Талғат Теменов: Тынымсыз енбегіміздің зая кетпегеніне іштей риза боламын
2024 ж. 21 тамыз
1107
1
Былтыр Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы кинофакультеттің 30 жылдығын атап өтті. Алыс жақыннан қонақтар шақырып Академия әбден абыр-сабыр болыпты.. Есіме осы кинофакультеттің қалай құрылғаны түсті..Мен ешқашан ректор болам деп ойламаған едім. Алғашқы фильмім " Адамдардың арасында бөлтірікті "Мосфильмде" түсіріп Қазақстанға оралғанымда зиялы қауым мені тани бастады.. Одан кейінгі 1986 жылғы желтоқсанға байланысты " Қызғыш құс" киносында көрермен өте жылы қабылдаған. Бір күні Кино үйінде Есмұхан Обаевты кездестіріп қалдым. Жыға танымасам да шырамыттым.. Есағаң қашан көрсең ақкөңіл, аузын ашса жылы сөзін аямайтын азамат. Нағыз өнер үшін туған талантты кісі. Ән салғанда баритон даусы гүрілдеп халық әндерін өте керемет айтатын ағаларымның біреуі.Ол кезде Есағаң Семей облыстық драма театрында жиырма жылдай қызмет атқарып Т. Жүргенов атындағы Театр жане Көркемсурет институтына ректор болып жүрген кезі екен.. Келіп кетсеңші" деген... Көп ұзамай барып ұзақ сөйлестік..Жаңа біткен "Махаббат бекеті" фильміне қатты риза болғанын сөз етті.. Әңгіменің соңында Есағаң Мәдениет министрлігіне орынбасар боп бара жатқанын айтты... Сосын сигаретін бір тістеді де маған ұзақ қарап " Сен жассың .. кино тағы түсірерсің... бірақ қазір ректор болсаңшы" деді.. Шошып кеттім. Басқа басқа Өнер ошағына басшы болу деген - нағыз қиынның қиыны емес пе?!... Оның үстіне қасымдағы 3-4 жігіт істейтін фирмамыз бар. Орысшасы "Казахстанский Центр Кино и ТВ для детей и Юнешестве" деп аталады.Кезінде әйгілі Ролан Антонович Быков ашуға көмектескен... Тіпті "уставной капиталь" деп 300 мыңдай рубль берген ...Мұрнымызға бизнестің иісі бармаса да жас жігіттер оны мұны жасайды..Осындай күндердің бірінде Мәдениет министрі Талғат Мамашев шақырды. Өнерге қатысы бар Жоғарғы оқу орындары да колледж, училищелерде осы Мәдениет министрлігіне тікелей бағынады. Талғат Асыловичті бір-екі жиын тойда кездескенім болмаса жыға танымаймын. Ол кісі а дегеннен еркінсініп сөйлейді, еркелетіп сөйлейді. Қысқасы "ал дайындал.. жоғарғы жақпен сөйлестім " деді. Бұл мен үшін оңай болған жоқ. Бір жағынан пенделік, адами қызығушылық екіншісі бұрын таныс емес беймәлім дүниеге аяқ басу. Алдын да артын да қалың тұман... Қай жаққа баруды білмей адасқан жандай күйге түстім. . Иманғали Тасмағамбетов ол кезде Президенттің көмекшісі.. Қолы тимейді. Ұшан теңіз жұмыстан бас көтере алмайды. Кешке екеуміз жолығып мән жайды айтқанымда ол бірден "бар" деді. Өзің мұғалімдер от басынан шықтың, әрі сонда сабақ бересің. Онда тұрған не бар? Елдің бәрі қазір бизнеске кетсе елге кім қызмет етеді?" деген. Министр Мамашев тағы шақырғанда "жақсы" дедім. Сөйтіп аяқ астынан ректор боп шыға келгем. Ол кезде студенттердің саны көп емес.. Ұстаздары да аздау. Неден бастаудың өзі өте қиын болды. Оқу процесі басқа әлем. Бұл кезде Т. Жүргенов атындағы Театр жане Кино институтында Проректор боп Қарлығаш Ибрайхановна Мырзаханова келді. Қарлығашты Москвадан білетінмін. Сонда кандидаттығын қорғаған өте білімді және көркем әйел еді..Орысша оқыған демесең қазақшаны да тәп-тәуір меңгерген мейірімді де әділ болатын. Бүткіл оқу процесі осы Қарлығаш Ибрайхановнаның мойнында болды. Сондықтан болар студенттер Қарлығаш Ибрайхановнаны жақсы көрді, құрметтеген. Өкінішке орай Қарлығаш кісі қолынан опат болды.. Бірақ оның күлкісі балаларға деген кіршіксіз махаббаты, үлкендерге деген құрметі сол ғимаратта мәңгілік қалған сияқты..Сонымен қатар Аман Құлбаев та проректор болды.Аман Бекенович осы институттың отымен кіріп , күлімен шыққан кісі. Қашан көрсең кішіпейіл, ақжарқын.. Осы жерде Консерваториядан еншісін бөліп жеке институт болуына себепші болған Аскар Тоқпанов пен Рабиға Қаныбаева апайды айтпаса болмас.. Жаңа институттың ірге тасын қалғандар қатарында Гүлжихан Жанысбаева да бар десек орынды.. Ал, ұжымдағы сыйлы көкеміз -Кәукен Кенжетаев өзге бір әлем болатын. Ол кісінің қалжыңы, күлкісі тіпті отырғандағы қоңыр дауысы ғажап еді.Сосын бізге дәріс берген Майра Омарова, Дариға Тұранқұлова, Маман Байсеркенов, Әкім Тарази, Әшірбек Сығаев, Есмұхан Обаев, Әзірбайжан Мамбетов, Виктор Пұсырманов, Рубен Андриясан, Татьяна Қасымовна Наурызбаева, Калиолда Мергазиев, Ерсайын Абдрахманов, Амен Хайдаров, Камал Смаилов, Дәмеш Арынғазиева, Гүлнара Гизатова, Фарида Шарипова,Аубакир Рахимов, Сұлтанхан Аккулиев, Мұрат Абзелбаев, Сауык Жаканова, Люция Тулешова, Амангелді Сембин,Ракымжан Садықұлов,Жан Капесов,Тұңғышбай Жаманқұлов, Рахилам Машурова, Есім Сегізбаев, Сәулебек Асылханов,Раушан Оспанова т. басқалардың істеген кезеңі болды . Ал, ғимаратымыз КазГу-дің ескі үйі. Астананың Қызылордадан көшкен кезіндегі алғаш салынған мекемелердің бірі. Кезінде Үкімет үйі болған, балконынан парад қабылдаған кейіннен бұл жерде талай-талай Қазақстанды басқарған тұлғалар отырған деседі. Бертін келе бұл ғимарат КазГУ-дың бас корпусы болды. Мен мектеп бітіріп Философия факультетіне түсерімде дәл осы ғимаратта емтихан тапсырған болатынмын. Өмір қызық " деген бір сөз бар ғой.. Кұдды маған арналған іспетті.. Бір кезде философия мамандығына өте алмай арада жылдар салып сол ғимаратқа ректор боп келдім.. Бұл кезде институт Театр жане Көркем сурет институты емес Қазақ мемлекеттік Театр жане Кино институты болған.. Алайда дүрілдеген атынан не пайда?? Институттың материалдық жағдайы өте нашар екен. Басқа басқа тіпті жатақхананың өзін КазГуден жалға алады. Ол бұрынғы Виноградов пен Космановтов көшесіндегі ескі жатақхана. Қасында Никольск базары мен шіркеу орналасқан. Бұл әйгілі " Махаббат қызық мол жылдар" романына кірген студенттердің үйі. Әзілхан Нұршайықовтың майын тамыза сүйреттейтін мекені. Бірақ Институттың өз жатақханасы емес..Ал Институт ғимаратының мәнісі кеткен..Жыртық еден, тозған мебель, техникадан түгі жоқ оқу орны.. Степендия бар болганы 1.5 мың теңге.. Бүткіл институтта істейтін 2 ғана дәретхана. Әсіресе мұғалімдерге ыңғайсыз...Көз қорқақ қол батыр.. Анадан-мынадан дегендей жинап тернеп техника, компьютер оны муны алдық. ? Бәрін демей-ақ қояйын.. Бірақ стол орындық тіпті мебельге дейін бизнесмен жігіттер көмектесті..Әсіресе Төлебай Түлепов деген азамат қолы ашық болатын.. Айтпақшы алғаш келген күндегі бір эпизод жадымда қапты.Ректордың кабинеті ат шаптырым.. Төбесі мен терезесі биік кеңсеге ие болғаныма сенер сенбей отырсам керек.. Қабылдау бөлмесіндегі қыз " Сізге бір кісі келіп тұр" деді. Есіктен жұпыны киінген елуді еңсерген әйел кірді.. Осы институтта еден жуады екен. Әңгімесін айтып көз жасына ерік берген. 4 баласы бар тапқаны тармақтарына жетпей - қарызға ақша іздеп келгенін айтты. Бухгалтерияда да бір тиын жоқ екен ..Қалтамдағы 15 мың теңгемді ана әйелге бергенімде 5 мыңнан басқасын алудан бас тартты.. Алыңыз десем де көнбей қойды..Неткен кісілік.. қандай қанағатшыл адам деп ана кісіге риза болдым. Бұл кезең біздің институтқа ғана емес жалпы Мемлекет үшін күрделі де қиын уақыттар еді. "Ұра берсең құдайда өледі" демекші ақыры Үкіметтен сұрап жүріп Имекеңнің арқасында Нархоздың жатақханасына ие болдық.. Бұл Саин көшесіндегі жақсы мекен екен. Студенттерге арналған барлық жағдай бар жер.Екі- үш бөлмеде туалет, душ. Бірінші қабатында буфет, ас үй.. Тек оқу корпусына алыстау демесе өте жақсы болды.Реті келген соң айтып отырмын.. Біз мүмкіндігінше институтқа дарынды, талантты ғана жастарды алуға тырыстық.. Бұл біздің негізгі бағдаршамымыз болды. Енді бір қызығы институтта студенттердің капустнигі , әртүрлі кештер тартымды да қызық өтетін.. Сосын біздер шама шарқымызша творчествалық атмосфера жасауға тырыстық.. Жастар ВГИК-тегідей кроссовка, джинсимен жүре беретін.. Кейін ғой ол тәртіп басқаша болған. Сол күндері алыс жақыннан келген тұлғалармен кездесу өткізуге тырыстық.. Мысалы Барбара Брыльская, Армен Джигирханян, Александр Панкратов Черный, Вадим Абдрашитов, Наталья Арынбасарова, Сергей Соловьев,Алексей Булдаков сынды қонақтар болса өзіміздің Қалтай Мұхамеджанов, Камал Смаилов, Тоқтар Әубәкіров, Мұстафа Өзтүрік т. басқа тұлғалар институттың қадірлі қонағы болғандар еді. Қазіргі таңда Қазақ өнерінде жұлдызы жанып жургендер баршылық.. Олардың ішінде Жүргеновті бітірген жігіттер мен қыздар аз емес.. Бәрін айтсам ол ұзын сонар тізім болар.. Қысқаша айтсам.. Айгүл Иманбаева, Айгуль Мукей, Баян Алагөзова, Мадина Балғабаева, Жеңіс Ысқақова, Қуандық Қыстықбаев, Мейрамбек Беспаев, Нүркен Өтеулов, Берік Уәли, Азамат Сатыбалды, Назгүл Қарабалина, Жанқалдыбек , Асылбек Қапаев, Күнсұлу Шаяхметова, Сафуан Шаймерденов, Айзада ,Бақыт Беделхан, Асхат Маемиров, өмірден ерте кеткен Рүстем Есдәулетов , Сұлтан Сраилов, Сәбит Әбдіхалықов, Гука Омарова, Меруерт Түсіпбаева, Гүлсина Мергалиева, Сайлау Қамиев және Қырғызстаннан оқыған бір топ жастар.. Асхат, Ерлан, Нурсель, Асель ,Қанат, Аида, Батырбек Шамбетов т. б ...Ыстық көлден келген жастар жайлы жазуға қазір уақыт болмай тұр..Ол кезде Қазақ мемлекеттік театр кино институты деп аталғанымен актер, театр режиссері, киім дизайнері мамандығы болмаса өзге факультеттер жоқтың қасы-тын... Қазақ мультипликациясының атасы Амен Хайдаров қана алғаш рет 4-5 бала алған екен.Онда да құжат бойынша басқаша атайды. Себебі Қазақстанда бұрын ондай мамандықтар болмаған. Және Жаңа Жыл - 1995 жылдан бастап Барлық Жоғарғы Оқу орындары Оқу және Білім министрлігіне өтті. Ал ондағы тәртіп темірдей.. Біздегі жаңа ашылатын мамандықтарға - оқу жоспары яғни әр специалистке лайық программа - жоқ болды. Себебі ол бізде дайындалмайтын сала. Әсіресе кино мамандары Москвадағы ВГИК пен Ленинградта ғана оқытылатын.. Ал 1991 жылғы КСРО тараған соң Ресей Федерациясы өзге Республикалардың студенттерін алуды доғарған..Март айының басында Оқу және Білім министрі боп Түркістаннан академик Мұрат Журинов келді. Құтты болсын деп кіріп әрі қарай біздің жағдайымызды айтып екеуміз ұзақ отырдық. Мұрат Журинов Қазақ ғылымына да, біліміне де, руханиятына үлкен із қалдырған азамат. Кішіпейіл. Қазақи салт-дәстүр, тәрбиені бойына сіңірген азамат. Ол кісінің айтқаны маған Москваға сол ВГИК-ке барып -керек жоспар, программа, оқу үлгісі тәрізді нормативтерді алып кел деген. 4-5 күннен соң Москваға ұштым. Институттың командировкаға беретін ақшасы мардымсыз болған соң баяғы талай түнеген Мосфильмнің қонақ үйіне бардым. Өте арзан. Оның үстіне онда тек киногерлер тоқтайды. Қазақша айтқанда бөтен жер емес. Ең бірінші тапқаным Вера Игоревна Суменова. Баяғы мен оқыған Сценаристер мен Режиссерлардың Жоғарғы курсында директордың орынбасары. Вера Суменова мамандығы киновед. ВГИК-тің түлегі. Мосфильмде " Слово " бірлестігінде де бас редактор болған. Танымайтын адамы жоқ. Өте білімді, сыпайы, интеллегентті жан. Вера Игоревнаға мәселені айтып едім ВГИК ке жиберді. Бүкіл Одақтық Мемлекеттік Кино Институты... Москвадағы ВДНХ үлкен Көрмеден алыс емес... Бұл кәдімгі ұлылардың мектебі Осы шаңырақтан шыққан Таланттар мен атақты жұлдыздарды айтсақ оған уақыт жетпес.. Бір сөзбен айтсақ Бұл тек КСРО дағы кино мектебі емес әлемдегі айтулы элиталық оқу орны. Онда аура басқа. Институттағы әр қабырға, әрбір аудитория тіпті дәліздер де өзгеше.. Себебі мұнда Ұлы ұстаздар дәріс береді. Өйткені мұнда барлығы үлкен арман куған қауым.. Екінші күні барғанымда ескі танысым Михаил Иосифович Боярскийді кіре беріс есіктен көріп қалдым. Мені көріп ол шалда қуанып кетті. Михаил Иософич алпыстан асса да өте пысық, тым ширақ. Екеуміз кафеге бардық. Біраз отырдық. 100 грамм құйып бердім. Ол кісінің айтуынша ең қиыны режиссер мамандығы сертификатын алу деді. Шын мәнінде ол қағазды алу оңай емес екен. Москвада тұратын Әнуар Мұстафин біраз көмектесті. Әнуар ВГИК-ті бітірген. Сондағы деканның күйеу баласы. Талдықорғандағы Сарыөзектен. Танымайтын адамы жоқ. Пысық жігіт. Біресе декан орнында жоқ.. Біресе оның көңіл-күйі жоқ әбден тығырыққа тірелген кездер де болды. Ақыры не керек Әнуар екеуміз "базарда мың кісі бар- сүйгеніне сәлем бересің" деп жақсы кісілерді Кино уйіне-ресторанға шақырдық. Бұл Москвадағы элиталық мейрамхана. Себебі мұнда көшедегі көк аттыны кіргізбейді. Тек Киногерлер қауымы ғана отыратын орын. Қысқасы Москвада бір жетідей боп қағаздарымды алып Алматыға қайттым. Егерде ол документтерді ала алмасам онда бізде бұл мамандықтарды ашу ұзап кетер еді. Сол үшін де қол үшін берген кісілердің аты-жөнін жазбай отырмын. Рахмет бәріне! Алматыға оралған соң кино факультетті жолға қою үшін жаңа мамандықтар ашылды. Кинорежиссура, Кинооператор, Дыбыс режиссері, Кино драматургия, Киносыншы, кинотану, Гример суретші, Кино жане Телевидение, Продюсер, Анимация, деректі кино, Актерлық сырттай оқу т. б мамандықтар қабылдадық. Бұл кезде "Қазақфильм" түгелге жуық жабылған. Өндіріс тоқтаған шақ-ты.. Жағаға шығып қалған балықтай жұмыссыз қалғандарда есеп жоқ. Осы кезде институтқа Ардақ Әмірқұлов, Бауыржан Нөгербеков, Амен Хайдаров, Абай Тоқшабаев, Гүлнар Әбікеева, Лейла Ақынжанова, Ораз Рымжанов, Анар Қашағанова, Камал Смаилов, Дәрежан Өмірбаев, Виктор Щербаков, Әлім Байғарин, Сергей Азимов, Алексей Беркович, Асия Сулеева, Болат, Аубакир Сулеевтер,Сергей Сухов ,Аманжол Айтуаров, Нина Лаврик, Оразәлі Сәрсенбеков, Маргарита Соловьева т.басқалардың ұстаздық жұмысқа қадам басқан кезі-тін.. Иә.. қағаз жүзінде емес кино факультеттің шын мәнінде толық қанды жұмысы сол 1995 жылдан басталған-ды.. Бүгінде осы факультетке еңбегі сіңген азаматтардың біразы өмірде жоқ... Иә, олар Қазақ кино мектебінің қалыптасуына, аяғын апыл-тапыл басып кетуіне, кішкене ғана институттың Үлкен Өнер орталығы - Академияға айналуына ат салысқандар. "Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Ол жанбаса лапылдап - Кім жанады лапылдап?" деп Назым Хикмет айтпақшы. Сол кезде біздің команданың кино факультетті ашқаны рас-ты .. Кейін Астанадағы Өнер университетінде де осы мамандықтар бой көтерді..Өнер университетінің ректоры Айман Қожабековна маған звондап керекті құжаттарын бізден алған болатын... "Өткен күнде белгі жоқ" деп атам қазақ бекер айтпаған-ау... Әйтпесе сабақтастық - "преемственность" деген бар ма білмеймін.. Кейде Т. Жүргенов академиясын бітірген жастар кино түсіріп жүлделі боп жатса, болмаса жақсы бір хабар естіп қалсам елең етем. Бір кездегі ұйқысыз түндер мен тынымсыз енбегіміздің зая кетпегеніме іштей риза боламын. Әңгіме шақыру да болмаса шақырмауда емес. Өйткені одан ештеңе өзгермейді. Ол тек пендешілік болар. Осындайда ұстазымыз Асқар Тоқпановтың бір айтқаны еске түседі.. Композитор Ахмет Жұбановтың әйгілі "Абай" операсын театрда қойып дүрілдеп жатқан кезі екен.. Шамасы Екінші ме үшінші ме премьераға Ахаң кешігіп келіпті. Дәл сол кезде есіктегі контролер ауысып жаңа адамдар келген екен.. Есіктен кірейін десе "билетіңіз қайда?" дейді. "Билет жоқ... Мен.. осының композиторы едім" десе есіктегі апай "бар ары" деп кіргізбейді.. Ахаң амалсыз театрдың алдында теңселіп жүрген көрінеді.. Бір мезетте іштен Сәбит Мұханов шығып Ахаңа "Әй, Аха, сен неғып кірмей жүрсің?" десе есіктегі әйел "оның билеті жоқ.." депті. "Сәбе, сенсеңіз бұл менің бақытты сәттерімнің бірі ғой" деген екен Ахаң Мен де сол... Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер демекші Замана қуған жел қайыққа мінгеніміз рас. Алайда өзгелерді қуанту ізгі амалдар жасау азаматтық парыз деп ойлаймын. Сондықтан да әр адам кезегі келгенде өмір қайығына отырып, ескегін есіп дауылдан көтерілген таудай-таудай толқындарды елемей "өзгелерге керек дүниені" арғы бетке жеткізуі тиіс... Өйткені бұл адамдықтың белгісі, адалдықтың белгісі. Біз де сол өзгеге керек қымбат тас-арман толы "қоржынды" арғы бетке жеткіздік пе деп үміттенемін...
Талғат Теменов,
Қазақ үні