ТЕМЕКІ, АРАҚ, ЕСІРТКІ ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТПЕСІН!
2024 ж. 15 шілде
612
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында салауатты өмір салтын насихаттаудан әсте танған емес. Сол мақсат нәтижесінде, бүгінде республика бойынша тұрғын үй аулаларында әлемдік стандартқа сай, спорттық жайлы алаңдар мен түрлі жаттығу аспаптары орнатылды. Ақылы түрде спорт үйірмелері халыққа кеңінен кызмет етуде. Десек те, халыққа осындай жағдай жасалғанына қарамай, ел ішінде ішімдік пен вейп темекілерге әуестену артуда. Нашақорлық тыйылар емес.
Қазақстан Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес конвенциясының принциптеріне үн қосып, елімізде темекі өнімдерін шығаратын өндіріс санын біршама қысқартты. Темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салынып, қоғамдық орындарда шылым шегуге шектеу қойды. Кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі сатылмайтын болды.Соған қарамастан, бұл қара күштердің ісі ме, әлде, көкейін ақша тескен бизнесмендердің тірлігі ме, әйтеуір ел арасында темекінің жаңа, адам ағзасына өте қауіпті түрлері шығып жатыр, дейді Астана қаласындағы «Психотерапия және наркология» орталығының нарколог – дәрігері Тоқтар Қойшыбеков. Тәжірибелі маманның айтуынша, қазіргі кезде таратушылардың нысанасы ата-анасынан жырақта жүрген студенттер мен жұмысшы жастар болып отыр екен. Басқа жағдайды айтпағанда, былтыр мектеп бітіре сала Екібастұздан келіп Алматыға оқуға түскен жап-жас өрімдей жігіт темекінің жаңадан таратылып жатқан түрі – құрамында есірткі, глицерин майы мен тағы басқа уытты заттар қосылған түрін тартып қайтыс болған. Жас бала жүрегім қысылып жатыр деп дем ала алмай жатып қалған. Содан, қиналып екі сағат жатқан. Егер, жанындағы жігіттер қағілездік танытып, жедел жәрдемді дер кезінде шақырса, адам өмірін құтқарып қалуға болар еді деп, қынжылды дәрігер. Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Ұлттық университет студенттерімен осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткенде жастардың өз құрдастары мен достарының өміріне соншалықты немкеттілігіне қайран қалдым. Олар қайтыс болған баланың өзіне кінә артып, шылым шекпеу керек еді, таратушылар алдап ұсынып тұрса, санасымен ойлануы керек еді деп жатты. Және, адамдар темекі мен ішімдік, есірткілердің адам ағзасына орасан зор қаупін біле тұра қолданады. «Не себепті?» деп қойған сұраққа студенттер білмейміз деп жауап берді. Енді бірі, бей-жай қарайтындығын білдірді. Негізі, адамдардың бойындағы немқұрайлылық қоғамның алға жылжуына үлкен кедергі болып тұр. Тепсе темір үзетін, жалындаған жастардың «маған бәрібір» деуі қоғам, мемлекет үшін үлкен қасірет емей не? Олай демейін десең, көзіміз үйренгені сондай, көшеде темекі тартып, бөтелкемен ішімдік ішіп бара жатқандарға бей-жай қарайтын мәңгүрт халге жеттік бұл күні. Оларға ескерту жасасаңыз «шатағың болмасын, жұмысың қанша» деген жауап аламыз. Негізі, медицинада мұндай адамдарды ауру санатына жатқызады. Бірақ, бұл теріс жолға түскендер өздерінің індетін ауру деп есептемейді екен. 1987 жылдан осы салада еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі психотерапевт, нарколог, Тоқтар Қойшыбеков: «Бұл темекі, наша шегу, ішімдікке әуестікке тәуелді адамдардың басқа аурулардан ерекшелігі, бұлар ауруды өз ақшасына сатып алады. Және, бұлар өздерін аурумыз деп есептемейді. Бұндайды, медицинада – азунагзия дейді» деді. Адамдар бастапқы, 12-14 жасында темекі, ішімдік, есірткі қолданған кезде, ата-аналары оны жасырмай дәрігерге әкеп емдететін болса, балалар жазылып кетеді. Мысалы темекіні алайық, әуелгі кезде адамдар оны көңіл-күйін орнықтыру үшін тартады. Рас, бұл бастапқыда көмектескендей болуы мүмкін. Ал, екінші сатыда адам ағзасы үйреніп алған соң, қанша тартса да әсер етпейді. Тек ақшаның соры. Күніне екі-үш қорап темекі тартатын болады. Үшінші стадияда организмі уыттан әбден әлсіреген адам темекі шегуден арылуға бізден көмек сұрап келеді. Арақ, есірткіге әуес адамдар да ауруын асқындырып барып келіп жатады» дейді, дәрігер. Бұл дерт созылмалы болғандықтан емдеу процедурасы екі жылға жуық жүргізіледі екен. Мамандар, осындай ішімдікке, есірткіге әуес адамдар маңайындағы бес-он адамның денсаулығына зиян тигізеді дейді. «Мұндай жағдайда не істейсіздер?» деген сұрағымызға Тоқтар Қойшыбеков, «Біз науқастың ата-анасын, әйелін, не күйеуін, балаларын емдейміз» деді. Себебі, ішімдік құмар дертіне ұшыраған, нашақорлыққа тәуелді адамның жанындағы адамдар психоневроз, ұйқысыздық, ашушаңдық дертіне міндетті түрде ұшырайды. Сондықтан, олардың отбасына түгел дерлік ем-шара қолданамыз. Олармен психолог, психотерапевт сияқты мамандар жұмыс істейді. Тек, қана науқасты ғана емдеп қоя салсақ, оның әсері ойдағыдай болмайды» дейді.
Ардан бездірер осы дерт біздің ұлтымызға қайдан жұқты десеңізші!? Ата-бабамыз, «Бар жамандық бастауы – арақ» деп, бекер ескертпеген екен. «Балалардың темекі, арақ, есірткіге үйірсектеу себебінің бірі, қазақ тойлары арақсыз өтпейтін дәуір болды. Әрбір адам тілек айтса, артынан арақ ішетін әдет жастар санасын араққа, темекіге бейімдеді. 1987 жылдары қазақ елінде темекі, арақ, наша тартатындар ондап қана кездессе, қазір олардың саны 120 000 мыңға жуық. Қарасаңыз, қазір жастар да, ересектер де күйзеліске бейім, ашушаң. Оны мамандар, жеген ас, темекі мен ішімдік, энергетикалық сусындар құрамына есірткі мөлшерін қосатындықтан деп түсіндіреді. Адам биологиялық жаратылыс болғандықтан, оның организміне түскен ас, не зат - асқазан арқылы, қан арқылы түссе де, тікелей орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Адам қаны химиялық-биологиялық өзгеріске ұшырап, сөйте-сөйте психикасы тәуелді болып, соңында ауруға ұшырайды.
БҰҰ сарапшыларының есебі бойынша, 2005 жылы Қазақстанда 500 мыңға жуық нашақор бар делінген. Ол кезде елімізде темекі, ішімдікке, есірткіге тәуелділерді емдейтін арнайы клиникалар мен мамандар жетіспейтін. Ал, наркологтің айтуынша, елімізде оңалту клиникалары ашылғалы науқастар саны азайған көрінеді. 2018 жылы 120 000 мың науқастың 20 мыңы осы «Психотерапия және наркологиялық» орталығында сапалы ем алу арқасында құлан-таза дертінен айығыпты. Кезінде бір көре салайыншы деген қызығушылықпен санасы уланып, дертке ұрынған адамдарға үкімет қолын созып, көмек беріп жатыр. Дертке ұшыраған жандар емделуге қаражаты жоқ болып, өз еркімен ауруынан айыққысы келсе клиника ондай адамдарды тегін емдейді. Үкімет халық денсаулығын түзеуге қадам жасап жатыр, енді халықтың өзіне де көп нәрсе байланысты. Дегенмен, адам организмінен бизнес жасаушылар айылын жияр емес. Қазіргі кезде, олар жасанды синтетикалық есірткі ойлап тапқан. Сондықтан, жастар сақ жүріп, маңайындағы қауіптерден, есірткі таратушылардың құрған тұзағынан, яғни амалдары мен әдістерінен хабардар болғаны дұрыс дейді, – Тоқтар Қойшыбеков.
Соңғы кезде, өмірге ұрпақ әкелер әйелдер қауымы арасында темекі мен ішкілікке құмарлар саны артқан. Ғылыми деректерге сүйенсек, әйел адамдардың ерлерге қарағанда физиологиялық өзгешелігі бар. Әйел ағзасындағы су ерлерге қарағанда 10 пайыз аз. Сол себептен, арақ ішу әйел ағзасын ер адамға қарағанда ауыр интоксикациялға тез шалдықтырады. Әйелдер 1-3 жылда, еркектер, 3-10 жылда маскүнемдікке ұшырайды. Әйел маскүнем болса, отбасы үшін ғана емес, қоғам үшін де үлкен қасірет екені даусыз.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының деректері, жастайынан темекі тартқан әрбір екі адамның бірі сол темекіден өледі екен. Ал екіншісінің өмірі жүрек-қан тамырлары ауруынан 20-25 жылға қысқарады. Темекі түтінінің құрамындағы улы заттың бірі – никотин қышқылы салмағы 20 келі итке бір тамшы, жылқыға 7-8 тамшы берсе, бір минуттың ішінде сеспей қататынын ғалымдар дәлелдеген. Темекіні алғаш рет 1560 жылы Францияға әкеп таратқан француздың Португалиядағы елшісі Жан Нико болатын.
Темекі шегу тұрмыс құрған аналарға өте зиян. Олардың шеккен әрбір темекісі нәрестенің денесіне сіңетін улы заттардың мөлшерін 10 пайызға көбейтіп, жатырдағы нәресте ағзасына қажетті оттегінің мөлшерін 10 пайызға кемітеді екен. Ол әсіресе, әлі дамып жетілмеген нәрестенің бауырына кері әсер етіп, бауыр клеткаларының улы заттарды залалсыздандыру қабілетін бұзады. Осы себептен де, Бутан корольдігі темекінің ұрпағы үшін қасіретін жою мақсатында, оған қарсы күресті 1729 жылы бастаған екен. Әр елдің 20 облысының 18-інде қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған. Ал, Қытай халық республикасында 1993 жылдан бері темекі фабрикаларының саны 185 тен 80-ге дейін қысқарған.
Мамандар «Денсаулық дегеніміз – адамның психикалық жүйке жүйесі мен ішкі әлемі және тәртібінің үйлесімі» дейді. Енді, осыны дәлелдеу үшін, бес жарым ғасыр кейін шегініп, ата-бабамыздың ұстанған салтын еске алайықшы. 1388 -1478 жылдары өмір сүрген қазақ шипагері, ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы халық денсаулығын жақсарту мақсатында, хан Жәнібекке келіп, адамдар арасында ақыл-есі кем, ойлау қабілеті нашар адамдар бар. Соларды емдеу амалдарын қарастыру керек деп ұсынысын айтады. Сонда, хан Жәнібек не істеу керектігін сұрап барып, мына Жарлықты шығарған екен дейді, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еңбегін зерттеуші Шаяхмет Қали. Жарлықта, «Күллі алаш ұраны қазақ қараша бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз бітістік болмағы шарты үшін:
Ауыз. Жат төсемелік жат ниет, бәт қылық бүгіннен бастап тыйым болмағы шарт жарағы. Әгәркім көзге шалынса, қара маңғаз артынша мінгізіліп өртелмелік қалма әлпетіне жақпаулық, жаға жұрт көрмелік істемек шарт.
Көз. Жеті атадан ілгері қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт жарағы. Әгәр олай болса, болғанына көз жетсе, жұбайларды тең бас қылыштамақ шарт.
Көз, мұрын. Беттен сүйетін жат қылық бүгіннен бастап тыйым. Және, аллалық шала жаралымнан басқа науқастар әрқандай пенде баласына болса, елу қамшы дүрелемелік жарағы, оған сұрам жоқтығы айқындалмақ» деп, әрі қарай жалғаса береді. Ақын, математик, «Шипагерлік баян» кітабын зерттеуші Шаяхмет Қали, осындай жеті атадан қыз алысқан адамдардың ұрпағы жұптасуынан өмірге келген сәбилер мәңгүрт, ақыл-есі кем, ойлау қабілеті төмен, ауытқушылықпен туылады. Және, ұрпақ саулығы мәселесінде қыз бен жігіт, ер мен әйелдер қарым-қатынасында тәртіптілікті қадағалайтын қатаңдық орнату туралы ханға осы Жарлықты шығартқызған екен. Адам баласының өмірге қаны таза, ақыл есі толық боп жаралуы үшін маңызы зор осы, бабалар қалыптастырған жүйелі салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды 1736 жылы неміс суретшісі, саятшысы Джон Кэстль зерттеген. Ол ресей патшасына адал қызмет етуге қайта-қайта ант бере отырып, қазақ халқының өмір сүру салтын зерттеуге рұқсат алып, қазақ жеріне келген. Ол ұлтымыздың денсаулық жағдайына байланысты, «Қазақ отбасында мүгедек боп туылу мүлде жоқ. Олар, тұссыздау ет жейді де, артынан қымыз сіміріп алады. Бұларда мүгедектік жоқ болу себебі, жеті атадан қыз алыспайтын салтында болса керек. Және жігіт пен қыздың үйленгенге дейін әбүйірлерін сақтап, пәк болып үйленулерінде жатыр деген екен. Бұлар өле қалса, тек іші бүріп ауырып қайтыс болады» депті жазбасында. Міне, Джон Кэстль қазақтың ішкен тамағы, жүріс-тұрыс, тәртібі мен әдебін аса мән бере зерттегенін байқаймыз. Енді, осы неміс саятшысы соншама алыс елден келіп, бүкіл ұлтты зерттеуін бостан-босқа жасаған ба еді, деген сұрақ туады. Ойға жетелейді.
Арада екі ғасыр өткенде, ата-баба салтын ұстанып,ізгілікті ту еткен ұлт темекі мен арақ дәмін татты. Атадан мирас болып келе жатқан, денсаулыққа пайдалы сусын – қымыздың атын ұмытқан кез болды. Есесіне, осы күні сол қазақтың ұлттық сусыны қымызды – Джонның ұрпағы, немістер дәрігерлері науқастарға рецепт ретінде арнайы емделу үшін жазып береді екен.
Зүбәйра Әкімова,
журналист