АТА САЛТТЫ ҰСТАНҒАН ҰРПАҚ АДАСПАЙДЫ
2024 ж. 30 маусым
731
0
«Айгөлек-ау, Айгөлек» деп ән шырқау әсіресе «Айгөлек балабақшасының бүлдіршіндеріне жараса кететін тәрізді. Қараса көз тоярлық көркем балабақша бір қараған жанды анадайдан-ақ өзіне баурап алады. Ауласының тазалығы да кез-келген жанды тамсандырмай қоймайды. Балабақшаның табалдырығын аттаған бетте-ақ, балаларға арналған ойын алаңы, түрлі-түсті ойыншықтар әлемі, ертегі-аңыз кейіпкерлер әрбір баланы ғана емес ата-ананы да қызықтырары сөзсіз. Сыртқы сұлулығымен кез-келген жанды баураған «Айгөлек» балабақшасы «Менің балам осы балабақшаға барса екен?!» деп кез-келген адам қызығатындай зәулім ғимаратта орналасқан. Тамсана отырып ішке қарай беттегенде жылы шырай танытып, тәлімі мол тәрбиешілер қарсы алады.
Біз әңгіме өзегіне айналдырғалы отырған «Айгөлек» атын иеленген бұл балабақша 2011 жылдан бері балаларға мектепке дейінгі тәрбие беру ісімен айналысып келеді. Осы саланың дамуына тамшыдай болса да үлес қосып келе жатқан іргелі ұжымның тыныс-тіршілігімен толығырақ танысу үшін Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Нұржігітоваға жолығып, атқарып жатқан ауқымды істерімен таныстық.
«Балабақша – бар білімнің бастауы»
– Балабақша – бар білімнің бастауы. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру ісіне елімізде ерекше мән беріледі. Балабақшаның міндеті – бүлдіршіндерге саналы тәрбие мен сапалы білім беру. Осы бағытта бүгінде ұжым болып жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан жайымыз бар. Бұл тұрғыда педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына зор мән береміз, – дейді Айгүл Құмарқызы.
Бүгінде 320 баланы тәрбиелеп отырған білім ордасында жалпы 82 қызметкер жұмыс істесе олардың 42-і педагог. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ұлағатты сөзді ұстанатын ұжым басшысы қызметкерлердің біліктілігіне айрықша мән беретіндігін айтады.
– Балабақшада ең бірінші нәрсе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейміз. Одан кейін тәрбие мен білім беру жағын қолға алып, қарқынды жұмыс жүргіземіз. Балапандардың сапалы тамақтануына да баса назар аударамыз. Ата-анамен қарым-қатынасты оңтайлы жолға қойып, туындаған мәселелердің бәрін бірлесе отырып шешуге тырысамыз. Жұмыс жемісті жүруі үшін ең бірінші кезекте кадр мәселесіне ден қоямыз. Жұмыскерлердің көңіл-күйін, жұмысқа деген құлшынысын үнемі қадағалап отыру – ең бір негізгі міндеттерімнің бірі.
Бірінші орында баланы қабылдайтын тәрбиеші педагог кәсіби білікті маман болуы керек. Бұл – талап. Педагог мамандардың сөйлеуі, үлкен мен де кішімен де дұрыс қарым-қатынас орната білуі, киім үлгісі бәрі талапқа сай болғаны жөн. Себебі әрбір ата-ана баласын кәсіби білікті маманның ғана қолына тапсырғаны жөн. «Айгөлек» балабақшасының мамандары түрлі семинарларға, кәсіби біліктілігін жетілдіру бағытындағы курстарға қатыса отырып, өздерін үздіксіз жетілдіру үстінде, – дейді меңгеруші.
«Тәрбие тал бесіктен»
Тәрбие тал бесіктен» десек, балабақша – тәрбиенің түп қазығы. Бала бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы балабақша табалдырығында қалыптасатыны сөзсіз.
Білім шаңырағында бүгінде «Рауан», «Еркемай», «Өркен», «Күншуақ», «Қуырмаш» атты төрт бірдей орта топ жұмыс істесе, «Сұңқар», «Ақжелкен», «Айгөлек», «Ақбота», «Балбөбек», «Балауса» сынды алты ересек топ бар.
Ал, «Балдаурен», «Ботақан», «Бөбек», «Құлыншақ», «Балапан» атты мектепалды даярлық тобының жүзге жуық бүлдіршіні балабақшаны аяқтап, мектепке қанат қақты.
Елімізде 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Аталмыш бағдарлама жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері бойынша «Айгөлек» балабақшасында да жанды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы мекеме басшысы Айгүл Нұржігітова былай дейді:
– Балалардың бойына кішкентайынан ұлттық құндылықты дарыту – ұрпақ алдындағы ұлы міндеттің бірі. Бұл – кемел келешегіміздің кепілі. Балабақшадағы атқарылып жатқан әрбір жұмыс осы мақсатқа ұйысып жатыр. «Айгөлек» балабақшасының тізгінін қолға алған күннен бастап ұлттық рухы мықты балаларды тәрбиелеу ісіне бел шеше кірістім десем болады. Атап айтқанда балабақшадан Ұлттық орталық ашып, балғындарды ұлттық өнерімізбен сусындатуды қолға алдық. Қазақтың қасиетті қарашаңырағымен безендірілген орталық қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен көмкерілді. Сондай-ақ, мұнда қазақ ою-өрнектегі құрақ көрпешелер қойылды. Мұның бәрін көріп, біліп өскен баланың ұлттық рухы мықты болатыны сөзсіз.
Осынау Ұлттық орталықта балалар ұлттық ойындар ойнау арқылы өз білімдерін жетілдіріп, одан әрі дами түседі. «Өнерлінің өрісі кең» демекші, ұлттық өнерді бойына сіңіріп өскен бүлдіршіндеріміз болашақтары да жарқын болары сөзсіз, – дейді Айгүл Нұржігітова.
Сондай-ақ, меңгерушінің сөзінше балабақшаның айнасы – ертеңгіліктер. Сондықтан да, ертеңгіліктердің жоғары деңгейде өтуіне балбақша ұжымы айрықша назар аударады екен. Ертеңгіліктердің баланың көңіл-күйіне тікелей әсер ететіндіктен, көңіл-күйі көтеріңкі балалар үйреткен дүниеңді бірден санасына тоқып алатын көрінеді.
– Осы оқу жылында «Ұлттық құндылық – ұлтымызды құрметтеуден басталады» атты балабақша ішінде топ аралық фестиваль өткіздік. Басты мақсат – балаларға ұлттар достығын ұғындыру. Сонымен қатар, ата-ана мен бала және тәрбиеші арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Қазақ, орыс, өзбек, беларусь, түрік ұлттарының салт-дәстүрлері мен киім үлгілерін, ұлттық тағамдарын көрсету арқылы бүлдіршіндер өзге ұлттар туралы мол мағлұмат алып, ой-өрістерін, дүниетанымын одан әрі кеңейте түсті, – деп балабақшада өткізілген іс-шараларға тоқталып өтті.
Білікті басшымен емен-жарқын әңгіме барысында «Айгөлек» балабақшасында «Ата-аналарға кеңес клубы», «Әжелер клубы» , «Әкелер клубы» жұмыс істейтінін білдік. Әр клубтың атқаратын өз қызметі бар екен.
«Әкелер клубы» ұлдармен бірге ұлттық ойындарды ойнай отырып, балалардың жігерлі болып өсуіне өз ықпалдарын тигізіп келеді. Ал «Әжелер клубы» ою-өрнек, жүн түту, құрақ құрау, ұршық иіру сияқты көнеріп бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпақты ұлттық өнермен сусындатып жүр. «Аталар клубы» болса, үлкендермен сәлемдесу, келген қонақтың қолына су құю, аталардың ақ батасын алу сынды жөн-жоралғылармен жас ұрпақты таныстыруда. Кішкентайынан бойына ұлтымыздың осындай өнегелі істерін сіңіріп өскен балапандар болашақта үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатын жан ретінде қалыптасатыны анық.
Балабақшадағы атқарылып жатқан ауқымды істерге қарап-ақ, мұның барлығы бала тәрбиелеудің қыр-сырына қанық меңгеруші Айгүл Нұржігітованың іскерлігінің нәтижесінде жүзеге асып жатқан шаруалар екенін аңғарасың. Әсіресе, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру ісіне ерекше ден қойған басшының талапшылдығы өз жемісін беріп жатқаны қөңіл қуантады.
– Қазіргі таңда балабақшамызда 6 топ орыс тілінде білім алса, алдағы уақытта барлық топты қазақ тілді топқа айналдыру жоспарланып отыр. Педагогтар арасындағы орыс ұлтының өкілдері болып табылатын мамандарды қазақ тілін оқыту жоспарлы түрде жолға қойылды. Осы бағытта арнайы сабақ кестесі бойынша қазақ тілінен дәрістер өткізілуде. Болашақта таза қазақтілді балабақша ретінде жұмыс істейміз деген мақсат бар, – дейді Айгүл Құмарқызы.
Ұлттық салтты дәріптейтін ұйым
2023-2024 оқу жылында өткізілген іс-шараларының басым бөлігіне ұлттық реңк беруге ұмтылған ұжымның ұтымды істері кім-кімді болсын таңдай қақтырмай қоймайды. Әсіресе ұлттық мейрам – Әз Наурызды ерекше ықыласпен қарсы алған Айгөлектіктердің ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа деген құрметі талайларды тамсандырары сөзсіз.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек» деп игі бастама көтергені белгілі. Осынау игі бастаманы өз мекемемізде жүзеге асыру мақсатында биылғы жылы Ұлыстың Ұлы мерекесі Әз Наурызды өте жоғары деңгейде атап өттік. Мұндағы мақсат – ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, балалардың бойына сіңіру. Балабақша ұжымының ата-аналармен достық қарым-қатынаста атқарған осынау ауқымды іс-шараның аясында «Құрманғазы Сағырбай ауылы», «Қазанғап ауылы», «Дина Нұрпейісова ауылы», «Наурызбай ауылы», «Бөгенбай ауылы», «Қарасай ауылы», «Шәмші Қалдаяқов ауылы», «Мұқағали Мақатаев ауылы», «Шәкәрім ауылы», «Бауыржан Момышұлы ауылы», «Қадыр Мырза-Әли ауылы», «Жамбыл ауылы», «Абай ауылы», «Тұманбай Молдағалиев ауылы», «Қабанбай ауылы» «Нұрғиса Тілендиев ауылы» атты ауылдар жасақталды.
Есімі елге белгілі ұлт зиялыларының атын иеленген ауылдардың әрқайсысы қонақ күту, бесікке салу, диірмен тарту, күбі пісу, құрт жасау, жүн сабау, ұршық иіру, қол күрес, арқан тарту, тұсау кесу, ою өрнек жасау, асық ату, айтыс өнерін көрсету, күй тарту, құрақ көрпе жасау сынды салт-дәстүрлерімізді ортаға салды. Ұлттық киім киген бүлдіршіндердің өнерге деген талпынысы жиылған жұртты сүйсіндірді. Осылайша балғын балаларымыздың ұлттық өнерге деген құлшынысын арттырсақ ұрпақ алдындағы ұлы міндеттердің орындалғаны, – дейді білікті басшы.
Иә бүгінде заман талабына сай балабақшалардың бірі болып табылатын білім ордасынан ең бірінші кезекте тиянақтылықты байқадық. Ата-аналардың өз балаларын бейнебақылау арқылы бақылап отыруына да жағдай жасалған. Сондай-ақ, арнайы кесте бойынша жұмыс істеп тұрған жүзу бассейні де дені сау ұрпақтың өсуіне септігін тигізіп келе жатқан жайы бар.
– Қазіргі таңда, сөйлеу тілі кешеуілдеп шығып жатқан балалар жетерлік. Осынау олқылықтың орнын толтыру мақсатында балабақшамызда арнайы логопед, дефектолог мамандары жұмыс істейді. Тұрақты түрде жұмыс істеудің нәтижесінде сөйлеу тілі баяу дамып келе жатқан бүлдіршіндер бүгінде жақсы нәтиже көрсетіп жүр, – деп түйіндеді сөзін меңгеруші.
Бүлдіршіндеріміз заман талабына сай білім алса, Жаңа Қазақстанымыздың болашағы жарқын болары сөзсіз. Білім мен тәрбиені ұштастырып ұрпақ бойына дарытып келе жатқан ұжымның алда алар асулары жетерлік.
Гүлмира САДЫҚ