Қолымыздан келетін елге нақты пайдасы бар іспен айналыса бастайық
2024 ж. 22 қазан
1540
2
Нағыз Құдай сүйген халық
Мен әлеуметтік желіге 9-тамыз күні «Бізден талантқа он есе кедей өзбектер барлық жағынан озып барады. Қатарыңнан қалғаныңа қалай ішің ашымайды?..» деген екі ауыз пост жаздым.
«Мұрын шүйіргенді қою керек». «Бізді құртып жатқан осындай мақтаншақ, даңғаза сөздер». Тіпті: «Кем деп айту өрескел қателік! Ұлттың бәрі бірдей!».
Па, шіркін, өзінікінен өзге пікірді қате деуге дайын тұратын, жаны сірі кеңестік клише-ай десейші... Жеке адамдардың бәрі бірдей бола алмай ма, ұлттар да дәл сондай! Осыны ұмытпаған абзал.
Мен постым «қайтсек алға жылжимыз?» деген талқылауға тамызық болар деп үміттенген едім... Жарайды, өз ойымызбен бөлісейік. Бірақ, алдымен Динара Мыңжасарқызы қарындасымыздың қамырдан қыл суырғандай «Талантқа неге кедей дедіңіз? Олай емес-ау)» деген сұрағына жауап берейік.
Динара, «олай» екеніне ең алдымен өзбектің «Құдай талантты қазаққа берген, қадырын бізге берген» деген сөзі дәлел. «Өз мінін білген адам екі кісіге ақыл айта алады» дейді қазақ. Оларда біздегідей жалған намыс жоқ, мойындау арқылы олар өздерін жерге ұрып отырған жоқ, қайта бізді ұялтып отыр. Түсінген жанға... Бізге сыймаған Орал Таңсықбаев, Натан Кенесарин бастаған талай талант пен дарын иесінің сол елде бағы ашылды.
Абай өзбектің маңдайына бітсінші! Ол ақындығынан бұрын теңдессіз философ қой. Қаныш!.. Мұхтар!.. Бауыржан!.. Әлкей!.. Қажымұхан!.. Бұлар көп ұлтқа арман, әлемдік деңгейдегі алыптар ғой. Ал біз солардың қайсысының 100-жылдық юбилейін ең болмаса бүкілреспубликалық деңгейде өткіздік? (Тіпті, Әлкей атамызға 2004 жылы «облыс жетеді» дедік...). Тек ұлы Абайға, онда да Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н.Оңдасыновтың 1940 жылы – 5 жыл бұрын! – тойдың ұйымдастыру комитетін құрып, өзі соның төрағасы болғандығының арқасында ғана лайық деңгей бұйырды).
Математиктеріміз әлі күнге дейін КСРО көлеміндегі 3-інші орнын бермей келеді. Мәскеу мен Ленинградтың мықты, абыройын ойлайтын еврей профессорлары аспиранттарын алдымен қазақтан алуға тырысатын, болмаса ғана басқадан...
Біздің «Алаштық» арыстарымыздай жұлдыздар шоғыры бүкіл Орталық Азияда болған жоқ! Өзбек тарихшылардың оларды айтқанда аузының суы құриды. Өзінің эпосы жоқ олар бізбен таласып жүріп, біз бағасына жетпеген «Алпамыс батыр» жырын ЮНЕСКО арқылы «Өзбек халқының ұлттық эпосы» етіп бекітіп алды, 1999 жылы жырдың 1000-жылдық юбилейін бүкіл әлем деңгейінде тойлатты. Біздің билік бір ауданның көлемін қиды... Академик Р.Бердібаев қанша шырылдағанымен, жалғыздың даусы шығушы ма еді, ешкім есіткен жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, көршілес төрт республика қайраткерлерінің саны да, сапасы да жағынан қазаққа теңесе алмағанын, постқа коммент жазушылар білмесе білмейтін шығар, ал, көзі қарақты қауым үшін ол баяғыдан белгілі жайт. Майдангер-жазушы Д.Граниннің мынадай сөзі бар: «Мен өмір бойы Ленинградта тұрдым. Көретінім тек орман болды. Жыл сайын Кавказға барып демалатынмын. Көретінім тек тау болды. Қазақ достарыммен 15 күн салт атпен Сары-Арқаны кесіп өткенімде, мен қазақтардың шетінен неге ақын, неге философ болатынын сонда түсіндім». (Жыл он екі ай бойы есігінің алдындағы жерін өңдеуден өзгеге мойын бұра алмайтын адамда қайдағы ойшылдық?..)
Талғат Бигельдинов... Әлия, Мәншүк, Хиуаз... Өзбектен шықса, бұл төртеуінің есімін естігенде елдің еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін иіліп сәлем салып тұрар еді, төртеуінің атында кем дегенде төрт вокзал-аэропорттың алдында еңселі ескерткіші, ғимарат төбесінде аршындай әріптермен аты күндіз-түні жарқырап тұрар еді. Ал, біздегі Бурабай ауданының әкімі Мұздыбаев деген мәңгүрт Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигельдиновке аудан орталығы Шортандыдан үш көше беруге қарсы шықты... Өзбекстанда солай істеп көрсінші!
Біз Еділ мен Ертістің, Алатау мен Орал тауының арасындағы керемет өлкеде адам болып жаратылғалы өмір сүріп келеміз. «Авестадағы» айтылатын «өзен-көлі көп, шалғынды шексіз жазира» – біздің жеріміз, одан күнгейге көшетін арийлар – біздің бабаларымыз. Көшкен себебіміз –жерімізге жылқымыз сыймады. Тауы да, бауы да (орманы да) бар теңдессіз Тұран даласы, Мағжанша айтсақ, «Тамаша Түркістандай жерде туған, Тәңірдің бізге берген несібі ғой».
Біздің Құдайға иненің жасуындай өкпеміз болуға тиісті емес! Алланың «махаббатпен жаратқан адамзаты» шын мәнінде еврейлер (жөйттер) емес, мына біздерміз. Өйткені, осындай асты-үсті байлыққа толы орасан алып аймақ әлемде бізден басқа ешкімге бұйырмаған. Сол жерде, қыстау-көктеу-жайлау-күздеу-қыстаудың арасында өткен мыңдаған жылдық жазы ыстық, қысы суық көшпелі өмір бізді әбден шыңдады, шынықтырды, ойшыл, күрескер, бейімделгіш, икемделгіш, алғыр, қабылетті болуға мәжбүрледі. Жан басына шаққанда талант, дарын жағынан жер бетінде қазаққа тең көлетін ұлт жоқ! Бұл жайтты объективті ойлайтын, марқұм Герольд Бельгер секілді, адамның бәрі мойындайды. Ең күшті дамыған 10 ұлт пен қазақтың мектеп (институт) бітірген кез-келген 10 мың ұл мен қызын 10-100 параметрмен салыстырсақ, біз елдің алдында боламыз.
Ендеше неге өзбектерден қалып кеттік?
Ендеше неге жалпы саны өзімізбен тең еврейлер секілді әлемді билей алмай жүрміз? Әлемді қайтеміз, неге өз жерімізге өзімізге иелік ете алмай жүрміз?
Біріншіден, таланттарымыз шамадан тыс көп болғандықтан, әрқайсымыз «жеке батыр» болғымыз келеді, басқаны мойындай қоюымыз ақырет. Біз туабітті менеджер халықпыз! Бұл қаншалықты жақсы, жаман, ол басқа мәселе, бірақ, бес адамға болса да бастық болу – біздің басты арманымыз, біздің ең жанымыз сүйер ісіміз...
Екіншіден, әділеттілігі теңдессіз Тәңірі бізге талант, дарын, қабылет, т.т. жарыққа шығартпайтын алауыздық, көреалмаушылық, рушылдық (оның жақсы жағы да бар), іштарлық, жалқаулық, еріншектік, т.т. «шылықтарды» да аямай берген. Ал, өзіңді жеңуден қиын нәрсе жоқ екені, «өзгені жеңсең – күштісің, өзіңді жеңсең – құдыретсің» деген Сократ заманынан бері белгілі. (Жоғарыда айтылған 10 мың ұл-қызымызды 25 жылдан соң «неге жетті?» деп тексерсек, олар енді елдің ең соңынан табылары хақ...)
Оған жетіп те қояр едік, бірақ, француздың Карлы, немістің Бисмаркы, орыстың Петрі бізге бұйырмады, бұйырса алауыздық түбімізге жетті. 1919 жылы «алашордалықтар» мен Жангилдинді Ұлт істері халық комиссары И.Сталин шақырып алып: «Біз, большевиктер, Қазақ өлкелік реввоенсоветін басқаруға Жангелдинді ұсынамыз, сіздер кімді ұсынасыздар?» дегенде арыстарымыз: «Біз Жангелдинге қарсымыз» дейді. Жангелдинде өші бар Сталин қуанып кетіп, Пестковскийді жібереді. Қазақ басшы болса ең құрығанда «Ашаршылыққа» жол бермес еді ғой...
Үшіншіден, Ж.Шаяхметов 1954 ж. ақпанда орнынан босатылғанда 1938-1951 ж. Министрлер Кеңесін басқарып, қазақ елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, 1954 ж. Мәскеудегі Жоғары партия мектебін бітіріп келген Н.Оңдасынов Жұмекеңнің орнына отыратын-ақ реті еді, бірақ... Тағы да алауыздық. Орталықтан кезекті орыс келді.
Төртіншіден, республиканы 1960-1986 жылдары, екі жыл үзіліспен 24 жыл басқарған екінші қазақ Д.Қонаев, ұлтының мүддесін сол тұстағы өзбек әріптесі Ш.Рашидовтай қорғай алмады. Бір ғана мысал: Димекең Брежневпен отбасылық дос болып араласса да, 1962 ж. Өзбекстанға берілген үш аудан жерінің 1971 жылы алтыдан бірін ғана қайтара алды...
Бізді әлде де Құдай сақтады – егер Ш.Рашидов Брежневпен Димекеңдей тығыз қатынасқанда, біз күнгейдегі үш облыстан айрылып тұр едік. Өзбектер әлі күнге дейін 1820-1870 жылдары Қоқан хандығы жаулап алған Ақмешіттен Ұзын-ағашқа дейінгі жерді «біздің жеріміз» дейді. 1993 жылы марқұм И.Каримовтың Ташкент теледидарынан: «Әмір-Темір бабамыз аттың тұяғымен басып алған жерлерді біз ақылдың күшімен басып алуымыз керек» деген сөзін өз құлағымызбен естігенбіз...
Ал, Әмір-Темір үш рет жойқын жорық жасап, ата-бабаларымыздың қанын судай ағызып, біздің мемлекетіміз тікелей мұрагері болып табылатын Алтын-Орданы күйреткен адам. Оның атын Түркістан (?) мен Сайрамның (?) ең ұзын көшелеріне, мектептерге беруіміз, ал, Тәуелсіздік келген соң да оларды Қасым хан, Есім хандардың атымен ауыстыра алмай отырумыз елімізде ұлттық идеялогияның нөл екендігінің дәлелі...
Бесіншіден, ең ауыры да, ең жаманы да осы, қалың қазақ құдайдай сенген адамның – атын атағың да келмейді – өз елінің несібесі мен болашағын аяусыз тонаған, жасаған құпия келісім-шарттары арқылы әлі де тонап жатқан адамзат тарихындағы жалғыз билеушінің, отыз жылдық дәуіріндегі ұлттық болмысымызға келтірген зардабының «ақ патша» мен кеңес билігінің зардабынан күшті болғаны сондай, әлі есімізді жия алмай отырмыз...
Үкіметке үміт аз, билік ауысқалы бес жыл болса да, өзгерген нәрсе шамалы. Жемқорлыққа балта шабылмай, дамыған елдер баяғыда түсіп қойған жолға түспей, яғни, өзбектердей қазақтың ұлттық мемлекетін құрмай ешнәрсе өзгермейді. Бұл – аксиома.
Сонда не істеуіміз керек?
Ең алдымен, әрбір қазақтілді қазақ, өзіне есеп беріп, отбасында өзі қожайын ба, «әке – баланың пірі, күйеу – әйелінің пірі» деген қағидатқа сай өмір сүріп жатыр ма, осыдан бастауымыз керек.
Екіншіден, көне гректер «Құдай сүйетін үш кәсіп – заңгер, дәрігер, педагог» деген. Заңгер мен экономистің жүз жолдық қорын жасап қойдық. Есесіне, шынайы, нағыз Ғалым, Инженер, Дәрігер, Педагог ауадай қажет. Әр үйде бүгін 4-5 қана бала бар, солардың бәрін жаппай осы 4 кәсіп иесі болуға тәрбиелеуге тиіспіз. Егер әйелге айтқанымыз жүрмесе, ұл мен қыз да: «өзіміз білеміз» деп отырса, онда елде өзгеріс болсын деп әңгіме айтпай-ақ қояйық...
Үшіншіден, әрқайсымыз елге пайдалы бір ой, идея болсын, соны іске асыруды өзімізге міндет етіп алайық (соғыстан кейінгі Жапония осылай көтерілген). Мысалы, мен, 2005 жылы, Шымкентте шығатын «Евразия.кз» апталығының журналисі, жолым түсіп ойламаған жерден Қазығұрт ауданының Жаңабазар аулында, аудандағы бұрынғы шабандоздан бастап ауатком төрағасына дейінгі 25 ақсақалдың апталық кездесуіне тап болдым. Олар тек ет жеп, қымыз ішіп тараспайды екен, аудан бойынша сол аптада пайда болған мәселені ақсақалдар, ел ағалары ретінде талқылап, шешім қабылдайды екен... Газеттің айқарма бетіне мақала бердім. Редакторымызға: «Газеттің осы нөмірінің екі данасын (біреуін мәслихатқа деп) елдегі барлық аудандық әкімдіктерге бандеролмен салып жіберейік» деп едім, ұсынысымды өткізе алмадым...
Төртіншіден, әрқайсымыз, еркек ретінде, қолымыздан келетін елге нақты пайдасы бар бір іспен айналыса бастайық. Мен өзім ғылым мен техникаға арналған, «марқұм» болған «Білім және еңбектің» орнына (Ресейдің ондай журналының бәрі шығып жатыр) «Білім – бақыт, ғылым – байлық, техника – күш» деген журнал аштым. Құда қаласа, 2025-тің қаңтарынан бастап шығады. Индексі: 76240. Жазылыңыздар. Нақты іске нақты үлес қосу осындайдан басталады...
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні