АНА ТІЛІНІҢ АБЫЗЫ
2024 ж. 15 шілде
741
0
Көзі ашық, көкірегі ояу көпшілік ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Рәбиға Сыздық туралы аз білмейді. Әйтсе де, көпшілікке неғұрлым түсініктірек болуы үшін ол кісінің 1924 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келгенін, әкесі Сәтіғалидың 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып кеткенін, кейін бойжеткен кезінде білім алуға, жұмысқа орналасуға осынау тайға таңба басқандай жаланың кәдімгідей әсер еткенін қалай айтпаймыз?!
«Ақтың отын ақымақ сөндіре алмас» дегендей, ақыры Сәтекең бұл жаладан біржола ақталады. Оның артында қалған ұл-қызы еліне елеулі, халқына қалаулы азамат боп ержетеді. Бар саналы ғұмырын ана тіліміздің тарихы мен дамуына арнаған қызы Рәбиға кейін бір басына жетерлік атақ-дәрежесі бар үлкен ғалым, ана тіліміздің жанашыр абызына айналды.
«Хамиттың қарындасы»
Әкелерінен ертерек қалып, аналары Жеміс Қалуқызының өнегелі тәрбиесін көріп өскен балалар намысшыл, біреудің ала жібін аттамайтын, аса еңбекқор болып өседі. Ал Рәбиға болса өзінен бар болғаны екі жас үлкен ағасы Хамит Құтқожинды өзіне ұстаз санап өседі. Бұл туралы апайдың өзі: «... бір ғалымға жетерлік атағымнан «Хамиттың қарындасы» деген атымды биік қоямын. Ғылыми, әлеуметтік атақ-дәрежелерімді ақтармын-ақтамаспын, ал Хакеңдей аса мәдениетті, өте білімдар, іскер, ұстамды, айналасына мейлінше қадірлі, жұмыста үлкен абыройлы адамның ет-бауыр қарындасы деген аттан жаза баспасам, атына ұят келтірмесем деген ойым әрдайым есімде жүретін. Менің азамат болып ел қатарына қосылуыма рухани күш берген Хамит аға болды. Он жылдай болды, ол кісі жоқ, бірақ аты жадымда, аруағы қолдауда» деп еді. Қандай жан тебірентерлік сөз!
Сонау 1948 жылы халықаралық қатынастар саласындағы тұңғыш қазақ ғалымы Мақаш Сыздықовпен көңіл жарастырған Рәкең оның өмірден тым жастай, бар болғаны отыз екі жасында өтерін, әрине, сезбеді. Жүрек ауруынан ғұмыры келте қиылған жарының фамилиясын иемденіп қалған ол екінші қайтара тұрмысқа шыққанында да оны өзгертем деп әуреленбеді. Рәбиға Сыздық осылайша екінші серігі – Қазақстанның Халық әртісі, ақын, әнші Шахан Мусинмен де тату-тәтті, сыйлы тұрды. Бір-бірінің жанын айтқызбай ұғыныса білген асқан талант иелеріне қызыға да, қызғана да қарайтындар көп еді. Көзінің тірісінде өмірлік жарына соншалық риза болған Шахан аға о дүниеге аттанып бара жатып та оған деген бар ықылас-ниетін, разы көңілін ақтарып кетіпті дейді.
Шығармашылығы тәнті еткендер
Салиқалы сөз бен сергек ойды жанына серік еткен Рәбиға Сәтіғалиқызы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында жарты ғасырға жуық еселі еңбек ете жүріп, өзінен кейінгі іні-сіңлілерінің қолынан шыққан баға жетпес қазына – кітапқа әркез қызыға қарап, өз пікірін де орнымен білдіріп отыратын. Рәкең өзінің көңілі мен ойына неғұрлым жақындау бір топ қаламгермен, оның ішінде, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсыновамен арнайы танысқан болса, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, оның бер жағында Қалихан, Ақселеу, Кәдірбек, Марат (Қабанбаев) және басқаларымен де қоян-қолтық қарым-қатынаста болды.
Бір сөзінде академик әпкеміз: «... ақындар мен үшін тіпті ғаламат жандар, сөз деген құдіреттің нағыз сиқыршылары. Абай, Махамбет, Дулат, Мағжан, Қасым сияқты алыптарды былай қойғанда, заманымыз бір кешегі Мұқағали, Төлеген, Ізтай, Өтежан, Фариза, Ақұштап, Марфуға, Нұрлан (Оразалин), Тұманбай, Светқали сияқты ондаған ақынды толқымай оқи алмаймын...» деген-ді.
Проза шеберлерінің шығармаларын лингвистикалық тұрғыда мейлінше зерделеген профессор ақындар творчествосын да жіті қадағалады. Бұл жөнінде Рәкеңнің өзі: «...Алла-тағала жазса, поэзия тілін сөз етсем деймін. Оған Фариза Оңғарсынованың сөз кестесін әңгімелейтін материалын жинап, кірісіп те кеттім...» – деп ағынан жарылғаны бар.
Қайсыбір үлкендердей айналасындағыларға тегін ақыл айтып мезі етпейтін, оның орнына оларға қолынан келетін бар жақсылығын аямайтын, аса еңбекқор адам осы Рәкең еді.
«Бала тәрбиесінен қиындық көрмедім»
Ұлт пен оның ең асыл қазынасы – тіл туралы сөйлеуге келгенде алдына жан салмаған майталман ғалым өзінің жеке өмірі, көрген қиындығы (ашаршылық, зұлмат, соғыс) төңірегінде көп әңгімеге жоқ еді. Бұл да болса асыл апайымыздың «мен елден артықпын ба, жұрттың бәрі де сол қиындықты бір кісідей көріп өсті ғой» деген асқан қарапайымдылығы шығар. Тіпті, кезекті кездесулерден кейін көпшіліктің өзін қаумалап алып: «Апа, мына кітабыңызға былай деп жаза салыңызшы!», «Қолтаңбаңызды бере қойыңызшы!», «Апа, асығып тұр едім...» – дегендей тілектеріне пенде болып қабағын бір шытқанын көрмедік. Осындай бір кездесуде менің:
– Бір басыңызға жетерлік ғылыми атағыңыз бар. Әрине, мұның бәрі оңайлықпен келген жоқ қой. Құдай көпсінбесін, керегесі кең, уығы мықты, сүттей ұйыған бір шаңырақтың анасысыз. Айып болмаса, айтыңызшы, апай, біржағынан ғылым деген «балаңызды», екінші жағынан өзіңізден туған ұл-қызыңызды тәрбиелеу қиын болмады ма? – деген сауалыма Рәбиға Сәтіғалиқызы:
– Бала анасының бауыр еті ғой. Менің бір ұл, бір қызым бар. Тіл- аузым тасқа, кішкене күндерінен зерек, оқуға алғыр балалар болды. Содан ба екен, оларды тәрбиелеу маған соншалық қиын болмады. Үлкенім Әсет Сыздықов Мәскеудің халықаралық институтын бітіріп, жиырма жылдай шетелде қызмет етті. Бүгінде жасы алпысты алқымдады. Үш баласы бар, сол Мәскеу қаласында тұрып жатыр. Ал қызым Мақпал Мусина Ленинградтың тіл университетінің жапон-қытай бөлімін тәмамдаған. Бүгінде ағылшын тіліндегі кітаптарды орыс тіліне аударумен шұғылдануда. Оның да өз отбасы, екі баласы бар, Санкт-Петербургте тұрады. Мен ана ретінде оларға ризамын. «Ана үшін ақ сүтін ақтаған бала бақыт қой! – деді барлық аналарға тән мақтаныш сезіммен.
«Ата-анамның туған жері маған да ыстық»
Атырауға ат басын бұрған сайын Рәкең Қызылқоға өңіріне, оның тұрғындарына үлкен сағынышпен, ерекше сезіммен қарайтын. Өйткені, оның ата-анасы осы жерде туып-өскен. Көзі ашық, көкірегі ояу әкелері Сәтіғали қызмет бабымен көрші жатқан Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қоныс аударса да, есіл-дерті өзі туған ауылы бопты. Сол Ойылда Құтқожиндердің балалары – Хамит, Рәбиға, Роза дүниеге келіпті.
– Жасы келген адам жылауық бола ма, білмеймін, бүгінде мен атыраулықтарды, соның ішінде қызылқоғалықтарды көрсем, әке-шешемнің туған жері есіме түсіп, көңіл босататын болыппын... Сіздердің маған деген ілтипат көңілдеріңіз бен пәк тілектеріңізге сондай разымын. Әрдайым аман жүріңіздер, айналайындар! – деген еді Рәкең бізбен қоштасарда.
Лиза СЕЙТІМОВА
Лебіз
Ғалым, ұстаз туралы ойлар
«Бұл жасқа әркім әртүрлі жетеді. Біреулер аһылап-үһілеп, тасбақадай жорғалап, ыңқыл-сыңқылмен жетеді. Енді біреулер Рекең сияқты еліктің лағындай орғып жетеді. Қырғыз бен қазақта 30 деген өр шақ, 40 – ер шақ, 50 – бел шақ, 60 – дер шақ, 70 – мәрт шақ деген сөз бар. Рәбиға Сыздық сол мәрттікті сақтап, бойын сергек ұстап келе жатқан ғалым».
Шора Сарыбаев,
филология ғылымының докторы, профессор, академик.
«Ұстазымыз, алты алаштың ардақтысы Рәбиға Сәтіғалиқызының жарты ғасырдан астам өнімді еңбек жолында алған асуы, шыққан шыңы аз емес. Солардың ішінде ерек көзге шалынары – Абай шыңы, Абай шығармаларының тілін зерттеген еңбектері...».
Ғарифолла Әнес,
филология ғылымдарының докторы, профессор
«Қадірлі Рәке!
...Сіз қазақ тіл біліміндегі Динасыз, өйткені ұсыныстарыңыз кімді болса да әйгілі апамыздың күй әуеніндей, қалам сілтесіңіз оның домбыра тартысындай баурап алады.
Сіз қазақ тіл біліміндегі Әлиясыз, олай дейтінім – пікірлеріңіздің қай-қайсысын да еш жасқанбай, батыл айтасыз, қарсыластарыңызды, спортшылар тілімен айтқанда, басымдықпен жеңіп жүрсіз.
Сіз Қыз Жібекке де ұқсайсыз, неге десеңіз, жиі кеңес алатын жас зерттеушілерді былай қойғанда, Сізбен бір сәт сұхбат құрған адамның өзі әдемі ажарыңыз бен жаймашуақ мінезіңізге, сұлу сөзіңіз бен ыстық ықыласыңызға тәнті болып, көпке дейін ауыздарынан тастамайды.
Сіздей адамға қандай тілек айтса да, көптік етпейді».
Мырзатай Серғалиев,
академик.
Арнау
Кім айта алар тілімді анасыз деп...
Жүрегіне кек түйіп, талас іздеп,
Тұғырсыз деп, тілімді тағасыз деп.
Дана халқым барында кең пейілді –
Тілімді кім айта алар панасыз деп.
Құнарсыз деп, тілімді бағасыз деп,
Нәрсіз деп, мәуесіз деп, жағасыз деп.
Сыр тартқан Байтұрсынов рухынан –
Тілімді кім айта алар ағасыз деп.
Болашағы үмітсіз, санасыз деп,
Жаюға кең қанатын шарасыз деп.
Тұрғанда Рәбиға апам кім айта алар –
Мөлдір, нәзік тілімді анасыз деп?!
Қадір ЖҮСІП.
Ана тіліміздің академигі
Ана тілі абыздарының бірі, ғұлама ғалым Рәбиға Сәтіғалиқызы Құттықожина-Сыздық 1924 жылы Ойылда Сәтіғали Құтқожинның отбасында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали – Алаштың ардақты азаматы. Ақтөбе облыстық өлкетану музейінде кезінде Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі болғандығын айғақтайтын дерек бар. Мұражайдың бір кездегі аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі Рысты Досованың қолындағы мұрағатта Батыс Алашорда үкіметінің (төрағасы Халел Досмұхамедов) мүшелері туралы тізімде былай деп жазылған: «Кутгутшин Сатыгали, г.Уил, Министр почта-тел:».
Әрине, Сәтіғали атамызды Кеңес өкіметі тыныш қалдырмаған. 1937 жылы «халық жауы» деген сылтаумен ұстап әкетеді. Әкесінің атылғаны және ақталғаны туралы дерек Рәбиғаның қолына 1994 жылы ғана тиген.
Рәбиға Ақтөбедегі «Түйетөбе зиратына» келіп, әкесіне тағзым етіп қайтады.
Мектепке дер кезінде бара алмаған (көкжөтел ауруынан) Рәбиғаның үйде хат танып, 1935 жылы бірден 4-сыныптан бастап оқып кетуі – Алланың берген зеректігінің арқасы. 1939 жылы 7-сыныпты бітіргесін Темірдегі педагогикалық училищеге түсіп, 1942 жылы үздік бітіреді және және сонда қазақ тілінен мұғалім болып сабақ бере бастайды.
Сол ауыр 1944 жылы мен де 7-сыныпты бітіріп, училищенің бірінші курсына түсіп оқи бастадым. Қазақ тілі мен әдебиетінен бізге Рәбиға апай дәріс оқыды. Оның мәпелеп сөйлеген әрбір сөзі көкірегімізге науадай құйылып жататын; сол кездің өзінде-ақ Рәбиғаның тіл ғылымына аса икемділігі байқалатын. Менің есімде апайдың мына сөздері қалыпты: «Қазақ тілі – жалғамалы тіл, ал орыс тілі қопармалы тіл. Мысалы, қол – рука деген сөзді алсақ, қол-ға, қол-мен т.с.с. жұрнақ-жалғау қоссақ та, түбір сөз «қол» өзгермейді, ал орысша – «рука» – рукой, в руке, руками деп қопарылып кетеді»...
1945 жылы Рәбиға апа Ақтөбе мұғалімдер институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін мерзімнен бұрын бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына түсіп, 1947 жылы бітіріп шығады.
***
Апайымыздың тағдыры ауыр болғанмен, ғылымдағы ерен еңбегінің, қайсарлғының арқасында ғылыми ортадан лайықты бағасын алды. 1957 жылдан бастап Ғылым Академиясында табан аудармай еңбек етті.
«Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертацияны 1959 жылы қорғаса, 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» атты докторлық жұмысын жемісті аяқтады.
Марапат атаулыны түгелдей иемденіп, ғұмырының соңына дейін қазақ тіл ғылымының жоқ-жітігін түгендеу жолында аянбай те төкті. Мерзімдік басылымдарда ғылыми мақалаларын жиі жариялады. Мысалы, «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы 25 желтоқсандағы №52 санында жарияланған «Қазақ тілі – өміршең тіл. Оның бір белгісі – сөздік қазынасының байлығы» атты мақаласын ұмытпаппын.
1944 жылы Темірдегі педучилищеге оқуға түскенімде училищенің жатақханасы Октябрь көшесінің №7 ғимаратында болса, Құтқожиндер отбасы көршілес №9 үйде тұратын. Ол үйде сол жылы Ойылда 7-сынып бітіріп, училищеге оқуға түскен маған өмір бойы айнымас дос болып кеткен Әбдікәрім Шөжебаев жатты. Себебі, Құтқожин мен Шөжебаев отбасылары құда-жегжат болған. Әбдікәрімнің туған апасы Зубарзат (Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқыды) Рәбиға апайдың ағасы Хамит ағаның қалыңдығы екен. Мен Әбдікәрімге еріп анда-санда сол үйге баратынмын. Сонда Ғалия әжейдің қолынан бір-екі тілім таба нан жеп, сүт қосқан кәдімгі күрең шай ішкенім есімде. Бұл ашқұрсақ оқушыға біраз нәпаха болатын.
Хамит Құтқожин (1922 жылы туған) 1940 жылы Темір педучищесін бітіріп, Ақтөбе мұғалімдер институтында оқып жүргенде, 1941 жылы әскерге алынды. Оң қолын соғысқа беріп келді. Ал 1943 жылдан Темір аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін көп жылдар бойы жемісті атқарды. Соңынан Алматыға шақырылып жоғарылатылды. Әуелі Оқу министрлігінде бөлім меңгерушісі, кейін Қазақ КСР Кеңесі Министрлігінде ғылым және оқу бөлімін басқарып, үкімет мүшесі болған, елімізге белгілі азамат.
Рәбиға апайдың сіңлісі Роза (1927 жылы туған) 1945 жылы педучилищені бітіріп, Алматыдағы Қазақ қыздар институына түсті, оны ойдағыдай тамамдады және ұлағатты ұстаз болды.
Осы арада айта кететін жайт – Алматыдағы Мемлекеттік қыздар институтын 1944 жылы ұйымдастырып, оның бірінші директоры болған біздің жерлесіміз, қоғам қайраткері, ғалым Құрманғали Оспанов еді. 1944 жылы Ақтөбе облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметінен Қазақстан Орталық Партия комитеті арнайы шақырып алып, Қ.Оспановқа осы қиын да құрметті істі тапсырған, оны Құрманғали аға тамаша орындады.
Қазір қарап отырсаң, осы киелі білім ордасынан қаншама қазақ қыздары жоғары білім алып, өмірге қанат қақты десеңізші...
Рәбиға апа жөнінде қаншама мадақ айтылса да артық емес. Оның ғылым докторларын, ғылым кандидаттарын даярлауда төккен тері, қазақ тілін өз тұғырына қондыру жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Рәбиға Сыздықтың мерейтойы – қазақ тілі ғылымының мерейлі мерекесі деп білеміз.
Орынбасар СӘДУАҚАСОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ақтаңдақ
Алашорда министрі
Ақтөбе облыстық партия архивінің 13-қоры, IV тізбесіндегі 176-істе облыстық партия комитеті мен НКВД басқармасы және аудандық партия комитеттері арасындағы құпия жазбаша хабарламалар негізінде дайындалған құжаттар сақталған. Бастапқыда істің сексен беттен тұрғаны хатталған, дегенмен, толық сақталмай, біздің қолымызға тек істі болған Алашордашылар тізімі ғана түсті.
Осы тізімде оныншы болып Сәтіғали Құтқожин тіркелген. Тұсында: «Г.Уил, министр почта-тел.» деген жазу бар.
1919 жылы Алашорда Үкіметі оған Ойыл мен Қызылқоға арасында байланыс торабын тартуды жүктеген. Алайда түрлі себептермен ол бұл шаруаны толық аяқтай алмаған. Алашордашылар арасында ескерілмей келген есімдерді анықтап, ұрпақтары арқылы олар туралы деректер жинауды мақсат еткен біз Сәтіғали Құтқожиннің төрт перзентінің бірі, атақты ғалым Рәбиға Сыздықоваға хабарлсқан едік. Енді Рәбиға апамыздың сол кездегі жолдаған хатының қысқартылған нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Әкем жайында білетінім
Әкем Сәтқали (Сәтіғали) Құтқожин қазақ даласының батыс өлкесіндегі Тайпақ деген ауданның 4-аулында орта дәулетті шаруа адам Құтқожаның алты ұлының екіншісі болып дүниеге келген.
...Әкем туралы айтылар сөз көп болуға тиіс еді. Бірақ әкемнен он үш жасымда көз жазып қалдым. Бұған дейін әкеміздің әңгімесін көп ести алған да жоқпыз: ол кісі күн ұзақ жұмыста болатын. Демалыс күн, демалыс уақыты дегендерді де білмеді-ау деймін. Әйтеуір, балаларымен бір жерлерге барғанын, не отырып әңгіме айтқанын, не демалуға курорт дегендерге барып жатқанын білмей, көрмей өстік.
Бір білетінім, бала кезден есімде сақталғаны – бір жерден екінші жерге кеше беретініміз; көбінесе ат арбаның үстіне жасалған күркеде анамыз бен балалар отыратынбыз. Көшіп жүретін себебіміз, 1920-30 жылдарда Ақтөбе облысында қай жерде жаңа аудан құрылса, әкемізді сонда аудандық байланыс бөлімін (пошта-телеграф, тіпті, телефон, радиоға қатысты жұмыстар атқаратын) басқаруға жіберіп жүрген. Ақтөбе қаласының өзінде де осы салада жұмыс істеген (сірә, 1920 жылдардың соңы болу керек).
Сөйтіп, балалары туған, өзі де ұзағырақ қызмет еткен Ойыл қалашығынан Ақтөбеге, одан Табын (қазіргі Байғанин) ауданына, одан Арал ауданына, одан Темір ауданына көшіп жүргеніміз есімде. 1933 жылдан бастап Темір қаласында тұрдық. Әкеміз аудандық байланыс бөлімін басқарды. Әкеміз туралы әңгіме анамыз Жеміс Қалуқызының аузынан бала кезден естігендерім бойынша жазылып отыр. Анамыз ешбір қоғамдық қызметке араласпаған, балаларын тәрбиелеп отырған жай ғана ошақ иесі, отанасы болатын.
Әңгімені жақсы айтатын, осы әңгімелерге сүйенсем, әкеміз, сірә, 1915-1916 жылдар мен 1917-1920 жылдары жерлесі Халел Досмұхамедовпен (олар бір мектепте – «Қызыл үйде» бірге, әкеміз үш-төрт класс одан төмен) оқыған. Өйткені Халелден әкеміз үш-төрт жас кіші болған. Дәрігер Иса Қашқынбаевпен, заңгер Жанша (Жаһанша) Досмұхамедовпен, төре әулетінен Шынтас Қаратаевпен сыйлас, жолдас болып бірге жүріп-тұрған. Олар әкеміздің үйінде жиі болып, әңгімелесіп, Шынтастың әнін тыңдап (ол өте жақсы дауыслен ән салады екен) жүреді екен. Жерлесі, кейін Алашорда үкіметінде жауапты қызмет атқарған күйеу баласы (немере қарындасы Жұмазия Өтеуованың жолдасы) Рахметолла Қаржаубаевпен де араласқан.
Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің бұл аталған көрнекті, жетекші қайраткерлерімен бірнеше жыл бірге жүріп-тұрғандықтан, олармен пікірлес, идеялас болмауы мүмкін емес, өйткені әкеміз де оқыған, елде, саясатта не болып жатқанынан хабардар, сол кездегі қазақ зиялыларының көпшілігі сияқты, озық ойлы, демократшыл пиғылды адамдардың бірі болған сияқты. Бірақ Алаш партиясының мүшесі болды ма, Алашорда үкіметіне қатысы болды ма деген сауалдарға жауап бере алмаймын. Өйткені бұл жөнінде анамыз еш нәрсе айтпайтын. Себебі, біздер ес білген кезде, отызыншы жылдардан кейін «алашордашылар» – қорқынышты сөзге айналды ғой. Оның үстіне анамыз, жоғарыда айттым, саясатқа, әлеуметтік әңгімелерге қатысы жоқ, тіпті нақты түсінігі жоқ, үй шаруасындағы әйел болатын, сондықтан бұл жөнінде әңгімелей алмауы әбден мүмкін. Сондай-ақ анамыз айтқан әңгімелерде баяндалған оқиғалардың нақты өткен жылдары, әкеміз жұмыс істеген мекемелердің аттары айтылмайтын.
Ал көбірек естігеніміз: әкеміз Сәтқалидың (апамыз дәл осылай атайтын) Қарабаудағы орыс-қазақ училищесінде оқығаны; оны бітірген соң көп жылдар туған үйінен жырақ жерлерде, Текеде (Орал қаласында), Қаратөбеде, тіпті Астрахань жақта жұмыс істеп, содан кейін барып анамызға үйленген сияқты. Бұл сірә, ХХғасырдың 10-жылдарының басы болар. Әкеміздің Орынбордағы мұғалімдер мектебінде оқығанын анамыздың аузынан емес, Ақтөбе прокуратурасы берген құжаттан білдім. Бірақ мұғалімдік қызметте көп болмаған тәрізді. Ол Морзе әліппесін жақсы игерген алғашқы қазақтардың бірі болғандықтан, қызметті пошта, телеграф саласында істеуден бастаған. 1937 жылы әкеміз алдымен жұмысынан босатылды, отбасымен тұрған қазынаның үйінен қуылды. Қаланың ең шетіндегі қолдан салған жер үйге көштік. Бұдан есімде қалғаны – киім салатын шифоньеріміз жер үйдің есігіне сыймай, далада тұрғаны.
Әкеміз ұсталған күнгі картина көз алдымда: 1937 жылғы тамыздың 8-і, не 9-ы болу керек. Анамыз сіңлім Роза екеуімізді дүкенге, нанға жіберді. Нан алып үйге жақындай бергенде қасымыздан бір ат жеккен арба – үстінде әкеміз, екі жағында екі адам отыр – өтіп кетті. Үйге келсек, үй тас-талқан. Киім-кешек, қағаз – бәрі шашылып жатыр. (Тінту жүргізілген екен). Анамыз жылап, есік жақта тұр. Бөлменің ортасында қабағы түюлі, он алтыға толған Хамит тұр. Бала болсақ та, түсіндік. Анамызды құшақтап, бірге жыладық. Кейін білсек, сол 1937 жылы 23 қарашада «үштіктің» шешімімен Ақтөбе өаласының түрмесінде атылған екен. Жоғарыда аталған құжатта сүйегі Ақтөбе қаласының маңындағы «Пригодный» деп аталған совхоздың екінші бөліміндегі шұңқырларға тасталған депті.
Бұл күнде ол жерде 1930-1950 жылдарда репрессияға ұшыраған құрбандарға белгі тас қойылған. Әкемізге «Темір ауданындағы контрреволюциялық-ұлтшыл, террорист-көтерілісші, шпиондық- диверсанттық ұйымның жетекшісі» деп айып тағылыпты. Әрине, бұл айыптың қисынсыздығы, сорақылығы айдан анық. Әкеміз Темір ауданына келіп жұмыс істеген үш-төрт жылдың (1934-1937) ішінде мұндай ұйым болып па екен, болды деген күннің өзінде ол қалай жетекші болып шыға келді? Демек, басты себеп басқада жатса керек – 1917-1920 жылдарда Алаш партиясының, Алашорданың батыс үкіметінің лидерлерімен бірге жүріп-тұрғаны, бұл үкіметтің орталығы деп жарияланған Ойыл қалашығында жұмыс істегені, коммунист партиясына кірмегендігі, аса сауатты, беделді, іскер қызметкер болғандығы болса керек. Ал «халық жауының» ұрпағы атанып, қара күйе жағылғаннан кейін, балаң кезден бастап көріп келген құқай – өз алдына бөлек әңгіме.
Заманымыздың әділетсіздігі бізді ерте есейтті, намысқор етіп жетілтті, «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп кемеңгер Абай айтқандай, ешкімге көз сүзбей, жалтаңдамай, еңбек етіп, айналаның қадір-құрметіне ие болып өстік-ау деймін. Қысқасы, мен де «намысты қолдан бермей», еңбек жолында, ғылым әлемінде аз-көп нәрсеге қол жеткіздім, ғалымға сай атақ-дәрежелерге ие болдым. Бұған, сірә, табиғат берген талап пен таланттан гөрі, намыс, әкемнің атын ақтау үшін күрес себепкер болған болар.
Дайындаған Балнияз ӘЖНИЯЗОВ