Тарихқа абай болайық! - Жамбыл Артықбаев

Тарихқа абай болайық! - Жамбыл Артықбаев

«Amalbooks»-тың ортасы орыс тілді, орыс-совет түсініктегі орта

Шәкірттер мен журналистер, міне, бір ай бойы Қазақстанды шулатып жатқан «Как управлять казахами» кітабына қатысты пікір сұрайды. Жазда осы Фб-қа кірмей-ақ қояйын деп едім, болмай тұр.

***

Біріншіден, кәсіби тарихшылар, әсіресе ХVІІІ ғасыр мамандары үшін, Иван Кирилов аты таңсық емес. Мен өз еңбектерімде Москвада 1977 жылы басылған жинағын пайдаланған екенмін (И.К.Кирилов. Цветущее состояние Всероссийского государства. М.,1977). «Amalbooks» неге «Кириллов» деп шығарғанын түсінбей отырмын. Иван Кирилов Петр І-нің нөкерлерінің бірі, жан-тәнімен империяға қызмет еткені барлық еңбектерінен көрінеді. 

***

Біздің жас тарихшылардың есіне- Ресей империясының пайда болуына және қалыптасуына Еуропаның ат салысуы, амал-әрекеттері, жоспары және жобалары өзекті тақырып. Осман империясына қарсы қою, немесе Қытайға қарсы пайдалану, Мұзды мұхиттан бастап Жер орта (Ақ теңіз) теңізіне дейінгі жерді алып жатқан түркі бірлігін жою. Ғажап тақырып емес пе?!

***

Қазақтың қарсылығы кітаптың мұқабасындағы сурет пен атауына қатысты айтылып жатқан сияқты, мазмұны мынадай еді дегенді оқымадым. Расында да мұқабадағы «Как управлять казахами» атауы және орыс әскерилерінің алдындағы мүсәпір хан(?) мен тізерлеп отырған ханым(?) намысқа тиеді. Егер осы мұқабамен Кирилов кітабы 1930-1980 жылдары шықса, оны сол заманның қазағы қабылдар еді. Мысалы Т.Шойынбаевтың «Добровольное вхождение казахских земель в состав России» атты кітабы 1982 жылы жарық көрді. Бір қазақ «неге вхождение?», «неге добровольное?» деп қыңқ еткен жоқ, ал қазір Т.Шойынбаевты ұстап алып сазайын берер еді. Қарапайым қазақ оқырманы біздің тарихшыларымыздың совет заманында қорғаған кандидаттық диссертацияларының тақырыптарын біле қоймайды, білсе олар да жақсылап таяқ жер еді.   

Сонымен бірінші қорытынды, «Amalbooks» заманның өзгергенін, біздің тәуелсіз ұлт болып қалыптасып қалғанымызды аңғармаған. 

Неге деген сұрақ туындайтыны заңды. 

***

Маркетнигті баспагер өзінің түсініктері мен білім деңгейіне қарай жасайды. Баспагер қанша жерден хайп жасаймын десе де идеяны аспаннан алмайды, өзінің қоршаған ортасынан, миындағы, көңіліндегі ілім-білімнен алады. Яғни «Как управлять казахами?», мүсәпір хан(?) мен тізерлеп отырған ханым(?) «Amalbooks»-тың өзі ойлап тапқан жаңалық емес, оның ортасы солай.

Бұл ең алдымен орыс тілді, орыс-совет түсініктегі орта. Бұлар мамандығы келсе де, келмесе де өздерін өте білімді санайды. You tube ашып қалсаңыз орыс тілінде қазақтың тарихы, тіпті оның шежіресі туралы соғып отырған небір қуларды көресіз. Ересектерінің ішінде қазақша былдырақтап сөйлейтіндері бар, менің қытайшам сияқты- нихао-нихао, гамбей-гамбей т.б. Осы «нихао-гамбейімен» қазақ шежіресі туралы мақала жазғандары да бар. Айналайындар-ау, қазақтың байырғы тілін «Бесік жырын» тыңдамаған, ана тілінен мақұрым сендер түгілі қазақи этнографиялық ортада, халық жауының отбасында өскен маған түсіну қиын. 

Бұлар қазақша тіл білмеймін, этнографиясын түсінбеймін, мамандағым келмейді деп қынжылмайды, кеуде деген аяққаптай. Қазақ тарихын ойыншық көру отаршылдардан қалған мұра, солар ауыздарына түкіріп кеткен. «Amalbooks»-тың таяқ жеуіне себептің бірі осы.

***

 Өкінішке орай, бізде ғылыми, немесе ғылым маңындағы орта ғана емес, номенклатура орыс тілді. ХХ ғасырдың 50-шы жылдарына дейін ұлтшыл азаматтарды қырып тастаған большевиктер республикадағы қолшоқпарларын кімдерден жасақтағаны бәрімізге де белгілі. Олардың қазаққа үрке қарайтын нигилист балалары Назарбаев кезеңінде билікке келді, Ақ үйде қазақша сөйлеген адам осырған сиырдың күнін кешті. Ал номенклатура деген үлкен күш, елдің бүкіл қазынасы, байлығы солардың қолында. Ол байлық кімге жұмсалады? Әрине, біріншіден- өзінің орыс тілділеріне, екіншіден -билікті жағалап жүрген жағымпаздарға т.б. Мемлекет тарапынан миллиондап «ғылым» жасауға» бөлінетін қаржының қайда кетіп жатқанын бағдарлай береңіз.

***

Мен «Как управлять казахами» кітабын оқыған жоқпын, бірақ қарадым дегендерден ғылыми тәпсірі бар ма екен, қай ғалым жасады екен деп сұрадым. Ешқандай тәпсір жоқ дейді, баспагерлер шағын кіріспе жазса керек. Айналайындар, сіздер ХVІІІ ғасырдың басында Орынбор экспедициясын басқарған, орыс отаршылдығын іске асырған және теориясын жасаған шенеуніктің жазбасын жариялап отырсыздар. Қазақ бірауызды болған жоқ, Әбілқайырдың өзі бодандықты протекторат түрінде болады деп есептеді, оның үстіне келіссөздер жүргізуге құқығы болған жоқ, бұл кезеңде башқұрт халқының Орынбордың салынуына қарсы қанды көтерілісі жүрді т.б. 

Осындай күрделі кезеңде пайда болған құжатты сіз қазаққа асата салғыңыз келеді. Әй, қазақтың бәрі сол кезеңнің маманы емес, кәсіби тарихшы емес. Сөз жоқ, сіздің ұсынып отырған дүниеңіз дерек, бірақ ол ең алдымен шикізат. Халқыңызға шикі етті асататындай басыңа не көрінді «Amalbooks»?!

***

Әрине, біздің тарих ғылымының жағдайы нашар, бұрын да жетісіп тұрғаны шамалы болатын. 90 пайызы, не одан да көбі КПСС-СССР тарихынан қорғағандар еді, бірақ 10 пайыз болса да азаматтық тарих мамандары күшті болды. Кейін қайта құру т.б. өзгерістер кезінде КПСС-СССР тарихынан қорғағандар азаматтық тарихқа келді де бұл тасқын жоғарыдағы 10 пайызды шайып кетті. Солай болған күннің өзінде де бізде ХVІІІ ғасырдың басындағы саяси оқиғаларға, деректерге баға бере алатын бірді-екілі мамандар бар. Тағы бір ескеретін мәселе- И.Кирилов жобасы жалғыз жоба емес, қазақты, Ресейге көрші өзге халықтарды қалай бағындыруды талдаған ондаған жобалар бар. Мысалы Қазан губернаторы А.П.Волынскийдің башқұртты қарақалпақ пен қазаққа қарсы айдап салу, түркі халықтарын жартылай қырып отыру туралы жобасын неге ескермеске?! Немесе Я.Боувердің қазаққа үй-қора салып, отырықшылыққа үйретіп барып әлсірету жобасын неге қарастырмасқа?! 

***

«Amalbooks»! Сіздерге айтатын ұсынысым бар. Мен кітап жазу да, шығару да оңай емес екенін білемін, әсіресе тарих тақырыбында. «Бір секірдім құтылдым, екі секірдім құтылдым, үшінде тұтылдым» деген бар. Бірді-екілі кітапты шығарған екенсіз, сәті болған екен, енді ғалымдармен ақылдасып отырыңыз. Екіншіден, аты-шулы, қуырылған, иісі мүңкіген авторлар мен тақырыптарды қумаңыз, атыңыз шулы, асқазаныңыз аурулы болады. Қазақтың өзінің қымбат дүиесі, Құдайға шүкір, жетерлік - асыл шежіресі, эпикалық мұрасы, тарихи ескерткіштері, ғибрат сөздері, рыцарлық дәстүрлері бар, соларға жақын болыңыз! Орыстың боғын насихаттағанша қазақтың қазынасын елге таныстырыңыз!

Жамбыл Артықбаев,

Фейсбук парақшасынан