Ресей тілін білмегені үшін жұмыстан шығару – не құлдық!

*Бірайтар

 

Денсаулық министрлігінің "денсаулығы" дұрыс па?

Мемлекеттік тілді білгені үшін –

Ресей тілін білмегені үшін жұмыстан шығару – не құлдық!

О заман да, бұ заман, өз мемлекетіңнің тілін біліп, шет елдің – Ресейдің тілін білмегені үшін жап-жақсы істеп жүрген жұмысыңнан айыратын елді көрдіңіз бе? Әрине, әлемде Қазақстаннан басқа ешбір елде кездеспейтін масқара жағдай! Сүтпен бітіп, сүйекпен кететін сүйексіңді құлдық! Baq.kz порталында Дәулетқали Асауовтың  жазуынша, Алматыдағы №5 Жедел жәрдем стансасында фельдшер болып жұмыс істейтін Бақытгүл Жаңабайқызы ҚР Денсаулық сақтау министрi Салидат Қайырбекованың  блогына арыздануға мәжбүр болған. Оны мекемесінде  сәуір айында болған  аттестация кезінде орыс тілін білмегені үшін...   жұмыстан шығарған. «Аттестациялау бойынша № 41, №325 т.б бұйрықтар және жұмыс нұсқаулары мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде болды. Өзім оралман болғандықтан, маған орыс тілінде жауап беру қиынға түсті. Сондықтан, аттестацияда толық жауап бере алмағандықтан, мені жұмыстан шығаруды бұйырды. Сөйтіп, орысша білмегендіктен жұмыстан шығарды. Ал мен орыс тілін үйренуге тырысып жатырмын. Мен бас дәрігердің орынбасары Айгерім Базарбайқызынан аттестациялық сауалдардың қазақ тіліндегі нұсқасын сұрағанда, «өзің аударып ал!» деді. Мен сол аттестацияға екі рет кірдім, білгенімше жауап бердім. Бірақ өткізбеді. Ал кейбіреулері жауап бермесе де өтті. Мен өз жұмысымды жауапкершілікпен істеймін. Жұмысыма қатысты шағымдар болмаған. Осы өтінішімді қарастыруыңызды және бір шара қолдануыңызды сұранамын. Осы жұмыс арқылы отбасымызды асырап отырмын»,– деп, зарын айтады Бақытгүл министр ханымға... Өзі  басқаратын  салада болып жатқан мұндай масқараға Денсаулық министрі, салиқалы жұмысымен белгілі  Салидат Қайырбекова ханым не дейді екен?  Мемлекеттік тілді білгені үшін – Ресей тілін білмегені үшін жұмыстан шығару – не сұмдық, не құлдық!  Ақ халатты абзал жандарымыздың арасында да қара мысық зуылдап жүрсе не болғаны? Денсаулық министрлігінің денсаулығы дұрыс болса, Тәуелсіздігімізді мансұқ етерлік құлдық құлыққа қарсы дереу шара қолданып, Бақытгүл Жаңабайқызын бала-шағасын адал нанымен асырап отырған жұмысына қайта орналастыруы тиіс! Әлде әділеттілік орнау үшін міндетті түрде Елбасыға дейін бару міндетті ме? Мүмкін, мемлекеттік тіл қорланып жатқанда мемлекет басшымыздың өзінің ықпалы керек шығар... Кезінде бір үлкен жиында ауруханадағы кабинет аттарының   қазақ тілінде ғана жазылып, орыс кемпірдің есікті таппай қалғанына қатты кейіген президентіміз, атажұртын аңсап келген өз ұлты есік түгіл, елін таппай- тілін таппай кетейін деп тұрғанына араша түсер... Ал министрлік басшылары тарапынан мемлекеттік тілді керек етпей қорлаған №5  Жедел жәрдем стансасына "жедел жәрдем"  жасалып, басшылары тиісті жазасын алуы керек!

Қазыбек ИСА

www.qazaquni.kz