АЙНАЛАЙЫН ӘЖЕМНІҢ АЛАҚАНЫ
2024 ж. 25 шілде
859
0
Қазақ халқында қастерлі рухани құндылықтардың бірі – отбасы мен туысқандық екені мәлім. Сондай-ақ қазақ елі үлкенді сыйлау, ата мен әжені қадірлеу қасиетін алға қояды. Өйткені бұл салт ұрпақ жалғастығын реттеп, ел бірлігін нығайтып отырмақшы. Бәрінен бұрын адамды биікке бастап, алға жетелейтін де осы дәстүр екені анық.
«Құрмет» орденінің, Платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сайраш Әбішқызымен әңгімеміз осы ауанда өрбіді.
– Сіздің педагогикалық баспасөз саласындагы еңбегіңіз жоғары бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталдыңыз. Сондай-ақ сіз ілгеріде қазақ баспасөзі мен білім беру саласындағы осы орденді алған тұңғыш ұстаз әрі журналист болдыңыз. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетін ұстаздық мамандығы бойынша тәмамдаған сіз журналистика саласына қалай келіп жүрсіз?
– Мен орта мектепті бітірген жылы журналистика немесе физика факультетіне түсемін деп келгенмін. Былай қарасаңыз, екеуі екі бөлек қой. Бірақ кейіннен, осы жасымның биігінен ойласам, бұның бір логикалық байланысы бар екен. Журналистика да инемен құдық қазғандай дүние болса, физика да нақтылықты қажет етеді екен. Бірақ мен оқуға түскелі келгенде жоғары оқу орындарының ішінде ҚазПИ ғана жатақхана беретін еді. Тұрмыс мәселесі кейде көп нәрсені шешеді. Содан жатақхана үшін ҚазПИ-дің тарих-филология факультетіне түстім. Оған Аллаға шүкір деймін. Неге дейсің бе? Мен тарих пен филологияны білімнің негізі де есептеймін. Өйткені өз тарихын білмеген қазақ баласы өзінің қазақ перзенті болғаны үшін мақтана алмайды. Мен осы факультетке түскеніме осы күнге дейін Аллаға шүкір деймін.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін туған жерім Ақсуаттағы (бұрынғы Семей облысы) Ю.Гагарин атындағы сегіз жылдық мектепке мұғалім болып орналастым. Мұғалім болғанда да өте белсенді мұғалім болдым. Мен өзім анадан ерте айырылдым да, әжемнің тәрбиесін көргенмін. Балалық шағым болды ма, болмады ма, білмеймін, ерте есейдім. Әжемнің оң қолы да, сол қолы да мен едім. Былайша айтқанда, әжемнің орынбасары болдым. Әжем «Сәкентай, сен не дейсің?» деп үнемі менің пікірімді біліп отыратын. Мен сонда қысылмай, ойымды ашық айтамын. Осылай әжемнің тәрбиесін көрген мен маңайымда болып жатқан нәрселерге бей-жай қарай алмайтын болып өстім. Мұғалім болғанда да өте белсенді болдым деп отырғаным сол. Мектепте бір жыл ұстаздық етіп, келесі жылында аудандық комсомол ұйымының хатшысы болып сайландым. Онда міндетті түрде жазу керек. Аудандық газетке үнемі мақала жазып тұрдым.
1967 жылы Алматыдан ҚазПИ-дің ректоры Серғали Толыбеков, академик Қажым Жұмалиев қол қойған, аспирантураға шақыру қағазы келгенде бірден Алматыға жол тарттым. Аспирантураны бітірген жылы жұмыс істеу керек болғанда тек өзімнің еңбегіме ғана сенетін журналистикаға барғым келді. Содан «Жығылсаң нардан жығыл» дегендей, бірден «Социалистік Қазақстан» газетіне барып, жұмыс сұрадым. Сол кезде мені «Қазақстан мектебі» журналының қосымшасына редакторлыққа шақырған-ды. Онда бармай, бірден журналистік тәжірибе жинау үшін газетке келдім. Үш ай штаттан тыс тілші болып жүргенде өзімнің жаза алатынымды көрсетіп, 1972 жылы тілші болып қабылдандым. Журналистік саладағы алғашқы қадамым осылай басталды. «Социалистік Қазақстан – менің университетім» деуімнің себебі де осы.
– Кезінде баспасөз беттерінде жарық көрген «Жауырды жаба тоқып, не ұтамыз?», «Аты-жөнді қазақшалауды мектептен бастайық», «Қазақтың баласы мектепте қазақша оқысын» сынды мақалаларыңызда қазақ мектебінің тағдырымен қатар ұлттық діл, тіл мәселелерін де жеріне жеткізе жазған екенсіз. Журналистің негізгі мақсаты – нақты дәлелмен қоғамдық ой қозғау болса, шындықты айтамын деп, кейде одан өздері опық жейтін кездері де болады. Сізде сондай жағдай кездесті ме?
– Мен адамның жеке басына тиісіп мақала жазған емеспін. Тақырыптарымның көбі қазаққа қатысты дүниелер. «Социалистік Қазақстанда» қызмет етіп жүргенде Талдықорғанның Сарқанына бір арызды тексеруге бардым. Бір дәрігер жігіт ауданға хирург болып келіпті. Әкесі лауазымды қызметте істейді екен, ұлын аспирантураға түсіру үшін уақытша жіберді ме деп қалдым. Әйелі солтүстік өңірдің жетім қызы. Әлгі жігіт әйелін аямай соғады екен. Әйелін ұрғанда қатыгездікпен ұрған. Бір есімде қалғаны, батареяның қасына тізерлетіп отырғызып қойып, екі иығынан аяғымен басып отырады екен. Біраз отырғаннан соң әйел талып құлайды. Ал енді бір соққанында езуін жыртып жіберіпті. Кейін оны өзі ауруханаға көтеріп апарып, езуін өзі тіккен. Бұл деген сұмдық қой. Мен осының бәріне өз көзімді жеткізіп алған соң жаздым.
Сол кезде маған үлкен адамдардан «осыны жазбай-ақ қойыңыз» деген телефондар соғылды. Тіпті, кабинетіме келген жағдайлар да болды. Бірақ мен оларға: «Мен қызметкермін. Онда тапсырмамен барғандықтан, оны жазуға міндеттімін. Мен материалды жазып беремін, шығатын, шықпайтынын бастықтар шешеді» дедім. Ол кезде бүгінгі белгілі журналист, танымал жазушы Сарбас Ақтаев орынбасар болатын. Сәкеңнің маған: «Байқа, ана жігіт келгенде жалғыз отырма» дегені әлі күнге дейін есімде сақталып қалыпты. Кейін ол мақала жарияланды. Ол жігіт аспирантураға түсе алмай қалды деп естідім. Қателігі өзіне сабақ болса болған шығар. Кейін әйелінен ажырасып кетті. Келіншегі маған келіп рахметін айтты. Одан кейін хабарым жоқ.
– Бір сұхбатыңызда өмірдегі өкінішіңіздің бірі – академик Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен алған «XVIII ғасырдың аяғы мен XIX гасырдың басындағы ақын-жыраулардың тіл ерекшелігі» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу еңбегіңіздің аяқсыз қалғаны деген екенсіз...
– Жоғары оқу орнында оқып жүргенде ғылыми конференцияларда баяндама оқып, белсенділігіммен көзге түсіп жүрдім. Академик Қажым Жұмалиев жоғары оқу орнын бітіріп жатқанда мені шақырып алып: «Сайраш қалқам, сенің мінезің ғылымға керек. Сондықтан сен ғылым жолына түсуің керек» деді. Өзі әдебиет теориясын ғылым деңгейіне көтерген ғалым еді. Осылай мені ғылымға икемдеген марқұм академик Қажым аға Жұмалиев болатын. Студент кезімде ол кісі «XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы ақын-жыраулардың тіл ерекшелігі» деген тақырып беріп, ғылыми зерттеу ісіне баули бастады. Кейіннен Қажым ағаның жетекшілігімен әлгі тақырыптан кандидаттық қорғаймын деп жүргенімде, ол кісі қайтыс болып кетті. Ғылыми жұмысым жетекшісіз қалды. Осы менің өмірімдегі үлкен өкініштің бірі еді. Қажекең бір жыл аман-есен жүре тұрғанда мен ғылыми жұмысымды қорғап, ғылым жолына түсер едім. Ғылым да менің жолым еді. Журналистика мен ғылым екеуі егіз ұғым ғой. Қажекеңнің қазасы менің өмір жолымды басқа бағытқа күрт бұрып жіберді.
– Бақытты еңбектен тапқан адамсыз. Қазақстан меценаттар клубының жалпыұлттық тәуелсіз Платиналы «Тарлан» сыйлығын сізден бұрын С. Нұрмағанбетов, Д.Исабеков, X. Наурызбаев, С.Зиманов, А.Сейдімбек, т.б. сынды ел құрметіне бөленген ер азаматтар алған. Әйел болсаңыз да еңбегіңіз ер азаматтармен қатар бағаланды. Бүгінде кезіндегі еңбегім еленбей қалды деген өкпеңіз жоқ шығар?
– Жоқ, мен өзімді еңбегім жанған адаммын деп есептеймін. Ол да Алланың шапағаты, тағдырымның маған күле қарағаны болар. 1987 жылы «Қазақстан мектебіне» редактор болып барғанымда, оны маған дейін он бес бас редактор басқарған екен. Мен он алтыншы редактор әрі бірінші әйел редакторы болдым. Өзім осы басылымды басқарып тұрғанда оған бір өзгеріс енгізуім керек деп педагогикалық басылымдарды зерттей бастадым. Кейін басылымның өрісін кеңейтуді қолға алдым. Кеңес Одағы тұсында Мәскеуден орыс тілінде педагогикалық жиырмадан аса журнал шығып тұрса, Қазақстанда соның бәрінің міндетін жалғыз «Қазақстан мектебі» атқарды. Мұнымен барлық пәнді қамту мүмкін емес еді. Қосымшалар ашу осыдан басталды. Алдымен кезінде жабылып қалған «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналын шығардық. Бұл менің бас редактор ретіндегі бірінші жеңісім еді. Осыдан кейін «Отбасы мен балабаңша», «Информатика, физика, математика», «Қазақ тарихы», «Биология, география және химия» қосымша журналдарының тұсауын кестік. Бұл журналдар – кейін өз алдына жеке бөлініп шыққан басылымдар. 1995 жылы педагогикалық баспасөз саласындағы еңбегім жоғары бағаланып «Құрмет» орденімен марапатталдым. Одан бұрын 1981 жылы тізбекті очерктерім үшін Журналистер одағының сыйлығын иеленгенмін. Ал 1997 жылы шетел сапарларында жазылған қолжазбаларым үшін М.Сералин атындағы сыйлықтың тұңғыш иегері болдым. Үкіметтен педагог-журналист ретінде Ы.Алтынсарин медалімен, білім беру ісінің үздігі атақтарымен марапатталдым. Осының бәрі менің еңбегімнің бағаланғаны емес пе?!
– Сізбен әңгімелескенде бойыңыздағы қиындық атаулыға мойымайтын қайсарлық, адам жанын айтқызбай түсінетін мейірімділік, өзгеге жақсылық жасауға дайын тұратын үлкен жүректілік сынды игі қасиеттерді аңғармау мүмкін емес. «Жақсының көкірегі – елге қалқан» дейді. Өзіңізді жақсы танитын жандар да сіздің жақсылығыңыз бен қамқорлығыңызды үлкен ризашылықпен айтады. Жақсы адам болу өмірлік ұстанымыңыз ба?
– Мен өзім жақсылық туралы қарапайым ғана ойлаймын. «Қолыңнан келсе, қолынан келмейтін адамға көмектес». Менің осы қағидам – өмірден көрген-түйгенімнен туындаған. Мен «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа орналасқаннан кейін тұрмысқа шықтым. Бойыма бала біткенімен оны туа алмай операцияға түстім. Жолдасым бір ананың жалғызы еді. Ол енді бала болмай ма дегендей басқаша көзқарас байқатты. Енем жарықтық та солай ойлай бастады. Оны жүрек құрғыр сезеді ғой. Содан мен «біреудің бақытын байламайын» дедім де, жолдасыма «ешбір ренішсіз ажырасайық, сен өз бақытыңды тап» дедім. Осылай екі жаққа кеттік. Ауруханаға жатарда оның үйінде бірге тұрған едік, шыққанда мені жалдамалы пәтерге алып шықты. Не ойлағанын білмеймін, мен оның бекер емес екенін түсіндім. Жолдасым екеуміз ажырасқаннан соң ендігі тірлікті өзім жасауым керек болды. Мен «менің бағым «Социалистік Қазақстан» деп бекер айтпаймын. 1973 жылы күзде газетке Сапар Байжанов Бас редактор болып келді. Ал келесі жылдың көктемінде «Социалистік Қазақстан» үшін «Ұлы көш» болды. Редакция қызметкерлерінің тар жерде қыстырылып-қымтырылып тұратынын көрген Сапар аға Орталық Комитетке мәселе қойып, аз уақыттың ішінде алты пәтердің кілтін алды. Жаңа пәтерге ие болған қызметкерлердің алты пәтері редакцияға қалдырылды. Сол пәтерлі болғандардың ішінде мен де бармын. Адам өмірден үйренуі керек қой. Кейін өзім редактор болғанда қызметкерлерімнің пәтер мәселесіне ерекше көңіл бөлдім. Мен редактор болған жылдары оннан астам қызметкерімді баспаналы еттім. Мен мұны жақсылық жасадым деп ойламаймын. Қолымдағы мүмкіндікті дұрыс пайдаландым деп есептеймін.
– Қуанышы мен қайғысы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін өмірде небір қиындықтар кездеседі. Солардың бәрінен сүрінбей өтуге күш-жігерді, табандылықты, қажымас қайратты қайдан алдыңыз?
– Оның бәрі – менің Рахима әжемнің тәрбиесі. Мен әжемнің халықтық педагогикасының жемісімін. Менің осы рухымды да, қуатымды да жігерлендіріп, қиындықтан жол тауып шығып кетуге жол көрсететін қасиет әжемнен сіңді. Өзі сондай адам болған. Өмірден көрген-түйгені мол еді. Соғысқа кеткен үш ұлының үш жесірін, жеті баласымен бір үйде шырқын бұзбай ұстап, соларды тәрбиелей білген жан. Ол кісі қайтқаннан кейін әкемнің қолында болдым. Әкем өте еңбекқор болған. Өмір бойы тынымсыз еңбек еткен. Ұжымшар бастығы да болған, жылқышы да болған. Соғыстан қайтпаған бауырларының балаларын бауырына басып өсірген. Жетеуіне жетімдік көрсетпеген. Олардың осындай тәрбиесін, еңбекқорлығын көріп отырып, қалай рухтанбайсың, қалай қайраттанбайсың.
– Ашық-жарқын әңгімеңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен Мара КЕЛЕС.