ЕҢ АСЫЛ БАЙЛЫҒЫМЫЗ
2024 ж. 15 шілде
556
0
Ежелгі замандардан көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы үшін аса қастерлі рухани құндылықтардың бірі – Еркіндік екені өз-өзінен түсінікті болар. Үнемі аттың жалы, түйенің қомында жүріп әдеттеген әрбір ауыл әп-сәтте киіз үйін жығып, лезде-ақ буынып-түйініп шексіз кеңістікке сіңіп, салқар сақарадағы қалаған жеріне қарай қоныс аударып кете берген. Мұндайда әуелден тарихи әдет-ғұрып, салт-дәстүрін берік ұстанған қаймана қазақ әрдайым бір-біріне қарайласып, қиын сәтте туған-туыс, жора-жолдас, жекжат-жұратына қол ұшын созуды қанына сіңірген. Керек кезде асарлатып, жамағаттың үйін тұрғызған, жоқ-жітіктің алдына мал салып берген. Сол секілді «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда» дейтін далалықтар үшін қонақжайлық та – бұлжымас салт. Әрбір шаңырақ құдайы қонағын қол қусырып күтіп алып, кейін риза қылып аттандырып салуға тырысады. Сондай-ақ үлкенді сыйлау да ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан аяулы ұстанымымыздың бірі. «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» дегендей, қазақ қоғамы әрдайым дана ақсақалдарын құрметтеп, жөн-жоба сұрайды. Ал мұның бәрі Ынтымаққа, Бірлікке, Елдікке бастамақшы.
Біз бұ жолы осынау баға жетпес байлықтың бәрін ұйыстыратын ұлттың тілі туралы ойды ортаға салуды ұйғардық.
Заманымыздың ойшылы, заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов сонау тоталитарлық кезеңнің өзінде «СССР халықтары тілдері туралы» СССР Заңы жобасы жайында СССР Жоғарғы Советі Сессиясында жасаған баяндамасында: «Заң – менің түсінігімде ұзақ мерзімдік іс. Сондықтан да, егер ойланып көрсек, Заң стратегиясы негізінен барша совет халықтарының жас ұрпағына, дүниеде бәрі ойдағыдай болса, басқа жағдайларда өмір сүретін жас ұрпаққа арналған. Сол себепті, олардың сенімді де жарасымды өсуін қалар едік, бұл адамдар мемлекет Заңы кепілдік беретін өз ана тілін тамаша білсін және де олар дәл сондай дәрежеде өзге тілдерді де білетін болсын. Мұның өзі – алдағы болашақтың толыққанды кемелденген адамының басты шарты болып табылады», – деп қазіргі уақытта балабақшаларда, мектептерде оқып, тәрбиеленіп жатқан жас ұланның ана тілін терең біліп өсуіне айрықша назар аударғаны есімізде.
Өзінің ана тілін, соның негізінде өзге тілдерді жетік білу, Айтматов айтып отырғандай, болалашақтың толыққанды, кемелденген адамының басты шарты болса, тұтас бір ұлттың да, жекелей алғанда, қазақ ұлтының да жаңа ғасырда толыққанды, кемелденген ұлт болып сақталуының басты шарты – оның ана тілінің, қазақ тілінің көркейіп, кемелденуі екені түсінікті шығар.
Осы тұрғыдан алғанда, сәбиді балдыр-бұлдыр тәтті тілі енді шыға бастаған шағында-аң ата-анасы жетелеп келетін балабақшаларға мектепке дейінгі тәрбие мекемелері деп қана емес, әр ұлттың, соның ішінде қазақ ұлтының болашағын қалыптастыратын, ертеңі басталатын қайнар бастауы, ұлттың ұлт болып қалуы үшін де, дамуы үшін де стратегиялық мәні бар айрықша маңызды тәрбие мекемелері екенін толық түсінетін уақыт әлдеқашан жетті емес пе.
Өсіп келе жатқан ұрпақтың мектепке дейінгі тәрбиесін ұйымдастырудағы жетістіктермен бүкіл дүние жүзі ғалымдарының назарын аударып отырған жапон елінде, тіпті, сонау 1962 жылдан бастап тұрақты түрде мектепке дейінгі тәрбие проблемаларын зерттеушілердің бүкіл жапондық конференциясын өткізу дәстүрге айналған екен.
Бұл бағыттағы еліміздегі және шетелдік ғылыми-зерттеулерде аймақтық ерекшеліктерге, ұлттың салт-дәстүрлерге, халықтық педагогикаға, әсіресе, ұлттың тілдің тәрбиелік ықпалына айрықша назар аударылуда. Ал біздің қазақстандық педагогика ғылымының республикада мектепке дейінгі тәрбиені ұйымдастыру проблемаларын шешуге ықпалы қандай деген мәселеге көңіл аударсақ, мынадай фактіні – қазақстандық педагогика ғылымының кейбір ғылыми-зерттеу мекемелерінің мектепке дейінгі тәрбие бөлімін құруды кештетіп қолға алғанын айтсақ, сол да жеткілікті деп ойлаймыз.
Осының өзі-ақ республикада мектепке дейінгі тәрбие мәселесін ұйымдастыру проблемаларына араласуда ұлттық педагогика ғылымы біраз кенжелеу қалғанын, соның салдарынан жекелеген ұлттық балабақшалардың қандай жай-күйге тап болғаны ұғынықты болып шығады.
Әлі есімізде, сонау 1985 жылдың сәуірінен басталған қайта құру, ең бастысы, адамдар санасындағы үлкен серпіліс, әр адамның өз ұлты алдындағы перзенттік борышын, адамгершілік парызын терең сезінуге ықпал еткені рас еді. Мойындау қажет, соның жарқын ұшқындарын біздің республика өмірінен де айқын көруге болатын-ды. Мысалы, сонан кейінгі жылдарда оңтүстік астанамыз Алматыда қазақ балабақшалары санының көбеюі – қалалық қазақ қауымы өкілдерінің талап-тілегіне орай жасалған игі қадам-ды. Осындай қадамнан соң ана тіліне деген ерекше ынта-ықылас, бетбұрыс айрықша қуантарлық жайт болғаны түсінікті. Мұндай бетбұрыстың көрініс табуы, сөз жоқ, қазақ тілінің жоғалтқан әрін тауып, даму өрісін ұзарта түскені аян. Тоқырау жылдарында туған тілден көз жазып қалған бір ұрпақ тағдырының тағы қайталануына жол бермеудің де бірден-бір жолы да осы еді.
Кей жолдастар: «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мұның енді көп болып ойланатын не қиындығы бар? Ендігі жерде оған ешқандай бөгесін болуы мүмкін емес. Қазақ тілінде тәрбиелеймін десе де, оқытамын десе де ата-аналардың өз еркінде. Өтінішін жазса болды, халыққа білім беру мекемелері қалт еткізбей орындайды» деп ойлаған шығар. Әйтсе де баласын қай тілде тәрбиелеймін, оқытамын деуге әрбір ата-ана бұрыннан да ерікті, азаматтық құқылы бола тұра, көпшілік мұндай правоны пайдалана алмай келгені өтірік пе? Неге олай? Көпшілік ағайынның қазақ балабақшасының тапшылығынан баласын ана тілінен ажырататынын біле тұра, қинала-қинала орыс тілінде жұмыс істейтін мекемелерге орналастыруға мәжбүр болғанын қалай жасыра аламыз?
Ал бүгінгі таңда, әрине, жағдай көп өзгерді. Бұрынғыдай емес, енді баласын қазақ тілінде тәрбиелегісі келетіндер өтінішін қанағаттандырудың мүмкіндік аясы да кеңейе түсті. Бірақ соған қарамастан бұл мәселенің іс жүзінде шешілуі көп жерде әлі күнге дейін баяу сияқты. Мысалы, ертеректе кейбір облыстардағы көптеген ата-аналардың өтінішін қолына ұстап, қалада қазақ балабақшасын ашуды сұрап, кірмеген есігі қалмай табан тоздырғанын білеміз. Ал сондай келеңсіздік әлі де кездесіп отыр десек, сенесіз бе?
Тұрғындарының басым көпшілігін жергілікті халық құрайтын қалалардың өзінде қазақ балабақшақшалары әлі де сирек дегенді естіп жүрміз. Мұны қалай түсіндіруге болады? Ал жекелеген шаһарларда түгелдей қазақ балалары баратын балабақшалардың көпшілігі орыс тілінде жұмыс істейтіні туралы не дейміз? Сонда енесінің бауырынан ерте айырылған қой төліндей туған тіл уызына тұшынып үлгермеген сәбилерді орыс тіліне телуге мәжбүр еткен не нәрсе?!
Табиғат экологиясы зардабынан шығар жол таба алмай отырғанда, балдырғандарды ана тілі экологиясына ұрындырмауды ойланатын уақыт жеткен жоқ па? Қай ұлттан шықса да, ғалым, жазушы, қайраткер атаулының бәрі ана тілінің уызына қанып өскен сәбидің өз тілі негізінде өзге бір тілді ғана емес, қаласа, бірнеше тілді үйрене алатынын, ана тілі арқылы туған халқының рухани байлығын бойына сіңіріп, адамгершілік қасиеті мол азамат болып өсетінін айтып та, жазып та жатыр. Соның өзінде кейбір қазақ ата-аналары әлі де ескі сүрлеуді шиырлап: «Баламыз ана тілін үйрене жатар, әуелі орыс тілін білсін» деген теріс пікір торынан шыға алмай жүргені қалай?
Тоқырау жылдары халық ағарту жүйесін жайлап алған сірескен әкімшілдік-әміршілдікті көп болып жеңе қою да оңай емес екені айқын. Осының нақты мысалын Астана мен Алматы қалаларындағы балаларын қазақ тілінде тәрбиелегісі келетін ата-аналардың көңілін күпті еткен көріністен де байқауға болады. Мәселен, күні бүгінге дейін көптеген қалалық ата-аналар: «Балаларымыз ана тілін емін-еркін үйреніп кете алмайды-ау!» деген күдік соңында жүрген секілденеді. Мұның себебі – жаңбырдан кейін орман ішінде дүр етіп көтеріліп қаптап кеткен саңырауқұлаңтай қалада аралас балабақшалардың орынсыз көбейіп кетуінде емес пе?!.
Мұндай балабақшадағы қазақ топтарындағы тәрбиеленушілердің тілін не таза орысша, не таза қазақша деуге келмейді. Сәбилер өзара да, олардың қырық жасқа дейінгі ата-аналары да баласымен орысша сөйлесетінін көріп жүрміз. Тағы бір басты себеп: аралас балабақшаларда көпе-көрінеу орын алған тіл мәселесіндегі әлеуметтік теңсіздік жағдайы секілді. Тілдік теңдік топтар ара саны тең жағдайда ғана, онда да мекеме басшылары тарапынан жағдай қалыптастыруға тұрақты ұмтылыс бар жерде ғана орнығуы мүмкін. Ал бір тіл басым болғанда, оның екінші тілге сөзсіз басымдық жасайтынын дәлелдеп жатудың өзі артық. Ендеше, балалары аралас тілді балабақшалардағы қазақ топтарында тәрбиеленетін бүлдіршіндердің тағдыры үшін ата-аналардың алаңдаушылығы, олардың не ол тілді, не бұл тілді білмей дүбәра болып қала ма деген қаупі орынды.
Кезінде көптеген қазақ мектептерінің қылтасын қиып, тұралатқан аралас мектеп үлгісін енді әкеліп ана тіліміздің қайнар бастауы балабақшаларға таңғанымыз қалай? Біздіңше, қазақ тіліне мемлекеттік статус беруде республика жұртшылығы көрсетілген үлкен қамқорлық баянды болуы үшін ең алдымен тіл өнері мен мәдениетінің, тіл уызының қайнар бұлағы іспетті балабақшалар мен қазақ мектептеріне айрықша назар аударылуы тиіс. Көп жыл бойына қоғамдық назардан тыс қалған, қазақ балабақшалары мен мектептерінің оқу-материалдық базасын не түрлі жетімсіздік жайлап алғаны да қатты алаңдатады.
Республикада тұратын басқа ұлт балаларына қазақ тілін оқытудың ғылыми методикасын да мейлінше реттеу қажет-ақ қой. Туғаннан әр түрлі дертке ұшырап, тағдырдан бір таяқ жеп, ана тілінде оқи алмай, туған тілден тағы айырылып, қосалқы мектеп-интернаттарда жәудір көз қазақ балалары өсіп жатқанын білеміз. Жетімханалардағы бөбектер мен денсаулығы нашар кәріп балалардың ана тілінен шет қалып, туған халқының тағдырынан тыс ортада өмір сүріп жатуы да – халықтың жан жарасы. Бір діңнен шыққан бұтақтардың көз алдында қурап-семіп жатуы, өксігі көп жасыл жапырақтарымызды өгей желдің өтіне қалдыру – ұрпағыңнан тірідей айырылу емей немене?
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.