Айғаным МҰХАМЕТҚАЛИ: Қазақтың қызы екенімді мақтан етемін...
2024 ж. 06 қыркүйек
3016
6
«Білімдінің күні жарық» демекші білімді жан ғана әлемдегі бар биікті бағындыра алатыны сөзсіз. Өзінің ізденімпаздығы мен іскерлігінің арқасында бүгінде Америкадағы «Protiviti» компаниясының есеп және қаржы аналитигі болып қызмет атқаратын қазақтың қаршадай қызы Айғаным Мұхаметқалидың айтары көп. Жұмыс істей жүріп, «Xavier University» университетінде «Бизнес әкімшілік магистрі» мамандығы бойынша білімін шыңдауда. Білім қуған талантты жас өзінен кейінгі түлектерге үлгі боларлықтай. Биікті көздеген Айғаныммен тілдесіп, оның өзгеше ой орамдарын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
– Айғаным, ең әуелі өзіңді таныстырып өтсең...
– Мен Алматы қаласында өмірге келдім. Әулеттің алғашқы немересі ретінде, бір жағынан әкем мен шешем студент болғандықтан, атам мен апам мені бауырына басты. Осылайша мен Абай облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылында атам мен апамның қолында өстім. Апам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан маған үш жасымда 42 әріпті түгел танытып қойды. Кішкентайымнан қазақтың халық ауыз әдебиетінен, халық әндерімен сусындап өстім. Төрт жасымда 0-ші сыныпқа, бес жасымда 1-ші сыныпқа қадам бастым.
– Атаң мен апаңнан саған тағы қандай қасиеттер дарыды?
– Шындығын айтқанда, атам мен апам менімен ересек адамдар секілді сөйлесіп, әрбір болып жатқан жағдайға ой-пікірімді сұрап отыратын. Біздің отбасымызда атам, әке-шешем де қаржы саласының мамандары. Атам менің қаржылай сауатты болуыма бірден-бір ықпал еткен адам. Апам да қолыма түскен қаржыны жұмсамай, жинауды үйретті. Жинаған қаржымды көбейтуге баулыды. Осылайша ата-апамның ақылымен мен қаржыға келгенде сауатты болдым десем болады. Бесіншіні бітірген жылы жинаған ақшам 100 долларға жетіпті. Сол уақытта Қытайға қыдырып барып, екі ұялы телефон әкеліп, оны әжептеуір қымбат бағаға саудалағаным бар. Осылайша ақшаны көбейтудің жолдарын ұғындым. Атамның бойындағы өзіңе деген талапшылық, өз-өзіңе жауап беру сияқты қасиеттер, апамның бойындағы білімділік, сауаттылық, пысықтық сияқты керемет қасиеттермен бірге, әншілік қабілет те дарыған.
– Өте керемет, ал әрі қарайғы оқуың қалай өрбіді?
– Балалық шаққа көз салсам мен өзі кішкентай күнімнен үнемі дамуға бет алған секілдімін. 6-сыныпта өзімнің таңдауыммен орыс тілін жетік меңгеру мақсатында, мен Өскемен қаласына ата-анамның қасына көштім. 6-7-сыныпты Өскеменде, 8-9-сыныпты Курчатов қаласында оқыдым. Әртүрлі қалаларда оқу арқылы мен түрлі орта көріп, жан-жақтылыққа бейімделдім.
– Ал Астанада оқуыңа не себеп болды?
– Қазақта: «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген керемет сөз бар ғой. Сол айтпақшы менің оқуға құштар болуыма ең бірінші білімді отбасынан шыққаным себеп болған шығар. Өйткені, әулетіміздің әрбір мүшесі жоғары білімді, әрқайсысы өздерінің таңдаған мамандықтары бойынша қызмет атқаруда. Әсіресе мен бүгінде Астанада еңбек етіп жүрген әпкелеріме қарап бой түзедім. Бір жолы әпкем маған америкалық педагог, жазушы Дэйл Карнегидің дамуға қатысты кітаптарын әкеліп берді. Сол кітаптарды оқу арқылы менің ойым да, жоспарым да өзгеріп, еліміздің бас қаласы – Астанада оқығаным жөн деп шештім. Сөйтіп 10-сыныпты Астана қаласындағы № 66 мектеп-лицейінде жалғастырдым. Мұнда келген кезде мен өзімнің көп артта қалғанымды білдім. Содан қайткен күнде де сыныптастарымның деңгейіне жетемін деген мақсат қойдым. Сөйтіп, қаладағы ең жақсы деген тіл үйрету орталықтарына барып жүріп, ағылшын тілін үйрендім.
– Ағылшын тілін үйрену қаншалықты қиын немесе жеңіл болды? – Мен шынын айтқанда, ешқандай тілді жеңіл үйрендім дей алмаймын. Орыс тілін де, ағылшын тілін де үйренуім өте күрделі болды. Мүмкін ағылшын тілін ертерек бастағанда әлдеқайда жеңіл болар ма еді?! Мәселен, мен ең бірінші грамматиканы оқыдым, кейін сөздермен таныстым. Одан әрі түсінуге тырыстым. Осылайша сатылап оқыдым. Меніңше кез-келген тілді оның түбіріне тереңірек үңілмейінше, жетік меңгере алмайсың. Бұл аса маңызды қадам деп білемін.
– Ал, Айғаным шетелде жоғары білім алуыңа кім түрткі болды?
– Барлығы бала қиялымның жемісі шығар. Меніңше бала кездегі армандар тап-таза әрі тұп-тұнық. Сондықтан болса керек, балалық шақтағы армандардың барлығы есейгенде орындалып жататыны. Мен кішкентай кезімде ауылда шетелдің киноларын көп көретінмін. Сонда Америкадағы мектептерде оқитын балаларға қатты қызығатынмын. Сол кезде-ақ, Америка маған өте қатты ұнайтын. «Шіркін, сонда барып оқысам, білім алсам» деген асқақ арман болатын. Бәрі де сол таңғы шықтай мөп-мөлдір аппақ армандарымның арқасы...
– Иә, сөзің аузыңда Айғаным, Астананың лицейі мен ауылдың мектебінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей болған шығар?
– Жоғарыда атап өткенімдей, Астанадағы іргелі білім ордасының бірі –№ 66 мектеп-лицейінде оқу маған бұйырған екен. Иә, әрине айырмашылық үлкен болды. Шындығында мен өте мықты оқушылардың ортасына түстім. Олардың әрқайсысы маған үлкен мотивация берді. Сол кездің өзінде менің сыныптастарым шетелде білім алуға дайын болатын. Олар мектеп кезінің өзінде ағылшын тілін өте жетік меңгерген еді. Олар шет мемлекеттердегі оқу орындарының талабы туралы барлық мәліметке қанық-тын. Бірақ мен ойлана келе жоғары білімді өз елімізде алуды жөн деп шештім. Бірақ әрі қарай өзге мемлекетте оқуды жалғастырамын деген жоспарым болды.
11-сыныпта экономика бағытында ғылыми жұмыс жазып, республикалық олимпададан 2-ші орын алдым. Бұл жеңісім маған жоғары оқу орнына түсуге жолдама сыйлады. Осылайша мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы академиясын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша грантқа оқуға түстім.
– Ал студент кезіңізде қандай жетістіктерге жеттің?
– Өзімнің қалаған мамандығымда жоғары білім алып жатқандықтан, бар ынта-ықыласыммен оқыдым. Үздік студенттердің бірі ретінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 3-ші курста Болгариядағы экономика саласындағы жетекші оқу орындарының бірі София ұлттық және әлемдік экономика университетінде (University of National and World Economy Sofia) бір семестр оқуға мүмкіндік алдым. Осындай мүмкіндік туғызғаны үшін өзім жоғары білім алған Қаржы академиясына айтар алғысым шексіз. Өзге мемлекетте оқып тәжірибе алмасу арқылы көптеген жаңа дүниелерді оқып, көкейге түйдім. Ондағы оқыту технологиясы,студенттердің оқуға, ғылымға деген ынтасы маған қатты әсер етті. Осыдан кейін мен Америкада білімімді одан әрі жетілдіру туралы нақты шешім қабылдадым. Академияны 2017 жылы үздік дипломмен аяқтап, бухгалтер мамандығын игеріп шықтым.
– Ал Америкада біліміңді жетілдіру жолы қалай басталды?
– Америка Құрама Штатындағы оқуым 2018 жылы «Sinclair Community» (Огайо штаты) колледжінің «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығынан басталды. Осы уақытта оқуыммен бірге «Sinclair Community» колледжінде «Ағылшын тілі» кафедрасында ассистент болып шетелдегі алғашқы еңбек жолымды бастадым. Кафедрадағы қызметіммен бірге, жас жазушылардың шығармашылық жиындарын ұйымдастырып өткізуге белсене араластым.
– Ондағы білім беру жүйесі несімен ерекшеленеді?
– Америкада студенттерге ұсынылған кітаптар, ақпараттар мен оқу әдістемелері жыл сайын толықтырылып отырады. Оқу барысында профессорлар өздері сабақ беретін пәндерге байланысты әлемдегі соңғы болып жатқан жаңалықтарды, өзгерістерді және өздерінің сол саладағы тәжірибелерін үнемі студенттердің назарына ұсынып отырады. Сонымен қатар, студенттермен бірге талқылап, сарапқа салады. Сабақ барысында берілетін тапсырмалардың басым бөлігі өмірдегі бар компаниялардың шынайы қаржылық есептерінің, қолданып жатқан технологияларының, бастарынан кешкен тарихтарының мысалында беріледі. Оқытудың осы стилі маған өте қатты ұнады. Жоғары білім беру ісіндегі бұл тәсіл оқуымды бітіріп, кәсіби маман болуыма ғана емес, жалпы жан-жақты өсіп, ой өрісімнің кеңеюіне, өз келешегіме деген сенімділігімді арттыруға үлкен септігін тигізді.
– Осы орайда бізге АҚШ-та мамандығың бойынша қызметке қалай орналасқаның туралы айтып берсең...
– Америкадағы ең ірі компаниялардың бірі – «Cintas Corporation» корпорациясына бухгалтер болып қызмет атқаруды бастадым. Аталған компанияда бухгалтерлік қызметтерді атқара отырып, өзімнің білікті маман екенімді көрсете білдім деп ойлаймын.
Себебі, аталған корпорацияда 1 жыл жұмыс істегеннен кейін «Protiviti» консалтингтік компаниясына аналитик лауазымына қызметке шақырылдым.
Бүгінде осы компанияда клиенттерге бухгалтерлік, ішкі аудит, технология бизнес процестер, деректерді талдау және қаржы бойынша қызметтерді көрсетемін.
«Protiviti» консалтингтік компаниясы әлемнің 25 мемлекетінде 90-нан астам филиалын ашқан ірі алпауыт компаниялардың бірі ретінде әлемге танылған.
2018 жылдан бастап Forbes рейтінгінде әлемдегі ең жақсы басқару консалтингтік фирмаларының бірі ретінде тұрақты түрде тіркелді. «Protiviti» сонымен қатар, «Fortun» журналы бойынша 2015 жылдан бері жұмыс істеуге болатын 100 ең мықты компанияның бірі болып табылады.
Аталмыш компанияда бастапқыда Индиядағы филиалмен бірге, белгілі бір жобада бухгалтер болып жұмыс істедім. Осы айдан бастап, функционалды қаржы кеңесшісі қызметін атқаруға ауыстым. Жұмыс барысында компанияның тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған, сервистің өзгеше жаңа түрін қолданысқа енгізу бойынша арнайы жобамен айналысатын боламын.
Әлемнің осындай маңдайалды компаниясында қызмет ету бақыты бұйырғанына шексіз разымын. Бұл маған ерекше шабыт сыйлайды. Келешекте бұдан да жоғары биіктерден көрінгім келеді.
– Қазақстан мен Американың білім саласында қандай ерекшеліктер бар?
– Өздеріңіз білетіндей, біздің Қазақстанда мемлекеттік білім гранты негізінде жоғары білім алуға мүмкіндік мол. Кез келген мектеп бітіруші талапкер, егер де дайындығы жақсы болса, ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинай алады. Ал Америкада біздің елдегідей мемлекеттік білім гранты деген ұғым жоқ. Сондықтан да студенттердің басым бөлігі жоғары білімді несиеге оқиды. Осыған орай, студенттер күндіз білім алса, кешқұрым жұмыс істеуге ұмтылады. Өйткені өздерінің шығындарын өздері өтегісі келеді.
Америкада студент оқуға қабылданған сәттен бастап, білімділігін, алғырлығын, белсенділігін көрсете білсе онда оның барлығы ескеріледі.Үздік оқитын, іс-шараларға белсене қатысатын студенттерге жоғары оқу орны өздерінің тарапынан оқуына арнайы жеңілдіктер жасайды. Мұндағы негізгі талап – жан-жақтылық.
– Ал жұмыс барысында қандай талаптар қойылады?
– Кез келген жұмыста ең бірінші кезекте қызметкерден талап етілетіні – жауапкершілік. Өз ісіңе тиянақты қарауға тиіссің. Біздің компанияда жобаның түріне байланысты ай сайын, не апта сайын жиналыс өткізіледі. Жиын барысында жасаған жұмысым және алдағы жоба бойынша жоспарым толыққанды сарапқа салынады. Олар өздерінің ойын айтып, ортақ бір шешімге келіп, жұмысты әрі қарай дұрыс жүргізу үшін келесі кезеңнің жоспары әзірленеді.
Арасында менеджерлер менен өзім жұмыс істеп жатқан компанияның не мен қызмет көрсетіп жатқан клиенттің компаниясының бизнес барысын жеңілдету не жақсарту мақсатында жаңа ұсыныстар сұрайтын кездері болады. Тағы да бір айта кетерлігі ең маңызды талаптардың бірі – клиенттің бизнесіне тек жоғары деңгейде қызмет көрсету. Сондай-ақ, жобаға деп бөлінген қаражаттардың шеңберінде жұмыс барысын жақсартып, жаңашылдық енгізу. Бұл уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
– Америкада жұмыс істеу жалпы қиындық туғыза ма?
– Егер де сіз өз ісіңізге жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырманы зерттей отырып, мүлтіксіз, уақытында атқарсаңыз, сізге ешқандай қиындық тумайды. Маған қазіргі уақытта Microsoft Dynamics 365 Finance and Operations деген өніммен байланысты жаңа жоба берілді. Жобаны компанияның Америкадағы немесе басқа елдердегі бұл жобаға арнайы таңдалған кеңесшілермен және жаңа клиенттермен танысып жұмыс істеудемін. Бұл жоба компания тарихындағы технология бөлімі мен есеп және қаржы бөлімін біріктіруші алғашқы жоба болып табылады. Бұрынғы жобаларымнан ерекшелігі де осында. Бұл заман талабына сай жаңа технология болғандықтан, менің алдымда оны толық меңгеру қажеттігі тұр. Әр жобада маған жаңадан менеджер сайланады. Олардың әрқайсысымен тіл табысып, ортақ мәмілеге келе білуім керек. Жұмыс барысында әрбір қызметкердің жұмысына ай сайын мінездеме беріліп отырады. Мысалы, «сен мына қырыңды дамыта түссең, бұдан да мықты маман боласың» деген секілді мені алға қарай жетелейтін ескертпелер беріліп отырады. Осыдан кейін аталған бағытпен өз-өзіңмен жұмыс істеу арқылы мінсіз маманға айналасың. Жұмыс барысында бізді ынталандыру үшін мекеме тарапынан осындай іс-әрекеттер жасалып отырады. Сондай-ақ, қызметкерлермен арнайы менторлар жұмыс істейді. Олар біздің жан-жақты дамуымызға бағыт-бағдар береді. Осындай мықты мамандар кеңесімен біз өзіміздің маңызды жоспарларымызды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік аламыз. Мәселен мен бүгінде компаниядағы өз жұмысымды атқара отырып, «Xavier University» университетінде «Бизнес әкімшілік магистрі» мамандығы бойынша білімімді жетілдіру үстіндемін. Осы орайда өз қызметкерлеріне қажетті жағдайдың бәрін жасап келе жатқан «Protiviti» компаниясына маған үздік маман ретінде оқу ақысының бір бөлігін төлеуге қолдау көрсетіп жатқаны үшін алғыс білдіремін. Сонымен қатар, «Xavier University» университеті Бизнес мектебінің стипендиясын ұтып алдым. Бұл маған аса үлкен жауапкершілік жүктейді. Маған артылған зор сенімді ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын деген ойдамын.
– Айғаным, Америкада қазақстандықтар маман ретінде қаншалықты сұранысқа ие?
– Америкада біздің қазақстандықтар өте қатты сұранысқа ие деп айта аламын. Себебі, біздің отандастарымыздың әрқайсысы өз ісінің нағыз майталман мамандары. Әрі жауапкершіліктері де өте жоғары. Өзіне сеніп тапсырылған жұмыстың үдесінен шыға біледі.
Америкада тіл білген маманға деген көзқарас ерекше. Мәселен, менің өзім қазіргі таңда қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгергенмін. Испан тілін үйрену үстіндемін. Сондықтан мүмкіндігінше шетелде оқуға ниетті түлектер ағылшын тілін үйренуге талпынса екен деймін. Өйткені ағылшын тілін білген адамға әлемнің есігі айқара ашық.
– Алдағы жоспарларыңмен оқырман қауым таныса отырса...
– Жұмыс барысында жетістікке жету үшін үнемі ізденісте болу керек. Сондықтан технология әлемінің қыр-сырына үңіліп, тереңірек білуге талпынып жүрмін. Дәл қазіргі таңда менің саламда Microsoft Dynamics 365 өнімі сұранысқа ие. Әлемде қазіргі таңда бірінші тұрған бұл интеллектуалдық бизнес бағдарлама – кәсіпорынның ресурсын жоспарлауға бағытталған. Бұл бағдарламаның тиімділігі – бір емес бірнеше бизнес операцияларды қатар жүргізуге болатындығында. Бүгінде осы бағдарламаның тілін үйрену үстіндемін. Жалпы бизнес және қаржы өнімдерінің жұмысы туралы, олардың компанияның есебі мен қаржысын қолайлы әрі тиімді жүргізілуіне тигізетін ықпалдары жөнінде ізденіс жұмыстарын жүргізіп келемін.
Ал болашаққа деген арман-жоспарларым өте көп. Өз саламның мықты маманы ретінде іскер адамдардың бизнестеріне қаржылық және бухгалтерлік қызметтер көрсете отырып, компанияның қаржы директоры, атқарушы директор лауазымдарына дейінгі қызметтерді атқарғым келеді. Тіпті есеп және қаржы саласында басқа бизнестерге көмектесетін өзімнің кішігірім ісімді ашсам ба деген жоспарым да бар. Дәл қазіргі жұмысым келешекте осы салада жарқырай көрініп, өз қолтаңбамды қалдыруға септігін тигізеді деп ойлаймын.
– Айғаным, бос уақытыңда немен айналысасың?
– Бос уақытымда кітап оқығанды ұнатамын. Маған жалпы қазақ және шет ел жазушыларының көркем әдебиеттерімен қатар, психологиялық және бизнес кітаптарын оқыған ұнайды. Жақында студенттерге берілетін көктемгі демалыста қазақтың белгілі жазушысы Дулат Исабековтің «Қарғын» романын оқыдым. Әлі күнге дейін Алматыға барып келгендей сезімде жүрмін.
Мен Америкаға келгенге дейін Маргарет Митчелл, Эрих Мария Ремарк, Теодор Драйзер, Роберт Кийосаки, Джон Кехо, мен Стивен Кови сынды шетелдік жазушылардың шығармаларын оқып өстім.
Бұған дейінгі жұмыс орнымда әріптестеріммен ұжым болып кітап оқу үрдісін қолға алғанбыз. Ай сайын бір шығарманы таңдап, оны бірге оқып, соңында талқыға салып жүрдік. Көптеген америкалық жаңа авторлардың шығармаларымен осылайша таныстым.
Қазір оқу мен жұмысты қатар алып жүргендіктен, қарбаласып жүрген жайым бар. Бос уақытымды мүмкіндігінше тиімді өткізуге тырысамын. Жеке өміріме, оның ішінде денсаулығыма да көңіл бөлемін. Сол себепті аптасына бір рет йогамен, бокспен шұғылданамын. Жаз айларында достарыммен волейбол, пиклбол ойындарын ойнаймын. Спортпен қатар, аптасына бір рет әннен сабақ алып тұрамын. Жоғарыда атап өткенімдей, маған апамнан сопрано дауысы берілген. Қазақ операсын Қазақстанда үйреніп, біраз сахналарда ән шырқасам, қазіргі таңда шет ел операсын орындауды үйреніп жүрмін. Өзімнің бойымдағы қабілеттерді дамыту үшін үнемі ізденіс үстінде жүремін. Әрі бұл маған ұнайды. Мен өзіммен өзім жарысып күн кешемін. Ол – ертеңім бүгінгіден жақсырақ болса екен деген ой. Өзіне көп талап қойған адам ғана өзгелерге көмектесе алатынына сенімдімін. Ал менің түпкі мақсатым – адамдарға мейілінше пайдалы болу. Өмірде өзгелер үлгі аларлықтай із қалдыру.
– Әңгімеңе көп рахмет! Қазақтың атын әлемге таныта бер!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ