әділетсіз болды” деп соғып жатқан өзіміздің “өгейлердікі” әйтеуір қарсы шығуды “ерлік” санайтын үй ішіндегі “білгіштердің” үйреншікті әдеті ғой. Ал қырғыздар “әділетсіз” деп жатса, “жеңілген күреске тоймайды” деген мақал бар…
“Ер халықпыз” деп жүрген қырғыз ағайындар “Жеңілгенді мойындау да ерлік” екенін естен шығармауы керек…
Көкпар әділ болды! Ешқандай әділетсіздік болған жоқ! Нағыз текетірес, тең шайқас болды. Сонда да күштілік пен ептілік жеңді! Тақымымызды қысып, көз алмай, демімізді ішімізге тартып қарап отырдық!
Бір қызығы, әділетсіз болды деп жазып жатқандардың бір де біреуі көкпарды көзімен көрмегендер!
Ал көкпарды көзімен көргендердің бір де біреуі “әділетсіз өтті” деп жатқан жоқ, бәрі “әділ өтті” деп, риза болуда!
Жазда спорт министрлігі депутаттарды жинап, Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық барысымен есеп бергенде, айтқан едім: “Біріншіден, Дүниежүзілік Көшпенділердің 5-ші ойыны түрік әлемінің қарашаңырағында өтіп жатқанда деңгейі бұған дейінгі төрт ойынның төресіндей күшті өтуі керек. Екіншіден, өзіміздің төл ұлттық спорттарымыздан, қазақша күрес пен көкпар, бәйгеден алтын алуымыз керек!” деп.
Соның негізгілері орындалуда!
Қазақша күрес пен көкпардан алтынды әділ жеңіп алдық!
Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Ұлттық рухтың дүр көтерілуімен ерекшеленеді!
Тағы бір айтарымыз, түйе көтерген, темір илеген Темір Сыпатай балуанымыз бастамашы болып жүрген “Толағай-Алыптар айқасын” Көшпенділер ойынына қосуға сол кездегі Спорт министрі Ермек Маржықпаевқа айтып жүріп, өзіміз үлес қосып едік. Елімізге 18 елден алыптар келіп, дүрілдеген сайыс өтті. 180 килолық алыптар келгенде көпсайыстан алтынды Түркістан облысының баһадүрі Азамат Мақұлбек жеңіп алғаны керемет болды!
Дүниежүзілік көшпенділер ойынының даңқы әлемге тарап жатқаны қуанышты!
Ұлттық рухымыз биіктеп, Көк туымыз көкке өрлей берсін!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні