МЕКТЕП – БІЛІМ ТІРЕГІ, ҰСТАЗ – ОНЫҢ ЖҮРЕГІ
2024 ж. 25 шілде
994
0
«Білім – адам баласының ортақ қазынасы» – деп Жүсіп Баласағұн айтып өткендей, сауатты, тәрбиелі, жан-жақты тұлғаның қалыптасуы ол ізденістің, дамудың үлкен нәтижесі. Ал осындай үлкен қазынаны ұрпақ бойына сіңіре отырып, оны ұлтшылдыққа, адамгершілікке, мәдениеттілікке қарай баулып, қоғамда өзіндік орнын қалыптастыра алуға ықпал ететін білім ордасының бірі ол – мектеп. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» – дейді. Расында, теңіздей үлкен ортада кеме болып жүзіп, ұрпақты сауаттылыққа жетелейтін ол мектеп қабырғасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Ұлттық құрылтайда: «Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық» деп маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы атап көрсеткені белгілі.
Сондай-ақ, ел Президенті Ұлттық құрылтай аясында: «Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс» деген болатын. Осы орайда біз Мемлекет басшысы айтқан негізгі идеологиялық тұжырым – Отаншылдыққа жас ұрпақты тәрбиелеп келе жатқан Алматы қаласындағы іргелі білім ордасы – №122 жалпы білім беретін мектептің тыныс-тіршілігіне толығырақ тоқталмақпыз. Орта білім беру жүйесінде жоғарыда атап көрсеткен білім мен тәрбие жұмысын ұйымдастыруда жаңашыл үрдісті жолға қойған мектептің үлгі етер тұстары көп. Талғат Жанысбай басқаратын аталмыш мектеп жылдан-жылға білім сапасын арттыру арқылы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрибе беруді жолға қойған.
Алматы қаласындағы М.Әуезов ауданында орналасқан қазақ мектептерінің бірі болып табылатын №122 жалпы білім беретін мектептің тарихы сонау 1968 жылдан бастау алады. 1992 жылы бастауыш сынып ғимараты іске қосылып, мектеп қабырғасына алғаш рет қазақ балалары қабылдана бастады. Бүгінгі таңда, яғни 2018 жылдан бастап мектеп оқушылар құрамы толықтай қазақ тілді оқытуға ауыстырылған. 2014 жылдың 5 қыркүйек айында Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен «№122 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. Аталмыш білім ордасында өте білімді, тәжірибелі ұстаздар қызмет атқарып, мыңдаған түлектер түлеп ұшқан. Бүгінгі таңда олардың көбісі елде, шет мемлекеттерде абыройлы қызмет атқаруда.
Бүгінгі таңда мектеп қабырғасында бастауыш сынып, орта буын, жоғары буын және кешкі бөлім бойынша жалпы саны 828 оқушы білім алып жатыр. Қызметшілер құрамы – 113, оның ішінде әкімшілік құрамы – 14, педагогтер саны – 80, кіші қызметкерлер саны – 19. Педагогтер құрамының өзі жоғары білімді, білікті мамандар. Атап айтсақ, педагог-зерттеушілер саны – 18, педагог-сарапшы саны – 16, педагог-модератор саны – 19, магистратура түлектері – 14. Ал олардың білім көрсеткіші, деңгейі, сапасы жыл сайын арнайы талданатын мониторинг арқылы айқындалып, саралануда. Ұстаздар өз білімдерін жетілдіру үшін біліктілікті арттыру курстары мен семинарларға қатысып, тәжірибе алмасып келеді. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші, мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушылардың ұстаздарымыздан алары көп. Гуманитарлық, жаратылыстану пәндері бағытындағы түрлі сайыстардан оза шауып, жетекшілерінің еңбегін көрсетіп, мектеп атын абыроймен асқақтатуда. Сонымен қатар, спорт, өнер сынды шығармашылық сайыстардан да бәйгенің алдын берер емес.
Білім негізі – бастауышта
«Білімнің бұлағы – бастауышта» дей келе, мектеп өмірінде ерекше орын алатын ең маңызды буын бастауыш сынып. Мектеп табалдырығын аттаған оқушының білім мен тәрбиені қатар алып, жаңа ортаға бейімделіп, жан-жағын танып біліп, үйренісуде бастауыш сыныптың тигізер әсері мол. Баланың оқуға деген қызығушылығын, ниетін, шығармашылық талантын да шыңдайтын бастауыш ордасы. Білім жолының бұл алғашқы сатысы балалар үшін де, ата-ана үшін де қызықты. Себебі баласының әрбір жетістігіне қуанып, оларды әркез қолдап отыратын ата-ана да балаша мәз болып, сауат ашуға деген ынтасына ризашылығын білдіреді.
Бастауыш – білімнің бұлағы. Расында, алғаш қолына қалам ұстап, кітап алып, әріп таныған оқушылардың барлық қызықты шағы бастауыш кезеңде көрініс табады. Мәселен, 1-сынып оқушылары үшін мектеп қабырғасы жаңа ұғым, жаңа көрініс. Олар мұғалім алдында отырып білім мен тәрбиені қатар сіңіріп, айналасынан жаңа дос тауып, түрлі іс-шараларға қатысып, өзін жаңа қырынан көре бастайды. Кейін бұл үрдіс жалғасын тауып, 3-4 сыныптарда оқушылар жауапкершілік пен ұстамдылықты, сыйластық пен құрметтеуді, қолдау мен сенімді сезініп, ойлау саналары да толыға түседі. Яғни, оқушы келесі кезеңге нық сеніммен, үлкен дайындықпен қадам жасайтын болады.
– Үлкен жауапкершілікті талап ететін әрі бала өміріндегі ең маңызды кезеңді дұрыс ұйымдастыра біліп, білім мен тәрбиені қатар сусындататын бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегі орасан зор. Атап айтсақ, дана буын ұстаздары Б.Д.Мырзатаева, Г.Б.Сүлейменова, С.С.Баекенова, аға буындардан Э.Балқыбекова, М.Рысдаулеттердің еңбегі ерен. Аталған мұғалімдердің әрбір ұйымдастырған іс-шаралары, сынып сағаттары, түрлі әдіс-тәсілдерге толы сабақтарының өскелең ұрпаққа берер өнегесі зор. Мәселен, биылғы оқу жылында бастауышта түрлі іс-шаралар өте жоғары деңгейде өткізіліп, білім сапасы да өткен жылдармен салыстырғанда артқандығы аңғарылады. Ал оқушылардың сабаққа деген ынтасы, жаңашылдыққа деген қызығушылығы тіпті керемет. Мәселен, биыл бастауыш сынып оқушылары арасында челлендж ретінде ұсынылған қазақша оюлы киім үлгісін күнделікті сабақта киіп жүруді 4 «б» сынып оқушылары ұсынып, аз уақыт ішінде барлық бастауыш сынып оқушылары түгелдей осы үрдісті қайталады. Қарасаң көз тоярлық бұл әдемі көрініс ұрпағымыздың бойындағы қазақилықты ғана емес, олардың бойындағы ұлттық рухтың жоғары екендігін көрсетсе керек, – дейді №122 жалпы білім беретін мектептің диекторы Талғат Сағатұлы.
«Білім – негізі бастауышта» десек білімнің ең негізгі баспалдағы да осы кезеңде қалыптаспақ. Осынау жүгі ауыр, жауапкершілігі зор міндетті арқалаған мектептің бастауыш сынып мұғалімдері оқушыларды алғашқы сыныптарда-ақ жан-жақтылыққа баулуға бейімделген. Білім шаңырағының бастауыш сынып оқушылары атаулы мерекелік іс-шаралар, сынып сағаттары, қалалық акцияларға белсене қатысып, түрлі марапаттарға ие болып жатқандығы осы сөзіміздің айғағы болса керек-ті.
Ұстаз – жан-жақты дамыған дара тұлға
Мектеп өміріне ерекше дем беріп, оқушы бойындағы шығармашылық қасиеттерді дамытып жүрген эстетикалық пәндер бірлестігінің жұмысын ауыз толтыра айтуға болады. Бірлестік жетекшісі музыка пәнінің мұғалімі Г.Б.Ербатырованың бастауымен, жас ұстаздардың қолдауымен биыл мектепте үлкен қалалық семинар өткізілді. «Еңбек, өнер, спорт – білікті тұлға қалыпастырудың қайнар көзі» тақырыбында өткен қалалық семинардың басты мақсаты – болашаққа білікті, заманауи, шығармашыл тұлға қалыптастыру. Мектептің эстетикалық пәндер бірлестігі ұсынған қалалық іс-шара жоғары деңгейде аталып өтіліп, Алматы қаласы бойынша 120-дан аса білікті ұстаздар қатысып, тәжірибе алмасты. Алматы қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департамент басшысы Гүлнар Өмірбекқызы семинардың ашылу салтанатында сөз сөйлеп, ұжымға сәттілік тілесе, қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталық әдіскері Т.К.Шаймерденов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының жетекшісі Г.Кеніштайқызы, Әуезов аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Жүнісбекқызы да жылы лебіздерін білдірді.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деп дана халқымыз айтқандай, ұстаздардың әрбір еңбегі, ұлт үшін, ұрпақ үшін деп берген саналы тәрбие мен білімі әрқашан еленері ақиқат. Ұстаз тек мектеп қабырғасында сабақ беріп, бала тәрбиелейтін тұлға емес. Ол – шығармашыл, ол – заманауи, ол – психолог, ол – ізденімпаз, жан-жақты дами білген дара тұлға. Міне, дәл осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұжымның ұйымшылдығымен бірлесе атқарған қалалық семинар көпшіліктің көңілінен шыға білді. Осындай игі істердің бірі ол жаратылыстану-математикалық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілген «Инновациялық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын арттыру жолдары» тақырыбындағы аудандық семинар. Мақсаты – жаратылыстану пәндерін оқытуда жаңа әдіс-тәсілдер қолданып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту.
– 2023-2024 оқу жылы мектеп өмірі үшін жағымды жаңалықтарға толы болды деп айта аламын. Соның бірі – мектебімізде филология ғылымының докторы, ғалым Серік Смайылұлы Қирабаев атындағы кабинетінің ашылуы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бір топ ғалымдарымен ортада іскерлік байланыс жасау туралы меморандумға қол қойылып, университет пен мектеп арасындағы байланыс нығая түсті. Сонымен қатар, белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановпен мектеп оқушыларының кездесу кешін өте жоғары деңгейде өткіздік. Атамыздың кейінгі ұрпаққа айтқан даналығы, ақылы жасөспірімдерге үлкен жігер сыйлады. Сондай-ақ, ақынның қолтаңбасы қойылған туынды жинақтары да ұстаздар мен оқушыларға таратылды. Сонымен қатар, спорт десе ішкен асын жерге қоятын мектебіміздің чемпиондары үшін кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жанхош Тұраровпен ерекше кездесу өткізілді. Ер жігіттеріміздің бойына қазақи рух пен намыс, жігер мен қайсарлық қасиеттерді сіңіруде мұндай рухты, сырлы сұхбаттардың берері мол деп ойлаймын, – дейді мектеп басшысы Талғат Сағатұлы.
Сапалы білім: саналы ұрпақ
Мектеп өмірін танытуда ең алдымен білім сапасы мен жетістіктердің маңыздылығы басым екені анық. Ал нәтижелі жұмыс атқару үшін ұлағатты ұстаздар мен шәкірттер бірлесе жүйелі жұмыс жүргізе алу қажет. Осы орайда мектептің тағы бір тынысы – 2010-2011 оқу жылынан бастап ашылған кешкі мектеп бөлімі. Кешкі мектеп – оқушылардың күрделі контигентімен ерекшеленеді. Ол өзінің жас ерекшелігімен, оқу және оқыту деңгейі, әлеуметтік және отбасылық жағдайы, мектептен тыс жұмыспен қамту дәрежесі мен сипаты, қабылдау, есте сақтау, назар аудару, мотивация сипаттамасы және басқа да белгілері бойынша ерекше. Кешкі мектептің негізгі міндеті – түрлі себептермен күндізгі мектепте, колледждерде оқи алмаған немесе педагогикалық бақылаусыз қалған, денсаулығының себебімен, отбасындағы ауыр тұрмыстық жағдай және тағы да басқа себептермен келген жасөспірімдерге әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу болып табылады. Әлеуметтік жағдайы төмен, кәмілеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді оңалту, бейімдеу, тұлға ретінде дамытуға арналған бағытта бұл аталмыш бөлімде он екі ұстаз еңбек етеді. Оның ішінде педагог-зерттеуші санаты бойынша ұстаздар саны – 5. Жаңартылған бағдарламаны қолдану барысында оқушылардың бойында негізгі адами нормалар мен өнегені қалыптастыру, ұлттық дәстүр мен толеранттылық, басқа мәдениет пен көзқарастарға құрмет көрсету, жауапкершілігі жоғары, дені сау баланы тәрбиелеу – кешкі бөлім ұстаздарының басты міндеті. Ал білім алушы оқушылардың білім мен спорт саласы бойынша жеткен жетістіктері де жоқ емес. Биылғы бітіруші түлектер арасынан ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде жоғары балл көрсеткен оқушылар да бар. Сондықтан мемлекеттің басты міндеті – ұрпаққа сапалы білім беру деген қағиданы ескере отырып, әрбір баланың толық білім алуы үшін кешкі мектеп бөлімінің қосқан еңбегі зор.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат. Өйткені мұғалім мектептің жүрегі» – деген Ыбырай Алтынсарин. Расында, мектеп өмірі үшін, ұрпақ үшін жанын салып қызмет ететін ол – ұлағатты ұстаздар. Өзінің алғырлығымен, ізденімпаздығымен көзге түскен бірқатар мұғалімдер мектеп абыройын, мерейін үстем етіп, түрлі марапаттарға ие болуда. Олар «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасы республикалық кезеңінің ІІІ орын иегері, тарих пәнінің мұғалімі Д.Б.Есенов, қалалық, халықаралық өнер фестивалінің Алғыс хат иегері, музыка жетекшісі Г.Б.Ербатырова, аудандық Алғыс хат иегерлері Г.С.Ахметова, Р.Б.Тілешбаева, А.С.Сергазинова, Н.Н.Қамысбек, Г.Б.Сүлейменова, М.Ізбасар, Б.Д.Мырзатаева, С.С.Баекенова, А.Н.Битеева және т.б. жас тәжірибелі ұстаздар.
Жасампаздық пен Жаңашылдық шәкірттерді шыңға шығарады
Осындай жан-жақты, білікті мамандардың есерлі еңбегінің арқасында білім сапасы артып, тәрбие жұмыстары да жаңаша бағытта жолға қойылды.
– Биылғы 2023-2024 оқу жылында мектепті кешкі бөліммен оқушыларымен бірге 828 оқушы аяқтады. Оның ішінде 11 сынып оқушылары күндізгі бөлімнен-25, кешкі бөлімнен -57. Үздіктер мен екпінді оқушылар саны – 395. Ал 9-сыныптар бойынша 5 оқушы үздік куәлікке ие болса, 11-сыныптар бойынша 2 оқушы – Алтын белгі иегері атанды. Сонымен қатар аудандық, қалалық олимпиадалар мен байқауларда оқушыларымыз жүлделі орындарды иеленіп, мектебіміздің абыройын асқақтатты. Ал спорт пен өнер бағытында халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, бақ сынасқан оқушыларымыз тек мектептің емес, елдің көк байрағын желбіретті. Атап айтсақ, Респбуликалық «Зерде» зерттеу жоба байқауының аудандық кезеңінен 4-сынып оқушылары Орынхан Алуа, Қуаныш Меруерт 2-орын иеленсе, Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінен 11-сынып оқушысы Әлібекова Даяна 2-орын, 10-сынып оқушысы Дәркенбай Аида 1-орынға ие болды. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінен 5-сынып оқушысы Ж.Шарипхан, 6-сынып оқушысы М.Балаби, 5-сынып оқушысы М.Айдосқызы, А.Абильсеитов, 8-сынып оқушысы Б.Берікқызы, А.Асылханова 3-орын, 7-сынып оқушысы Ж.Камалова, 8-сынып оқушысы А.Асанова, Қ.Болат 2-орын иеленіп, өздерінің білімдерін көрсетті. Сол сияқты А.Миразова атындағы математикалық олимпиаданың аудандық кезеңінен 8-сынып оқушысы А.Нұрсейіт 3-орын, «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының аудандық кезеңінен 7-сынып оқушысы А.Сексенбай 3-орын алып, өздерінің дарынды оқушылар екендіктерін көрсетті, – деп мектеп оқушыларының жетістіктерін атап көрсетті директор.
Білім ордасының өнерлі өрендері өздерінің талантты да талапты шәкірттерінің көптігімен мақтана алады. Атап айтқанда, «Әншуақ» республикалық байқауынан 5-сынып оқушысы Д.Мустафаева аудандық, қалалық кезеңнен 1-орынмен оза шауып, республикалық деңгейде өз өнерін көрсетіп қайтты. Өнерлі өреннің бірі – Дария Испания мемлекетінде қазақи бұлбұл дауысымен әлемді аузына қаратып, жүлделі 1-орынмен еліміздің көк туын көкте желбіретті. Осындай жас таланттарға арналған «Алматы БАЛАFEST» фестифалінен 10-сынып оқушысы Г.Тұрсынбай қалалық кезеңнен 3-орын иеленсе, бишілер аудандық кезеңде 3-орынды қанжығаға байлады. Ал спорт бағытында Қызылорда қаласында өткен ММА-дан 10-сынып оқушысы Дүрназар Дәурен Әлем чемпионы атанды. Сол сияқты гимнастикадан 4-сынып оқушысы А.Мұратхан Грузия елінде 2-орынды, 4-сынып оқушысы А.Слямжанова Германия елінен 1-орынмен оралды. Айта берсек білім ордасының жеткен жетістіктері жетерлік.
Осы жерде тағы бір айта кететін жайт – №122 жалпы білім беретін мектепте «Өзін-өзі басқару» ұйымының атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. Жоғары сынып оқушыларынан құралған ұйымның мақсаты – айқын, жоспары –жүйелі. Еңбексүйгіштік қасиеттерімен рухани-мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда өз қабілеттерін жоғары дәрежеде көрсетіп, мектептің тәрбие саласына үлестерін қосып, кейінгі буынға жол көрсетіп келе жатқандығы көңіл сүйсінтеді.
Жоғарыда аталып көрсетілген үлкен еңбектің уақыт өте келе тарих беттеріне айналары сөзсіз. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» дей келе, еліміздегі қазақ мектептерінің болашағы жарқын болуы әлбетте мектептің бірінші басшысына тікелей байланысты. Бұл тұрғыда іскер басшы Талғат Жанысбайдың жетекшілігімен білім ордасында талай істер атқарылып келеді.
– «№122 жалпы білім беретін мектеп» шағын аудандағы жалғыз қазақ мектептерінің бірі десем артық болмас. Мектеп ғимараты 2022-2023 жылдары күрделі жөндеуден өтіп, физика, биология, химия, коворкинг, инклюзия кабинеттері толықтай жаңа үлгімен жаңартылған. Мектеп қауіпсізідігі үшін турникеттер орнатылып, алдағы оқу жылында қосымша басқа да пән кабинеттерін заманауи үлгіде жабдықтаумен жоспарлап отырмыз. Болашақ ұрпақтың сапалы әрі жан-жақты білім алуы үшін ең алдымен білім сапасына деген сұранысты арттырып, оқу кабинеттерін толықтай қажетті құралдармен жабдықтау жоспарда бар. Ал ең маңыздысы қазақ тіліндегі жалпы білім беретін мектеп статусын гимназия дәрежесіне жеткізіп, толассыз еңбек етіп, сапаны арттыру біз үшін бірінші кезекте тұр. Мағжан Жұмабаев атамыз: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген. Сондықтан, елдің ертеңі – сауатты, білімді ұрпақ екенін тағы да бір ескере отырып, болашақтың жолын бүгіннен дұрыс салғанымыз абзал» дейді Талғат Сағатұлы.
Сөз соңында Мемлекет басшысы тілге тиек еткен Отаншыл ұрпақты тәрбиелеуде үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан іргелі білім шаңырағынан Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілікті ұлағатты ұстаздарының бойынан көрсек, Жасампаздық және Жаңашылдықты оқушылардан аңғардық. Осыдан кейін бұл мектептен елі үшін еңбек етер талай-талай таланттардың шығатынан шүбәсіз сендік.
Гүлзат ҒАБИТҚЫЗЫ