ӘКЕЛЕР ӘЛЕМІ
2024 ж. 31 шілде
754
0
Халқымыздың рухани құндылықтардың бірі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан отбасы, қара шаңырақ өнегесі екені аян. Автор бұл мақаласында ел ішіндегі сондай берекелі үйелменнің отағасы турасында үзік сыр шертеді.
Қазақы орта
Созақ өңіріндегі туысқандарымыздың қазақы болмысы – өте күшті. Ынтымақты. Жанкешті. Қайсар. Талапшыл. Ширақ. Елгезек. Ізденімпаз. Дарынға бай. Бұрыннан ойлаған, көзім жеткен бір шуақты да нұрлы шындық еді бұл. Ал бүгін жарықтық Мұқаңның осы екі аймаққа ерекше назар аударғаны есіме түсіп, ойға кеттім. Мұқаң әуелі өзі туған топырақ Абай әлемін тереңнен қопарып көрсетті ғой. Бұл – табиғи жағдай. Қай суреткер де дәл осылай етеді. Мұқаң – талай жерді көрген, аралаған, тіпті шетелдердің де талайын аралаған жақсымыз. Ал Қазақ елінің өз ішінде осы екі аймақтағы болмыс-бітім, өмір-күрес жайында көбірек қалам тербеді. Ықыласы ауды дегендей. Данышпанның бұл қадамы – тегін емес-ау. Жүрегі тереңнен сезген шығар. Мені осындай ойлар баурады. «Шаянға барсаң әншімін демее, Созаққа барсаң күйшімін деме» деген ұлағатты сөзі бекерден-бекер нақылға айналған жоқ-ау. Әуез немересі Омарханұлы Мұхтар жарықтықты айтып отырмын. Ұлы Мұқаң айырықша назар аударған осынау Созақ аймағымыздың ауасын жұтып, жусанына жүзін жуып өскен бір жасампаз қазақ Смағұл жайында сыр толғамақпыз. Есенсарыұлы Смағұл.
Смағұл ағамыздың өзіне жолығып, үлпеттесудің ешбір сәті түспеді. Екінші Дүниежүзілік соғысқа төрт рет өзі сұранып барған тағдырға ерекше қызықтым да, сол жасампаздың өзімен сырласуға ынтық болдым. Алматыға келгенде, құдалық, басқа да жайлардан қолы тимей қалады үлкен кісінің. Мен Созаққа барып, сонда жолықпаққа бекіндім. Сөйтіп жүргенде, Смағұл ағамыз аттанып жүре берді. Сонда Ғалымға «Ақыры үлгермедік, ә?!» деп қатты өкіндім. Көп нәрседен ылғи да кеш қалып жүретін әдетіміз баяғы. Ғалымның өзі де әкесінен біраз жайға қаныққан ғой. Әйтсе де, мен басқа адаммын, балаларына айта алмайтын небір сырлары болды ғой. Солар түгел ішінде кетті-ау! Ал ол сырлар – біздің халқымыздың бұралаң жолдағы тарихы ғой. Осы тарихты Смағұл ағамыз ана дүниеге өзімен бірге ала кетті. Оған Ғалым екеуіміз айыптымыз. Содан, Ғалымның өзімен сұқбаттасу арқылы біраз жайға қандық дегендей. Өмірбаян деректеріне ден қойдық. Сөйтіп әкелер әлемін жүрегіме ұялаттым-ау.
***
Ал енді Смағұлдың негізінде, табиғатында бар еді. Әкесі Есенсары арабша оқыған молда. Төте жазумен жұртты оқытқан. Сөзге жүйрік, заманында айтысқа да түскен. Бұл дүниенің сырына көп бойлаған ойшыл қазақ еді ғой. Кирилліңе де қамшы салдырмайды. Білімдар адам. Мұсылманша сауатты, ұлттық салт-жораға да, шариғат жосықтарына да жүйрік болатын. Ақ-қызылдың шарпысуы, аштық, тәркілеу, қуғын-сүргін, асыра сілтеу, сәт сайын мың құбылған саясаттар мен мүдделер арпалысы - осындай тым алмағайыпты, қилы кезеңдерде «Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жолды ұстанып, қандай тірліктің де қиюын таба білген майталман. Табиғаты таза. Қаншама молдалары бар өңірде атақты Шойынбет би өзінің жаназасын шығаруды басқаға емес, тек осы Есенсарыға аманаттауы - имандылығына да, тазалығына да, сауаттылығына да сенгеннен еді ғой. Осындай әкенің тәрбиесін көріп, шыңдалған Смағұл діліне берік, адалдық пен әділетті жүрегінің ділі қып ұстанған қазақ еді. Қауым үшін жүгірсе де – қалтсыз көңілмен алып-ұшып тұрды.
Бір әулеттен үш бала бірдей Екінші Дүниежүзілік соғысқа араласқан. Және бернеше реттен. Небір-аламан-тасырды, қаншама қиямет қайымды бастан кешірген. Шынында да осы әулетті Құдай сақтаған. Үшеуі де соғыстан тірі оралған. Ысқақ пен Смағұл ауыр жараланған. Небір қатерлі сәтті бастан өткерген. Әйтеуір мейірімі шексіз Жаратқан Иеміз аман сақтады. Тірі келді. Тірі ғой. Ең бастысы - тірі. Құттықтаушы ағайынның да, бұлардың да көңіліне демеу болғаны - сол перзенттердің тірілігі. «Сондай да күндер өтті ғой!...» деп күрсінеді екен Есенсары ақсақал. Біздің бауыр-жұртымыз нендей туқыметті бастан кешпеді. Күллі қазақтың басына түскен ауыртпалықтар осындай еді ғой. Бұл әулеттің тағдыры - өзіміздің бауыр-жұртымызға тән тарих. Сынып кетпей, біржола жүнжіп кетпей, құрып кетпей, өзін-өзі сақтады. Соған шүкір дейміз.
***
Есенсарының ағасы Жаңабай, оның ақнекелі жары - Тотай. Олардан Нәлкен туады. Тотай - үлкен. Балалар жағы әже десе, кейуана «Мені әже демеңдер, апа деңдер» дейді ғой. Сол екі арада жас келін Сәндігүл «Онда мені әже деңдер» дейді. Кеше жүзге толып өмірден өткен Сәндігүл жастайынан әже атанды. Жаңабай дүниеден өткен соң, Тотайды әмеңгерлік жолмен Есенсары алады да, одан Ысқақ пен Смағұл туады.
Парыз
Комсомол қатарына ертерек еніп, қауым ісіне білек сыбана аралассаң, бұл-дағы бір оңды іс-әрекет еді. Сол алға ұмтылыстың, игілікті іс-әрекеттң ортасына ұмсынып тұратын табиғаттың жетелеуі ғой; комсомолға ертерек өту үшін жасын қосқызып жаздырғаны да. Дүние есігін ашқан уақыты 1924 жыл болатын. 1923 жыл деп жаздырады ғой. Соғыс бастала салысымен комсомолдар жиналып, өз еріктерімен майданға аттанады ғой. Он алты-ақ жаста. Смағұл ағамызды Алматыдағы офицерлер дайындайтын училищеге алады. Ойы - майданға бару. Бірақ дәрігерлердің арнайы комиссиясы тісіне қарап шын жасының он алтыда ғана екенін біліп қойып, қайтарып жібереді. Ақыры, не керек, ұзамай, тағы да өзі сұранады майданға. Сөйтіп Чкалов қаласының түбіндегі Тотский станциясына түседі, снайперлер дайындайтын училищеге қабылдайды. Үш айлық дайындықтан соң, соғысқа аттанады. Курск аймағындағы жан алысып, жан беріскен шайқас кезеңі дегендей. 18 снайперді Орлов қаласына апарып, 29-атқыштар полкіне қабылдайды. Атқан оғы мүлт кетпейтін снайпер талайды мұрттай ұшырған. Орлов қаласын босату үшін болған қырғын шайқасқа қатысады. Тоқішегінен оқ тиіп, түн ішінде самолетпен Иванова қаласына апарып, операция жасап, оқ алынады. Екі күн жатқан соң, пойызбен Улан-Уде қаласындағы госпитальға апарып емдейді ғой. 11 ай жатып, тексеруден өткізеді, медициналық сараптаудың 34-бабы бойынша «Соғысқа жарамайды, тылда жұмыс істейді» деп Иванова қаласына жібереді ғой. Ал ол жақтан Москвадағы генералдар оқитын ғимаратты жөндеуге жөнелтіледі. Сонда госпитальдан шыққан жаралы 16 солдатқа басшы болып, жұмыс істейді. Сол жерде ғой, күніне екі адамды соғысқа жібереді. Турасын айтсам, қашырып жібереді. Ақырында өзі де аттанады. Ашығын айтқанда, соғысқа бару үшін қашады.
***
Ал енді осы ұмтылысты қазіргі көбіміз соншалықты жете түсінеді деп айта алмаймын. «Отанға қауіп төнді! Қорғау керек!» Бар түсінік - осы. Қасиетті түсінік. Өйткені жанды-жансыздың бәрі үшін де ең қасиеттісі – Отан! Жан-жануар, өсімдіктер дүниесіне дейін. Ал адам баласы үшін Отаннан қасиетті ештеңе жоқ қой.
Алғы күндерге жалғаған
1947 жылдың 22-мамырында соғыстан келіп, бес жыл «1-Май» бастауыш мектебінде ұстаз болып қызмет етеді. 1959 жылы Шымкент қаласына барып кітапханашының арнайы оқуын өте жақсы бағамен бітіріп келеді. Қауым ісіне де, кәсібі мен мамандығына да, жалпы игілікті іс-әрекетерге құлшына кірісетін табиғат ұзамай-ақ көптің ыстық ықыласына бөленіп, кімсің пәленше бола бастайды ғой. Соғыстан кейінгі ауыртпалықты кезең. Шаруашылықтар да, адамдардың көңілі де ортайып қалған тұс. Үңірейіп тұр барлық жерде. Мамандықты тез игеру керек. Білгенің бойынша жұртқа қызмет қыл. Үйрет, көңілін көтер, жігерлендір. Серпіліс керек. Алға жалғассын. Өзіңмен бірге ілгері ұмсынта біл. Мәдениет қызметкерлері кітапты елге таратып, үгіт, концерттік бригадалар ұйымдастырып, малшылар қауымына, жалпы жұртшылыққа маңызды-маңызды кештер, салтанаттар ұйымдастырады. Осы игіліктердің ортасында, басы-қасында Смағұл жүреді. Тынбай. Баяғы табиғаты, барымен ұмсыну. Ақадал қызметі сол баяғы. Кітапхана, клуб жұмысы Смағұл араласқаннан бастап-ақ ерекше сипат алып, облыс бойынша бірінші орын алуы – үйреншікті жайға айналады. Ендігі жерде бай тәжірибесін айналаға өнеге ретінде тарату жай тұр еді. Жалпы жұртшылық та, оқырмандар да, тиісті саланың мамандары да осыны құп көреді дегендей. «Құмкент», «Баба-Ата», «Калинин», «Сызған» «Созақ», «Жуантөбе», «Тасты», «Шу» кітапханаларына арнайы барып іс-тәжірибелерін ерінбей-жалықпай үйретіп, отандастарымызды рухани әлемнің қызметіне баулып отыруы – өз алдына бір хикая. Сол баяғы көп үшін барымен ұмсынатын ділдің тірлігі ғой.
Жасампаз болмыс
Майданда да, бейбіт өмірде де марапат, мақтау, алғыс алып жүрді. Смағұл ағамыз Жартытөбе совхозында Ардагерлер Советінің төрағасы болып үш жарым жыл істеді. Аудандық Ардагерлер Кеңесінің мүшесі, Пленум мүшесі болды. Созақ ауданы бойынша соғыс ардагерлері арасында жақсы жұмыс істегені үшін Екінші Дүниежүзілік Соғысының Батыры, авиация маршалы А.Силантьев «На грудное знаком СКВВ» белгісімен марапатталады. Шалғайдағы елді мекендерде кітапхана ісін жандандырып, үгіт-насихат жүргізгені Қазақ ССР-і Мәдениет министрі меен Қазақ ССР-і Кәсіподақ председателінен, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитет секретарынан, облыс, аудан, совхоз басшыларынан дипломдарымен, мақтау қағаздарымен марапатталған. Ең бастысы халқының алғысына бөленді.
Аққолтық ауылындағы Шоқан Уалиханов атындағы орта мектеп кітапханасына Есенсарыұлы Смағұлдай жасампаз қазақтың атының берілуі де - туған халқының ардагерге деген ыстық ықыласының нышаны еді ғой.
Ата-бабаларымыздың әже-аналарымыздың, әке-шешелеріміздің алдында қарыздармыз біз. Бәріміз. Бұл қарыздарымызды қалай өтер екенбіз?!
Қаншама ауыртпалықты, мың құбылған ойнамалы саясаттардың тұстарында аман қалып, Ел игілігіне талмастан қызмет ету, Самағұл әке мен Ақболтай ананың он перзентті әдімұлыққа жеткізіп, оқытып, тоқытып, баулып, мына өміріміздің шырайын арттыруға хал-қадерлерінше ақадал көңілмен септесіп, кісілік парасат, болмыстарымен жүргендерінің өзі – ұлы құбылыс қой. Смағұл ағамен шүйіркелесіп үлгермесем де, Ақболтай апамызды көрдім. Лебізін тыңдадық. Айнала ағайынның ау-жайын аңдадық. Ауылдастардың да, үлкен-кішілердің де, балалары мен келіндерінің пайымдауынан да анық байқалып тұрған бір сүйінерлік, ішімді жылытқан құбылыс - бұл кісілердің бір-біріне лайықты, жарасымды жұп болғандығы. Қиыншылықты да, қызықтылықты да бірге көріп, сүйектегі дегдарлық пен тазалықты, адалдық пен бауырмалдықты, еңбекшілдік пен ізденімпаздықты өз өмірлеріндегі іс-әрекеттерімен, кісілік болмыстарымен көрсете алғандығы. Сол жасампаз қасиеттерді жүрген орталарына сіңіріп, қалыптастара алуы. Смағұл-Әке, Ақболтай-Ана секілді жасампаздардың болғанына шүкір дейміз. Іштей мақтаныш етеміз.
Соғысқа барды. Төрт рет. Он бала өсірді. Бәрін жетілдірді. Былай қарасаңыз, мүлдем шұнтиған сөйлемдер ғой. Ал енді осы шолақ сөйлемдердің астарына үңіліңізші, қандай ұлы тарих жатыр. Он бала. Оларды жеткізу. Және бұл қандай дәуірлер тұсында деңіз! Ашаршылық, атып-асу, қуғындау, тәркілеу, соғыстар, одан кейінгі жоқ-жітік кезең. Осыларды көріп жүріп, бастан кеше жүріп жеткізу. Ең бастысы, адам болып қалу, қазақ болып қалу. Айтуға ғана оңай. Мәселен, бүгіндері біздің кейбір пиғылы бұзылған ұлтанқұлдар не істеп жүр? Бір бала тапқанды ерлік көріп, мемлекетке алақан жаяды. Осыған ұялмайды да, қызармайды да. Қасиетті Қазақ Жерін қазақпен толтыру – қай қазақтың арманы емес дейсіз. Сол арманды үн-түнсіз жүріп-ақ, дабырайтпай-ақ, жүзеге асыруға ұмтылған Смағұлдар мен Ақболтайлар ғой. Ал енді кеп, осының сырын да, астарын да, күнделікті қарапайым өмірдегі тындырған ерлігін де аңғармаған боламыз, елемейміз. Содан келіп кейбір мыржықбастар болмасты боталы түйе қылса, жатып кеп ренжиміз. Әлбетте, мұндайда түк бітірмегендер де қатырдық деп көкиді. Он баланы әдімұлыққа жеткізгендерді аспанға көтеріп ұлықтамасақ...
Темірхан Момбекұлы-Түркістан
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі.