Лудоманияға қарсы көптен күткен заң қабылданды
2024 ж. 10 шілде
764
0
Көптен күткен заң қабылданды.
Бір кездері аталарымыз “Асық ойнаған озар, доп ойнаған тозар” деуді еді. Қазір бұл сөзді “ойын ойнаған тозар” деп өзгертсек болатын сияқты. Мұнда ойын деп, меңзеп тұрғаным – бәс тігіп, құмар ойнап, оңай олжа іздеп жүргендер. Лудомания деп аталатын құбылыс соңғы жылдары елімізде кең белең алып кетті. Ашық деректерге сәйкес, қазір елімізде 350-мыңға жуық лудоман бар. Бұл тек тіркелгендері, ал бұл тізімге ілікпей-ақ өмірін ойынға тігіп жүргендердің саны қанша? Бұдан бөлек ажырасқан отбасылардың 40%-ы лудомания кесірінен екіге кетеді екен, суицидтың 20%-ы да лудомания үшін орын алады деген дерек бар.
Лудомандардың арасында қылмысқа баратындар да жетіп жатыр. Себебі құмар ойнайтындардың орташа қарызы шамемен 10 млн теңгені құрайды деген бейресми ақпарат бар. Аса алаңдатарлық мәселе – соңғы жылдары кәмелеттік жасқа толмағандар арасында да құмай ойынға елітушілердың қарасы артқан.
Осы өзекті мәселені шешу үшін заң қабылдау туралы ұсыныс қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқан еді. Атырауда өткен Құрылай отырысында Қ.Тоқаев та “Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады” деген еді.
Сонымен, көптен талқыланып келе жатқан заңға кеше Президент қол қойды. Енді заңға енген өзгерістердің негізгісіне тоқталсақ.
Біріншіден, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды.
Екіншіден, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылды. Енді құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайтындардың арасында мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бар. Егер олар заң бұзса, тек ескертумен шектеліп қалмай, бірден жұмыстан шығарылады. Мұндай нақты шаралар заңның мүлітсіз орындалуы үшін керек.
Үкіншіден, букмекерлік кеңселердің жарнамаларына шектеу қойылды. Енді олардың қызметін көлік құралдарында, БАҚ-та, кино-, видео-және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.
Тек букмекерлік кеңсе орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының іші мен спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.
Яғни, олардың жарнамасын Qazsport-тан көріп қалсаңыз, бәрі дұрыс, ал егер букмекерлерді Хабар жарнамалап жатса, бұл заңға қайшы.
Лудоманиямен күрес тек заң қабылдаумен шектеліп қалған жоқ. 2026 жылға қарай жылдар бойы лудоманияның құрығында жүргендердің санын екі есеге қысқарту мақсатында Қазақстан билігі оларға мемлекет есебінен тегін емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалту ұсынуды жоспарлап отыр екен. Бұл мақсаттарға бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондай-ақ ел билігі лудоманиямен күрес аясында төрт бағыт бойынша 42 іс-шара ұйымдастырмақ.
Тағы бір айта кететін жайт – eGov mobile қосымшасында қазақстандықтар құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуларын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Онда барлық заңды ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің сайттарына 6 айдан 12 айға дейін кіруге тыйым салуға болады. Бұл жайлы кеңінен бөлісіп, таныс-туыстарыңызға айта жүріңіздер. Біреу болмаса, біреуіне көмегіңіз тиіп қалар.
Мақсат Сералы,
Фейсбук парақшасынан